Найзағай түскен жігіт О дүниеде көргенін айтып берді

Oinet.kz 09-11-2022 7155

Түлкібас ауданының Жабағылы ауылында бізбен көршілес жап-жас ерлі-зайыпты Руслан мен Айман тұрып жатты. Бұл жаққа олар Қазығұрт ауданынан көшіп келген-тін. Русланның әкесі сол кезде 80-ге келіп қалған қария еді, анда-санда қонаққа келіп тұратын. 

Screenshot_4.jpg

Өте ширақ кісі болатын. Өз ауылында молда екен. Бірде мен ол кісіден: «Жалғыз балаңыз Русланды неге қолыңызда ұстамай басқа жаққа жібергенсіз?»  деп сұрадым. Қария қиналыңқырап тұрып: «Қайтейін, ақыл-есі кіргенше шетте жүрсін деген ниетпен өзім рұқсат бердім. Себебі ішкілікке бір табан жақын. Өзі гитарада тамаша ойнайды. Бірақ жүрген жері шу-шұрқан, төбелес»,  деген еді.

Руслан құс фабрикасында электрик болып жұмыс істеді. Бір күні аздап ащы судан тартып алған ол жұмысшылар автобусына мінбей, төтесінен тартқан. Көктем кезі ғой, күн күркіреп, жауын жауып тұрған. Сөйтіп, электр бағанының жанынан өте бергенде Русланға жай түседі. Құдай оңдағанда, оны сол маңда мал бағып жүрген малшы көріп қалып, жұмыс орнына хабар береді. Ондағылар дереу көлік тауып, аудандық ауруханаға жеткізеді.

Қабылдау бөлімінде әрі-бері қараған дәрігерлер ешқандай тіршілік белгісі білінбеген соң, оны өлдіге санап мәйітханаға жөнелтеді. Русланның ауылына хабар жіберіледі. Ертесіне Газ-53 көлігімен бір-екі ағайыны өлікті алып кетуге келеді.

О тоба, сот сарапшысы мен ағайыны мәйітханаға кірсе, басын салбыратып, өз-өзіне келе алмай отырған Русланды көріп шошып кетеді. Дәрігерлер оны енді шұғыл жансақтау бөліміне жөнелтеді. Ауруханада бір аптадай емделген соң Русланды үйіне қайтарады.

Араға бір жұма уақыт салып, мен де оның көңілін сұрауға бардым. Келсем, баяғы Русланым жоқ, өңі құп-қу, әңгімесі де басқаша.

«Інім, қалың қалай, аман-есенбісің? Сауықтың ба?»  дегенімде, «Аман-саумын, сол күні жұмысқа төтесінен бара салайын деп шыққанымды білемін. Басқасы есімде жоқ»,  деді.

Одан әрі: «Бір адамдардың ортасына түсіппін. Істеген істерімнің бәрін біреуі тізбектеп айтып шықты. Мен болсам «рас-рас» деп басымды изей бердім. Басында бөркі, аяғында етік, шапан киген біреуі қасыма келіп: «Бұл жақсы, иманды қарияның ұлы, үйіне қайтарайық. Атасының жолына түсіп, ел-жұртқа шапағаты көптеп тиетін болады»,  деді-дағы, жанындағыларға қолын сермегені сол екен, бәрі де бір сәтте көзден ғайып болды.

Мені мәйітханадан қалай алып шыққандарын да білмеймін. Дәрігерлер де ештеңе айтпады. Тек кетерде «жақсы болдың, найзағай оты жаныңа түсіп, есіңнен танып қалыпсың, енді абай бол» деп шығарып салды. Үйге келген соң өзімнің танымастай өзгергенімді түсіндім. Ешқашан ішкілік ішпеген адамдаймын. Қасиетті Құранның кейбір сүрелері аузыма өзінен-өзі құйылды. Жақындарымның өмірі көз алдыма тізбектеле берді.

Бірінен-бірі естіп, науқастар келе бастады. Бірде Жамбыл (ол кезде осылай аталатын) қаласынан 50-ден асқан бір әскери адамды алып келді. Аяғын баса алмай үш жыл жатыпты. Жұмыс бабымен киелі жерден окоп қаздырыпты. Онысын өзі айтқан жоқ. Мен біліп тұрдым. Содан бір апта емделген соң өз аяғымен жүріп, еліне қайтты. Аға, мына есіктің алдында тұрған су жаңа «Жигулиді» алғысын айтып, тастап кетті. Мені білесіз ғой, көлік жүргізе алмаймын. Туысқан ініме келіп алып кетсін деп сәлем айттым»,  деді.

Мен кетерімде одан болашағым туралы сұрадым. Ол:

«Әй, жақсы көретін көкем-ай, сізде бәрі жақсы болады. Бірақ келесі көктемде абай болыңыз, бір қауіп бар»,  деді.

Оны есімнен шығарып алыппын. Бірде жұмыстан соң үйге қайтуға автобус күтіп тұр едім. Жолдың арғы бетінен Нарғозы деген досым қол бұлғап шақырды. Оның Газ-24 деген көлігі бар еді. Досыма жетейін деп арықтан аттай бергенімде, аяғым тайып құлап түстім. Оң аяғым сәл ауырғандай болды. Елең қылған жоқпын, үйге жетіп алайын деген оймен жүре бердім.

Түннің бір уағында аяғым қақсап, маза бермеді. Содан сынықшы апайды алдырдым. Ол кісі әрі-бері қарап, бір шыбығымның шыққанын айтып, қатты қағазбен аяғымды орап тастады. Ертесіне рентгенге түссем, шынында да, солай екен. Содан 49 күн дегенде жазылдым. Бұл кезде Русланды Атыраудан бір танысы келіп көшіріп әкеткен еді. Содан бері одан хабарсызбын. Мүмкін, МБМ-нан оқып қалар деген ниетпен қолыма қалам алдым. Қайда жүрсең де аман бол, жақсы інім!

Байғозы ӘБІЛДАЕВ, Т.Рысқұлов ауылы, Түлкібас ауданы

mazhab.kz

Қызымның елесі бәле-жаланы алдын-ала ескертіп жүреді
Өлген соң қызының суреттері жоқ болып кеткен...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу