Сәуірде сирек құбылыстар жиілеп кетті
8 сәуір Жамбыл облысында қызық құбылыс болды. Тапа-тал түсте желден энергия өндіретін станцияны жұмбақ бұлт басып қалған.
Ап-ашық күнде пайда болған бұлт жақын жердегі тас жолдағы көліктерге де төніп, әп-сәтте қараңғылық құшағын алыпты. «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы мамандарының айтуынша, тосыннан пайда болған бұлттың ешқандай техногендік сипаты жоқ, таза табиғи құбылыс. Бұл арада ешқандай жарылыс немесе жол жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сонда бұл не? Кейбір білгіштердің айтуынша, Жамбылдағы тосын бұлт табиғатта өте сирек кездесетін құбылыстардың бірі көрінеді.
Ал 14 сәуірде астаналықтар 10-30 бен 17-30 аралығында күннің айналасына шеңбер пайда болғанын байқапты. Мұндай әдеттен тыс көрініс ғылымда Halo деп аталады екен және ол өте сирек кездесетін көрінеді. Halo ауадағы мұз түйіршіктеріне түскен сәулелердің шағылысуынан пайда болады. Ертеректе адамдар бұл құбылысқа ерекше мән беріп, оны тегін емес, бір нәрседен хабар береді деп сеніпті-мыс. Жалпы сәуірде табиғаттың тосын құбылыстары көбейіп кеткен тәрізді. 15 сәуірде Оңтүстік, Солтүстік Американың халқы өте сирек кездесетін астрономиялық құбылыс—айдың ерекше тұтылуын тамашалады. Көне аңыздарға қарағанда «Қызғылт Ай» деп аталатын осы құбылыс байқалған жылдары апаттар болатын көрінеді.
Жалпы жылқы жылын қазақ жақсы жылдардың қатарына жатқызған. Болған жайттарды тек жақсылыққа жорығанымыз дұрыс шығар.