Мирас Асан. Алғыс
Әуелі өлшем – Тәңіріме алғысым,
Мәуе берсем – Тамырыма алғысым.
Күнге алғысым – шапағына бояндым,
Гүлге алғысым – жұпарынан ояндым!
Анаға алғыс – ақ сүтінен күш алдым,
Атаға алғыс – жонған оқтың ұшы алтын!
Жеріме алғыс – Алтай, Арқа, байтағым,
Еліме алғыс – Азаттықтың айт әнін!
Досқа да алғыс – жау ішінде қалмадым,
Қасқа да алғыс – шайналса да бармағым.
Құранға алғыс – имани шарт, қорғаным,
Тұранға алғыс – жалғасы Алтын Орданың!
Алғыс айтсын бауырымдағы бар ұлыс,
Алғыс алмай еткен ісім – жарым іс.
Алғыс деген – Абыл деген сөз-ау бір,
Қарғыс деген – Қабыл деген сөз-ау кір.
Алғыс айтам кіріп тұрып әр үйге,
Алғыс, алғыс – қарияға, сәбиге.
Қазақты Алла алқап тұр ғой, сонан соң
Ардай қымбат алғыс шығар, әрине...
Алғыс деген, алғыс деген сөз ұлы ә?!
Махаббатқа алғыс – Баян-Қозыға.
Болашаққа Алтын тастап кете алман,
Елден алған Алғыс – солар қазына.
Жаңбырменен Жер көгерді, енді өлмен,
Батаменен Ер көгерді, дем берген.
Бір сөмке алтын керек емес, адамдар,
Бір сөтке алғыс естиінші, сендерден.