Наурыз – жыл басы (ашық сабақ)

Oinet.kz 01-07-2019 1506

daycare-1050x700.jpg

Білім беру саласы: Қатынас 

Кіші сала:Тіл дамыту 

Тақырыбы: Наурыз – жыл басы 

Мақсаты:

Балалардың жыл мезгілдері туралы түсінігін, 

Наурыз мерекесі туралы білімдерін кеңейту.

Халықтық салт – дәстүрді құрметтеуге баулу. 

Көрнекілігі:Киіз үй, ұлттық ою – өрнектермен әсемделген сырмақ, сандық, құрақ көрпе, қоржын, торсық, жозы, ұлттық тағамдар, Алтыбақант.б бұйымдар. 

Әдіс – тәсілдері: Көрсету, сұрақ – жауап 

Жүрісі: Шаттық шеңбері: 

Жарқырап бүгін атты күн, 

Шашып бізге шапағын. 

Тілеймін сіздерге ақ таңның 

Қуанышын, шаттығын. 

Тәрбиешi: -Балалар, терезеден күн нұрын төгіп тұр екен. 

Күн көзінен қуат алып, бір – бірімізге ыстық лебіздерімізді арнайық. Топқа Тазша бала келіп кіреді. Тәрбиешімен, балалармен амандасады. Тәрбиеші балалардан Тазша бала туралы сұрап, таныстырады. 

Тазша: — Балалар, елге көктем келді, Наурыз мерекесі жақындады.Наурыз – жыл басы ретінде тойланады. Қазақ халқы наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп есептейді. Бір – біріне жақсылық тілеп, «Ақ мол болсын», «Ұлыс оң болсын» деп тілек айтады. Наурыз мерекесі туралы сендер не білесіңдер? 

Әмір: Наурыз тойы – тамаша, Наурыз тойы – жаңаша. Табиғат та тамаша, Тамылжып тұр жараса. Назым:Наурыз келді еліме, Наурыз келді жеріме. Байлық, бақыт тілеймін Бүкіл қазақ еліне. 

Тазша: — Бәрекелді, балалар! Ал, енді мен сендерді ауладағы киіз үйге шақырамын, менімен бірге жүріңдер. Тәрбиеші мен балалар Тазшаға ілесіп киіз үйге барады.Есік алдында балабақша қызметекрлері қарсы алып, бәрінің қолдарын алып, құшақтасып көріседі. «Ұлыс оң болсын», «Ақ мол болсын», «Наурыз мерекесі құтты болсын» т.б. тілектерін айтады. 

Тәрбиеші «Көрісу» дәстүрі туралы түсінік береді.Қыстан аман шыққан халық бір – бірімен құшақтасып көрісетін дәстүр ел ішінде әліде сақталған. Балаларды үстел басына жайғастыру. Наурыз көжеден дәм тату. Әжейдің әңгімесі: «Наурыз көже». Наурыз көже Наурыз мерекесінде дайындалатын негізгі тағам.Оған жеті түрлі дәм қосылады. Бидай, ет, тұз, сүт, бұршақ, сары май, құрт немесе айран қосылады.«Жеті» қасиетті сан. Жұмада жеті шелпек пісіріледі. Жауыннан кейін шығатын кемпірқосақ та жеті түстен тұрады.

Аптаның күндері де жеті күн. Осы жеті күнді айтып бере алатын бала бар ма? Балалардың жауабы: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі және жексенбі. Айкөркем:Бидай, күріш, тары бар, Бар сүт пен шұжығы. Ащы құрты тағы бар, Көже елдің ырзығы. Тазша: — Балалар, Наурыз туралы көп біледі екенсіңдер.Наурыз көжеден дәм таттық, енді сырттағы ойын – сауықты көруге шығайық. Тәрбиеші мен балалар тысқа шығады. Тәрбиеші: — Наурыз мерекесінің сәні ұлттық ойындар. 

Сендер қандай ұлттық ойындарды білесіңдер? Балалар: — «Бәйге», «Алтыбақан», «Арқан тартыс», «Қыз қуу», асық ойындары, «Көкпар» т.б. Олай болса сендер екі топқа бөліне қойыңдар. «Арқан тартыс» ойынын ойнаймыз. Қимылды ойын: «Арқан тартыс». Тәрбиеші: — Мынау біздің күндегі ойнайтын әткеншегімізге ұқсас «Алты бақан» ойыны. 

Бұны да ойнап көрелік.Бұл ойынның ерекшелігі «Алты бақан» тепкен адам өлең айтып тербеледі.Балалар «Алты бақан» теуіп, «Наурыз думан» әнін орындайды. Балалардың қасына «Қыдыр ата» келеді. Балалар атаймен амандасады. 

Атай бата береді. Бата: Уа, құдайым, оңдасын, Еш жамандық болмасын. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қыдыр баба қолдасын, Аман сақтап мал басын, Еккен егін солмасын. Балалар Тазша, «Қыдыр ата» және басқалармен қоштасып, топқа келеді. Қорытынды:Іс – әрекет барысындағы көрген – білгендерін әңгімелеп,Наурыз мерекесінің мәні, онда жасалатын жөн – жоралғылар туралы айтып, сұрақ – жауап арқылы қорытындылау.   Бағалау: Балалар өз көңіл күйлеріне сәйкес келетін жапсырмаларды (смайлик) тақтадағы өз ұяшықтарына жапсырады. Нәтиже: Білуі:Жыл мезгілдері, көктем туралы түсініктері бар. 

Түсінуі:Наурыз мерекесінде орындалатын жөн – жоралғылар туралы түсініктері қалыптасты. Үйренуі:Наурыз көженің жеті түрлі дәмнен дайындалатынын білді.

Ұлттық салт-дәстүр түрлері (ашық сабақ)
Мен және менің жасөспірім балам(дөңгелек үстел)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу