Дәрігерден алынатын сұрау өзгеше болады (жас дәрігер күнделігінен)

Oinet.kz 20-02-2020 1138

60128349.jpg

Таңертеңгі шайымды апыл-ғұпыл ішіп, барынша жылдам жетсем де бөлімшедегі өмір әлдеқашан басталып кетіпті. Есік ашылғаннан асыға басып, бір-біріне соқтығысып жүрген медбикелер көзге шалынды. «Жағдайы ауыр науқас түскен-ау»,- деп ойладым бірден. Бірақ, бұндай көрініс бұл бөлімшенің (реанимация) қызметкерлері үшін үйреншікті болатын. Мұнда жағдайы ауыр емес науқас түспейді... 

Палатаға жылдам жетіп, дәрігерлерге көмектеспекші болдым. Палата іші қарбалас. Бірі дәрі егіп жатса, екіншісі жердегі қанды сүртіп, үшіншісі қан қысымын өлшеп әлек. «Жедел жәрдем» қызметкері барынша биік тонмен түсінікті әрі жылдам болған оқиғаны баяндап беруде. Дәрігер оған бас шұлғи отырып, көмек беруді жалғастыруда. Алып келген медқызметкердің айтуынша, мұнда жеткенше науқаста бірнеше мәрте клиникалық өлім тіркеліпті. Дәрігер оның мәлімдемесін күтпей-ақ бірден жүрекке тікелей емес массаж жасауға көшкен. Қимылы сенімді, ырғақты, науқасты өлімге оңайлықпен бермейтінін сездіргендей. Оның жасаған әр қимылы палатадағы бәрімізге үміт отын сыйлағандай сезілгенмен, жансыз дененің тіршілік белгісін бермеуі көңілге қорқыныш ұялатты. 

Қан қысымы тым төмен болғандықтан ба, шеткері тамырларына дәрі егу де мүмкін болмады. 

– Бері кел, Мырзабаева, жүрекке массажды жалғастыр, – деп дәрігер маған тапсырды да, өзі науқастың бұғана асты венасын катетеризациялауға (ары қарай дәрі егіп тұру үшін біраз уақытқа қалдырылатын арнайы ине) кірісті. Науқастың қасына жетіп барып, өзіме ыңғайлы қалып қабылдадым да, дауыстап санап, массажды жалғастырдым...

Мен интернатураның 1-курсында оқимын. Бүгін Жедел жәрдем ауруханасындағы соңғы сабақтарымыздың бірі болатын. Төтенше жағдайларда не істеу керек екенін әр курста тәжірибеден өтіп жүргеніміз рас. Алайда, мұндай кездерде өзіңді психоэмоционалдық тұрғыдан қалай ұстау керек екені жөнінде барынша ұғынып білгеніміз осы сабақта десем, артық айтқаным емес. Сабақ «Жан сақтау бөлімшесінде» өтетін. Алғаш бөлімшеге кіріп келгенде бір суықтықты сезіндім. Осындағы мейіргерлер «бұл жерде қолына орақ ұстаған өлім періштесі кезіп жүреді» дейтін әзіл-шыны аралас. Шынында, жағдайы жақсарып, басқа бөлімшелерге ауыстырылған науқастармен қатар, ауруы бері қарамай арғы дүниеге аттанып кете баратындар да көп еді. Көбісінің есі анық емес, жағдайлары тым ауыр, «иті жоқ ауыл» мен осы өмір арасындағы шекараны күзетіп жатқандай. Қимылсыз жатқанымен, бөлімшенің тыныштығын ырғақты түрде шиқылдаған аппараттардың дауысы бұзады. Біз де осыған дейінгі игерген барлық дағдыларымызды еске түсіріп, дәрігерлерге көмектесіп жүрміз. Қағазбен атқаратын жұмыстар бәсеңдеп, түсіп жатқан науқастар саны азайса, пациенттердің жеке күтіміне көңіл бөліп, тамақтандырып, мейіргерлерге көмектесеміз.

Медициналық университетте оқығалы біз қандай жерлерде сабақ өтпедік десеңізші! Қай аурухананың, емхананың қабырғасына барсаң да, көздерімен үміт іздеген, ақ халатты абзал жандарға өмірін сеніп тапсырғандай науқастар, жеке тіршілігін жиыстырып қойып, алдына келген науқастың өмірімен арпалысып кетуге дайын тұратын дәрігерлер...  Дене ақауларымен, жұқтырған инфекциясымен күресіп жүрген адамдарды санамағанның өзінде, жан күйзелісіне ұшырап, жан ауруына шалдыққан адам қаншама! Аяқ-қолы сау, Алла берген он екі мүшесі қызметін адал атқарып тұрса да, себебі белгісіз психикалық ауруға шалдығып, ата-ана, туыс-туғанынан жырақта жатып емделіп жүрген науқастарды көргенде «мұнан тән ауруына шалдыққан дұрыс-ау» деп ойланасың. Бірақ, аурудың жақсысы болмайды. «Дені сау адамның басында алтын тәжі бар, оны тек ауру адам көреді»,- деп жатады дәрігерлер. Алла барлығымызды ауру-сырқаудан сақтасын! Қандай ауру болмасын, адамның өзіне, қалаберді жанашыр тумаларына ауыр жүк болып келеді. Күнделікті атқарып жүрген жұмыстарын орнымен атқара алмай қиналады, дені сау, шапқылап жүрген сәттерінің бағасын түсінеді. Талай емдеу орындарының қабырғасын тоздырып, аурудың неше түрін көріп жүрген менің бірнеше жылдар ішінде жинаған ойым осы болды. 

«Қолда барда алтынның қадірін біле бермейтін» пендеміз ғой бәріміз. Ал, түптеп келгенде сіздің бар байлығыңыз – денсаулығыңыз. Ал, сол байлығыңыздың қорғаушысы асыл дәрігерлерді қалай мадақтаса да жөн деп санаймын, өзім. Олардың күні-түні ізденіп, науқасқа барын салып көмектесуге тырысқандарын, жұмыс барысындағы ізденімпаздығы мен талапшылдығын көргенде маған артылған жүктің ауыр екендігін, таңдаған мамандығым күнделікті міндетті қызметтерден бөлек, адам жаны үшін арашашы мамандық екенін тағы бір мәрте түсінгендей болатынмын.

Аздан соң оқытушымыз бізді өзіне шақырып алды да, әрқайсымызды атап, палаталарды бөліп бере бастады. Осы цикл аяқталғанша біз өзімізге тапсырылған палатадағы науқастардың күтіміне көңіл бөліп, емдеу нұсқаулықтарымен танысып, оны халықаралық стандарттармен салыстыра отырып, өз пікірімізді білдіруіміз керек еді. Қысқаша айтқанда, онда жатқан әрбір науқас біздің зерттеу объектіміз болмақ. Барлығымызға тізім бойынша ретімен бөліп берілген палаталар ішінде маған 11-палата бұйырыпты. Тапсырманы қайта түсіндірген оқытушы бізге барлығы түсінікті екендігіне көз жеткізгеннен кейін өз кабинетіне қарай аяңдады. Қалам-қағазымызды сайлап, бекітілген палаталарымызға қарай жақындадық. 

Маған берілген 11-палата бөлімшенің екінші бөлігінде болғандықтан біз ол жаққа жиі бармайтынбыз. Мұнда түскендеріне 2-3 күн болған 3 науқас жатты. Әдетте мұндай клиникалық талдау бекітілген науқаспен ауыз-екі тілдесуден, ауруы жайлы толық ақпарат жинаудан басталады. Бірақ бұл жолғы науқастар жауап бермек түгілі, өз жағдайына баға бере алмайтын жағдайда болғандықтан, танысуды құжаттардан бастауды жөн санадым. Бірінші төсекте жатқан жап-жас қыз өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған науқастардың бірі болып шықты. Оның емдеу нұсқаулықтарымен тез танысып шықтым да, келесі науқастың "Ауру тарихын" ақтара бастадым. Қалған екі науқастың диагнозы бірдей екен. Екеуі де ми қанайналымының жедел бұзылыстарымен (инсульт) келіп түскен. Тіпті есін жинап, көзін ашқанның өзінде мұндай дерт қозғалыссыз қалу немесе сөйлеу, сана бұзылыстары секілді ауыр салдарлармен жүретіні белгілі. Оның үстіне науқастар орта жастағы еңбекке қабілетті адамдар екен, өкінішті әрине. Құжаттардың паспорттық бөлімін қарай бергенім сол еді, көзіме таныс есім оттай басылды. Бір оқығаннан таныс сезілді, кім екендігін анық есіме түсіре алмасам да бұрыннан танитын адамдай сезілді. «Бұл кім болды екен, мен бұл атты қайдан көрдім?»,-деп біраз отырдым. Науқастың жанына барып, түріне қарауға дәтім бармады. «Не де болса алдымен аты-жөнін қайдан білетінімді есіме түсіріп алайын» деп ойлап отырмын. 

Сәлден соң осы адамның алдына тура үш апта бұрын барғаным есіме түсті. Ол кезде мен жұмыс іздеп жүрген болатынмын. Қаладағы емханалардың бірінде бос жұмыс орны бар екендігін біліп, мән-жайды сұрау үшін сол емханада кадр ісіне жауап беретін осы кісінің алдына бірнеше мәрте кіргенім есімде. (Кейіннен оқу уақытына байланысты, сол жұмыстан бас тартуға тура келген болатын). Жақындап барып қарағанда таныс бейне көзіме шалынды. Сол аққұба өңді, мейірбан жүзді, қоңыр шашты апай. Тек оның көздері сол кездердегідей күлім қақпайды, езуіне күлкі үйіріліп жымия  сөйлемейді. Суалған жақтары мен құрғаған шашы оны басқа адам етіп көрсетіп тұрғандай. Жанашыр, жақын адамым болмаса да қол-аяғы сау күнінде алдына ісім түсіп барғанда меселімді қайтармаған кісінің ес-түссіз төсекке таңылып, өлім алдында жатқанын көргенде жүрегім езіліп кеткендей болды. Осылай да болады екен... Сен мейлі іскер бол, қатарыңның алды бол, басқалардан ерекшелен, бірақ маңдайыңа жазса тағдырдың жазғанын көресің. 

Алдына барған мені танып тұрғанымен аузындағы аппараттар кедергі жасап, бір жағынан аурудан соң тілінің кұрмеліп қалғаны бар, әлгі кісі бірдеңе деп мыңғырлағандай болды. Жүзіне қарасам, шынымен мені танып тұрғаны байқалды. Қолын созып, әлдене демекке ұмтылады. Мен де қолымды оның қолына жақындата бердім. Қолым қолына тигені сол еді, әлгі апай шап беріп ұстап алды. Жай ұстап тұрған жоқ, қолымды қысыңқырап, жібергісі келмей тұр.  Көзім көзіне түскенде жанарында жазулы тұрған мұңды сездім. «Міне, мен осындай халге түстім, құтқар мені, көмектес маған...» деп тұрғандай болды жасқа шыланған көздері. Әрине, бұл кісінің аяққа тұрып кетуі үшін осы аурухананың, қалаберді осы қаланың мен деген білімі жоғары, тәжірибесі мол дәрігерлері барын салуда. Мына менен не көмек күтпек? Енді бір сәтте бұл апайдың менен көмек сұрап емес, мұңын шағып отырғанын түсінгендей болдым. Қолын қыса түскен, көздерін менен алмайды, кірпік қақпайды, жанарынан аққан жас бас-аяғы бір аптаның ішінде жүзіне түсіп үлгерген әжімімен самайына қарай сырғанады. Жүрегім елжіреп кетті... Бірақ дәл сол сәтте мен Алладан оның денсаулығы үшін дұға тілегеннен басқа ештеңе жасай алмайтын едім. Мына аурухананың ішінде әр күні әртүрлі науқастарды көріп, небір қорқынышты көріністерге көз үйреніп қалса да мынадай жағдайға бірінші рет түсуім. Ойымды дәлізден атымды атам шақырған оқытушының дауысы бұзып жіберді. Амалсыз қолымды тартып алдым да, дәлізге қарай баса бердім. Науқас апай көзімен ұзатып салды.

Ол кісі бөлімшеден шығып, қарапайым палатаға шығарылғанша бақылап жүрдім. Күнде осы көрініс қайталанады. Ол кісі мені көргенде күлімдейтін болды. Әдеттегіше қолымды қысып, рахмет айтқандай болады. Күнделікті тамақтандырып, көрсеткіштерін қағаздарыма жаза жүріп, онымен көптен таныс адамдай болып кеттік. Осы бөлімшедегі сабақтың соңғы күні бәріміз өзімізге тапсырылған науқастар туралы мәліметтерді баяндап, емдеу барысындағы өзгерістерді талқыладық. Менің пациентім сол күні жағдайы орташа дәрежедегі ауырлықта басқа бөлімшеге ауыстырылды. Біз де өмірдің ағымымен басқа ауруханаға барып, келесі сабақты бастап кеттік...

Осы жерде айтылған бір-екі оқиға менің – дәрігер-интерннің бір апта өмірі ішінде орын алғандары ғана. Әлі медицина түгілі өмір тәжірибесі аз менің жолымда осындай оқиғалар болып жатса, ғылымда, жұмыста, қалаберді өмір ағымында көргені мол ақ халатты абзал жандардың тәжірибесінде не болмады десеңізші?! Сізге күлім қағып, жайлы креслода отырғандай болып көрінгенімен, олардың әрқайсысы осындай «қан мен тер» жағдайынан өткен. 

Әрбір науқас – бір тарих, бір тағдыр. Жақында бір газеттен оқығаным бар еді, «әрбір дәрігердің өз моласы бар, онда өз қолымен жерлеген адамдары бар»,-деп. Қандай ауыр десеңізші, дәрігер адамды емдеп жазып қана қоймай, оның қайғысын бөлісе алу керек, тіпті әр науқастың жүрегінен орын таба алмаса да, жасаған ем-домынан науқас зардап шегіп жатса, осы мәселенің күні-түні ойынан шықпай мазалауы әбден мүмкін. Тағы бір қытай даналығында «Арғы дүниеде дәрігерден алынатын сұрау өзгеше болады, өйткені олардың кәдімгі адамдардан бөлек арқалаған ерекше жүгі бар»,-деп айтылады. Осы айтылғандар дәрігер жұмысының тек білім мен тәжірибені ғана емес, адамгершілік пен ізгілікті, ақжүректілік пен шыншылдықты талап ететінін аңғартып тұрғандай. 

Осындай жауапкершілігі мол, алғыс арқалаған мамандықты таңдағанымды мақтана айтқым келеді. Науқастарды емдеп, ауруын жазып, рақметін алып жатсам, мен де өз елімнің іргесіне «бір кірпіш» болып қаланатыным сөзсіз.

Қарлығаш УАЛИХАН, 

Ұлттық медицина университетінің 7-курс дәрігер-интерні

Абайдың Мәшһүр Жүсіпке қойған сұрағы
Қаратаудың қазыналы қайнары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу