"Ұлт рухының ұстыны - Ордабасының" балаларға берері зор
Биыл жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдени, рухани салада қолдау бағытында нақты шараларды қолға алу керектігіне тоқталған болатын. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз.
Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деген Президент барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізген еді.
Аталған мерекелі жылға орай Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Ұлт рухының ұстыны- Ордабасы" атты көшпелі тарихи экскурсия ұйымдастырылды.
Өткен тарихымыздан сыр шертетін іс-шара аудандық Мәдениет үйі ғимаратының алдында салтанатты түрде басталып, аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл мән-маңызы зор жиынды ашып, тарихи экскурсияға сәттілік тіледі. «Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялағаны мәлім. Осыған орай ауданымызда балалардың денсаулығын сақтау, білім беру, құқығын қорғау, бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық жағдайлар жасалуда. Спорттық шаралар өтуде. Ал бұл шараның негізгі мақсаты балаларға тарихымызды таныту, өткенімізді жаңғырту болып табылады»,- деді Қыдырбай Құнанбайұлы.
Іс-шараға ауданның білім бөліміне қарасты Қ.Бектаев атындағы жалпы орта мектебі жанындағы интернат оқушылары, Амангелді, Н.Оразбаев және Темірлан жалпы орта мектеп оқушыларын қамтыған, жалпы 100-ден астам мектеп оқушылары қатысты.
Ордабасы ауданында тарихи нысандар мен киелі жерлер көптеп орналасқан. Соның бірі Ордабасы тауы. Аудандық білім бөлімі тарапынан дайындалған 3 автобусқа мінген жасөспірімдер алдымен осы үш жүздің басы қосылған Ордабасы тауына барды. Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланғаны тарихтан мәлім. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. "Күлтөбенің басында күнде жиын"-деген сөз сол заманнан қалған. Ордабасы тауы-қазақ елі үшін береке-бірліктің бастауы іспетті.
Ордабасы тауының шыңында монумент көрініп тұр, бұл сол батырлық жылдар жайында еске түсіретін 28 метр биіктіктегі стела. Оқушылар саяхат барысында монументтің тарихын танып, ондағы әрбір детальдің мәніне үңілді. Үш қырлы стела ақ мәрмәрден жасалған тақталармен қапталған. Оның әр қыры Қазақстанның әр шетіне бағытталған сияқты: Сырдария жағына – батыста, Қаратау тауларына – солтүстікте, Қазығұрт тауларына - оңтүстік-шығыста. Стеланың әр қырында үш ұлы бидің айтқан сөздері жазылған тақтайшалар бар. Бұл сапарда ерекше әсер алған Жангелді Мырзабек 8 сыныпта оқиды. Кітаптан оқыған басқа ал көзбен көрген мүлдем бөлек деген ол экскурсияны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Саяхатта мені қатты қызықтырғаны Ордабасы тауы. Әсіресе бұл киелі мекенге үш бидің және халықтың неге жиналғаны қызық болды. Мамандар бізге барлығын баяндап берді. Ордабасы тауының тарихынына бөлек табиғаты да керемет екен. Мұнда бұлақ бар және 90 түрлі гүл өседі екен. Өз тарихын білмеген жетесіз дейді ғой. Батырларымыз аманаттап қалдырған киелі жерлердің тарихын білмеу ұят деп есептеймін»,- дейді Жангелді.
7 сынып оқушысы Толғанай Әлиасқар Ордабасы тауына алғаш рет келіп тұр. Кітаптан талай оқыған тарихи мекенді көзбен көріп, тәнті болыпты. «Оқулықтардан бұл тау туралы оқығанмын. Бірақ осыншама құнды, қасиетті деп ойламаппын. Қазақтың әйгілі үш биі Ордабасы тауында 1726-27 жылдары жиын өткізіп, жоңғарға қарсы соғыстың жайын талқылаған. Осы жиында данагөй билеріміз қазақ халқынының бірлігіне ықпал етіп, рух берген»,- деген оқушы сапар барысында өзіне көптеген дос тапқанын айтып қуанды.
Қазақ даласының қай қиырына барсаңыз да тарихи төбелер жетерлік. Алайда, Ордабасы жеріндегідей Қарауыл төбелердің жөні бөлек. Өйткені, бұл төбелер жаугершілік замандарда дабылдық орын ретінде де пайдаланылып келген. Тарихи сыры 1948 жылдары ғана ашылған бұл төбе сонау сақ заманында көтерілген деген болжам бар. Оқушылар бұл төбеге де аяқ басып, тарихына қанық болды. Экскурсия мүшесі Әсел саяхат көкжиегін кеңейткенін айтып, ағынан жарылды. «Бұл саяхат маған қатты ұнады. Шындығында білгенімнен білмегенім көп екен. Тарихи жерлерді аралай отырып мен көптеген қызықты, тың мәліметтерді естідім», - дейді ол.
Осыдан кейін экскурсия мүшелері Аққойлыдағы Ақмешітке аялдап, ондағы мұражайды аралады. Орталық Азия, Иран, Үндістан архитектурасы үлгісінде салынған нысан ақ кірпіштен тұрғызылғандықтан кезінде «Ақмешіт» аталып кеткен. Негізгі атауы Ишан базар мешіті. Киелі мешіт Аққойлы елді мекенінің солтүстік шығысындағы биік беткейге орналасқан. Кезінде осы жерде Ишан базар деген үлкен сауда орыны болыпты. «Ұлы Жібек жолы» бойымен өткендер осы базарға соғып өтеді екен. Мешіт шамамен 1886– 1916 жылдары салынған. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Осы секілді мәліметтерді білген оқушылар ақмешіттің сәулеттік келбетіне таңданыстарын жасыра алмады. Ал Қ.Бектаев мектебінің оқушысы Данияр Сегізханға осындағы мұражайда сақталған жәдігерлер ұнапты. «Бұрынғы заманның ыдыс-аяқтары, тиындары, жебелері маған қатты ұнады. Оларды тамашалаған өте қызық» дейді ол.
Саяхаттың соңы Мәдениет үйі ұсынған театрландырылған қойылым мен рухты әндермен тәмамдалды.
Айта кетейік, аталған экскурсия барысында балалардың қауіпсіздігі үшін полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері қызмет көрсетті.