Шымкент туристерді несімен қызықтырады?
Туризм индустриясы комитетінің таратқан мәліметіне қарағанда, Шымкент қаласы биылдың алты айындағы көрсеткіш бойынша туристердің ең көп қабылдаған қалалардың ТОП-5-тігіне кірді. Үшінші мегаполис тізімде Алматы мен Астанадан кейін үшінші орын алды.
Төменнен жоғарыға қарай атайтын болсақ, бесінші орынды Алматы облысы иеленді. Бірінші жартыжылдықта аталған өңірге 215 826 саяхатшы келген. Алматы облысы көрікті жерлерімен, оның ішінде Шарын шатқалы, Қапшағай су қоймасы және ән салатын құмы бар «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркімен танымал.
Төртінші орында Ақмола облысы. Биылғы жарты жылда 227 935 турист табан тіреген. Ақмола облысы дегенде сұлу Көкше өңірі, атақты Бурабайдың еске түсетіні рас.
Үшінші орында Шымкент қаласы тұр. Алты айда үшінші мегаполиске 252 919 турист келген. Екінші орынды 677 218 турист қабылдаған елорда алды. Ал бірінші орында Алматы қаласы (1 070 358 турист келген).
Туризм индустриясы комитеті мамандарының айтуынша, Шымкент қаласы шетелдік және жергілікті туристер арасында ең танымал бағыттардың біріне айналып келеді. Жоғарыда келтірілген 252 919 туристің 237 163-і отандық туристер болса, 15 756-сы шетелдік азаматтар. Қаладағы қонақ үйлер мен отельдер жарты жылда 5,3 миллиард теңгеге қызмет көрсеткен.
- Шымкент саяхатшылардың жүрегін өзінің жылы климатымен, қонақжайлығымен және бай мәдени мұрасымен жаулап алып жатыр,--дейді мамандар.
Шымкенттің әлемде экономикасы дамыған елдермен іскерлік байланыстары да нығайып келеді. Қазіргі таңда Шымкент қаласы 10 мемлекеттің 15 қаласымен бауырлас қала ынтымақтастығына ие, атап айтқанда, Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенэйдж, Измир, Паттайя, Ахарнон, Гросетто, Эскишехир, Адана, Генуя, Сиань, Балыкесир, Ош, Ванадзор.
Биыл 20-21 шілде аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында Шымкенттің туристік әлеуетін ілгерілету, екі қаланың туризм саласындағы әріптестік байланыстарын нығайту және туристік бизнес өкілдерімен Жібек жолы бойында трансшекаралық турларды дамыту мақсатында «роуд – шоу» ұйымдастырылды.
Аталған басқарма мамандарының айтуынша, туристік әлеуетті дамытудың бірден-біртетігі – ол жарнамалауды ұлғайту. Роудшоу аясында турбизнес өкілдеріне Шымкент қаласының туристік және инвестициялық мүмкіндіктері, турмаршруттары, көрікті жерлері және туристік дестинациялар таныстырылды. Іс-шараға 40 – қа жуық туристік ұйымдар мен агенттіктер, қонақүй басшылары, БАҚ-өкілдері және Самарқанд қаласының туризм департаменті қатысты.
Самарқанд қаласына келетін туристердің басым бөлігі зиярат етуге барады.
Іс-шара қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойылып, Шымкент қаласымен Самарқанд облысының тур бизнес өкілдері арасында В2В кездесулер өткізілді.
Аталған роуд-шоуды ұйымдастыру кезінде мемлекет бюджетіне салмақ салмай, бизнес өкілдіктерінің есебінен өткізілді.
Шымкентте туристердің көпшілігі Сайрам елді мекеніндегі тарихи, қасиетті орындарға аялдайды. Биыл қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес Сайрамдағы тарихи-мәдени және сакралды нысандарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға қажетті қаражаттар демеушілер арқылы аударылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Ибрагим ата» кесенесінің аумағында санитариялық-гигиеналық торап салынып, ескі орындықтар жаңартылды. «Қарашаш ана» кесенесі аумағында санитариялық-гигиеналық тораптың құрылысы басталды (қыркүйек айының соңында аяқталады), нысан аумағында ескі орындықтар жаңартылды және жарық шамдары орнатылды. Сонымен бірге «2GIS» компаниясының есебінен «Қарашаш ана», «Ибрагим ата», «Әбділ Әзіз баб» және «Мірәлі баб» кесенелерінде жаңа навигациялық туристік тақтайша орнатылды.