Қазақ сатирасы. Түйе хикаясы

Oinet.kz 21-12-2019 1140

Тұрсынбай облыстық ішкі істер басқармасында ұзақ жылдар қызмет етіп, полковник дәрежесінде зейнетке шыққан сыныптасымыз. Достарының арасында әзіл-қалжыңымен, тапқырлығымен танылған ол әсіресе, бірге оқыған жолдастарын «қатырғанды» жақсы көреді. Осындай екі оқиғаны оқырмандарға баяндап беруді жөн санадым. Бір қызығы, Тұрсынбайдың әзіл-қалжыңының «құрбаны» болған екі сыныптасының да аттары Төрехан. 

f10e58f4354d031411143d216863d475.jpg

Екі мыңыншы жылдардың бас жағы болса керек, бір күні Тұрсынбайдың сыныптас досы, түрме бастығы қызметінен зейнетке шыққан Төреханның үйіндегі телефон шыр ете қалады:

- Алло, бұл кім екен? – дейді үй егесі.

- Ассалаумағалейкум, Төрехан аға. Бұл мен, Қонақбай деген Созақтағы ініңізбін ғой – дейді телефонның арғы жағындағы дауыс.

- Мен сені онша тани алмай отырмын – дейді бұрынғы түрме бастығы аңтарылып.

- Ой, аға мені қалай ұмытып қалдыңыз? Түрмеде жатқанымда сіздің талай жақсылығыңызды көрген едім. Соның өтеуі болсын деп сыйлық ретінде сонау Созақтан түйе алып келдім. Сол түйеңізді бір көлік тауып алып кетіңізші. «Қалаға түйемен кіруге болмайды» деп МАИ қызметкерлері жібермей жатыр. Тезірек келе қойыңызшы, мен Қатынкөпір деген жердегі бір көшенің қиысылында тұрмын. Үлкен көшемен келе берсеңіз жүк машинасы мен оның жанында тұрған қызыл «Жигулиді» көресіз – дейді. 

- Ойбай інім-ау, мен түйені қалада не істеймін? – дейді әп сәтте сасып қалған Төрехан. 

- Түйенің бағасы қазір қымбат болып тұрған кезі ғой. Сатып жіберіп ақша қыласыз – деген жігіттің сөзінен кейін ойы сан-саққа жүгірген Төрехан «Ә, бұл дәуде болса ана бір жігіт шығар» деп өзінше топшылап қояды.

- Жарайды, мен қазір барамын, күт – дейді. 

«Біреу тегін түйе беріп тұрса менікі не тәлпіштік?» деген ол әрең дегенде табылған жүк машинасының егесімен қызу саудаласып, Қатынкөпірге жетіп келеді.  Келсе түйе түгілі тас та жоқ. Ары-бері іздеп, әбден сілікпесі шыққан Төрехан «Шілденің ыстық күнінде әуреге түсірген бұл кім болды екен?!» деп енді ашулана бастайды. Осы кезде бір көшенің қиылысында ағаштың көлеңкесінде тұрған қызыл «Жигулиге» көзі түседі. Жеңіл көліктің нөмірі таныс. Жақын келіп көліктің ішіне үңіліп қараған Төрехан арғы жақтан қарқылдап күліп отырған сыныптасы Тұрсынбайды көреді. Осыдан кейін оңбай алданғанын түсінген Төрехан «Бәсе, бұл неғылған түйе десем...» деп санын соғып қала беріпті.

                                                               ***

Келесі күні Тұрсынбай тағы бір сыныптасы Төреханның үйіндегі телефон нөмірін тере қояды. Сурет салуға тапсырыс қабылдайтын суретші Төрехан:

 - Алло – деп тұтқаны көтереді. 

- Ассалаумағалейкум, Төрехан деген сіз боласыз ба? – дейді арғы жақтан дауысы жарқын шыққан біреу. 

- Ия, ия менмін.

-Сізді бір танысым мықты суретші деген соң арнайы телефон шалып тұрғаным ғой. Маған жақсылап тұрып түйенің суретін салу керек.

- Түйенің суреті не үшін керек?- дейді қылқалам шебері таңырқап. 

- Ой, аға, мен сонау Созақтан келген едім. Ауылымда түйе өсірумен айналысатын жеке кәсіпкермін. Түйе фермасын ашып, қымыран сатумен бала-шағамды асырап жүрген Дәулет деген ініңізбін. Фермаға Астанадан дөкейлер келе жатыр. Соған  қалың матаға түйенің суреті мен шаруа қожалығымның атын сәндеп тұрып жазып, қораның сыртына іліп қойсам деген едім. Ақша жағына алаңдамаңыз. 

- Мақұл – дейді Төрехан жақсы «заказ» шыққанына қуанып.

- Қай жерде кездесеміз? Қалай салу керектігін ойласуымыз керек. 

- Мен сізді облыстық әкімшіліктің қарсы бетіндегі университеттің алдындағы Мұхтар Әуезов ескерткішінің жанында күтемін.  Үстімде ақ көйлек, сұр шалбар, қолымда «Егемен Қазақстан» газеті болады – дейді Созақтың «түйеші» жігіті детектив фильмінің кейіпкеріндей.

Төрехан теміржолдың арғы бетіндегі үйінен алыстағы аялдамаға жетіп, такси ұстап кездесу орнына жетеді. Ескерткіштің жанында тірі пенденің жоқ екенін көріп «әлі келіп үлгермеген шығар, күте тұрайын»   деп ойлайды. Бірақ күту тым ұзаққа созылып кетеді. Ол кезде ұялы телефон деген атымен жоқ. Төрехан жақын жерден телефон тауып, әлгі түйешінің берген нөмірін тереді. Тұтқаны ешкім алмайды. Дәл осылай екі ортада ары-бері біраз шапқылайды. Бір жағы алдап кетті ме дейді, бір жағы «крупный заказдан» да айырылғысы жоқ. Ақыры үміті үзілген соң сүмірейіп үйіне қайтады. Аздан соң үй телефоны безілдеп қоя береді. Арғы жақтан әлгі жігіт:

- Оу, аға, мен сізді кешке дейін күттім ғой. Уәделескен жерге неге келмедіңіз? Мен сізді осыншама жауапсыз адам деп ойламаппын. Мұныңыз ұят болды ғой. Мені қаншама жұмысымнан қалдырып, –дейді. 

Төрехан қанша ашуланса да тапсырыс берушіні ренжітіп алмау үшін сыпайылап:

- Айналайын-ау, сен айтқан Әуезов ескерткішінің жанында кешке дейін қақиып тұрдым ғой, –дейді. 

- Ойбай, Төрехан аға, қайдағы Әуезов ескерткіші. Мен ЦУМ-ның қарсы бетіндегі Қонаев ескерткішінің жанында кездесейік дедім ғой. Тез арада келіңіз. Мен күтіп отырмын,- дейді де тұтқаны тастай салады. 

Орындыққа сылқ етіп отыра кеткен Төрехан: «Өмір бойы бояуды иіскей-иіскей менің миым ашиын деген екен. Құлағым қағыс есітіп, Әуезов пен Қонаевты шатастырып мені не қара басты? Әлгі жігіттен ұят болды-ау. Қой тез жетейін» деп, орталыққа қарай қайта шаба жөнелді. 

Қонаев ескерткішінің жанындағы орындықтардың бірінде екі-үш адамның ортасында қолын ары-бері сермеп, әңгімені соғып отырған досы Тұрсынбайды көрген Төрехан өзін кешке дейін әуреге салған досы Тұрсынбай екенін түсінеді. 

- Бүгін жұмыстан кейін қызметтес достарыммен кафеге барып, бір демалайық деп ұйғарған едік. Сені осындай әдіспен шақырғаным ғой – деп ішек-сілесі қатып тұрған Тұрсынбайдың қылығына суретші досы да еріксіз күліп жібереді.         

Нұрболат Ерназар 

Махаббат туралы өлең
Менің қысқы демалысым туралы шығарма
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу