Ауыр қарғыстан бүкіл ішегі шіріп кеткен

Oinet.kz 23-06-2022 9766

Ақпан айының ортасында арамза туған төлдің құлағымен сирағына қараған ауыл қарттары «биыл көктем ерте келеді екен» десіп жатты. Айтып- айтпай сол жылы көктем ерте келді. Ақпанның аяғында көбесі сөгілген қар науырыз мейрамы қарсаңында сай-саланы тастап шықты. 

Screenshot_5.jpg

Бетегелі белдер, күреңшелі беткейлер әп-сәтте ұзатылар қыздай сыланып шыға келді. Ауыл маңындағы атыздар да жер жыртып, тұқым себілді. Алғаш төлдеген, артықша балажан тұмса түліктердің өрістен қашып, үй айналған мазасыз мөңіреуі мен маңырауы қосылып, ауыл аспаны  өзгеше симфонияға ұласып жатқан сәт. 

Менің Нұрдай ағам ойда-түсте жоқ әлек бастады. Кешкі шай үстінде аласа жер үстелде күндегіше қораланып отырғанбыз. Қолындағы қалайы қасықпен үстел бетін әрі-бері тықылдатып отырды да әкеме  қарап:

- Аға, мен үйленсем деймін!

Әкем енді ұрттай берген шайына қақалып-шашалып қалды. Шешем таңдайын тақ еткізді. 

- Қашан дейсің?

- Тап бүгін!

- Кімге әкем-ау?

- Көрші ауылдағы Кәзиман молланың үлкен қызына.

- Қыздың үй-іші біле ме?

- Біледі. Бірақ қарсы.

- Егіс жұмыстары бітсін. Ыңғайланып алайық. Қыз мақұл болса үлкендер қайда барар дейсің! Жол -жоралғысымен құда түсіп барармыз.

- Оған болмайын деп тұр.

- Неге әкем-ау?

- Қызды ертең басқа біреу айттырып келмек. Жақын арада жеделдетіп соған ұзатып бермекші.

- Ертерек неге құлақ қағыс етпедің жеңгеңе болса да а?!

- Менде күзге қарайлап жүргем.

- Енді қайтпек керек құдай-ау?!

- Келер келіндерің келіп алған осы ауылда...

- Мә, саған безгелдек!

Абыр- сабыр басталып кетті.

Әкем шапқылап, әулеттің өзге үлкендерімен ақыл қосты. Анам үйге бір кіріп, екі шығып әлекке түсті. Ақыры ертесі бір байламға келіп, ауылдағы болашақ құдамызға рулас, ең тілді-жақты деген Мәнейді алдыға салып, казиман молданың үйі қайдасың деп  тартып кетті. 

Таң ерте  кеткен әкемдер түс қайта үйге оралды. 

Әкемнің қабағына қарап- ақ құдалықтың жайы келіспегенін бірден аңғаруға болатын еді. 

Кейін білгеніміздей: Казиман ерін бауырына алып, жата қалып тулапты. «Кет те кет! Сендей құдам жоқ!» деп айғай салғанда төрде  алжып отырған апасы: 

- Кебежедегі мұз қанытты ұрлап жейік деп үйреткен Әбу болатын, -деп немересін көрсетіп безек қағыпты.

Шыға жөнелуге үш рет ыңғайланған әкемді Мәней әзер тоқтатыпты. Ақыр соңында қызының біздің үйде екенін білген Казиман желі шыққан доптай  шөке түсіп, күшінен айрылыпты.  Соңында бар айтқаны:

- Қыздың үкі тағар, қоржын салар, жолынан бастап барлық жосынына лайықтап, екі жылқы, алты сиыр (үшеуі бүзаулы болсын), төрт қой, жиырма мың сом ақша бересің! Бірақ батамды бермеймін! Мен өлсем екеуі де жаназама келмесін!  деп қайрыпты.

Сол күннен бастап, біздің жаздық үйімізге сән кірді. Алдымен қып-қызыл бордаттан шымылдық тартылып, біз  кестемен айшықтап ою салған әсем  түскиз ілінді. Бәрінен бұрын ол үйден бізге мүлде бейтаныс, жүзінен жылы леп ескен ақсары, талдырмаш жеңгеміз кіріп шығып жүретін болды.   

Арада көп өтпей әкем қорамыздағы азын-аулақ қараң-құраңымызға ағайын туыстың атаған көмегін қосып, айтылған кесікті қалыңмалдың санын толтырды. Тек  соманың үштен бірін ғана апарды. Оның өзі күзгі жиым-терімге алдын-ала қарызданудан келген еді. 

Әдетте қалыңмал айдап апарған кісілер зор қошаметпен қарсы алынып, лайық сый-сияпатпен қайтып жататын дәстүр бар-ды. Барған кісілер:

- Ділі қатты, қасарысқан адам екен деп ренжіп қайтты.

Келесі жылдың қысына қарай ағамның шаңырағына іңгалап нәресте келді. Қыз екен. Атын Айжарық қойды. Бірақ бір әттеген-айы құданың ауылы арасындағы тоң жібімей- ақ қойды. Өз тарабынан тойдың ырымын жасамақ түгіл, біз жасаған тойда қыз әкесінің орны үңірейіп бос тұрды.

- Байғүс қыздың анасы болса бір келер еді ғой... деп аяп жүрді ауылдағылар. Жеңгем де айдың күннің аманында қарадай жасып, азып- тозып берген.

Тек өзімен тетелес сіңілісі ғана ел көзінен жасырып, келіп -кетіп жүрді. 

Келесі жылдың тура науырыз айы жеңгемнің ауылынан қаралы хабар келді. Арадағы дәнекер болып жүрген жалғыз сіңілісі  өзіне қол жұмсапты. У ішкен!

Арада не болғаны туралы толық баяндап отырғым келмейді. Тек мен көрген бұл қыз қос бұрымы тірсегін соққан, өте өткір мінезді, жайдары қыз еді. Үйінде улап жатқан қарындасын қораға шығарып салып, жан тәсілім еткенше жанына бармаған әке мен ағалары туралы суық сөз ауыл ішін желдей кезіп жүрді. 

Жеңгем төрт айлық бөбегінің бесігіне сүйенген қалпы зар еңіреп жылады. Көңіл айта келген ауыл әйелдерінің бірде-біреуі басу айтып, тоқтата алмады. Ағам мен әкем үйде жоқ еді. Біз екі күн күттік. Ақыры болмағысын, жеңгеммен анамды алып, құданың ауылына аттандым. Кісі аяғы сұйылып қалған екен. Үйге жақындағанда жеңгем бір қолымен анамның білегін  қатты қысып ұстап отырғанын байқадым. 

Біз үйге кіргенде бір топ әйел дауыс салып, сыңсу айтты. Топ ішінен бір әйел: «жарығым-айлап» келіп, жеңгемді жұбатты. Ал қыз әкесі  қарамызды көре сала үй артындағы төбеге шығып кетіпті. Кетер кеткенше төбе басында теріс қарап отырды.

- Ол Жүзі қараны екі дүниеде көрмеймін! десе керек.

Біз сол күні іңір жамылып үйге қайттық.

Кейін ағам келгесін жеңгем екеуі қайта барды. 

Сол жолғы қыз әкесінің айтқандарын көзі көріп, құлағы естігендер ұзақ жыл жағасын ұстап айтып жүрді. Бұл лағнеті қарғысты сол жылдың күзінде ағамды жерлеп қайтып келе жатқандар да есіне алыпты.

- Батқан күнмен ант етейін! Жеттім дегенде желкең қиылсын! Көктедім дегенде көктей орыл! Шикі өкпең шырылдап жетім аталсын! Жолың шырмалып жеті маталсын Аллаһуакбар!

Сол жолғы барудан кейін ағам қайын жұртына ат ізін салған жоқ. Көктемде басталған іші ауруын елемей жүре берген де күз ақыры құлап түскен. Аудан орталығындағы дәрігерлер: «кешіккен екенсің қайран жігіт! бүкіл ішегің шіріген адам болмайсың» деп қайтарды.

Ағам ақырғы сәтінде әкемнің қолын маңдайына қойып тұрып:

- Айтшы аға, мен әлі жаспын ғой. Неге өлуім керек деп сұрапты.

Ең жаманы ағам қайтқасын Казиман құда жеңгемді үйіне қайтарып алды. Ағамнан қалған жетім қызды бір туысқандарына асырап бергізді де жеңгемді шыт жаңа қалыңмал алып, көрші ауылдағы әйелі қайтқан бір кісіге ұзатып жіберді.

40 қыздың моласы
"Ұлт рухының ұстыны - Ордабасының" балаларға берері зор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу