«Қарттар үйіндегі» былықтар
Таяққа қартайғанда асыларсың,
Төбеңнен тас ұрғандай басыларсың.
Күтеміз сол кезекті кедей болсаң,
Бұтыңды отқа қақтап қасынарсың.
Әркімнен кемдік көріп қағыларсың,
Қолыңнан түк келмейді, не қыларсың.
Көз болып қой, бұзауға шамаң келсе,
Біреуге тамақ үшін жағынарсың.
Тырп етпей бір төсекте жатқаныңыз,
Елеусіз сөз болады айтқаныңыз.
Балаң жалқау, келінің шайпау болса,
Құриды сол уақытта қатқаныңыз,- ия бұл Шал ақынның қарттық шақтың ащы шындығын бейнелеуі. Жырға мән беріп оқысаңыз, он сегізінші ғасырда өмір сүрген ақынның сөздерінен бүгінгі қоғамның бейнесін айнытпай танисыз. Расында да, бұл заман қоғамның шеттеп қалған қарттарын тар аквариумның ішіне салып қойған балықтардай бір мекемеге жинап, сонда күнелтуге мәжбүрлеген заман. Ақылшы дарияларымыздың үрім-бұтағы емес, қарттар үйіндегі күтуші мен мейірбикенің қас-қабағына қараған заман.
Қарттар туралы әңгімені неге бастап отыр десеңіз, айтайын. «Рейтинг» газетінің редакциясына жетпістің үстіне шыққан Сынатүлла Ерімбетов пен Оңалбаев Жұман қарияларымыз арнайы келіп, ішіндегі жанайғайын ақтарған болатын. Олар қазір Шымкент қаласындағы «Қарттар үйінде» өмір сүруде. Қартайған шағында оларды редакциямызға жетелеген мәселе «Қарттар үйіндегі» қақпаның арғы тұсында болып жатқан келеңсіздіктер. «Бізге жаны ашымайтын директордың қажеті жоқ» деп әңгімесін бастаған қариялар, қаншама панасыз қарттарға пана болып отырған мекемедегі медициналық көмектің қажетті деңгейде көрсетілмейтіндігін алға тартты. «Қарттар үйінде «Медициналық сақтандыру қоры» деген қор бар. Осы мекемеге директорымыздың келгеніне міне жеті жыл болды, мемлекеттің берген зейнетақысынан осында жатқан әр қария 2500 теңгеден ай сайын сол қорға бөлеміз. Елбасымыз қарттарға медициналық көмектің барлығы тегін көрсетілуі тиіс деп айтқан жоқ па еді? Мейлі, денсаулық өзімізге қажет болғасын амал жоқ береміз. Бірақ сол қордағы жиналған қаражаттың қарттардың денсаулығына бір тиыныда жұмсалып жатқан жоқ. Есептеп қарасам жеті жылда қордағы қаражаттың мөлшері 49 миллионға жетіп қалыпты. Мен алғаш осында келгенімде (2012 жылдың 27 наурызында) емханадағы кардиологқа көрсеткен. Кардиолог мені ертіп келген емханадағы мейірбике Бидайкүл Құлмұратоваға он бесінші сәуір күні тағы бір тексерілуге алып келу керектігін айтқан. Содан бері міне, жеті ай болды, кардиологтың жүзінде көргенім жоқ. Ауруым үдеген соң осы жағдайды білейінші деп дәрігеріміз Зарина Үсенқызының алдына кірдім. Ол жерде бас дәрігер Ольга Иванқызыда отыр екен. Одан мені кардиологқа қашан көрсететіндерін сұраған едім, бірден қабағын шытып менің қадір-қасиетімді қорлап, ар-намысымды аяққа таптап, неше түрлі ауыр сөздер айтты. Ол аз болғандай психиатриялық ауруханаға жатқызып қоямыз деп қоқан лоққы көрсетті. Дәрігердің осы сөздерін естіп, директорға бардым. Оған мән жайды түсіндіргенімде қолдарын көтеріп, жұдырығымен алқынымды буындырып, «Сені осы жерде өлтіріп тастайын ба? Ауылдан өзің ауырып келіп, осында ауырдым деп бәлеңді жаппа. Бұл жер саған емхана емес. Сенің ешкімің жоқ, ағайын-туыстарың сені үйден қуып шыққан, ешкімге қажетің жоқ. Сенің өлігің далада қалады. Бұл жерден жоғал, көзіме көрінбе» деп жекіп тастады. Дәрігердің сөзі аз болғандай басшымызға пана сұрап барсам, оның айтқан сөздері сүйегіменен өтіп кетті. Онсызда жүрегім ауыратын еді, жығылғанға жұдырық болды –ау. Екінші топтағы мүгедек екенімді біле тұра, неге олай жасады екен»,- дейді Сынатүлла ата. Қарттар мен мүгедектердің емдік шығындары мен керек жарақтарына деп жиналған қорды кадр бөлімінің инспекторы Айнагүл Тұрсұнмұратова жинайды екен. Алайда, қариялар қатты науқастанып қалған жағдайда қордағы ақшадан ешқандай қаражат бөлінбейтін көрінеді. Солардың игілігіне деп жиналған қаражаттың қайда кетіп жатқанынан қариялар бейхабар. Олардың айтуынша, қарттар үйіндегі замандастарының арасында денсаулықтары тіптен нашары, зейнетақыны аз алатындары көп. Көпшілігінің әсіресе, өздігінен жүріп тұра алмайтын адамдардың тиісті зейнетақылары қолдарына да тимейді екен. Зейнетақыны да тарататын Айнагүл Жалғасқызы екен. Ақшаларының аздығынан дәрі-дәрмекке де қолдары жетпей қиналып қалғасын қарттар амалдың жоқтығынан туған туыстарының үйіне барғыштайды. Емделуге мүмкіншіліктері болмағасын өлім-жітімде көбейіп барады дейді. «Екі жылдай уақыт болыпты мекеме киім-кешек беруді де доғарған. Бірде маған Айнагүл үш шалбар мен бір көйлекті қоймадан алып берді. Сөйтсем, ол өлген адамдардың киімі екен. Мұны естіп шошып кеттім, дереу Айнагүлді шақыртып алып, киімдерін өзіне қайтарып бердім. Содан бері киім деп ауыз ашпайтын болдық. Мұнда көп адам бір жапырақ киімге зар болып жүр»,- дейді ол.
Ал Жұман атамыздың жайын естігенде бізде жағамызды ұстадық. Директордың қылықтарына әбден тойған ол 2012 жылдың маусым айында Еңбекші ауданының прокуратурасына қарттар үйінің директоры Нұрғали Ешенқұлдың үсінен арыз жазады. Өз арызында қорға деп қарттардан 2500 теңге жинап алатындығы, қарттар үйіндегі үш жеңіл қызметтік көліктер мен қойма ретінде тұрған бір вагонның сатылғандығы одан кейін оның дөрекіліктері жайлы деректерді көрсетеді. Көп ұзамай сот шешімі шығып, арызды директордың пайдасына шешкен. Мұндай әділетсіз шешіммен келіспеген Жұман ата екінші арызын жазамын деп жүргенінде оны директор Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансеріне тықпақ болған. «Гүлжан деген мейірбике «сені есік алдында таныстарың шақырып жатыр» деп, мені сыртқа шығарды,- дейді Жұман ата, - Оның айтқандарына сеніп мен есіктің алдына бардым, ол жерде еңгезердей үш жігіт тұр екен, мені көре сала сөзге келтірместен басыма қап кигізіп, машинаға салды. Сол уақытта машинаға директордың орынбасары Нұргүл Дәрібаева мен Айнагүл Тұрсұнмұратова да мінген еді. Содан олар мені Шымкент қаласындағы облыстық жүйке аурулар диспансеріне алып келді. Ондағы дәрігерлермен бір шешімге келіп қойған ба, маған зорлықпен белгісіз дәрілерді еге бастады. Мені екінші тамыз күні сонда апарды, үшінен бастап әлгі дәрілерді төрт күн бойы сала берді. Мен жынды емеспін, саумын дегеніме ешкім сенбеді. Дәрілердің кесірінен аяқ қолым көгеріп, басым ауыра бастады. Содан жетінші күні қарындасым келіп, ол азапты жерден шығарып алды. Қарындасыма Сынатүлла хабарлаған екен. Егерде мен сол жерде тағы екі үш күн жатқанымда о дүниелік болып кетерме едім, кім біледі. Дәрілердің кесірінен әлі күнге дейін денемнің бәрі ауырады. Мұндай жауыздыққа қалай ғана қолдары барды екен? Олар жындыханаға апарым мені өлімге итермеледі»,- дейді ол. Аталмыш диспансерге науқастың диагнозы мен жынды деген анықмасы болуы шарт. Ал қария мұндай анықтаманы кімнің жазғанын білмейді. Жұман ата «жындыханада» жатқан уақытында бөлмесіндегі арыздың көшірмесі, соттың шешімі, екінші арыз тағы басқа құжаттарын түгел алып қойған.
Шындық іздеген екі қарияның мекеме директоры Нұрғали Ешенқұлдың бір жиында «Біз қарттарға тек жедел тұрғыдағы медициналық көмек көрсетеміз (жедел жәрдем жеткенге дейінгі көмек). Сендерге бұл емхана емес. Әркім өз қамын өздері ойласын» деген сөзіне қатты наразы. Директордың бұл сөзін бізде түсінбедік. Мекеменің кіре берісіндегі «Оңтүстік Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық - әлеуметтік мекемесі» деген маңдайшадағы жазуды ол түсінбей ме, әлде назар аударғысы келмей ме? Қазақстандағы барлық қарттар үйінің негізгі мақсаттары материалдық тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз ету, оларға отбасылық қатынасқа жақындатылған, ыңғайлы, жағымды өмір жағдайын құру, тұрушыларға күтім ұйымдастыру, медициналық көмек көрсету және мәдени-бұқаралық жұмыстар жүргізу, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік-еңбектік оңалтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады.
Айта кетейік, аталмыш «Қарттар үйіне» олардың тыныс-тіршілігімен танысу, денсаулықтарының ахуалының білу мақсатында қазан айының басында барған болатынбыз. Бізбен сұхбаттасқан кадр бөлімінің инспекторы Айнагүл Жалғасқызы «Медициналық сақтандыру қоры» туралы ауыз ашпады. Мекемеде қарттарға жеті бағыт бойынша қызмет көрсететінін айтты. Нақтырақ айтсақ: тұрмыстық, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық, құқықтық және әлеуметтік еңбек. Екі медициналық посттың бар екенін айтып, ондағы емдердің барлығы тегін көрсетілерді және әр күн сайын таңертең дәрігерлер қарттарды тексеруден өткізіп тұрамыз деген еді. Одан бөлек қол массаж, тренажер залы, физоем, фитоем, тіс емдеу бөлмесі қызмет жасайтынын және киім-кешектің берілетіндігін де айтқан. Ал қариялар дәрігерлер әр күн түгілі анда-санда келіп те тексермейді дейді.
Жасы ұлғайып, шашына ақ кірген шағында әділдік іздеген қарттарымыз замандастарына қамқор болар шаңырақтың директоры мен оның қолшоқпарларының осындай қиянатшыл әрекеттеріне көз жұмып қарай алмады.
Олар өмірдің бейнетін тартып, зейнетін көрем бе деген уақытында арқа сүйер мекеме басшысы мен дәрігерлердің тарапынан мұндай «сый-құрметті» күтпеген еді. Прокуратурадан қайран болмады, енді арашаны кімнен сұрарларын білмейді. Бір аяғы көрде бір аяғы төрде тұрған шағында аталарымыз жалған сөйлемес, әсте. Жігіттіктің күні – шығыста, қарттықтың күні – батыста деген. Батыстағы күн тез батады. Олардың онсызда туған-туыстың қамқорлығын сезбеген «уақытша мекен» қарттар үйіндегі санаулы ғұмырларын тыныш, бейқам өткізулеріне неге жағдай жасамаймыз? Еліміздің қазыналары қарттарымызға деп мемлекеттен бөлінген қаржыны неге өз иелерінің игіліктеріне жұмсалмайды? Ондағы қарттардың көз жастарына кім кінәлі? Материалдық жағдайдан бұрын, көргені көп ақыл дарияларымыз жылы сөз, аялы алақанға мұқтаж емес пе?
Мұрағаттан, 28.11.2012 ж