Ұзақ жыл орыс түрмесінде отырған Ержан Хазірет (әңгіме)
Ұзақ жыл орыстың түрмесінде отырған, Ержан Хазіреттің елге оралған шағы екен. Ас адамның арқауы-дегендей, көп жылдан бері таңсық болған түйенің шұбатымен, марқа қозының өз майына піскен, сүті кеппеген етін жеуге, үстірттегі малшы ауылға бет алады.
Көзінің ұшында көрінген көлік, көп ұзамай қасына келді. Қойшы ауылға су таситын көк қасқа “Водовоз” екен. Ішіндегі шопыр балада бөтен емес. “Аға көліктің алдына отырыңыз”- деп інілік ізет көрсетіп жатыр.
Хазірет, көліктің терезесінен балдаурен балалығы өткен, сайын даланың төсіне қарап, біраз ойға шомды. Зеңгір көктегі бурыл бұлттар, құдды көлікпен ілесіп бара жатқан түйелі керуенге құсайды екен. Бетін шарпыған, күлімдеген күннің сәулесі, жарықтық, анасының аялы алақанындай ыстық.
Сыбызғыдай сызылған жел, жолдың бетіндегі қиыршық майда құммен, сағағынан үзілген жантақты, алдына салып айдап бара жатыр. Жер бауырлап ұшқан торғайлардың тобыры, көб ұзамай жел басылады. Сіркіреп жауатын, өткінші жаңбырға дайындалыңдар-деп қанатымен белгі бергендей.
Көздің ұшында, көк аспанның тұсында қанатын жайған қыранның қалықтаған бейнесіне көзің жеткенмен, қолың жетпейді. Аспанда ұшқан байғұс құсты, жердегі жемтігі ұятқа қалдырмаса екен-деп. Хазірет көктегі құстың төресінен, көпке дейін көз алмады.
“Қасқыр”, Қасқыр”-деп айқайлаған шопырдың жан дауысы, Хазіреттің ойын бөліп жіберді. Жотаның бойында, жотасын күнге шағылыстырып, түз тағысы кетіп бара жатыр. Бейқам баладай, көліктің де даусына көңіл бөлмейді.
Шопыр балада орындықтың арқасындағы қос аузына қол салып, өгіз оқпен оқтап жатыр еді мылтығын. Хазірет: “Інім-ау не істеп жатырсың” -деді. Аға үкімет бүгін бір қасқырдың терісіне жиырма бес сом береді. Жиырма бес сом қалтамды тесіп бара жатқан жоққой. Арланды атып, терісін сыпырам.
“Қой бауырым, қасқыр да құдіреті күшті құдайдың жаратқан мақұлығы емес пе? Зиянын тигізбеген жыртқышқа, зияныңды тигізбе бауырым”. Мә, одан да саған-деп төс қалтасына қол салып, аға, алмаймын дегеніне қарамай, жиырма бес сом ақшаны шопырдың жан қалтасына салып жібереді Ержан Хазірет.
Қасқыр! Несібесін қырық күн жерден жейді, қырық күн желден жейді, қырық күн елден жейді бауырым. Қырық күн жерден жейді дейтінім. Тамыры топырақта жатқан дәрі шөпті біліп жейтін, дәрігер бұл қасқыр.
Қырық күн желден жейді дейтінім. Желге қарсы жүріп, жын-шайтанды қоймайды. Аса айбарлы болатындығы да сондықтан арланның. Қырық күн елден жейді-дейтінім. Кімнің малының пітір-садақа, зекеті жоқ, құдайдың құдіретімен соның малын қоймайды. Кімнің садақа зекеті болса оның малына құдайдың құдіретімен тиіспейді.
Малым ит-құстан аман болсын деген қазақ астықтан ұшыр, малдан зекет береді. Бұны біліп беру, мал мен бастың амандығына, қоғамның тұрақтылығына алып келеді.
“Дорбаларыңның аузын буа бермеңдер, құдай буып тастамасын-деп жиі айтатын еді марқұм әжем. Елім аман, жұртым тыныш болсын -десек. Алаған қолың, береген болсын ағайын.
МАҚСАТ СҚАҚОВ