Ойшыл жазушы
28-10-2021
Әрбір қазақ – боз жусаны аңқыған, боз селеуі шалқыған даланың төлі. Сондықтан туған жер – тұлғаның табан тірер тұғыры десек, кіндік кескен, туып өскен ауылын жырлаған, тағзым жасап ту еткен сөз зергерлерінің арасынан Мархабат Байғұттың оқырман ретінде жаныма жақын, жүрегіме мейлінше жылы екені жасырын емес. Өйткені ол жазған қарапайым ауыл тұрғындары, Қаратаудың қалтарысында қалған оқиға, оқшау тау-тас, тіпті өсімдіктеріне дейін бала кезден айқын, етене таныс. Бір таудың баурайында, бір бұлақтың суын ішіп өскендіктен болса керек, қаламгердің туындылары Сырбұлақтың сыбдыр-сырларындай, Әлдибастаудың әсерлі әңгімелеріндей, Көкбұлақтың шерлі шежіресіндей естіледі.
Жазушы Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінде өз өрнегімен, әсемдік әлемімен танылған, соқпағы соны, сонары олжалы, ішкі мәдениеті жоғары, Қаратаудың шертпе күйіндей күмбірлеген нәзік рухымен оқырманның жан-дүниесін баураған бекзат жазушы. Ол Биағаңнан тәбәрік алған, Чеховтан шеберлік үйренген, Шукшинге шұқшиып, Кекілбаевтан кеңдікті, Шерағаңнан теңдікті тәлім еткен, Оралханның ой орманымен сырласқан сырбаз да дегдар қаламгер; қойдан қоңыр қазақы мінезді қалыптаушы, алыс түкпірдегі ауыл өмірінің шебер суреткері, бейнетқор еңбек адамының риясыз ақжарқын да адал көңілін ақ қағазға айнытпай ажарлаушы автор. Оның әңгімелерінде ауылдастарының кеңдігі мен кемшілігі, кісілігі мен кісәпірлігі, кейіпкерінің қайшылыққа толы болмыс-бітімі мен мінез-құлқы шынайы сомдалып қана қоймай оңтүстіктің шұрайлы тілімен қиюласа өрілетіні ғажап.
Мархабат аға әдебиет әлемінің табалдырығын алғаш «Шілде» арқылы аттады. Содан кейін «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері» сияқты жинақтары жарық көрді. Дулат Исабеков айтқандай, көзі-қарақты оқырман сырбаз да мәдениетті жазушының тырнақалды туындыларынан «қарапайым кейіпкерлердің тіршілігімен, өмірдің дәл өзінен кеп ақ қағазға секіріп түсе қалғандай шынайы мінездермен, мәдениетті юмормен, баяндау стиліндегі ерекше бір нәзік ырғақпен, басқа шығармаларда кездесе бермейтін, адамдардың мінез-құлқын сипаттаудағы оңтүстікке ғана тән тың бояулармен жүздесті».
Туған ауылынан ажырамаған Мархабат аға кіндік қаны тамған жердің әрбір тасына жан бітіріп, тас бұлағына саз толтырып жазатын шебер қалам иесі. Оның әңгімелерінде кейіпкерлерінің жан әлемі табиғатпен ұдайы үндестікте суреттеледі. Ол үшін тіпті табиғат ғана емес, ауылдағы қырман, мақта алқабы, ауылшаруашылық техникасы, мектеп ауласы, бұралаң жол – бәрі де мәнді, осылайша суреткердің сиқырлы қаламсабының арқасында белгісіз бір түкпірдегі шағын ауылдың көзге үйреншікті қарапайым заттары да мағыналы рәміз ретінде көркем бейнеге айналады. Жазушы адам жанының ашыла бермейтін қалтарыстарына ой сәулесін түсіріп, мәңгілік сауалдарға да жауап іздеп, оқырманның өзінің жүрек әлеміне үңіле түсуіне жол ашып, ой ұшқынын тастап отырады.
«Әңгіме – әулие жанр» деп санайтын Мархабат ағаны «бүгіннің Бейімбеті» дейтіндер аз емес. Бұл бекер емес. Қаламгердің өзі де бір сыр-сұхбатымызда «Әңгіме жазуға отырған сайын Бейімбетке бас қоямын. Содан кейін ғана қаламды қолға аламын. Бұл – бұлжымайтын дағдыға айналған» деп еді. Жазушы Бейімбет Майлин социалистік дәуірдің пайда болуы кезеңіндегі өзгеріске ұшыраған ауыл адамдарының мінез-құлқын айна қатесіз кестелесе, ұлы ұстаздан сыбаға алған майталман Мархабат аға жаңа жүйеге бейімделе бастаған замандастарының түрлі қайшылыққа ұрынған бейнесін ұңғыл-шұңғылына дейін қопара жазып, қалтарыссыз сомдайды, уытты тілімен, әдемі әзілімен әжуалайды.
Тәуелсіздіктен кейін көптеген аға буын қаламгерлер нарықтық өтпелі кезең туралы жазуға дайын бола алмады. Бұл заңды да еді. Өйткені өздеріне бейтаныс, жаңадан құрылып жатқан ию-қиюы көп, құндылықтар алмасқан, коммунистік билік күйреп, ескі шаруашылық құлап, колхоз бен совхоздар тараған заманның ішкі қайшылықтарын аға буын ғана емес, көбіміз түсіне алмағанымыз жасырын емес. Осындай өліара кезеңде, тәуелсіздіктің елең-алаңында экономикалық-әлеуметтік жүйе түбегейлі жаңарумен бірге жаңа адамдардың типтері де пайда болды. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік деп ұрандап келген ескі қоғам құлап, оның орнына басқа тұрпаттағы жаңа жүйенің өмірге келуі, дағдарыстан дамуға жол ашылу бастабында күрделі болды. Осындай кезеңде лай судан балық аулап, жекешелендіру мен кәсіпкерлік деген жалауды көтеріп, пысықай жандар шашетектен пайдаға кенелгені де айқын. Міне, ауыл жыршысы ретінде қолтаңбасы айқындалған, сонымен бірге жаңа дәуірдің жүгін иығымен көтеріп, бел шешіп араласқан буынның өкілі болғандықтан та қаламгер Мархабат Байғұт осындай түйткілі мен кілтипаны мол кезеңді көркем проза мүмкіндігімен ғаділетті бейнелейді. Әрине, нарықтық жүйе келген соң бұрынғы қазақтың қоңторғай тіршілігі, қойдан жуас қоңыр мінезі де сетінеп, ауылдың іргесі шайқалады. Жаңа кәсіптің иелері – базаршы, саудагер, банкир, алыпсатар, бизнесмен, делдал сияқты көптеген жаңа ұғымдар мен түсініктер жұрттың өмір-тіршілігіне, санасына кірігеді.
Мақамы бөлек Махаңның әңгімелерінде бүгінгі күннің кейіп-кескіні, көркем шындығы көз алдымызға көлбеңдеп оралады. Қияндағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі әлеуметтік өткір сарынмен суреттеліп, азаматтық жанайқайы жазушының бүкіл шығармашылығының құлақкүйіне айналған. Өйткені ол қоғамның тамырын басып отырып, оның олқылығын сынау, туған жерге деген жанашырлығын әйгілеп, дамуына тұсау болатын келеңсіз жайттарға сөз жебесін қадауды қаламгердің парызы деп біледі.
Мәселен, «Қозапая» әңгімесінде Сағымкенттен жырақ орналасқан Ешкіөлмес ауылының арбакеші Ерсәлімнің өмірі суреттеледі. Өмір бойы Ешкіөлмес ауылының қозапаясын тасып, жұртқа жан жылуын бірге сыйлап жүріп Ереке атанған бас кейіпкер – момын шаруа, өз ісінің білгірі. Әрбір отбасы қыста жылы шықса, қазаны сарқылдап қайнап жатса, ол – қозапаяның, сонымен бірге отын тасушы арбакеш Ерсәлімнің арқасы. Бірақ бұл жарасымды тіршілік өзгеріске ұшырайды. Себебі, Ерсәлім секілді қарапайым шаруа өз жан жылуын біреуге бөліп беруге құштар болса, көкірегінде жылуы азайған, іші мұз, жүрегі тоңға айналған топастар да бар. Соның бірі – осы ауылда «кемелек тиген жылы» өмірге келген аудан әкімі – «баяғы бала». Ол әкім болып сайланысымен шаруа қожалықтарын ірілендірем деген желеумен жекешелендіруден қалған құйқалы жерлерді өз жақындарына үлестіріп береді. Оның ашкөзі айналаның бәрін жымқыру-қымқырумен түгесіп, ақыры бір күні Ешкіөлмес ауылындағы қозапаяны тасымалдауға «тендер» жариялайды да, арбакеш Ерсәлім жұмыссыз қалып, нәпақасынан айрылады. Ақыры ауылдың қасіреті тұрмыс-тіршілігіне төзе алмаған Ерсәлім өзі үйген қозапаяның үстіне шығып, оған от қойып өртеп, жалынмен бірге ғарышқа ұшпақ боп ауылымен қоштасады... Бұл әңгімедегі қозапая – жылудың символы. Нарықтық заманда билікке жармасып бас пайдасын күйттеген безбүйрек жемқорлардың ішін мұз жайлап, қарауындағы халыққа салқын сыздана қарайтын дерт пайда болғанын, мұндай кесел өрши берсе, елдің болашағына қатерлі екенін жазушы дабыл қаға суреттейді.
«Әпкемнің ауылы» әңгімесінде де адамгершілік пен тасбауырлық, мейірбандылық пен қаталдық, адалдық пен немқұрайдылық таразыға тартылады. Бас кейіпкер Үрисәннің туған бауыры Күншуақ шаһарында білдей лауазым иесі. Ол ауылға той-томалақта зорға келгенімен асығыс-үсігіс қызметіне қауырт аттанып кетеді. Жездесі Жұлдызхан қайтыс болғанда да топырақ салуға қала алмай, асығыс аттанып кеткен. Кейіпкеріміз «Қаладағы қоңыртөбел қызметтен айрылсаң, аштан қатарың ап-анық» дейді толғанып. Ол ауылына барса, сүйеніші – жездесінен айрылған апайы егде тартқан шағында нәпақа үшін мектепте еден жуушы болып орналасыпты. Мұғалімдер жоғарыдан келген тексеруші шенеуніктерге дастарқан жайып күтуге кеткенде Үрисән апай сыныптағы оқушылардың тыныштығын қадағалап, өз өмірінен естеліктер айтса, оқушылар қызыға тыңдайды. Үрисән апайдың бұл дәрісін адамгершілік ілімі деуге боларлық. Мұны сыныптың сыртында тұрып жан бауыры да естіп, өзінің уақыт пен заманның ығына ілесіп, адами болмысынан айрыла бастағанын түсінгендей болады. Осылайша жазушы Отанды сүю қарапайым нәрседен, отбасын құрметтеу, туған жерге тағзым етуден, ауылды аялаудан басталатынын оқырманға көркемдік өлшемдермен түсіндіреді. Үрисән апайдың дәрісінен тек оқушылар ғана емес, Күншуақ қаласынан келген ақ жағалы лауазымды бауыры да терең тағылым алғандай болады. Ауылға баруға уақыт таппай, уақыт болса, құнттамай жүрген өзіміз де осыдан үлкен сабақ алғанымызды қайтіп жасырамыз?
Жазушының кез келген әңгімесінде осылайша бүгінгі замандастардың боямасыз өмірі көркем бейнеге айналады. Шағын ауылдағы қалтарыста жатқан құбылыстар кәсіби прозаның өлшемімен ой тезіне тартылғанда өз оқырманын бей-жай қалдырмайтын әлеуметтік үлкен тартысқа айналып шыға келеді. Ауылдағы кәдімгі таныс жайттар, туған жер табиғаты, қазақ ұлтына тән мінез-құлықтар бояуы өнер биігінен тіл қатқанда адамзаттық құндылықтар деңгейіндегі бағаға ие болады. Міне, бұл ауыл жыршысы, қазақы мінез-құлықты айнытпай кестелеуші зергер қаламгердің өзіне тән машығы мен майталман қолтаңбасының лебі деуге болады. Сондықтан шындықтың шырақшысы Шерағаң «Киікотын көксеу» деген шағын мақаласында «Бұл жазушыда жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Бұл жазушыда Құдай өзі берген көз бар. ...Осы шап-шағын әңгімеде Мархабат мырза мына заманның кейіпсіздеу келбетін әр қырынан инемен шабақтап, ісіктің бетін қайтармақ» деп ой қорытады.
Жазушының «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесі Желтоқсан оқиғасында жынданып кеткен Жұрнақтың тағдырын сомдауға арналыпты. Айқұмырсқа ауылының ұстазы Жұрнақтың әкесі Қонақбай оқиға болысымен дереу ауданға, облысқа шақырылып, студент баласын «ұлтшыл» етіп тәрбиелегені үшін КГБ-ның қармағына ілінеді, қуғындалады. Ұстазының шашы ағарып, ұзын бойы шөгіп, еңсесі езіліп кеткенін көрген оқушылары қан жыласа да «советтік шындықты» айтуға, талқылауға, тіпті топтасып әңгімелесуге бұл тақырып жабық еді. Қонақбай ұстаз әділетсіздікке төзбей көз жұмады, «ұлтшылды» жерлеуге көп адамдар сескеніп, оншақты адам ғана топырақ салып, жаназаға қатысады. Міне, осылайша аядай ауылдың өзінде Желтоқсанның аязы азынап тұрады, адамдардың жігері жасып, өзін қор сезініп, бодандықтың тақсіретін тартып, құлдыққа көндіккендей іштен тынып, құсалықпен күй кешеді. Арада тәуелсіздік заман туады, Желтоқсан қаһармандары құрметтеле бастайды. Ауылдастары жоғалған Жұрнақты Қарағандыдағы «психбольницадан» тауып, ауылға әкеледі. Ауылға келген соң мүсәпірлікке ұшыраған сырқат жан құрметтелудің орнына керісінше еріккен елдің ермегіне, бала-шағаның мазағына айналады. Ақыры жадысы оралмаған қалпы көз жұмады. Кеше барлық пәлені кеңестік кер заман дедік, соған жаптық, ал бүгінгі тәуелсіз елімізде, Айқұмырсқа ауылының адамдары Жұрнақты неге құрметтей алмады? Жазушының ойынша, гәп заман мен қоғамда емес, адамның өзінде, адамгершілік болмысында, ішкі жан әлемінде. Кінәратты адам қоғамнан емес, алдымен өзінен іздеу керек. Жазушы бұл мәселені қаймана жұрттың бойындағы бойкүйездік, немкеттілік секілді рухани сырқаттан іздейді. Міне, жазушы осы жайтты «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесінде айқара ашып көрсетеді. «Жынды Жұрнақты алғаш аяп, бой тартатындар бара-бара оның жуастығын басынып, көпе-көрнеу мазақтауға айналды. Оны жұмсап, тірліктерін тап-тұйнақтай етіп, тындыртып алып, түк те берместен, дым да татырмастан, тепкілеп қуып жіберетіндер де табылатын. Текеметтің орта мектебіне қатынап оқитын оншақты оқушы бүкіл сөмкелері мен бар киім-кешектерін жынды Жұрнаққа артып қойып, билеп кетіп бара жататынына да көз үйренді. Ет өлді», деп жазушы рухани саяздыққа қарсы жан шырылын білдіреді. Қаламгер әр шығармасы арқылы ар-намысты бәрінен жоғары қойып, махаббат пен ғадауатты тайталасқа түсіреді, бүгінгі ұрпақты даңғойлық пен тоқмейілсуден сақтандырып, айналаға сергек қарауға үндеп, ұлтты арылуға, тазаруға шақырып, жалғандық пен көлгірлік атаулыны өткір сынайды.
Үлкен істерді үндемей жүріп тындыратын Мархабат ағаның қаламгерлігімен қоса қайраткерлігі туралы сөз қозғамай кетуге болмайды. Тәуелсіздікке дейін жұрт ұмтылатын «обкомның» шақыруына бармай, шенеунік болудан қашқан Махаң тоқсаныншы жылдары мемлекеттік қызметке келіп, азат елдің іргесін көтеруге атсалысты. Облыстық ішкі саясат, тіл басқармасы, ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы сынды маңызды салаларға жетекшілік жасай жүріп, өңірдің идеологиясының оң қалыптасуына барынша ықпал етті. Бірнеше әкіммен қызметтес болды. Өзі «Әкім кеткен күн» атты әңгімесінде «Содан бермен қарата бірқатар әкімнің келгенін көрді, кеткенін көрді. Талай-талай бөлім бастықтарымен бірге тіршілік кешті. Тек бір мәрте ғана ескерту естігені бар. Ол кезде мынадай магнитофон, анандай компьютер дегендеріңіз әлі жаңбырша жауып, саңырауқұлақша қаптай қоймаған. Хаттаманы бастан-аяқ қолмен жазатын. Хаттама жүргізіп отырып, кейде келіп қалған ойларды, есіне түсіп кеткен мақал-мәтелді, данышпандар айтып өткен ақыл-нақылды жаза салатын, артынан өзінің көк дәптеріне көшіріп алып, өшіре салатын әдеті бар-тын. Сонда ғой, әлгі хаттаманың қақ ортасына: «Қарны жарылғанша мелдектеп тойып алған мыңбасы, жүзбасы әскери кеңеске келіп, кекірік атып отыратын болса, олардың басы алынсын». (Шыңғысхан) «Ал мына кеңестегі бастықтардың көпшілігі кекірік атып отырыпты», деп жазып, онысын көк дәптеріне көшіріп алып, өшіріп тастауды ұмытып кетіп, хаттамаға басылып кетіп, ойхай бір, қызық болған. Қызығы құрысын-ай, қатаң ескерту алған» деп жазғандай, бәлкім биік кеңселерде биліктің хаттамаларын да жазған. Бірақ Абай айтқандай «ақырын жүріп, анық басатын асыл адамдығынан» айныған емес, қай әкімнің жанында жүрсе де, халықтың сөзін сөйлеп, билікке елдің тілегін жеткізді. Әкімдермен араласқанның бір пайдасы болар, әкім-қараларды «Тәржімә тірлік», «Әкім кеткен күн», «Әкімнің әйелі» сияқты әңгімелерінде әдемі әжуамен әшкерелейді.
Елге сыйлы Мархабат аға сайлауға түссе, депутат та болып кетер еді, кім білсін. Тек соны көңілі қош көрмеген сыңайлы. Оны «Кандидаттық имидж», «Иттің құқығы» сынды әңгімелерінен аңғарамыз: «Ал сіздер ше? Сайлаушылар. Өз қалаулыларыңызды іздемедіңіздер. Сұрамадыңыздар. Бары-жоғы бәрібір сияқты сиық танытасыздар. Сөйтесіздер. Сіздер. Абынып анау, қабынып мынау жеткен. Аймақтарыңызға. Қаймақ-қайраткерлеріңіздің бекер жетпейтінін, босқа кетпейтінін білесіздер. Қалаулыларыңыздан құйқалы қыртыс, құнарлы жыртыс қалмағанын, ағынды арық-атыздың артылмағанын білесіздер. Бәріңіз». Бұдан артық қайтіп айтуға болады?
Кестелі көркем сөзге ғана емес, кесіп айтар көсем сөзге де жүйрік қайраткер-қаламгер қоғам өміріндегі өзекті мәселелерді өткір көтерген ой толғамдарын баспа беттерінде жиі жариялайды. Әу бастан, бала жастан журналистикаға баруды армандаған Махаңды «жампоз журналист» деуге болады. Аудандық газетте алты жыл, облыстық газетте он жыл қызмет атқарған қаламы жүйрік публицист ел газеті «Егеменнің» үш облыс бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Алматыға ағылған қаламдастарына қосылмай, «қайырымды қала – Шым-шаһарынан» шетке шықпай-ақ бір өзі әдеби орта қалыптастырған Махаң қоңыр қалпымен қаймана қазағы қалың, қаймағы бұзылмаған өңірдің рухани діңгегіне айналды. «Ұлысымның ұйытқысы – оңтүстік» деген атпен көптеген кездесулер өткізді. Бүгінде берісі Түлкібасыда, арысы Түркістанда кез келген игілікті шараның бел ортасында ұйытқы болып Мархабат ағаның жүргенін білеміз. Дүние жимаған, зәулім үй салмаған, пәтерге де бертінде ғана қолы жеткен, қоңырқай қарапайым тірлікті ұстанып өткен қаламгер туған ауылы Пістеліде тұрып, парасат биігінен қарайды. Әзірет қонған Түркістанның тұғырын биіктетуге күш салады. Сонысын бағалап тамырлас жұрттың зиялылары «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлығымен марапаттады да.
Ұлы Абай аманат еткен «Ар ілімінің» жоқшысындай кісіліктің кілтін іздеген парасатты жазушы, қазақтың қасиетті қара сөзінің ақ селеулі адырында андыз-андыз із тастап, ойлы оқырманына нәр сыйлаған сөз зергері, мінезі биязы, болмысы бекзат, қаламы Қаратаудың қазынасындай құнарлы қаламгер Мархабат Байғұттың сапары ұзаққа жалғаса берері анық.
Дархан Қыдырәлі,
Егемен Қазақстан