Қос қораз (орыс ертегісі)

Oinet.kz 28-08-2020 731

Баланың ойлау жүйесін дамытуда, дүниеге еліктіріп, жаңа жолдарға жетелеуде ертегінің мәні зор. Кішкене бала түгілі, үлкен адамдардың да логикасын дамытуға ертегі мен мақал-мәтелдер көмектесе алады. Осы жағдайларды ескере отырып, сіздердің назарларыңызға ертегінің атасы Ганс Христиан Андерсеннің «Қос қораз» ертегісінен аударма ұсынамыз.

image_l (1).jpg

Бірі үйілген көң үстінде, екіншісі шатыр төбесінде екі қораз өмір сүріпті, екеуі де тәкаппар болыпты. Ал осы екеуінің қайсысы нағыз қораз? Бұл жөнінде пікірлеріңді айта жатарсыңдар, бірақ біз бәрібір өз пікірімізде қала бермекпіз.

Көң үйіліп жатқан көрші ауланы құс қорадан дуал бөліп тұратын, ал көңнің үстінде өзін парникте өсіп тұрмын деп есептейтін үлкен асқабақ бар еді.

– Міне, мен қандай керемет боп өстім! – дейтін ол. –  Асқабақ болуды әркімге жазбаған шығар! Өйткені дүниеде менен басқа да тірі нәрселер болуы керек қой. Көрші аулада жүретін тауықтар мен үйректерді және басқа құстарды мысалға алайықшы, олар әншейін тірі мақұлықтар ғана. Әне, дуалда қораз отыр, ол шатырдың төбесіндегі желдің бағытын көрсетуге арналған қолдан жасалған өтірік қораз емес, нағыз тірі қораздың өзі. Ана желбаққыш өтірік қораз жоғарыда асқақтап тұрса да, шақырмақ түгіл, шиық етіп сықырлай да алмайды! Оның мекиендері де, балапандары да жоқ, тек өзінің қара басының қамын ойлайды да, арам терге түсіп желдің бағытына қарай айнала береді. Ал ауладағы қораз – нағыз қораз! Қарашы, аяғын қалай әдемі басады, тап билеп жүрген сияқты. Әнді қалай шырқайды, музыканың дауысынан аумайды! Оған қарайсың да, нағыз кернейшінің қандай болатынын бірден түсіне қоясың. Егер ол мұнда келе қалса, мені бүкіл жапырағыммен қоса шоқып жеп, сөлімді сорып алған болар еді де, оны өзімнің бақытым деп есептеген болар едім, - деп сөзін аяқтады асқабақ.

Түнде дауыл тұрды. Қораз да, балапандарын ерткен тауықтар да кез келген жерге бас сауғалап тығылады. Кенет жер солқылдата күн күркіреді де, долдана соққан желден екі ауланың аралығындағы дуал құлап кетті, шатырдың төбесінен бірнеше черепица да құлап түсті. Бірақ қолдан жасалған қораз жас болса да, яғни жуырда ғана орнатыла тұрса да орнынан тырп етіп қозғалған жоқ. Себебі, ол керемет парасатты, байсалды болатын. Оның аспанда қалбалақтап ұшып жүретін құстарға, қарлығаштар мен торғайларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, оларды өлердей жек көретін. Бұлар туралы ол: «не деген шиқылдай беретін, тұрпайы уақ мақұлықтар!» - дер еді.

Ал көгершіндер болса әйтеуір ірі құс қой, қауырсындары да жалт-жұлт етіп, меруертше құлпырып тұрады. Олар қолдан жасалған қоразға ұқсас болғанымен, өте семіз және ақылсыз еді.

– Жемге тоюдан басқаны білмейді. Көгершінмен бірге болу тым көңілсіз! - дейтін олар туралы әлгі қораз.

Кейбір кезде жыл құстары келіп алыстағы елдер жайында, ауа керуендері мен жыртқыш құстар жайында түрлі әңгіме айтатын. Жыл құстарының өзін тыңдау алғашында қызықты болып көрінгенімен, біраз уақыт өткен соң олардың бірі айтқан әңгімені екіншісі қайталап айтатынын желбаққыш өтірік қораз байқап қалды. Қораз бұл құстардан да жалығып кетті. Тіпті бәрінен де жалықты – сөйлесер ешкім қалмады. Барлығы да оның көңілін жабырқатып, торықтырып жіберетін болды.

– Біздің дүние – дүние емес! Мұның бәрі түкке тұрмайтын бірдеңе, әншейін сандырақ! - деп сықыр-сықыр етті желбаққыш қораз.

Желбаққыш өтірік қораз дүниеден түңілді. Егер мұны асқабақ білген болса, ол оған, әрине, назар аударар еді. Бірақ асқабақ аулада жүретін қоразды ғана тамашалайтын, осы күні екеуі бір аулада өмір сүреді десе де болғандай еді, өйткені дауыл тұрып, күн күркірегенде дуалды жел құлатып кеткен болатын.

– Осы сықырды қораздың қоңыраулатып шақырғаны деуге бола ма? - деп сұрады шын қораз қасындағы тауықтары мен балапандарынан. – Қандай дөрекі дауыс! Саздылық дегенің атымен жоқ.

Тауықтар үйілген көңге шықты, ал қораз маңғаздана басып асқабаққа қарай беттеді.

– Мынау парниктің асқабағы ғой, - деді ол.

Ал асқабақ болса, қораздың білімділігіне қайран қалғаны сондай, тіпті оның өзін қалай шоқып, дымын қалдырмай жеп қойғанын байқамай да қалды.

Міне, оның күткен бақыты осы еді.

Еркіндікті көксеген кемпір (парсы ертегісі)
Парсы ертегісі: «Айлалы қайыршы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу