Халел Досмұхамедұлы: «Жұлдыздарды күндіз көруге болады»
Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма? Бұл сұрауға жұрттың көбі ойланбай-ақ болмайды деп жауап береді. Жұлдыздарды күндіз көруге болады. Күн де шын жұлдыздардың бірі. Жұлдыздар күнмен салыстырғанда жерден бірнеше миллион рет қашық. Күннің өңге жұлдыздардан айырмасы жоқ. Тек бізге өте жақын. Сондықтан жерге түскен жарығы күшті. Жақын болса да күннің шарасы бізге толық көрінбейді.
Біздің күн дейтініміз күннің ортасындағы нағыз жарық бөлімі. Күннің толық сүгіретін күн тұтылғанда ғана көруге болады. Жерді айнала ауа қоршап тұрады. Ауаның қалыңдығы екі жүз елу шақырымдай деп болжанады. Күн сәулесі ауамен шағылысып, жан-жағына тарайды. Сондықтан күннен шыққан сәуленің көбі жолшыбай жерге жетпей, жан-жаққа тарап кетеді. Жерге бір бөлек қана сәуле түседі. Күн сәулесінің ауамен шағылысып, жан-жаққа жайылғандығынан пайда болған жарықты ауа жарығы деп атайды. Біздің күннің жарығы, күндізгі жарық дейтініміз — осы ауа жарығы. Аспанның көк болып көрінетіні де осы ауа жарығынан. Ауаның жарығы соншама күшті. Ар жағындағы жұлдыздардың жарығын, күннің шетіндегі, айналасындағы жарықты тасалап бізге көрсетпейді. Осы себептен күндіз жұлдыздар, күннің шеткі айналасы бізге көрінбейді. Жердің айналасында ауа жоқ болса, жұлдыздардың бәрі де, күн де толық болып, күндіз-ақ түндегідей көрініп тұрар еді. Ай күндіз де көрінеді. Айдың өзінде жарық жоқ. Ай күннен түскен сәулеге шағылысып, жарқырайды. Күннің сәулесі аймен шағылысқанда пайда болған жарық ауаның жарығынан күшті. Ауаның жарығын тесіп өтеді. Сондықтан ай күндіз көрінеді. Жарығы күшті жұлдыздарды кей-кейде күндіз де көруге болады. Жұлдыздарды күндіз көрген талай қырағы адамдар бар. Терең құдықтың (шыңыраудың, шахтаның) түбінен жоғары қарағанда жұлдыздар күндіз-ақ анық көрінеді. Қалың биік ағаштардың арасынан да жұлдыздар күндіз көрінеді. Тереңнен қарағанда күн сәулесінің ауамен шағылысқаны жарытып байқалмайды. Сондықтан ауа жарығы кеміп, жойылып жұлдыздар көріне бастайды.
Сөзді сарыққанда, жұлдыздарды күндіз көру үшін жерді қоршаған ауаның жарығын жою керек. Сонда жұлдыздар түндегідей күндіз-ақ жарқырайды.
1923-24 жж. "Сана" журналы.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды