Амангелді Имановтың өліміне Міржақып Дулатовтың қатысы бар ма?
Ғалым Серік Қирабаевтың естелігінен:
Міржақып Дулатовтың ісі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Өзбекәлі Жәнібековте де, оның тапсыруымен Жабайханда да оңаша пікір алыстық. Бұл істің басқаларынан гөрі қиын жағдайы бар еді — Аманкелді Имановтың өліміне Міржақыптың қатысы бар (Аманкелді өлтірілгенде Торғайды Міржақып билеп тұрған) деген әңгіме тараған.
Сондықтан да бұл мәселені батыл көтеруге ешкімнің жүрегі дауаламай, "қоя тұрайық, артынан көреміз" дескен. Бір күні мені Өзбекәлі шақырыпты. Барып ем, ол әңгімені өзіне Міржақыптың қызы Гүлнардың келіп кеткенін, Ахметтерді ақтағанда, өмірін сол кісімен бірге өткізген әкесін тастап кеткеніне реніш білдіргенін айтты. Гүлнар апарып көрсеткен құжаттармен, әр түрлі қағаздармен танысыпты. Қауіпсіздік комитетіне Аманкелдінің өліміне Міржақыптың қатысқан, қатыспағанын анықтап беруді сұрағанын айта отырып, оның әдеби шығармаларын қарап, қорытынды жасауға тапсырды. Мен Жабайханмен ақылдаса отырып, Міржақыптың әдеби мұрасы жайлы хат дайындадым, оны апарған кезімде, қолына қалам алып отырып, Өзбекәлінің өзі қарап толықтырды. Қауіпсіздік комитеті де Аманкелдіні өлтірушілердің тізімінен Міржақыптың есімін таппады. Сөйтіп 1988 жылы Міржақып та ақталды.
Мен бірнәрсеге қуанамын — дәл осы бір тұста Орталық Комитеттің идеологиялық жұмысы басында, Өзбекәлі емес, басқа біреу отырса, осы мәселелерді біз ойдағыдай шеше алмаған болар едік. Құдай абырой бергенде, Өзбекәлінің осы қызметке келуі қазақтың бағын көтерді, арыстарын ақтады, жоғын толтырды.
1999 ж.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды