Қасқырша ұлыған әке
15-07-2022
Бір күні орманда қасқыр мен түлкі келе жатады. Оларға арыстан қарсы жолығады.
-Үшеуміз дос болайық,-дейді оларға арыстан.-Үшеулеп аңауласақ, жеңіл болады, олжамызды да бірдей бөлісеміз. Қасқыр: «жолымның болғанын қарашы! Арыстанмен достасу! Онымен бірге аң аулау! Олжа қандай көп болады десеңші! Ақырында аш қарным бір тоятын болды-ау!» деп ойлайды. Сөйтіп, бірден: Арыстан мырза, сенімен достасқаныма қуаныштымын, — дейді. Түлкі: «Арыстан мырзамен бірге аң аулау? Жоқ, мұндай достықтан жақсылық күтуге болмайды» деп ойлайды.
Қасқырдың құлағына сыбырлайды: Күштінің әлсізбен достасуы әлсіздің пайдасына шешілмейді. Онымен достасудың керегі жоқ, қасқыр. Бірақ қасқыр арыстан мырзамен достасқанды қалайды. Түлкіні де көндіріп, үшеуі аңға бірге шығады. Олар бұғы, теке және қоян ұстайды. Арыстан: Ал олжаны бөлісейік. Қасқыр бөлсін, — дейді. Арыстанның өзіне сенім білдіргеніне қуанған қасқыр: Сен, арыстан мырза, ең үлкен әрі ең күшті аңсың, саған мына бұғы лайық, маған — теке, ал түлкі кішкентай, оған қоян да жарап жатыр, — дейді.
Қасқыр арыстанға жақындап келеді, ол олжаны дұрыс бөлгенім үшін арыстан мырза өзін мақтайды деп ойлайды. Арыстан: Ең үлкен, ең күшті маған тиесілі жалғыз бұғы ғана ма? Мұндайды қайдан үйренгенсің, ақымақ қасқыр? — деп ақырып, қасқырды шеңгелді табанымен бір ұрып, омыртқасын сындырып жібереді. Қасқыр құлап түседі. Енді олжаны сен бөл, — дейді арыстан түлкіге қарап. О, ұлы һәм теңдесі жоқ әміршім, — дейді түлкі, — олжаны бөлетін несі бар? Ол оп-оңай ғой: сенің таңертеңгі тамағың бұғы болады, түскі асыңа теке жарайды, кешкі асыңа қоян қалады… Сен өзі, түлкі шырақ, байқамай жүрсем, ақылды екенсің ғой, — дейді арыстан.
— Мұның бәрін саған кім үйретті? Шамасы, оқытушың бір кемеңгер болды-ау! Менің оқытушым — мына жатқан ақымақ қасқыр, — деп түлкі бұтаның арасына жып етіп кіріп кетеді.