Мирас Асан. Бізді де ел ақын дейді ел қамын жер

Oinet.kz 10-08-2020 788

***

Бізді де ел ақын дейді ел қамын жер,

Сол сөзге лайық болмай сорладым, көр.

Жым болды мен айтпайтын ана тілім,

Мұң болды мен аттайтын қарға адым жер...

image.png

Сөз – қарыз, сұрайтындай иесі кеп,

Сөз – парыз, құрайтындай жүйесі жоқ.

Ішімде өлгенінің киесі ауыр,

Артымнан ергенінің күйесі көп.

Жел сөзге желдей зулап жетем есіп,

Жөн сөзге ылғи жабық бөтен есік...

Қанымда тулап-тулап аққан солар,

Жанымды турап-турап кетеді осып!

Бірдей боп көрінгенмен тәмәм досқа,

Тілдей боп таусылардай шарам босқа...

Бейнемнің ішіндегі ғалам бөлек,

Жейдемнің ішіндегі адам басқа!

12.IV.2018

Астана

Мирас Асан. Таң
Мирас Асан. Бітпеген бүгінгі дау - кешегі егес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу