Сәбит Оразбай. Естелігінен
Ыдырыс Ноғайбаев театрда бәрімізден бұрын мәшине сатып алды, "Москвич". Мәшинесін күнде жуады. Сосын сүртеді, айнадай тап-таза етіп қояды.
Бір күні мәшинесін жуып жатқан еді, арғы жағында Фарида келе жатыр, бергі жағынан Әзірбайжан Мәмбетов:
— Фарида, Ыдырыс саған енді қарамайды. Сенен гөрі ол мәшинесін жақсы көреді. Күнде жуады да жатады. Саған осының көмегі тие ме? Заттарыңды таси ма? — деді.
Фарида:
— Ой, оның көмегі бар болсын, аман-есен жүрсе болды да, — деді де, театрға кіріп кетті.
Спектакль біткен соң Сәбира Майқанова мен өзінің Фаридасын мінгізіп алып үйіне қайтады. Ыдырыстың мінезі де біртүрлі еді. Үндемей-үндемей тұратын да, бірден морт кететін және алған бетінен қайтпайтын.
Фариданы кейде базарға, дүкендерге апарады екен. Өзі мәшинеде қалып: "Жарты сағат уақыт берем, керегіңнің бәрін алып кел, 1 минут кешіксең, кетіп қалам", — дейді екен. Фарида байғұс базардан керек-жарағының бәрін алып, артынып-тартынып мәшинеге енді жете бергенде Ыдырыс газды басып жүріп кетеді екен. Сонда Фариданың келе жатқанын көріп тұрады, бірақ, тоқтамайды. Үйге келгесін айтатын сылтауы — "Уақытысында келмеген өзіңнен көр". Адам мінезі деген қызық қой!
Суретте театр және кино актерлері, ерлі-зайыпты Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды