Жұмекен Нәжімеденов: Көремісің, көз?
24-08-2020
Пенделерге бере көрші кешірім –
Ұлы аспан. Ұлы Тәңір. Ұлы Әлем!
Ұмытылып жазатайым есімім,
мені біреу «Ұлы» десе жылар ем!..
Балалығым, сәтті, сәтсіз тұстарым,
қуанышым, реніштерім, көз жасым –
берсін, мейлі, ойып Дүние пұшпағын,
бір ажалдан анық түбі озбасым!
Темір-өмір кете берер бір іліп.
Пендешілік жүгіреді жалаңбұт!
Адамдықтың ұлылығы — Ірілік.
Ұлылықтың құрбандығы — адамдық.
Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме.
Ел де тіпті еркелетпес «Ақын» деп…
Қаралы жұрт бұйырған күн көмгенде,
қарай алсам болды өзіңе Жақын кеп!