Абайдың Мәшһүр Жүсіпке қойған сұрағы
Тобықтының еліне сапарлап шыққан Мәшһүр Жүсіп бірер кісімен ақынның үйіне кіріп келгенде Абай оған әлденеше тосын сауал қойып:
- Ақымақ басқа адырайып көз бітеді, дуалы ауызға сылдырлаған сөз бітеді. Келбетсіз емес екенсің. Айтшы, құдай қайда? Жұмақ пен тозақ қайда? – депті.
Сонда Мәшһүр іркілместен:
- Абайдың құдайы қайда екенін білмеймін. Менің құдайым, міне, жүрегімде тұр. Жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ, – деген екен.
Абай сонда: «Мәшһүрім, десе дегендей екенсің, төрге шық» – деп құрмет көрсетіпті.