Мирас Асан. Көрмей сүю
Көрмей сүю - шын ғашықтық, шын азап,
Махаббатта құдайлық бар мінәжат!
Махаббатта жалғыздық бар тұтқындық,
Мен тұтқынмын,
Сіз тұтқынсыз,
Кім азат?!
О, сұлулық!
Шашқан арай шұғылам,
Сіз бар жердің бәрі құтпа, құбылам.
Төбем құсқа ұя болып сүйемін,
Шарап толы менің аңыз құмырам.
Сізді айтпасам қалтырайды тән мұздық,
Сізді айыптасам жарты қайғы жан күздік.
Маңайыма үйіріледі күпірлік,
Маңдайыма үңіледі жалғыздық!
Бара-бара сізге апарар жол тозып,
Өтем үнсіз болмысымнан сонша озып!
Өз ішімде жасап алған бейнеге,
Өмір бойы өзім ғана қол созып!..
Мирас Асан,
Астана.
2018