Асқар Жұмаділдаев: «Кітапты беталды оқи бергеннен түк те шықпайды»

Oinet.kz 10-10-2019 1338

Screenshot_18.jpg

Қазір ақылды адамдар азайып кетті дейді Олжекең (Олжас Сүлейменов - ред.). Мен керісінше ойлаймын, қазір ақылды жастар көбейіп келеді. Жастар кітап оқымауы мүмкін, бірақ ақылы көп. Кітап оқығанның бәрі ақылды деген бос сөз. Кезінде біз кітапты көп оқимыз деген атаққа ие болдық. Шындығында біз кітапты көп оқығанымыз жоқ. Байлар сән үшін кітапты үйіне әкеп іліп қоятын болды. Кітап реквизит тауарға айналған еді.

Екіншіден, көп кітап оқудың көп пайдасы бар деп ойламаймын.

Әңгіме кітапты көп оқуда емес. Әңгіме керек кітапты оқуда. Керек емес кітапты оқығаннан не пайда? Босқа миың ашып кетеді. Адамға ең керегі: керекті кітап оқу, керекті білім алу, керекті кәсіп үйрену.

Содан кейін адам өзі ойлануы керек. Эйнштейннен қазіргі заманға не жетіспейді деп сұраса, "орындық жетіспейді" депті. Орындыққа отыр да ойлан. Адамға ойлану жетіспейді. Кітапты беталды оқи бергеннен түк те шықпайды. Менің ойымша, қазіргі жастар керек емес кітаптарды көп оқымайды. Керек емес деген - қияли кітаптар.

Мен мектепте оқып жүргенде жек көретін екі жазушым болды. Абай және Лев Толстой. Өйткені, дым түсінбедім. Толстойдың "Соғыс және бейбітшілігін" оқысаң, өңкей түсініксіз бірдеңелер. Абайды оқып қалсаң, ақыл айтады да жатады. Маған ол ұнамайды. Түсінбеймін. Мағына көрмеймін.

Марк Твеннің сөзі бар: "Мен 20 жасымда әкем қандай ақымақ деп ойлаушы едім. 40-қа келгенде әкем қалай ақылды болып кеткенін байқадым" деген. Марк Твен парадоксально ойлайтын ерекше жазушы. Ойлап қарасаң, осы сөзінде үлкен мағына бар. Жас кезінде әкесінің ақымақ болған ештеңесі жоқ. Жасы үлкейген соң ақыл кірді деп тұр. Мінекей, 15-тегі баланың ақылы басқа, 23-тен асқан баланың ақылы бір бөлек.

Жас бала Абайдың, Толстойдың ұлы екенін түсінбейді. Оған зорлап оқы дегеннен ештеңе шықпайды. Мінекей, менің кітап оқыма дегенім осы.

Мектепте ананы бір, мынаны бір оқы деп жатады. 12-дегі жас балаға Достоевскийді оқуға болмайды. Өңкей қара түнек, таусылмайтын уайым-қайғы. Жапонның атақты жазушысы Муракамиды оқуға болмайды. Өйткені, оның өзін-өзі өлтірмеген бір кейіпкері жоқ.

Осындай айтары терең шығармаларды ақылы тоқтағаннан кейін, есін жинағаннан кейін оқуға болады. Толстойды МГУ-да оқып жүргенде 2-3 курста оқыдым. Ұлы екенін түсініп, рахаттанып оқыдым. Мәскеуге барғанда Абайды оқи бастадым, ұлылығын сонда түсіндім.

Екі жердегі екі он тоғыз болады
Неге Момышұлында бір-ақ орден бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу