Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Жеңгем көрген түсі дәл келетінін айтады. Өңінде болатын жағдайды алдын ала болжап сезеді екен. Әсіресе, өзіне етжақын бауырларының басындағы жайды анық көреді.
Мәселен, бірде түсінде сіңлісінің мұңайған түрін көреді. Таңертең ерте анасына қоңырау шалса, сіңлісінің дене қызуы көтеріліп, аяқ астынан ауырып қалыпты.
Тағы бірде әжесінің қайтыс болғанын күні бұрын білген. «Еш жаманат күтпеген едік. Ұйқыға бас қойғаным сол. Түсімде інім кіріп келеді екен. «Әжем кетіп қалды, әжем кетіп қалды» дегенді қайталай берді. Өзі қасыма келіп, мені жұлқылап жатыр. Соның әсерінен оянып кеттім. Бірақ сонда да ойыма жамандық кірмеді. Алаңсыз шаруаммен айналыса бердім. Сол күні түстен кейін әжемнің қайтыс болғаны туралы суыт хабар алдық».
Жеңгемнің әкесі жүрек ауруынан қайтыс болған. Бұл оқиғада да оның сезімталдығы көрінді.
«Әкем кеніште жұмыс істейтін. Таңертең әдеттегідей жұмысқа кетті. Түстен кейін жүрегі қысылған соң, жедел жәрдем шақыртып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызыпты. Артынан шешем екеуміз жеттік. Дәрігерлер «қиын кезеңнен өтті. Енді бәрі жақсы болады. Ертең қажетті заттарын, тамағын әкеле берсеңіздер болады» дегенді айтты. Осылай деген соң көңіліміз жайланып, кеш қарая үйге жеттік.
Көңілім әлденеге алаңдаса да, дәрігердің сөзін медет тұтып, жастыққа бас қойдым. Түсімде әкем маған қарай жүгіріп келе жатыр екен деймін. Бірнеше рет ұмтылып, жете алмай жатыр. Бір кезде әупіріммен жете беріп, үстіндегі майкасының кеуде тұсын айырып, жыртып жіберді. Сөйтіп, маған бір қадам қалғанда сұлқ түсіп, құлай берді. Жұлқылап, тұрғызғым келгеніммен, еш амал қыла алмаппын. Ұйқымнан шошып ояндым. Қара терге түсіп жатыр екенмін. Таң бозарып енді атып келе жатыр. Содан көңіліме кіді алсам да, анамды шошытпайын деп қоңырау шала қоймадым. Не де болса таңның атуын күтейін дедім.
Таңертең анам ауруханаға күйеуінің оны-мұны заттары мен тамағын алып жетеді. Алдынан шыққан дәрігер түк болмағандай, «ол кетіп қалды» депті. Жөпелдемеде аузына сөз түспей, «маған айтқан жоқ еді, түнде қайда кетті екен?» депті сасқанынан. Дәрігер төбеден түскендей етіп «ол таң алдында қайтыс болды» дей салыпты. Шешем не дерін білмей сол жерге отыра кетеді. Біз де естігенде біреу үстімізден су құйып жібергендей болды. Содан сәл есімізді жиған соң, әкемнің киімін әкетуге барған едім. Санитарлар салып берген орауды үйге келген соң ашсақ, әкемнің үстіне киген ақ майкасы расымен кеуде тұсынан айырылып кетіпті. Жүрегі қатты қысылғанда, жандәрмен жыртып жіберсе керек».
Жеңгем түсін жамандыққа жорымаған екен. Бірақ күн айналмай айна қатесіз дәл келуі таңқаларлық.