Әмірхан Балқыбек. Қадыр Мырза Әли туралы
Қадыр Мырза Әли, оның атышулы "Иірімі". "Иірімнің" ұлы ақынымыз Жұмекен туралы беттерінен:
"... — Біз өзі о бастан оңып тұрған жоқ екенбіз ғой!
— Абай атамыздың өзін ал! Айтысатын тірі ақын қалмағандай кейін сүйектері қурап қалған Бұқар жырау мен Шортанбайға тиіседі!
— Біз өздеріміз ше? — деді Жұмекен. — Оңып тұрмыз ба?
— Оңып тұрған жоқпыз, әрине!
Жалпы пендешіліктен биіктеу тұрған жазушы таба қояр ма екенбіз..." (Қадыр Мырза Әли, "Иірім", Алматы, "Атамұра" баспасы, 2004, 154-бет)
Ал енді ақиқатын айтайық, Абай тиісті екен деп, Бұқар жырау мен Шортанбайлардың намысын жыртып жатқан қазақ қайда бар? Әлде кемеңгер Абайды жүндей алмайтын қазақтың шамасы шымыр сақадай шап-шағын Қадыр Мырза Әлиге ғана жете ме?
Егер "Иірім" болмаса, менің Жұмекен мен Мұқағали секілді екі ұлы ақынның Талдықорған жақта кәдімгідей "шекісіп" қалғанын өмір бойы білмей кетуім мүмкін-ді. "Япыр-ау, — деймін ішімнен, — егер екі ұлы талант "мен мықтымын, мен мықтымын" деп тіресіп қалған болса, онда тұрған не кінарат бар екен? Қайта бұл олардың ақындық темпераменттерін, өздеріне деген, өздерінің шығармашылығына деген ішкі сенімдерін аңғартатын арғы-бергі әдебиетте бола бермейтін сирек оқиға емес пе!". Иә, кәдуілгі Есенин мен Маяковскийдің текетіресі секілді. Әлде тек орыс ақындарының біріншілікке таласуына болады да, қазақ ақындары олардан сорлы ма? Ақын төбелесе білуі керек. Қажет жерде өз шығармашылығын жұдырықпен де қорғай алатын болуға тиіс. Бұл — ақындық өнердің жазылмаған заңдылықтарының бірі. Біздің Махамбет, орыстың Пушкині, венгердің Петефиі... сөзімізге дәлелді ондап, жүздеп келтіруге болады. Жасық адамнан ақын шықпақ емес. Адам жанының білгірі атанған Достоевскийдің өзі: "Менің творчеством өзімді күнәҺар сезінген сәттен бастау алған" деген. Ал біз бұл қаламгер қауымының бәрін діни, адами уағыз айтатын шіркеу не мешіт төңірегіндегілерге айналдырғымыз келеді. Одан қалса періште жасамақ, тас тұлғасына тамсанып отырмақ ниетіміз және бар. Шамасы, қателесіп жүрген ақындарымыз емес, біз болармыз. Әйтпесе, Франсуа Вийонның әйгілі тентектеу бір шумағына тамсанып алып, өзіміздің ұлы ақындардан тек періштенің елесін көре бергіміз келетіндігіне не себеп?..
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.