Мағжан Жұмабаев туралы
Қазақтың айрықша ақыны, ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевты елуінші жылдары Бауыржан Момышұлы айдауда жүрген жерінен көргенін жазған еді. "Мағжан бертінге дейін тірі болған" дейтіндер көбейді. Әлдекімдердің оны Магаданнан көріпті деген әңгімелері де жұртқа жарияланып жүрді.
Мағжантанушы ғалым Бақыткамал Қанарбаева мұндай елең еткізген жаңалықтарды жоққа шығарады. Ол сұхбатында: "Өтірік сөз. Осы мәселені маған студенттер де жиі қояды. Ол өтірік сөз. Мағжандарды үкім шықпастан үш күн бұрын атып тастап отырған екен. Алдымен атып тастайды, сосын үкім шығарады. Мұның жай-жапсарын КГБ-ның өз адамдары іздеп, анықтапты. КГБ-ның ішінде де ұлтжанды азаматтар болған. 1960 жылы Мағжан ақтала алмай жатқан кезде Ташкенттен Алматыға ауысып келген жерлестері документтің бәрін көтерткен. Солар бұрыннан КГБ-да істейтін бір орыс шалды табады. "Мағжандарды атып жатқанда мен 17 жастағы жігіт едім. Отырып қағаздарды толтырам. Үкім шықпастан атылып жатқандардың ішінде Мағжан да болған. Бір түнде 37 адам атылды" деп куәлік еткен. Сонда Мағжан Алматының аяқ жағындағы Ынтымақта жатыр деген сөз. Осы туралы мен "Алаш айнасына" сұхбат бергенде айттым. "Мағжанның сүйегін тапқыларың келсе, Ынтымақты қопарыңдар" — дедім. Ол жерде көп адам жатыр", — дейді.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды