Қазақ тілі туралы қанатты сөздер

Oinet.kz 12-12-2014 7434

Елдіктің өзегі – білік, кілті – тіл, 

қадір-қасиеті – кісілік.

image.png

Мағжан Жұмабаев

* * *

“Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар  ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс  я ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелінде өз тілінде оқып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып,  балалар әбден дағдыланғаннан  кейін басқаша  оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай  сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі  ана тілімізбен  оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз”.

Ахмет Байтұрсынов

* * *

 “Біздің тәжірибемізде  қазақ тілі — бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен  кем болатын емес, бұған илануымыз керек”.

Халел Досмұхаммедұлы

* * *

Қасиетін сезем деп ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Мұқағали Мақатаев

* * *

Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ.

Мағжан Жұмабаев

* * *

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды...

Сәкен Сейфуллин

* * *

Әркімнің туған тілі – туған шеше,

Оған бала міндетті сан мың есе.

Сәбит  Мұқанов

* * *

Ана тілін  ананың баласындай сүй. 

Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы — бәрінен де сенімді байлық.

Ғабиден Мұстафин

* * *

Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті... Біздің қазақ жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын.

Ахмет Жұбанов   

* * *

“Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз  өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі  болса да түу басында  біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар  көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық... Бір жағы Бұхар,  бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан  да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде,  жазған хатында  шет жұрттардың тілі аңқып тұр... Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды  қазақша болсын  дегенде бұлардың бәрінің негізі “Тіл құралы” екенін ұмытпасқа керек”.

Міржақып Дулатов

* * *

“Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ.  Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін  бұрынғы өткен ата-бабаларымыз  бәрі жақсы болып, әулие болып өтті”, “Дүниедегі ең асыл тіл — араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары — қазақ тілі”.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

* * *

“Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай  алмақ  емес,  ондай  ұлт  құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін  бірінші шарт — тілі  болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың  тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс,  мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы  біресе желсіз түндей  тымық,  біресе құйындай  екпінді тарихы, сары далада  үдере көшкен  тұрмысы,  асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі  — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің  ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары  күндерде  бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының  тілі біріксе,  ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса,  сөз жоқ, түрік тілінің  келешек тарихында  қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік”.

"Ана тілі — халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің  айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін  мәңгі құламайтын бәйтерегі”.

Жүсіпбек Аймауытов

* * *

Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. Қазақша жазу — қазақ сөздерінің кез-келгенін құрастыра беру емес.

...Көген көз  қазағыма қаратып,  мінбе құрып, сол мінбеге  шығарып: “Ақырғы  діліңізді  айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында  жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан  мұра сөзімізді арзандатып алмайық.

Мұхтар Әуезов

«Қарттар үйіндегі» былықтар
Ана тілі туралы өлеңдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу