Оралхан Бөкей туралы

Oinet.kz 09-12-2019 1654

Мен Оралханды 1987 жылы желтоқсан айында Әуезов театрында бірінші рет көрдім. Біз бір қатарда жақын отырып қалыппыз. Бірінші боп Оралханның өзі сөзге тартты. Кейін арада біраз уақыт өткенде ойламаған жерден Жазушылардың шығармашылық үйінде тағы кездестік. Көрген жерден Оралханға ғашық боп қалдым деп айта алмаймын. Мен оның шығармаларын бұрын оқымаппын. Қандай жазушы, қандай адам екенінен мүлдем бейхабар едім. 

image.png

Оралхан танысқан бойда "мен Социалистік Еңбек Ерімін", "мен анандаймын, мен мынандаймын" деп әзіл-шыны аралас лепіре сөйледі. Ішімнен "нөмір бірінші мақтаншақтың өзі шығарсың" деп күліп отырдым. Содан кейін ол менің кабинетіме жиі келетін болды. Мен сол жерде медбике боп істеп жүргенмін. "Қан қысымымды өлшеп берші" дейді. Мен үнсіз қан қысымын өлшеймін. "Бәрі де дұрыс, бара беріңіз" деймін. Ол: "Менің саусағым 

ауырып тұр. Башпайымның арасы қақсап барады", — деп ананы-мынаны сылтауратып отырып алады. Жай отырмайды, ішек сілемді қатыра күлдіреді. Сөйтіп, бірте-бірте тіл табысып кеттік.

Мен алғашында Оралханды аса ұната қойған жоқпын. Маған оның сырт келбеті соншалықты тартымды боп көрінбейтін. Мен мұны өткен күндердің елесін санамнан қайта жанғыртып, сол сәттегі сезімім, көңіл-күйім арқылы жеткізіп отырмын ғой. Сондықтанда қазір өз сөзіме өзім іштей кереғар  келіп, жан дүнием астаң-кестең боп жатыр. Иә, мына мен — қаршадай ғана ерке қыз, бүкіл республикаға аты белгілі Оралханға  онша иліге қоймадым.

Бір күні Оралхан кабинетіме өте көңілсіз кірді. Үн-түнсіз жайғасты да, көзіме тік қарап  отырып: "Мен тура сөйлейтін адаммын, кісінің бетіне  айтқанды жақсы көремін. Сен маған ұнайсың" — деді. Сол сәтте менің жүрегім аунап түскендей болды. Бетім ду ете қалды. Не айтарымды білмей састым. Кейін біреулерден естідім, Оралхан жазушылармен бәстесіпті: "Мен осы қызды өзіме табындырып алмасам Оралхан болмай кетейін" депті. Осы қаңқу сөз құлағыма жеткенде қорланғанымды көрсең. Көз жасыма ие бола алмай ұзақ жыладым. Тіпті сол жерге қайтып жолағым келмей, жұмыстан да шығып кетпек болдым. Бірақ Оралхан менің өкпемді лезде-ақ жібітіп жіберді…

Әсет Ақмолданың әлеуметтік парақшасынан алынды

Жансүгір Берсүгіров. Баласы Ілиясқа жазған хаты
Мағжан Жұмабаев туралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу