Мұхтар Шаханов. Естелігінен
Колбин басшылығы кезінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің сектор меңгерушісі, жазушы Софы Сматаев маған: "барып тұрған "ұлтшыл", Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырып, сол қылмысының ізін жасыру үшін Мәскеуге шығармашылық кешін өткізу үшін әдейі кетіп қалған адам" деп айыптаған домалақ арыздардың түскенін айтты.
Бір ғажабы, Колбиннің тікелей тапсырмасымен, сол домалақ арыздарды алға тұтып үш жазушыдан және төрт саясаткерден мен туралы пікір жаздырып алыпты. Софы мені тасқа басылған, бірақ қағаз соңында аты-жөні мүлде көрсетілмеген үш жазушының пікірімен таныстырды. Бұлай таныстыру сол тұста Орталық Комитетте үрдіске айналса керек. Бір жазушы мені жамандыққа қимай, мүмкіндігінше қолдауға тырысыпты. Ал екі қаламгер мен сорлыны тілі жеткенше жамандап, қоғамдағы аса қауіпті "хж-ның", яғни "халық жауының" қатарына қосыпты. Соңғы екеуінің пікірлерін оқып отырып, қатты толқығандықтан ба, қан қысымым көтеріліп кетті. Біраз уақыт маңдайымды сипап үнсіз қалдым. Сосын: "Ей, Софы, құрдас әрі рухтас едік қой. Мені қазір апарып қамаса да, мыналардың кім екенін біліп өлейін. Ешкімге тісімнен шығармауға уәде етейін, көрсетесің бе?" дегенімде, Софы азаматтық жасап, алдыма аты-жөні жазылып, қолы қойылған үш адамның пікірін тастай салды. Біріншісін, яғни мені қолдап жазған адамның кім екенін айтуға болар. Топырағы торқа болғыр, кейіннен марқұм боп кеткен, белгілі жазушы, "Жұлдыз" журналының бас редакторы Бекежан Тілегенов екен. Бүкіл ғұмырымда өзімен жарты кесе шайды бірге ішіп көрмесем де, мені шамасы жеткенше қорғапты. Ана екеуінің түрін түстеп, атын атауға Софыға берген уәдем бойынша, хақым жоқ. Бірақ екеуі де бүкіл халық сыйлайтын "тұлғалар". Бірі бес-алты жыл өткен соң: "Мұхтар, кейінгі жылдары сенің маған деген көзқарасың күрт өзгеріп кетті. Баяғы Колбин кезінде Орталық Комитеттегі біреулер маған доқ көрсетіп, әрі "ешкімге айтпаймыз" деп сен туралы бір қағаз жаздырып алып еді. Байқауымша, сол қағазды сен оқып қойған сияқтысың. Кешіруге күш тапсаң кешір, пенделік қой...", — деді. Екінші ағам күні бүгінге дейін "құпия қағаз" туралы мені ештеңе білмейді деп ойлайды.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды