Екі жердегі екі он тоғыз болады

Oinet.kz 10-10-2019 3697

Screenshot_17.jpg

Автор. Жазушылық жұмыс кестеңізді айтыңызшы. Қай сағаттан қай сағатқа дейін жұмыс істейсіз? Тәуліктің қай мезгілінде жазғанды ұнатасыз? Жылдың қай мезгілінде өнімді жазылады деп есептейсіз? Жазатын шығармаңызға жоспар құрасыз ба? Қолмен жазасыз ба, машинкамен басасыз ба? Қарадай жазғаныңызды қанша рет түзейсіз?

Бауыржан. Бұл бір ащы ішектей шұбатылған ұзын сұрақ екен. Және маған қойылуға тиісті емес сұрақтар көбі. Өйткені мен профессионал жазушы емеспін. Мен әскери мемуар жазушы ғана кісімін. Ал біздің қазақта бұрын әскери мемуарлық әдебиет атымен болған емес. Қазақта мен осының негізін салушымын десем асылық та, артық айтқандық та болмас деп ойлаймын. Бұл жөнінде орыс әдебиетіне де қосқаным бар деуіме болады. Осы жылғы майда Москвада болған әскери әдебиет жайындағы жиналыста менің атымды үш маршал он бес рет атапты. Мен бұл пікірді, бір жағынан, солардың сөздеріне сүйеніп айтып отырмын, қарағым. Бауыржан картайғаңда мақтаншак болып кетіпті деп ойлап жүрмегін... Ал профессионал жазушы болмағандықган менде жұмыс кестесі немесе режим деген де жоқ. Пәлен сағаттан пәлен сағатқа дейін жазамын деп айтпаймын. Кей кездерде мен қолыма айлап қалам ұстамаймын. Бірақ ойланып, толғанып жүремін. Сол ойлағанымның иі қанды-ау деген кезде, күнмен де, түнмен де есептеспестен, машинкамды алдыма алып, сарт-сұрт баса беремін. Ойымдағыны қағазға түсіргенше менде ұйқы да, күлкі де болмайды. Содан соң тағы да 2-3 ай қолыма қағаз алмаймын, «суимын», суып болған соң жаңағы машинкаға басқандарымды қайтадан қолыма аламын. Оны автор ретінде емес, жай қатардағы оқырманның көзқарасымен қарап, оқып шығамын. Автордың алаңғасарлығын, қызбалығын, үстірт ойлаған жерлерін әлім келгенінше түзетемін. Менің творчестволык процесім осы ғана.

Ана жылы «Мақтаарал» совхозына барғанымда маған бір мұғалім сенің жаңағы сұрағың сияқты сұрақ койды. Осында пәлен деген жазушы келгенде бізге күніне он бір бет жазамын деп еді, сіз күніне неше бет жазасыз?-деді.

- Сен соған сендің бе? - дедім мен оған.

- Енді ол кісіге сенбегенде кімге сенеміз? - деді мұғалім.

- Ендеше математикадан хабарың бар ма өзіңнің?

- Дәл сол математиканың мұғалімімін.

- Онда қағаз, қарындаш ал да, 11 бетті 30 күнге көбейт, - дедім оған. Мұғалім дереу көбейте бастады. - Оны он екі айға көбейт, бұл бір жылда ол жазушы неше бет жазады деген сөз. Көбейттің бе? Сол жазушыңның жазып келе жатканына, міне, отыз жылдан асты. Жаңағы шыққан санды енді тағы отызға көбейтші. Көбейттің бе? Енді әрбір кітапта орта есеппен үш жүз беттен болады деп мөлшерлеп, барлық шыққан цифрыңды сол үш жүзге бөлші.

- Бөлдім.

- Қанша болды?

- Төрт жүзге жуық.

- Ендеше, төрт жүз кітап жазған дүниежүзінде жазушы жоқ.

Понятно? Маған күніне қанша текше метр жер қазасың десе, мен оған жауап бере алмаймын. Сиыр да күн сайынғы сүтін күтімі келіссе, көңілі түссе ғана береді. Ал мен адаммын. Табағына сүт құйып, құлағын бұрай берсең шүмегінен сырылдатып қаймақ ағыза беретін сеператор емеспін! Понятно тебе?

- Енді бір сұрағым бар, - деді жанағы

мұғалім тағы да қолын көтеріп.

- Әй, тұра тұрғын, - дедім мен оған. – Сен маған 5-6 сұрақ қойдың. Физик, математик екенсің. Менің саған қоятын бір сұрағым бар, жауап бересіңбе?

- Беремін, - деді ол.

- Берсең: екі жерде екі қанша болады? Соны айтшы.

- Екі жерде екі - төрт, - деді ол.

- Жок, дұрыс емес. Екі жерде екі он тоғыз болады, - дедім мен сағатыма карап.

- Неге? - деп мұғалім орнынан ұшып тұрды.

- Сен босқа шошандамағын,-дедім мен оған түсімді суытып. - Сен дәм-татуы жоқ сұрақтар беріп, мені мінбеде он тоғыз минут босқа ұстап тұрсың. Екі жерде екі он тоғыз болады деген осы біле білсең, қарағым.

Жұрт залды басына көтеріп, ду күліп жіберді.

- Жарайды, енді жетінші сұрағынды қойғын, қарағым, - дедім жаңағы мұғалімге түсімді қайтадан жылытыңқырап. О да бір сұрақ қойғыш неме екен, сен сияқты етіп жазып алған қағазының орта тұсына үңілді

де... орта тұсына, - деп Бауыржан сұк саусағын шошайтты. – Тегі оның әлі де қоя алмай қалған бес-алты сұрағы болуы керек... Қағазының орта тұсына үңілді де, былай деп сұрады: «Ең жаксы көретін өз шығармаңыз қайсысы?»

Бұған ойлануға тура келді. Ойланған сайын жауап беру қиынға соқты. Содан кейін мұғалімге қарадым да:

- Өзіңнің балаң бар ма, қарағым?-деп сұрадым.

- Бар.

- Нешеу?

- Бесеу.

Жұрт күліп жіберді. Мен күлгемін жоқ.

- Өзің сол бес қарғаңның қайсысын ерекше жақсы көресің? Соны осы отырған бәрімізге айтып берші, - дедім оған жұрттың күлкісі тоқталғаннан кейін. Мұғалім ойланып тұрды да, «Айта алмаймын-ау» дегендей, жауырынын киқандатты.

- Бұл да солай, қарағым, - дедім мен. -

Оны мен айта алмаймын саған. Жазушының өзі емес, оны жұрт біледі.

Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз»

Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?
Асқар Жұмаділдаев: «Кітапты беталды оқи бергеннен түк те шықпайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу