«Бақытты болмайсыңдар» деп еді, дәл шықты
Алматылық келіншек әлеуметтік желіге сурет жариялаудан қорқады. Екінші рет тұрмысқа шыққан алматылық келіншек өзінің күнәсіз екенін дәлелдей алмай жүргенін айтады.
Өзін Перизат деп таныстырған келіншек соңғы екі ай бойы ұйықтай алмайтынын, аса қорқынышты түстер көріп шығатынын айтады. Оның себебі күйеуінің бірінші әйелі ме деп отыр.
- Тұрмысқа шыққаныма үшінші жыл. Күйеуіммен менің жұмыс орнымда, банкте таныстық. Ол маған несие рәсімдеу үшін келген еді. Кешкісін шықсам есік алдында күтіп тұр екен. Менімен танысқысы, шығарып салғысы келетінін айтты. Жас емеспін, бұрын да бір рет тұрмыста болғаным бар. Жасырып қайтемін, өзіме қорған болар азаматты кездестірсем деп жүргенмін. Бір-бірімізді ұнаттық, өткенімізді ашық айттық. Ол да бір жыл бұрын ажырасыпты. Жан ауыртарлығы, екі баласы да бар екен. Басында сол балалар үшін көп ойландым, мүмкін қайтып барар деп... Бірақ ол райынан қайтпайтынын айтты. Кездескелі алты айдан асқанда екі жақты таныстырып, шаңырақ көтердік, - дейді Перизат.
Оның айтуынша, күйеуінің бұрынғы әйелі үйленген күні келіп айқай-шу шығарып кеткен көрінеді.
- Алғашында қатты уайымдадым. Тіпті, бекер болды ма деп өкіндім де. Бұрынғы әйелі сұлу екен, оны күйеуім ешқашан жамандамаған еді. Тек «тағдыр ғой» деп қоя салған неге ажырасқанын сұрағанымда. Біздің үйленетімізді алдын ала біліп отырыпты. Тап сол күні келіп, қонақтардың көзінше қатты айтып кетті. «Бақытты болмайсыңдар, мен оған жол бермеймін!» дегені есімде қалып қойыпты. Кейін бәрі басу айтып ұмытылғандай болған...
Перизаттың бұрынғы әйелден көргені тек бұл емес көрінеді. Тіпті, оның әлеуметтік желідегі парақшаларын да тауып алып, түрлі жағымсыз пікір де жазып кеткен. Бұғаттап тастаса да басқалар арқылы тыныштық бермейтін болған соң кездесіп, түсінісуге шақырған.
- Кездескен соң ғана неге ажырасқандарын түсінгендей болдым. Оған ажырасқандарына өзімнің түк қатысым жоқ екенін, танысқанымызға алты ай ғана болғанын айтып түсіндіре алмадым. «Сен бізді бұрыннан аңдып жүргенсің. Түн ішінде қоңырау шалатын едің. Мені түк білмейді деп ойлама, сенің де басыңа келеді, келтіремін!» деп сөзге тоқтамады. Ақырында құрбысы екеуі жабылып кеткен соң кетіп құтылдым. Кетіп бара жатқанымда соңымнан айғайлап, «әлі мені түсіңде көретін боласың» деген еді, - дейді ол.
Соңғы кезде Перизат расында да күйеуінің бұрынғы әйелін түсінде көп көретінін, содан шошитынын айтады.
- Бірде соңымнан қуып жүреді, енді бірде қолымнан баламды тартып әкетіп бара жатады. Тағы бірде үстімнен төніп келе жатады. Әйтеуір, содан шошып оянамын. Бірде жеті айлық балам түнімен жылап, ұйықтамай мазасызданды. Үш-төрт күнге жалғасқан соң анам бала қарайтын апаға апару керектігін айтқан. Оны іздеп тағы екі күн өтті. Өзім де түнімен ұйықтай алмай тіпті мазам кетті. Қаланың сыртында тұратын апаны тауып барып, сүрелермен оқыған соң балам қолымда ұйықтап қалды. Алғысымды айтып тұрмақ болғанымда әлгі апа: «Біреуде суретің бар, жаман нәрсе жасаған. Көптің көзіне түсетін суреттеріңді алып таста!», - деп қалды. Елең еттім. Бірақ апа тек суреттерімді көпке көрсете бермеу керектігін айтты. Көңіліме алып қалдым ба, келе салысымен инстаграм мен фейсбук желісіндегі суреттерімді өшіріп тастадым, - дейді Перизат.
Әлеуметтік желідегі сурттерін өшірген күні Перизат біршама жеңіл ұйықтап, өзін жақсы сезінген. Содан соң бірнеше күннен соң қайта басталыпты.
- «Бақытты болмайсыңдар» деп еді. Бірдеңе істеп жүр ме екен... Суретке қарап та зиян жасайтын қара магиямен айналысатындар туралы көп естиміз. Суреттеріміз инстаграмда толып тұрады ғой... Әйтеуір ойыма сол әйел орала береді. Дәрігерге қаралдым, денсаулығымның жақсы екенін айтады. Тек сол қорқынышты түстер мазалай береді. Бұлай жалғаса берсе, денсаулығымды құртып аламын ба деп қорқамын, - дейді келіншек.
Содан бері Перизат әлеуметтік желіге өзінің де, баласының да, тіпті отбасылық суреттерін де салмайды. Күйеуінің бұрынғы әйелі бір зиян жасап жүре ме деп қорқады.