Дихан Әбілев. Жүсіпбек Аймауытов туралы естелік
Түсте мектептен қайттым. Жатқан үйім — Қасым қасапшының үйі. Өткен жылы біздің үш сиырымыздың бірі — қызыл сиырымызды Қасым қасапшы сатып алды. Сонда жарты құнын кейінірек бермек болған. Сол асылымыз үшін әкем мені осы үйде төрт ай жатып оқуға келісті. Осында "Шаруa жастары" мектебінде оқимын. Үйге келдім. Мені туған інісіндей тартатын, сабырлы да кербез Үмігүлсім жеңгей:
— Жақсы келдің, айналайын. Жақсы азамат кеп отыр. Семейден. Шәй құйысып, шынаяқ әперісіп маған көмектесіп отыр. Әңгімелерін тыңда... Жақсы болады... Ержеткенде есіңде қалады…
— Кім деген кісі екен, Үмігүлсім жеңгей?
— Мағаз ағай да, Бохытай ағай да, біздің үйдегі ағаң да айтып отыратын еді ғой. Анада Сәбит пен Қаныш екеуі де сол кісінің шығарғандарын айтпап па еді. "Қанафия Шарбану" деп, "Жебір болыс" деп…
— Жүсіпбек Аймауытов шығар онда!
— Ия! Тап соның өзі. Өзіміздің Баянауылдыкі екен…
Төргі бөлмедегі дөңгелек үстелдің төрінде, аласа табуреткеде маңдайлы, ағылшын мұртты, қоңыр-қызғылт өңді кісіге, яғни Жүсіпбек ағаға (есіктен әуелі сығалап көріп алғам) қалай жетіп барғанымды білмей қалдым, қолымды сұқитып ұстата бердім де, ол кісі баққанша шегініп кете беріп едім:
— Тоқта, Дихан, — деді Жүсіпбек ағаның сол жағында отырған Мағаз ағай. — Бұл Дихан, 3-класта оқиды, — деді Мағаз аға.
Мағаз аға — осында оқып жатқалы маған сонша ықыласы түскен кісі. Дастарқан басында да менің жайыма назар аударып отырады. Оқуымды сұрайды. Сабақтан алған бағамды көреді. Мағаз аға осыларды Жүсіпбек ағаға тәптіштеп айтып шықты.
Жүсіпбек аға кеудесін тік ұстап, жүзіме қарады да:
— Мағаз аға! — деді майда қоңыр үнімен, — Дихан інішектің халындай хал менің де басымнан өткен. Нашарлардың балаларына интернатты мектеп ашылмақ Семейде. Бұл Дихан сонда оқыса… Келсін! Жәрдемдесем. Келесің бе? Келсең, "Қазақ тілі" редакциясынан табасың мені, — деді. Мен келісіп, басымды изедім.
Мағаз ағамен бірге осы үйде жататын сақалды, қошқар тұмсықтау, зиялы Бохытай Жуанышбаев бөлмеге кірген бетінде:
— С приездом, Жүсіпбек! — деді.
— Амандығымыз ата-анамыздың тілімен басталмаушы ма еді, Бақа? Сіз бен біздің оқыған екенімізді орысшаламасақ та білетін шығар бұл жұрт, — деді Жүсіпбек аға.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды