Менің нәзік жанымды кім түсінер? (Мархабат Байғұт шығармашылығы туралы)

Oinet.kz 12-06-2012 1702

    Screenshot_3.jpg

    Ақпан айының соңғы күні әдебиет пәні мұғалімінің қырқы берілді.

    Әкесі бұрыннан-дағы тұнжырлау хал-күйді жиірек бастан кешетіндердің қатарынан саналатын-ды. Енді арылмас мұң әлемінде адасып, мүлде бағыт-бағдарсыз қалғандай сезінді. Ұлының үнін құлаққа келтірмекке әрекеттенді.Тайғанақтаған күйінен кідірістеп, гүріл-дүріл, уыл-шуылды естімеген, ерек-елеңі бөлек-бөтен жағдайға бар болмысымен еніп кетіп, әуе толқындарына күллі ділімен ден қойды. Ұлының үні естілмеді, бірақ: «Жалқы рет болса-дағы қарағаныңды тап қазір елестете алсам ғой, мен де сені, жан құлыным, ботам,- деді әкесі ішінен.

    Ұлының елес бейнесі көз алдында күлімдеуінен танбады. Сәл ғана тоңған сәттеріндегідей ұзын саусақты қолдарын бір-бірінен ысқылап, қарақоңыр шашын оңға қарата қайырып тастап, ұзын бойын оң иығы арқылы тұтасымен бір қозғап қойып, бәрібір үн қатқан жоқ, жай жымиюмен тынды...

  ...Әкесі Таупістелі андызының айналасын сипалап, он үштен он төрттке шығардағы ұлының осыдан он төрт жылдай уақыт бұрын табанының табы, нұр-шуақ жаратылыстың жылу сақталып қалғандай-ақ, алақтай іздеп, алақанын баласының табаны тиген жерге қайта-қайта төсейді. Міне, мына жерде тұрып еді баласы. Балапаны. Ботасы...

   Әкесі көзін, сипалап отырған жеріне маңдайын басып еді, талықсып кеткенін сезбеді...

   Құрметті оқырман қауым, егер осы хикаятты оқыған болсаңыздар, дәл осы сәттерді жатқа білулеріңіз тиіс. Себебі, бұл бүгін оқып, ертең ұмытылып кететін туынды емес. Бұл адам жадында ұзақ һәм мәңгілік сақталатын ерекше, пәк сезіммен жазылған әсерлі де сыршыл,  нәзік хикаят! Оқи отырып бейкүнә жаратылыс иелерінің ішкі жан-дүниесіне бойлай  жөнелесіз, аяушылық, қимаушылық сезімдерін бастан кешіп, көзіңізге қалай жас келгенін байқамайсыз. Жаны нәзік кейіпкердің қатыгез өмірге деген көзқарасы көркем, айшықты тілмен өрнектелгеніне таң қаласыз. Жазушының уыз тіліне, шеберлігіне тәнті боласыз. Ол сіздің көкейіңіздегі ойды, ішкі жан әлеміңізде болып жатқан аласапыран сезімді, жүрегіңізге барар жолды дәл таба біледі. Ол адамның сыртқы бет-жүзіне емес, бұрқан-талқан боп жатқан ішкі жан-дүниеңізге үңілгенді құп көреді. 

   «Түркібасы-тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер»,-деп заңғар жазушыларымыздың бірі Шерағаң ағынан жарылған. Түркібасы (Түлкібас) ауданынан шыққан жайсаңдарымызды санамалай келе, Шерхан Мұртаза ағамыздың жоғарыда айтқан сөзіне лажсыз сенбеске амалыңыз қалмайды. Сол тұлпарымыз һәм сұңқарамыздың бірі- жоғарыда баяндап кеткен сыршыл жазушымыз, адам жанының психологы- Мархабат Байғұт қой! 

   Көлемі шағын, бірақ, айтар ойы ауыр прозалық туындыларды жазған,  «Қазақтың Антон Чеховы» атауына шынында да лайық жазушы жерлесіміз Мархабат Байғұт ағамызды біз расында мақтан тұтамыз. Жүрекке жетер, қайталанбас дүниелер сыйлағанына қарыздармыз. Ешкім қайталай алмас, қалыптастырып үлгерген өзіндік стилі,қолтаңбасы бар. Ол қазақ әдебиетіне жаңа леп, жаңа дем әкелді. Қазақ әдебиеті әлеміне Мархабат Байғұттың жан жылытарлық шығармаларының самал лебі дендеп еніп, өз орнын тауып үлгерді.

1945 жылдың 25 мамырында шырайлы да шуақты Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге шыр етіп сәби келді. Дүние есігін жаңа ашқан бұл сәбидің кейін танымал жазушы болатынын ешкім білмеп еді. Тіпті өзі де сезбеген шығар. Қош, сонымен уақыт сынаптай сырғып өтіп жатты.Уақыт ағымымен зымырап, жұрт балаларымен желкілдеп Мархабат та өсіп келе жатты. Тұйық, бұйығы болды. «Дене пішімі тым әлжуаз Мархабаттың әдебиетке құмар екенін кейіннен білдік қой. Мектептегі қабырға газеттері мен аудандық басылымда оның мақалалары, өлеңдері жиі-жиі шығып тұрушы еді. Қазір пайымдап отырсам Мархабаттың бойындағы мөлдір бұлақтардың көзі сол кезде-ақ жанартауша атқылап тұрған екен ғой»,-деп сыныптасы Нұрлан Құттыбаев Мархабаттың мектепте жүрген кезін осылай еске алады. Бала кезінен тұйық болғанын, өзің сөйлеп, әңгімеге тартпасаң, өздігінен араласып кете қоймайтынын, басқа оқушылар өздерімен-өздері арпалысып жүргенде, Мархабат оларға соқтықпай, қалам-қағазының қуатын әдебиет жағына көбірек сілтеп қоятынын, Мархабаттай достары бар екенін мақтан тұтатынын сыныптастары Қалаубек Анашев пен Төрекелді Спабеков ағаларымыз еш жасырмайды. 

   Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, өлең-мақалалары арқылы танымал бола бастаған Мархабат ҚазМУ-дің филология факультетін бітіріп, Сібірде, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп қайтқан соң, туған жеріне оралып, аудандық «Маяк» (Шамшырақ) газетіне жұмысқа орналасады. Елгезек Мархабат ауданда болып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қағазға түсіруден еш жалықпайды. Тіпті, ағамыздың арқасында ауыл арасына жол салынып, ел мәре-сәре қуанған кез болған. Сол кездегі Ванновкадан (Тұраркент) Корниловкаға ( Жазық кешу) автобуспен келіп, Пістеліге дейінгі он бес шақырым жолда батпаққа батып, ауылға жеткенше өліп-өшкен ағамыздың басына жаңа ой сап ете қалады. Осы «ауылға саяхат» оқиғасынан соң, аудандық газетке «Тас жолға тас жоқ па?», «Он бес шақырымға қанша шағал кетеді?» деген сияқты сын материалдарды бұрқыратып жүрді. Бірер жыл өткенде Корниловкадан Пістеліге қарай тас төселе бастады да, Жанұзақ ауылына жетер жолда тоқтап қалды. «Пістелінің пістесі-ай, Бастықтың оны тістесі-ай! Атыңды бапта ағайын, Тас жолың биыл бітпес-ай...» деп басталатын өткірлеу мақаланы «Оңтістік Қазақстан» газетіне жолдайды. Сын мақала «Қақпан» атты сын-сықақ мүйісінде жарияланады. Осыдан соң әне-міне деп жүрген аудан басындағылар тас жолды салып бітуге мәжбүр болады. Кезінде осындай қызықтар болғанын Мархабат ағамыз күле еске алады. 

   1970 жылдары аудандық «Маяк» газетінің халі мүшкіл болатын. Біз қайтсек те газетті аяғынан тік тұрғызу жолында аянбай еңбек еттік. «Газетті қалай еткенде әсерлі, қызықты, пайдалы етіп шығарамыз, астарлап, тұспалдап болса да қазақы рух пен намысты арқау етеміз деп қатты ізденетінбіз. Сол тұстағы газет редакторы Поправконы айналдырып жүріп, апта сайын әдебиет бетін беретінбіз. Диқандар мен шопандар тұрмысын, цементшілер мен консервішілер өмірін кеңірек жазатынбыз. Небір очерктер жарық көретін. Ол кезде «Шамшырақ-Маяктың» штаттан тыс тілшлері өте көп болатын. Басқосулар, слеттер, талқылаулар ұйымдастыратынбыз. «Жас жалын», «Алдаркөсенің ала қоржыны», «»Әдебиет және өнер»секілді көптеген айдарларды жарыққа шығардық. Мақтанғанымыз емес, аудандық газеттің тиражы сол жылдарда шырқау биікке жетті»,-деп Мархабат Байғұт тоқырау жылдарындағы газеттің жайын, газет үшін жан беріп-жан алысқанын осылай еске алады. Осыдан-ақ, Махаңның әдебиет десе ішкен асын жерге қоятынын, ізденімпаз, еңбекқор журналист болғанын бағамдаймыз. 

   Алты жылдай аудандық газетте қызмет атқарған соң, облыстық басылымға ауысады. Мұнда да әжептеуір тірлік атқарған соң, Жазушылар Одағының облысаралық бөлімшесінде 7 жылдай жетекшілік жасайды. Осыдан соң да түрлі басшылық қызметтер атқарады. Қанша бастық болып тұрса да, кекіреймей, шіренбей, «ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын берік ұстанған ағамыз, қолында билік тізгіні бола тұра еш шікіреймей, өзінің табиғи жайдары мінезін сақтап, алдына келген кісінің мәселесін шешіп беруге күш салған. Билік тізгіні қолына тие сала пайда болатын пендешілік ойларды адамгершілікке жеңдіре білді. Дүниеде ең мықты адам- өз-өзін жеңе білген адам. Мархабат аға ел есінде өмірге күліп қарайтын, жарқын мінезімен қалып қойды. Иә, қаншама шуақты күндер елесі артта қалды. Артта сағым секілді бұлдырап қала берген дәуренді қайтару мүмкін емес. Өте өкінішті, осындай шаттыққа толы күндерде қалып кете барған жарқын кездер қызықтарын тек жадымызда, көңіліміздің алыс бір түкпірінде сақтауға мәжбүрміз. Уақыт алдында дәрменсізбіз. Ит үреді, керуен көшеді.

   Мархабат Байғұт халық үшін қызмет атқарғанымен қоса, әдебиет айдынында да орасан зор еңбектер жазды. Оқырманның ыстық ықыласын бөленген ағамыз тамаша туындыларын жарық дүниеге шығарып жатты. «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Ақпандағы мысықтар» сынды бірталай кітаптар жазды. Оларды жұрт қызыға оқып жатты.

   ...Оқырманның көп бөлігі байқаған болар, Мархабат ағамыз көптеген шығармаларына өз өмірін арқау етіп жатады. Мен оның туындыларын оқи отырып, оның өмірін тереңірек тани түстім. Әңгіме-хикаяттарын оқи отырып, оның өмір сүрген дәуреніне сүңги жөнелесіз. «Патефон» хикаятында Мархабат өзінің 3-4 сынып арасындағы өмірін суреттейді. 1955 жылдар шамасы. Соғыстан кейін Кеңес халқы аянбай ұзақты жылдар еңбек етті. Бұл кезең де сондай заман еді. Ел-жұрт колхоздың жоспарын, нормасын орындаймыз деп жүріп күндіз-түні жұмыс жасауға тырысатын. Осы кезде балаларға қарайтын жан табылмайтын. Сол мәселеге байланысты балабақша ашу мәселесі қозғалады. Мархабаттың анасы, повесте әжесі болып суреттелетін Әсем апа балабақша мәселесін өз мойнына алады. Осылайша «Нәуірзек» бақшасы пайда болады. Мархабат тәрбиеші, анасы меңгеруші болып жұмыс істейді. Колхоз ұжымының ыстық ықыласымен құрылған балалар бақшасында бүлдіршіндер үшін жаңа өмір басталады. Олар түрлі ойындар  ойнап, рухани байлықпен сусындап өседі. Өздеріне ас жарымай отырса да, балалар ашықпасын деп бүлдіршіндердің жайын ойлаған кеңпейіл, дархан көңіл иесі Әсем апаның жомарттығына іштей сүйсінесіз. Өмірде осындай жандар көп болса екен деп тілейсіз. Балалар үшін тау асып, патефон алып келе жатқанда, кездесе кеткен есерсоқ балалармен патефон үшін жан пида деп аянбай күрескен Мархабаттың ерлігіне дән риза боласыз. Коммунизмге сенген, бәрі біріге арық қазған ауыл тұрғындарының бауырмалдығына, өзара сыйластығына куә боласыз. 

   «Интернаттың баласы» повестінде оның ауылдан кейінгі өмірі кеңірек баяндалған. Ел-жұртынан жырақта, Мархабаттың интернатта кешкен өмірі өте қызғылықты суреттелген. Бұл повесті оқып, 1960 жылдардағы мектеп өмірімен толық танысасыз. Сол кездегі оқушылардың психологиясы, өмірге деген көзқарастары бай тілмен жазылған. 

   Мархабат Байғұт шығармаларында әзілдер мол кездеседі. Бірақ, олар жеңіл, пәтуәсіз әзілдер емес, күле отырып, артынан әзіл астарына көңіл аударғанда ойлануға, мұңаюға жетелейтін зілді әзілдер. Ең бастысы, сол әзілдің терең мағынасын аша білуде. 

   Мысалы, біз сүйегіміз сырқырап, беліміз қақсап, бойымызды үрей билеп, жанымыз байыз таппай, тағдыр айдап дәрігер алдына бардық делік. Бізге одан не керек ең алдымен? Қалай ойлайсыздар? Әрине, бізге ең бірінші кезекте олардың ыстық ықыластары қажет. Тән емінен бұрын жан емін қалайсыз. Жанымыз ем алған соң ғана, тән емін құлшына алуға тырысамыз. Міне, сол кезде ғана, дәрігердің аялы, жан жұбатарлық жылы сөздерінен соң ғана бойымызға шипа дариды. 

   «Патефон» хикаятында рентгенге түсуге Әсем апа сонау ауылдан аудан орталығына келеді. Мархабат сол кісінің рентген ішіне түскендегі көңіл-күй монологын былайша ұтқыр суреттейді: «Ал енді «іренгеніміз» бір тарсылдап жүріп тұрған үлкен мәшине ме, аспаннан төніп қарайтын айырпылан сияқты бірдеме ме десем, жүдә басқа екен. Қараңғыда қамап ұстап, көрсетпейді. Әйтеуір не екенін, қандай екенін білмедім. Қап-қараңғы бір үйдің ішіне кіргізіп кеп жіберді. Түк көрсем, көзім шықсын. «Шешин»,-деді бір дауыс. Жаным шығып кете жаздады. «Іренгеннің» даусы ма деп қалдым ғой. Әлден уақыттан барып байқасам, іренген емес, шіренген бір әйел отыр. «Шешин-шешин апа!»-деді әлгі әйел. Денесіне қарап, мен оны апа дейін десем, ол бұрын айтып қойды-әй».

   Не пайымдадыңыздар бұл үзіндіден? Алғаш саналарыңызға қандай ой жетті? Әрине, алыстан ат арылтып, ем аламын деп келген ақкөңіл апамыздың монологын оқып, шын ниеттен аңғал апамыздың іс-әрекетіне күлесіз. Демеу берудің орнына жарқын-жарқын, дауыс көтере, бұйыра сөйлеген, «шіренген» әйелдің дөрекілігіне налисыз. Яғни, күлкі артында-терең зіл жатыр. Бұл да Мархабаттың өзіне ғана тән шеберлігі.

   Осы жерде, мына бір үзіндіге назар аудара кеткен артықтық етпес. «Әке-шешесі аспирант кездерінде опат боп кетіп, кәрі әжесінің қолында өсіпті. Жақын-жуықтары жоқ екен, сонда да әжесі қанаттыға қақтыра қоймапты, тұмсықтылар абайсызда шоқыса шоқыған шығар»,-деп «Келестен келген келіншек» әңгімесінде Айымбаланың өмірінен қысқаша таныстыру береді. Әлгі үзіндінің соңғы сөздерін оқығанда жүзіңізге күлкі табы үйірілген болар. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» деген афоризм сөзді Мархабат ұтқыр түрде жеңіл юморға айналдыра білген. Айымбаланың өміріндегі кейбір келеңсіз жайларды «тұмсықтылар абайсызда шоқыса шоқыған шығар» деген сөзімен қысқа қайырған. 

   Мархабат әңгімелерінде мұндай юморлар көп кездеседі.Оның бәрін жазып шығу мүмкін емес. Егер өмір шындығын қаз-қалпында, боямасыз оқығыңыз келсе, Мархабаттың шығармаларын оқуға кеңес берер едім.

    Байғұтовтың әңгіме жазудағы тағы бір ерекшелігі- адамды әңгімеге қызықтыра, ынтықтыра, тарта білуінде. Кейбір жазушылардың шығармаларының басын оқып, аяғын оқуға шыдамыңыз жетпей, тастай саласыз. Ал Мархабат шығармаларының басын оқысаңыз болды, ары қарай кітап ішіне сүңгіп кетесіз. Бір кезде әңгіме соңына жетіп, тауысқанда ғана «ух» деп дем аласыз. Шығарма бір деммен, тез, жеңіл оқылып шығады. Неге? Мұндай қандай құдірет жатыр? Бар құпияны табу мүмкін емес. Тек, менің бір білген құпиям- жазушының кей әңгімелерінің басына сол әңгіме ортасындағы қызықты бір сәтті пролог есебінде сауатты қоя білуінде. Бірақ, бұл да оңай шаруа емес. Шиеленіскен сәтті прологқа айналдыра білу- асқан шеберлікті қажет етеді. Осыдан соң барып оқырманды жалықтырмау үшін, әңгіме динамикасын құбылтып отыру, даму-шиеленісу заңдылықтарын қызықтыра, дұрыс ұстай біледі. Бірақ, көп жағдайда Мархабаттың шығармалары ешқандай заңдылыққа бағына бермейді. Оқиғасы көктемгі ауа-райы секілді мың құбылады, мың өзгереді. Оның шығармаларын ауа-райына теңеуге болады. Әңгімелерінің күн шуағы жарқырап тұрған сәттерінде дереу аспанды бұлт торлап, нөсер жаңбыр құя жөнеледі, найзағай жарқылдап оқырманды үрейге салады. Бір кезде қою қараңғылықты, дымқыл тұманды бұзып-жарып күн қайта шығады. Сол кезде ғана барып  терең тыныс аласыз. Яғни, оның шығармалары бір деммен оқылуының бір себебі осында жатыр. Бірақ, кейбір туындыларында жаңбыр сол нөсерлете жауған күйінде қалып қояды. «Мархабат ауа-райынан жаңылысқан ба? Неге күн шықпады?» деп, оқып болған соң ойланып, ой тұңғиығына түсіп кетесіз. Сол жаңбырды біз өзімізше сейілтіп, қумаққа тырысып бағамыз. Өзімізше мың ойланып, мың толғанып, әуре-сарсаңға түсеміз. Міне, байқадыңыздар ма? Мархабаттың тағы бір құпиясы осында. Ол шығармаларын жұмбақ күйде аяқтап, оқырмандардан шешімін өзі сұрайды. «Неге бұлай?», «қалайша?», «не себепті?» деген сауал тастайды. Біздің ұйқыда жатқан ми қатпарларымызды оятып, мәселенің мәнісін, шешімін табуға әрекеттендіреді. Ол өзі қойған сұраққа өзі жауап беріп, қадірін түсірмейді. Егер, өзі жауап берер болса, өз шығармаларының бағасын түсірер еді. Сөредегі шаң басып жатар, адам жолай қоймас, күн жеген туындылар қатарын толықтырар еді. Жоқ, Мархабаттың шығармаларын кітапханалардан табу қиын. Іздеп жүріп оқымасаңыз, табуыңыз екіталай. Кітаптары қолдан қолға тимей, екі ортада жүреді. Мархабаттың шығармаларын оқыған екі адам кездессе, әңгімелері таусылмай, өзара пікір таластырып, ұзақты күнге дейін бір-бірінен айырылмас еді. Екеуі бір-біріне ыстық көрінер. Көргенде жүздеріне күлкі үйірілер. Міне, Байғұтовтың шығармаларының құдіреті. 

   «Келестен келген келіншек» әңгімесінде қорлаңған қыздың өмірі баяндалып, ақыр соңында тұрмыс құрып, алтындай үш ұл тауып, бақытты болуымен аяқталады. Жаңбыр артынан күн шықты ма? Ия, аспан төріне маңғаздана, шуағын шаша шықты. 

   «Жұмыссыз қалған алғашқы жылында бұрынғыдан бетер бұйығы тартқан Өзбекқалиыңыздың өле салғысы келетін кездері көбейген-ді.»-деп басталып, оқырманды «неге жұмыссыз қалды? Неге өлгісі келеді?»- деген сұрақ арқылы ынтықтырып, тарта жөнелетін «Өлімнен қашқан респондент» әңгімесінде де күн жарқырап шығады ақырында. Қазақ бауырларынан алмаған жылуды, кәріс ағайындардан алған Өзбекқали көкеміз әңгіме соңында өз өміріне шүкіршілік етіп, өзінің бұрынғы қалпына қайта оралады. Қонақжай, бауырмал деген өз ұлтымыздың мақтаншақ, қолына билік тисе кеудесіне нан пісіп шыға келетін кемшіліктерін «мақтамен бауыздағандай» етіп суреттеп, кәрістердің сыпайылығына, кішіпейілділігіне, еңбекқорлығына дән риза болу арқылы, бізді кәрістердің осы қасиеттерін боймызға сіңіруге үгіттейді. Дүниедегі ең жағымсыз мінез- бос көкіректік екенін астарлап жеткізеді. Ең бастысы, «адам бол, өз-өзіңді жоғалтпа» деген философиялық пәлсапа жатыр мұнда. 

   «Күдірең» әңгімесінде жұмбақ басым. «Таңсұлудай сұлу қыздың өмірі неге солғын тартты? Ол бақыт үшін жаралған жан еді ғой, өмір соншалықты қатігез бе, неге Таңсұлуды аямайды?»-деп ойланып, ой тұңғиығына түсіп кетесіз. Үш рет тұрмыс құрса да бақытты бола алмаған Таңсұлу өзін емес, қызы Жансұлудың тағдырына алаңдайды. Өз өміріндегі қателіктерді қызы қайталамаса екен деп тілейді. Кейін олардың өмірі жұмбақ, белгісіз күйде аяқталады. Ары қарай өмірі не болғанын өзіңіз бағамдай жатарсыз. 

  «Қозапая», «Дауыстың түсі», «Ақпандағы мысықтар», «Машаттағы махаббат», «Таудағы андыз», «Ақ шымылдық» туындыларында  белгісіз, мұңды ойлар, шешімін кесіп айту, қиын жұмбақ жайлар алдыңыздан кесе-көлденеңдейді. Шырмалған ойлардан шығар жол іздеп қиналасыз. Бейнебір «лабиринт» ішінде жүргендей сезінесіз. Оқыған соң, алған әсеріңізден айыға алмай, кейіпкерлердің тағдырына алаңдап, ұзақты күнге тұнжырап, мұңды, нәзік ой шырмауында жүресіз. Мархабаттың шығармаларының басты жетістігі- оқырман жүрегіне жол таба білуінде деп ойлаймын. 

   «Дауыстың түсі» әңгімесін талдасақ. Бұл әңгіме психологиялық сарында жазылған. Есмақан мен Еңсебек атты екі дос болады. Екеуі айрылмас жан достар болып өседі. Кейіннен екеуі де оқу оқып, бірдей уақытта, бірдей қызметке тұрады.  Арада уақыт сырғып өте береді. Есмақанның қызметі көтеріліп, тасы өрге домалай жөнеледі. Ал Еңсебек бұрынғы қызметінде қалып қояды. Осыдан соң араға сызат түседі. Жиі кездесіп тұратын екеуі, кейін бұл кездесулерді сиретеді. Апта сайын жолығатын екеуі, кейіннен айына зорға бір рет көрісетін болады. Бұрынғыдай шын жүректен емес, жасанды араласа бастайды. «Алғаш осы қалаға келгенде апта сайын бас қосып, бірге шай ішпесе, бірін-бірі аңсап тұратын секілді еді. Бірте-бірте аралары алыстады, бара-бара бір-бірінің үйіне бас сұғуды сиретті. Оқта-текте телефонмен тілдескенді қанағат тұтты. Кейін телефон арқылы тілдесіп тұрып, бір-бірінен ертерек құтылуға тырысатындай көрінетін бұған. Оның үнінен ештеңе аңғара алмай дал болады, ал өз үнінен іш жиятын:

 -Оу, сенбісің? Хабарсыз кеттің ғой! Бұл өзі не боп кетті өзі? Бөтен адам боп кеттік-ау. Келсеңдерші! Тура бүгін келші. Бүгін кешірек ораламын. Бірақ, келіңдерші. Келсеңдерші-әй, бір! –дейтін еді Есмақан бар даусымен. 

  «Қарашы! Қарай гөр, әдейі айқайлап даусының түсін білдірмей тұр. Көңіліндегі баттасқан кірді жасырмақ. Бәле. Сұмын қарашы!»-дейтін күңгірт күбірі. Ал телефонға:

  -Уақыт деген жетпейді ғой тегі. Әне, өзің де кеш қайтамын деп тұрсың. Бәріміз де солай. Барармыз, ойда бар, -дейді бұрынғыдай болуға тырысып. –Саған кіру қиын боп кетті. Қабылдауыңа жазылу керек. Сарылып күту керек. 

  -Енді мұның жай ғана себеп. Сен әуелі келемін деші. Мен әзірмін. Сен үшін есігім ашық. Айтасың-ау сенде...».

   Үзіндіде адам психологиясы шебер баяндалған. Жатбауырлықты, екіжүзділікті Мархабаттан артық суреттеу мүмкін емес сияқты. «Есмақан қайтыс болды деген хабар келгенде өз бойында не бір өкініш, не бір аяушылық оята алмағанына таң қалмады. Керісінше, мұқата мұрт шиыру секілді бірдеңені бағамдады. «Орнына кім болар екен?» деп күбір етті. Кәдімгі күңгірт күбір. «Әрине Әріпбек болатын шығар». Өзіне-өзі таңдануға әрекеттенді, таңдана алмады. «Ойпырмай, біреу ана жақта арыстай болып сұлап жатыр. Сен «орнына кім болар екенді» де ойлап үлгердің. Адамда (менде дегісі келген, олай шықпады) мейірім қалмаған ба?» Бұл да күңгірт күбір еді.» Адам жан-дүниесін қалай ғажап суреттеген. Бұл тек Мархабаттың өзіне ғана тән қолтаңбасы, өзіне тән суреттеу стилі. Қайталанбас талант. Мен бұл талантқа тәнтімін.

  «Дауыстың түсінде» ең басты элемент-мейірім. Бауырмалдық. Адамгершілік. Бұларға қарсы элемент-жатбауырлық, көре алмаушылық кездеседі. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды.» Екі жан достың қызмет бабымен бір-біріне «қырғи-қабақ» болғаны, бөтен болғаны, қаншалықты жат болғаны анық аңғарылады. Олар неге бір-біріне жат боп кетті? Бұлай боларын өздері де аңғармап еді. 

  Әңгіме идеясы- бір-бірімізге бауырмал, мейірімді болайық, қамшының сабындай қысқа өмірде тоң-теріс болмай, сыйласып, құрметтеп өтейік бір-бірімізді! Көреалмаушылықты доғарып, достарымыздың жеткен жетістіктеріне шын ниеттен қуана білейік! Өмір ешқайсымызды ұмыт қалдырмайтынына сене білейік!

  «Таудағы андыз». Иә, бұл да Мархабаттың қайталанбас туындыларының бірі. Оқи отырып, үнсіз егілесіз. Бұл шығармасы тура фильмге арналып жазылған сценарий секілді. Оқи бастасаңыз-ақ, көзіңізге анық, мұңды көріністер кинолентадағыдай елестей жөнеледі. Эллегиялық сарында жазылған бұл шығарма кез-келген жанның жүрегіне жетеріне бек сенімдімін.  Оқиға бір топ сыныптастардың 20 жылдық кездесуінен басталады. 20 жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен оқушылар қайта мектеп қабырғасына жиналады. Көңілді басталған бұл кездесу бір кезде тығырыққа тіреледі. Бұл көңілді ортада Бауыржан есімді оқушы жоқ еді. Себебі, ол қаншама жыл бұрын дүниеден өткен сыныптастары болатын. Дәл осы сәтте Бауыржанды еске алған олардың бойларын өзгеше бір қимаушылық па әлде аяушылық па, белгісіз бір сезім билейді. Оның жерленген жеріне барып қайтуға ұсыныс айтылады. Ақыры, не керек, ары тартысып, бері тартысқан оқушылар баратын болады. Оқиғаның нәрлі эпизодтары осы сәттен басталады. Автобусқа мініп, аттанып кете жөнелген оқушылар өз ойларымен әлек еді. «Шынында, Бауыржан қандай бала еді?»-деп өз-өздеріне сауал тастап, сол жөнінде ойланып отыр еді. Міне, осы көріністен кейін Мархабат әр адамның ішкі жан дүниесіне үңілген. Әр адамның Бауыржан туралы ойларын қағаз бетіне түсіреді. Мархабат бейнебір, осы автобус ішінде көрінбей жүрген, әр адамның ішкі ойын оқитын жаратылыс иесі секілді.Эллегиялық сарынның құдіреті осында жатқан шығар, бәлкім! Қош, сонымен жетім қалған Бауыржан ағасы мен жеңгесінің қолында өседі. Қолында өсті деген аты ғана, әйтпесе Бауыржанның көрген күні күн болмады. Қатыгез ағасы жаны нәзік Бауыржанға қырғидай тиіп, жанын қоймайды. Үйінен жылу таппаған Бауыржан тіпті сыртқы ортадан да теперіш көреді. Бай баласы Оқас та бұған өшігіп алады. Иә, Бауыржанның өмірі қиын өрбиді. Бірақ, Бауыржанның нәзік жанын тек әдебиет пәнінің мұғалімі ғана түсінеді. Демеу беріп, қолдау бола біледі. Егер ағайы болмағанда, Бауыржанның өмірі не болар еді? Көзге елестетудің өзі қорқынышты. Бірақ, бұл жерде тек Бауыржанның тағдыры ғана емес, ағайының да тағдыры күрмеуге толы болады. Алған келіншегі де бала таба алмай, кітапханашы болып жүрген кезінде, тастай суық кітапхана ішінде суыққа ұрынып, сол тәннен өтіп, сүйекке жеткен суықтан ауыр науқасқа ұшырап, дүние салады. Мұғалім осыдан соң үйленбей, ізін жалғар тұяқсыз, жағдайын жасар жұбайсыз ғұмыр кешуге бел буады. Жапанда жалғаз қалса да, бар өмірін оқушыларға арнайды. Бірақ, ия бірақ... Сүйікті оқушысы- жетім, жаны жұмбақ Бауыржан ажал құшады. Сол ішкі жан дүниесіндегі жұмбағын ешкімге ашпаған күйі. Өмірден өз орнын таппаған күйі... Болашағынан үлкен үміт күттірген жас еді... Елеусіз ғана өмірден өтіп кете барды...

   Бір сөзбен айту керек, повесть өте мұңды. Бірақ, ол осы мұңдылығымен құнды. Эллегиялық сарыннын ең басты элементі- мұң. Осы мұң арқылы оқырманның жүрегін жаулайды. Осы мұң арқылы шығармадағы эпизодты сәттерді, қызықты көріністерді оқырман жадына емес, жүрегіне апарып қояды. Сол жүрегінде сақтатады. Еш ұмытылмастай етіп. Мәңгі есіңнен шығармақ емес... Мұғалім оқушыларын тауға саяхатқа апарған, қызғалдақ теріп, күліп ойнаған, Бауыржан мен Оқастың биік қыр басына шыққан, ақсұлу саусақты Айсұлудың Бауыржанға гүл ұсынған, Бауыржанның Айсұлу мен Оқастың тойында электр бағанасының басына шығып, сөнген жарықты жалғаймын деп ажал құшқан, Бауыржанның тау етегінде томпайып жатқан бейіті, сол бейітке өсіп шыққан тау андызы, ол бейітті іздеген Айсұлу,  мектеп бітірушілер кешінен соң үйіне қайтқан мұғалім, сол мұғалімнің өлі тыныштық орнаған, жапандағы жалғыз үйдей жапырайған тамы, ең соңында сол мұғалімді бақытты етпекке бекінген Айсұлу...  Міне,  кинолентадай тізбектелген осы көріністер менің мәңгі есімде, есімде емес-ау, жүрегімде сақталып қойыпты. Ұмыту мүмкін емес. Мархабат сыйлаған сезімнен айыға алмай, кітапты құшақтай,  оған дән риза боласыз. Осы повестен соң, оның шығармашылығына шындап қызығасыз. Тағы да жүрек тербер шығармаларын іздейсіз. Арамызда осындай жаратылысы ерекше, шығармалары одан да ерекше жазушымыз Мархабаттың барына шүкіршілік етіп, оған ұзақ өмір тілеп, «тағы да жаза түссе екен» деп іштей тілейсіз. 

   Мархабаттың махаббат тақырыбында қалам тербемеуі мүмкін емес. Нәзік сезімге құралған сыршыл туындыларымен де махаббатқа сенер, өмірге ғашық жандардың жүректеріне жол тапты. Махаббат тақырыбына арналған шығармалары тырнақалды туындыларына айналды. Олардың барлығын талдап жату мүмкін емес. Әсіресе, Мархабаттың үлкен махаббатпен жазылған шоқтығы биік туындысы- «Машаттағы махаббаттың» жөні бөлек. «Машаттағы махаббат» өте терең сезіммен жазылған. Повестің басын бастай сала, мұны бірден аңғарасыз.

   «Шағын станцияда қараңғылық қоюлана бастады. 

   Санжар пойыз келерде қатты толқынысқа түскен еді. Тек Саяның өзіне қайта-қайта қарағанына, көбінесе мұңая, кей сәтте қуана қарай да қарай бергеніне жұбанды. 

   Мұның алдында ғана, бір күн бұрын жаңбыр жауып өткендіктен, кешқұрымғы жел бірден салқын тартып, өкпектеніп, өршеленіп алған. Қабат-қабат рельстердің ара-арасындағы арса-арса, әбден ескіріп, ауыстыруды ауырсына күтіп жатқан шпалдардың үстінде жел айдаған қиыршық тас ағараңдайды.» 

  Оқиға Санжардың Саяны шығарып салуымен басталады. Оқи отырып, олардың арасында кіршіксіз бір нәзік сезімнің барын ішкі түйсікпен сезінесіз. Олар неге қоштасып жатыр екен деп қызығып, «Машатқа» саяхаттап кеткеніңізді сезбей қаласыз. Сонымен, Санжар- қазақ тіл мен әдебиеті факультетін бітірген, бірақ 1980-жылдары қазақ тіліне деген сұраныстың жоқтығының салдарынан неміс тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім. Ауыл мұғалімі. Үйленген, бес баласы бар. Кейіннен денсаулығы нашарлап, жүйкесі шаршап, жүндей түтілген соң, «Машат» шипажайына барып, ем алып қайтпаққа бекінеді. Ол сол ем алған күйі жүре берер ме еді сонда, егер сол бір қыз болмағанда. Сол қыз болмағанда... 

  «Қыз бұған қарап, өзімсіне жымиып отыр екен. Жанында кітап оқып отырған әйелге қарап, әлденені айтып күліп жіберді. Раушан гүлдің жапырақтары арасынан аппақ маржан тістері, талғаммен боялған толықтау еріндері, нұр шашыраған қысыңқылау қара көздері ерекше көрінеді. Қайта-қайта қарағысы келе берді. 

  Осылайша отырудан екеуі де жалықпайтынын сездіріп алды. 

  Екеуі де бір мезетте солай ойлаған сияқты еді. 

  Солай ойлағандарына дейін бірдей сезіп, бірдей біліп қойғандарына қатты ұялып, екеуі екі жақта қызарып сала берді. Екеуі де ыңғайсызданып, төмен қарады.» 

   «Достықты қатты қысқан қол білдірер, махаббатты күлімдеген көз білдірер.» 40-қа келген ер ағасы Санжар мен жасы отызға тақаған қыз Саяның арсындағы кіршіксіз махаббат бір-біріне ынтыға күлімдеген осы бір сәттен басталады. 

  «Кешкі тамақтан соң Санжар жападан-жалғыз жүргісі келіп, Саяның, бәрібір, үш әйелден жырылып шыға алмайтынын ойлап, теректер тізіліп тұратын үлкен асфальт жолға қарай беттеген еді. 

   Артынан біреу келе жатқандай болды. Жүрегі шіркін алып-ұшып, сеніңкіремей, жай ғана мойын бұрған. 

   Сөйтсе, Сая келе жатыр! 

   Екеуі бұрыннан келісіп қойғандай-ақ қол ұстасты. Бірдей ұсынысып, бірдей ұстасып, саусақтарын араластыра айқастырып, бір-біріне аялай қарасып қалды да, қатар аяңдай жүріп кетті. Көпке дейін үн-түнсіз, әрқайсысы өз ойымен өзі, әлде бір-бірімен іштей тілдесе ме, өздеріне ғана аян-ды». Егер осы кездесу болмағанда, олардың махаббаттары үнсіз, іштей мүжитін жауапсыз махаббат болар ма еді, бәлкім?! Міне, осы кездесуден соң-ақ олардың бір-біріне деген асыл сезімдері  көктемгі бүршік атып гүлдеген түйіндей болып, кіршіксіз махаббатқа ұласады. Еліктің қос лағындай бір-бірінен айырылмай қояды. Тіпті бір-бірінсіз бір минутта өмір сүре алмайтын дәрежеге жетті ме, қалай өзі?! «Жалындаған, өмірден көрген-білгендері аз, тәжірибесіз жастар болса мейлі екен, жастары жер ортаға жеткен, ақыл тоқтатқан бұл екеуінің бұл тірліктеріне не жорық?-деп  жұрт таңданатын. Бұл шіркіндердікі нендей желік, не еркелік, қандай қылық? Масқара ғой, масқара! Дегісі келеді жұрттың. Деп те жатады.»

   Әрине, жұрттың өсектер-ақ жөні бар. Жігіт ағасы мен орда бұзар отыз жасқа табан тіреген келіншектің жас балалардай желік қуып, «шауып» жүргендері олардың көзіне ерсі көрінері хақ. Олардың ойынша мұндай жастағы адамдар салмақты, ылғи өмірден түңіліп жүретіндей болып көрінуі керек. Ақыл тоқтатқан, байыпты адамның өмірдің әрбір сәтінен ләззат алып, бойын қуаныш кернеп,  «шауып» жүргеніне іштарлықпен қарар, бәлкім? Оны өзінше, қапа болған кейіпте жасыруға тырысып бағар. Неге адамдар өз-өздерін бақытсыз етеді? Неге олар өздерін өмірдің бізге сыйлап жатқан жақсылық, сұлулықтарынан аулақ жүруге тырысады? Өмірдің байыбына үңіле білген адам үшін, күйбең тіршіліктің өзінен бақыт табуға болады. Күннің сәулесін төккені, таң азанда қораздың шақырғаны, иттің үргені, таң мезгілінде қыздардың есік алдына су шашып, ауласын сыпырып жатқаны, күн қыза қоймаған шақта адамдардың таңғы жаймашуақ көшеде, теректердің сыбдырына елітіп жұмыстарына аяңдап бара жатқандары, бүлдіршіндердің топыраққа аунап, көк шөп үстінде алысып ойнап жатқандары, оқушылардың аппақ  киініп, сөмкесін асынып мектепке кетіп бара жатқандары, сықылықтай күлген періште жастар, аспанды бұлт торлап, тарсылдай жауған жаңбырдан, шелектеп құйған нөсерден, найзағайдың гүрілінен қаша, бір-бірінің үстіне киімдерін жауып, бір-бірін ыстық сезімдерімен жылытқан ғашықтар,  бәрі-бірі әсем емес пе? Қалай ойлайсыздар? Тіпті, табиғаттың да бізге сыйлар сыйы аз емес. Табиғат аясына шығып көріңіздерші, егер бітпес күйбең шаруалардан қолыңыз босаса. Айнала жап-жасыл шөп, майысқан шынар талдар. Шөп үстінде аунаңыз. Еш ұялмаңыз. Топырақты қолыңызға алып, үгітіп көріңіз. Аяқ киіміңізді шешіп, өзеннің суын кешіп, жүріп көріңіз. Тал басына шығып, жемісін теріңіз. Мөп-мөлдір, тап-таза ауаны сіміре жұтыңыз да, қырдан төмен қарай құлдилай жүгіріңіз. Табиғат аясында дене жатығуын жасаңыз. Айналаңызға тек жақсылық жасаңыз. Қалай, жасарғандайсыз ба? Бақытты шын сезіне бастадыңыз ба? Бір ауық табиғат аясына шығып тұруды ұмытпаңыз. Үстіңізге баттасқан ауыр ойларды, тұрмыстың күйбең күбірінен, жаныңызды жегідей жеп жүрген мәселелерден арыласыз. Табиғат біз үшін бәрін берді. Тек соны орнымен пайдалана алсақ. Міне, Санжар мен Сая махаббат буына мас болып, табиғаттан, өмірден бар жақсылықты бойларына сіңіруде. Ал мұны басқалар жақтырмай, көре алар емес. Тек, терең ой ғана жетіспейді оларға. Медальдің екі жағы болады дегендей, өмірдің де екі жағы болады. Біз тек дұрыс жағын таңдай білейік. Мархабат «Машаттағы махаббат» арқылы осы жайларды есімізге салады. Өмірге құштар болуымызға баса назар аударады. Табиғаттың сұлулығын көре білуге шақырады. Табиғат аясы ғана бізді шын бақытқа, шын қуанышқа бөлейтінін жеткізеді. Сіз мұны «Машаттағы махаббатты» толық оқығанда ғана, санаңызға жетіп,сол  санамен түйсінесіз. 

  « Екеуінің таң атар-атпаста, елең-алаң мезетте, бір мезгілде, бірдей дерлік, кенет оянып кететінін ешкім де білмейді. Білгенімен, сенбейді. Машат қырқаларының арғы жағы ағарып, таң алдында каштан жаңғақтарының қабығы қақ жарылып, сабағынан үзіліп түсіп, қоңыр моншақтар тротуар жиегіне жағалай тізілер тұста, екеуі мүлде екі жақта, арасы ат шаптырым екі корпуста жатса да, қыз және ол, ғажабы сол, бір мезгілде оянатын еді. Орындарынан ұшып тұрып, қуана жуынатын болды. Тез-тез, апыл-ғұпыл киініп, әлі ешкім ояна қоймаған уақытта, еш пенденің аяғы баса қоймаған би алаңына екеуі екі жақтан асыға жететін болды. Бір-бірін ойша елестетіп, көңіл мауқын басатын олар, би алаңында бір-бірін көріп, жүздеріне қуаныш табынан жымиыс келіп, бір-біріне жеткенше, сағынысқан сезімдерін басуға асығатын еді. Қыз сәл бұрынырақ жетіп, жігіттің жолына қарайлаумен болады. Оның сәл ғана кешіккеніне бұртиыңқырап, өкпелей еркелеп келіп, қолынан ұстап, иығына самайын сәл ғана тигізіп, бар ықыласын сонысымен білдіретін. Екеуі таңғы айдың жарығында бір-біріне бірер минут аймаласа, ынтыға күлімдеп қарап тұра беруден еш жалықпайтын еді.

   Сая өмірінде ешкімді де дәл осылайша сүйіп көрмегенін айтқан күні ебіл-дебіл жылап тұрды. Жылағаны өзгеше еді. Мөп-мөлдір, қап-қара көздерінен жас үлкен-үлкен тамшы болып домалайды. Жүгерідей-жүгерідей жүгірген тамшылар марал кешкен машат суындай мөлдір-ау, мөлдір. Үлкен-үлкен, ірі-ірі мұндай тамшыға айналатын көз жасын көрген емес-ті.» 

  Олардың махаббаттарына көп адам кірпідей жиырылып, жақтырмайтын. Тек, Айгүл есімді келіншек қана қос ғашықтың тілеуін тіледі. «Қойыңыздаршы,-деді Айгүл одан әрі дірілдеп. –Бұл екеуі нағыз таза, кіршіксіз сезімнің иелері емес пе? Мен өз басым Саяға титтей де кір жуыта алмаймын. Мүмкін, махаббат болар бұлардыкі. Мүмкін, бұлар бала махаббатты бастан кешпеген бейбақтар болар. Кешпеген болса, кешігіп келіп жеткен махаббатқа бұлар кінәлі ме? Кінәлі ме, кінәсіз бе? Кім айта алар оны? Сіздерге кім право берді? Сот болуға, соттауға, үкім айтуға? Кім? Аямайсыздар ма адамды? Бұл екеуі мәз боп жүр ме екен? Азаптанбай жүр ме деп ойлайсыздар ма осы екеуін? Ойланыңыздаршы... Мені мәз болды дейсіздер ме, осы екеуіне жақын жүрген? Мен де мәз емеспін. Мәз емеспін мен де. Қиналдым қатты. Азаптандым әбден. Бірақ, бар ғой, тазардым. Та-зар-дым... Бұлар қылмысты болса, мен де қылмыс-тымын...

  Айгүл-адвокат бетін басып, солқылдай жылап жіберді. Бәрі үн-түнсіз қалды.» 

  Махаббат- екі жанның бір-біріне деген сенімі, сыйластығы, құрметі. Олар өмірбақи осы сезімдерді аялап алып жүргенде ғана берік отбасын құрады. Өліп-өшіп қосылып, бір айдан соң, екі бөлек кететін «ғашықтар» өте көп. Осындай қиялдан туған қас-қағым сәттік махаббатты, уақытша сезімге беріліп, өлердей ғашық болуды көп адам қабылдай алмайды. Бірақ, Мархабат арқалар жүгі ауыр шығарманы өте нанымды суреттей білген. Қас-қағымдық сәттегі махаббатқа ұзақ өмір силай білген. Ешқандай жасандылықтың табы білінбейді. Кейіпкерлері де өте сәтті шыққан. Мүмкін, бұл шынында да болған оқиға шығар, бәлкім?! Мүмкін. Нағыз жазушы ешқашан өтірік, жалған жазбайды. Жүрегін сыздатып, ұзақты түндер ұйқы бермеген, жанын жегідей жеген, шабыттан туар, өмір шындығы суреттелер шығармаларды ғана жазады. Сезімсіз адам селқос келеді. Сүю- шексіз қуанышқа бөлейді. Ғашық адам әрбір атқан таңға қуанып, әр ісін шаттана атқарады. Сезімін бағалай алған адам ғана махаббаттың мұңы мен шаттығын сезінеді. Мұң мен қайғысына, азабына төзгендер ғана махаббаттың шаттығына да қол жеткізе алады. Махаббатың осыншалықты жағымды, бірақ, соншалықты ауыр болатынын Мархабат айшықты, өзіне ғана тән жұғымды тілімен өрнектей жазған. 

  «Үш күн өткенде Сая да жолға шықты. 

   Санжар Саяны станцияға дейін шығарып салды. Бірге пойыздың келуін күтті. Пойыз әне-міне дегенше заулап келіп, тоқтап та үлгерді. Неге ғана тез келді екен?! Пойызға мінген Сая Санжарды қимай үнсіз жылап тұр еді. Бір-бірін қиып кете алмай ұзақ тұрды. Бір кезде пойыз орнынан қозғалып, жылдамдата жөнелді. Санжар ілесе алмаймын-ау, көре алмай қалғаным ба шынымен деп, ышқына алға ұмтылды. Жас балаларша шошаңдап кеткеніне таңданбай-ақ екі-үш секіріп, үшінші вагонның ортасына жетті. Сөйтсе, Сая да өзі орналасқан купенің тұмшаланған терезесінен пердені ысырып үлгерген екен. Тысқа әлденеше рет қараған да шығар, мұны іздеген де шығар мұңға толы минуттың мезеттерінде. Ал бұл оның ары қарап қалған кезін көрген еді. Бері бұрылғанша вагон заулап өтіп кетер ме екен деп те қорықты. Кенет сол секундтың сәл ғана сәтінде Сая бұрылып қарады. Қолын қөтеріп, соншама жақын, соншама таныс, айрықша ыстық көрініп кеткен саусақтарын бүгіп-жазып, жазып-бүгіп қош айтты. Бетін терезе әйнегіне жақындата берем дегенінше заулаған пойыз көзден бал-бұл ұшты.» Осыдан кейін Саяны қайта көрмеді. Тым болмаса бір кездестірмеді. Көрмеді... Екеуі бірге өткізген кездер сағым, тәтті естелік болып қала берді. Машатта... Тек естелік... Сол Машатта...

   Иә, махаббатты Мархабаттай өрнектей алар жан жоқ-ау бұл өмірде. Мархабат Санжар мен Саяны қоспай, шын сезімді аялап қалды. Егер қосылғанда пәк сезімдерін былғап алар ма еді? Ыдыс-аяғы жиі сылдырлап тұрар көп отбасылардың біріне айналар ма еді? Бірақ, Мархабат оларды қоспады. Сол қоспауының салдарынан екеуі де іңкәр сезімдерін жоғалтпады. Бір-біріне арман күйінде, қол жетпес, асқар тау күйлерінде қалды. Бір-бірін бір көруге зар болып, Машатта қысқа мерзім ішінде бастарынан өткерген кіршіксіз, адал сезімдерін мәңгі жүректерінде сақтап қалды.Бір-бірін ұмытпақ емес. Мәңгіге...  Нағыз классикалық туынды тек қайғыдан, мұңды жүректер туады. Біз жүрек қылын тербетер туындылар сыйлағанына қарыздармыз Мархабатқа! Тек, өзіңіз, отбасыңыз аманшылықта болсын! Қайғы бұлты торламасын сіздерді! Бақытты болыңыздар,- деп тілеуден басқа шараңыз жоқ.

   1999 жылдың қысқы аязында Мархабаттың ұлы Баубек Түлкібас ауданындағы Науаи атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бөлмесін көркемдеймін деп жүріп қайтыс болған. Бұл туралы Мархабаттың өзге шығармаларынан басқа, өз алдына бір төбе болған «Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятында толық баяндалған. «Әдебиет пәнінің періштесін» сынаудың, талдаудың өзі күнә сияқты. Бұл жерде Мархабат пен аяулы ұлы Баубектің арасындағы күрделі психологиялық байланыс суреттеледі. Олардың қатал, сұм өмірге деген көзқарастары. Әке мен баланың арасындағы нәзік, сөзбен айтып жеткізу қиын бір байланыс. Философиялық пәлсапа. Бәрі-бәрі бар мұнда. Тек оқып шығып, ой қорытындысын өздеріңіз жасаңыздар. Сол кезде ғана шығарманың көркемдік, философиялық мәнін шын ашып, түсінесіздер. Қазір, біз сөз соңында Баубекке «сөз берсек»:

   «Шыным сол, кім болса, ол болсын, біреудің қабағынан кірбің байқасам, соған да тап өзім кінәлідей мазам қашып сала береді. Үлкеннің де, кішінің де, әсіресе балалардың қабақ шытқанына шыдас бере алмастан, шарқ ұратын жұқана жүрек менде еді.

   Осыны, тіпті өзге түгіл әкемнің өзі де түсінгісі келмейтін.

   Біле тұра, тани тұра, терең-терең сезіне тұра, мойындағысы жоқ-ты.  

   Солай емес пе еді, әке?!

   Әке, мынау жатқан жиек жолмен сіз де талай-талай жүргенсіз. Анашым-ау, сіз де айтып отырушы едіңіз ғой. Осыдан екі-үш жыл бұрын, қаладан ауылға келгенде, әдейі ғана жастық шақтарыңызды еске алу үшін, екеуіңіз ғана, аудан орталығы мен ауыл арасындағы төрт-бес шақырым жерді жаяу жүріп өткендеріңізді әзілдей күліп, әңгімелеп отырғаныңыз көз алдымда

  Мерт таптым, әке, мерт таптым. Дерт жамадым дей көрмеңіз. Аз емес еді дертіңіз, амал қанша. Біздің әлеміміз мына әлемге сай келмесе, не шара?!

  Маһшарда...

  Маһшарда біз табысармыз, жан әке. Сағынышқа оранып. Сіз сағыныштың түсі сары болады деуші едіңіз өзгелер секілді. Ал мен баяғыша, сағыныш дегеніңіздің түсін теңіздің толқын суындай көгілдірлеу-күреңдеу күйде сезінетінмін. Ол жақта мына жалған дүниеден басқашалау болар. Шынында да шын дүниеде қандай екен сағыныш?...

   Ақ дидармен аңсарлы... Арсалаңдап, алдыңыздан шығармын-ау, жан әке...

   Күлім-сі-і-і-р-р-рееп...

Абылай Есімбай, 

ОҚО, Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылы, М.В.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының 11 В сынып оқушысы

Қаратаудың қазыналы қайнары
Қидың иісі аңқыған қырдың шайы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу