Ер Төстік (ертегі)

Oinet.kz 22-06-2019 1917

maxresdefault (1).jpg

Ерте заманда Ерназар деген кісі болыпты. Ерназардың өзі бай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Матау толған түйелері болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты. Ерназардың сегіз ұлы болыпты. Бір жылы үлкен жұт болып, ел малын алысқа, отарға айдап кетіпті. Ерназардың сегіз ұлы соның ішінде кетіпті. Бір қыстық азығын алып, кемпірі мен Ерназар үйінде калыпты. Ерназардыц сегіз ұлы сол кеткеннен хабарсыз кетеді, айлар өтеді - келмейді, жылдар өтеді – келмейді. Ерназардың азығы таусылады, ашықты, жейтін тамақ таппады. Кемпірімен екеуінің орнынан тұруға әлдері әрең-әрең келеді. 

Бір күні кешке жақын кемпір төсегінен тұрып, үйдің түндігін ашады. Тұруға мұршасы келмей жатқан шал шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түседі. Ерназардың қуанып, есі шығады: 

— Кемпір, сүйінші! Керулі тұрған кер биенің төстігі майлы көрінеді, бол, жылдам асып жіберші,—дейді. 

Сөйтіп, бұлар төстікті қазанға салады. Төстікті асып жеп, шал мен кемпір әлденеді. Ұзамай кемпір жүкті болады. Мезгілі болып, босанады. Бір ұл туады, оның атын Төстік жеген соң біткен бала деп, Төстік кояды. 

Төстік өзгеше бала болып өседі: бір айда бір жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жасөспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізеді. Аң аулап, құс атып, шал әкесі мен кемпір шешесін асырайды. 

Төстік бір күні ауылдың арасында отырған тарғақты садақ пен тартып қалады. Садақ тарғақтың қанатын үзіп кетеді. Тарғақ жығылмай, бір қанатын сабалап қаша береді. Төстік ұстаймын деп қуып жүгіреді. Сөйтіп жүргенде, тарғақ бір кемпірдің өрмегінің үстінен қарғып өтеді. Қуып келе жатқан Төстік те өрмектен секіреді. Сөйткенде Төстіктің бір бақайы өрмекті іліп кетеді. Өрмектің бірсыпыра жібі үзіліп қалады. 

Өрмек тоқып отырған кемпір: «Алда ғана көк шешек-ай! Өрмегімді үзіп кеттің-ау! Ертеден қара кешке бүйтіп, жар қуалап, торғай атқанша, тентіреп жүрген сегіз ағаңды тауып алсаң болмай ма?»— деп қарғап сілейді. 

Төстік кемпірге жауап бере алмай, оның сөзіне қатты қорланады. Әсіресе, «тентіреп кеткен сегіз ағаң» деген сөз оған қатты тиеді. Төстік бұрын ағалары барын есіткен жоқ екен. Әке-шешесі оны Төстікке айтпайды екен. Кемпірге сөз қайыра алмай, Төстік жүгірген бетімен үйіне келеді. Атып әкелген құстарын лақтырып тастап, отыра кетеді. Төстіктің ашулы түрін көріп, шешесі: 

«Саған не болды? Кіммен жанжалдастың?»—деп сұрайды. 

Төстік кемпірдің сөзін түгелімен шешесіне айтады. «Ағаларым қайда? Неге келмейді? Іздеп тауып әкелемін!»— дейді. Шешесі: 

«Қақбас кемпір өтірік айтады. Сенің ағаларың болған жоқ оның сөзіне нанба»,—дейді. Сөйтіп Төстікті нандырып қояды. 

Тағы бір күні Төстік асық ойнап жүріп, әлгі кемпірдің жалғыз баласын жұдырығымен қойып жіберсе, бала өліп қалады. Кемпір Төстікті бұрынғыдан да жаман қарғап-сілейді. 

— Қыршыныңнан қиылғыр, Төстік! Менің жалғыз балама әлің жеткенше, айдалада тентіреп өлген сегіз ағаңның қураған сүйегін тауып алсаң болмай ма?— дейді. 

Кемпірдің сөзі Төстікке ой салады. Шешесінен ағаларын сұрайды. Шешесі айтады: «Сегіз ағаңның бары рас еді, жұт жылы кетіп еді, содан қайтқан жоқ, қайда жүргендерін білмейміз»,—дейді. 

Төстік ағаларын іздеу қамына кіріседі. Кемпір-шалға аң мен құстың етін қақтап үйіп береді де? Төстік жолға шығады. Беліне садақ байланады, қолына темір таяқ алады, аяғына темір етік киеді. Ай жүреді, жыл жүреді, талай елді, талай жерді аралайды. Жолдасы да — садағы, азығы да — садағы, жолында кез келген аңды атып жеп отырады. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағым көтерген бел көрінеді. Өлдім-талдым деп келіп, белге шықса, қарауытқан қалың жылқы көрінеді, жылқының ар жағында ел көрінеді. Жылқыға келсе, жылқының ішінде тігулі тұрған қара қос тұр. Қосқа кірсе, асулы мосы, ілулі бақыр тұр. Бақырдың іші піскен етке толы екен. Төстік етке тойып алады да, елге қарай жүреді. 


Төстіктің келген елі ас беріп жатқан ел екен. «Ағаларымды осы астан іздеп көрейін»,— деп, асқа тігілген қалың үйді жағалай қыдыра бастайды, Арықтаған, азған киімі жыртық-жыртық Төстікті ешкім ескермейді. Жаяу жүрген адамды кім білсін? Сөйтіп келе жатса, табақшылар бір кезде: «Ерназардың сегізіне тарт, Ерназардың сегізіне тарт»,— деп шуылдасып жүр екен. «Ерназардың сегізін көрейін»,— деп үйге кірмек болса, табақшылар Төстікті кейін карай сүйреп, қақпалай береді. «Қайыршы неме, әлі етке тоймадың ба?»—деп жекіріп ұрсады. Төстік оған шыдамай, табақшының біреуін жұдырықпен қойып қалып, мұрттай түсіреді. Жұрт жиналып қалады. 

—Кім керек? Неғып жүрген адамсың?— деп Төстіктен жөн сұрайды. Төстік: 

—Маған Ерназардың сегізі керек – дейді - Адасып кеткен сегіз ағамды іздеп жүрмін,—дейді. Сол арада Ерназардың сегізі жөн сұрасып, Төстікпен жылап-сықтап танысады. Ерназардың сегізі елден адасқаннан кейін жұттан қалған жалғыз күрең биені бағып, содан көп жылқы өсірген екен. Бағанағы көп жылқы солардікі екен. Төстіктен елінің жөнін білген соң, олар да қайтпақ болады. 

Тоғызы тоғыз жағынан шығып, қалың жылқыны айдай бастайды. Бірақ жылқы ұйлығып, бір жақты бет алып жүре алмайды. Қанша айдаса да серпіліп, алғашқы айдаған жеріне қайтып келеді де отырады. Тоғызы жылқыны неше күн айдайды, аяғында жүргізе алмай, жалығады. 

Бір күні Төстік мынадай айла табады: барлық жылкының басы күрең биені ұстап алып, жылқының ортасындағы бір дөңге шығады, биені жығып, төрт буады да, қыл бұрау салып, тақымын бұрайды. Тақымы бұралған соң, бие қатты шыңғырады. Биенің шыңғырған дауысына шұрқырасып қалың жылқы жиналады. Жылқы әбден жиналып болды деген кезде, Төстік биені тұрғызып алады да, жетектей жөнеледі. Сонда қалың жылқы өз беттерімен бұлардың соңынан шұбай береді. Енді ешқайсысы да жылқы айдап әлек болмайды, күрең биені жетектеп жүреді де отырады. Қалың жылқы шұбырып ереді де отырады. Судың тұнығын іше-іше, шөптің сонысын жей-жей, талай асқардан асып, талай шөлді басып, Төстігі бастап, Ерназардың сегізі аман-есен елдеріне келеді. 

Балалары амап-есен келген соң, Ерназар ел жиып, той қылады. Түйеден бура, жылқыдан айғыр, ту бие, қойдан қошқар, құнан қой сойып, қымызын көлдей, етін таудай қылып қояды. Ақсақал, қарасақалын түгел разы қылады. Той тарқағаннан кейін Ерназар тоғыз ұлын аяқтандыру қамына кіріседі. Тоғызына тоғыз келіншек іздейді. Келінінің тоғызын бір үйден таппақ болып, ел қыдырады. Көп елді аралайды. Бірақ Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. 

Сөйтіп, Ерназар күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен бір коңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегесінің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды. Үйдің бәйбішесі Ерназардан: 

— Неге жыладың?—деп сұрайды. 

— Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын; тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын, керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам біреуі кем екен, соған жылап отырмын,—дейді Ерназар. 

— Ендеше, жылама, тағы біреуі бар, әне тұр,— деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді. «Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бір бөлек тұрады»,— деп сырғаны қайтадан орнына іліп қояды. 

Ерназар оған: 

—Сенің сегіз қызың бір төбе, Кенжекейің бір төбе болса, менің сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе еді, Кенжекейің Төстігімдікі болсын—дейді. 

Сөйтіп, Ерназар тоғыз қызға құда түсіп қайтады. 

Ерназар келіндерін алып қайтуға тоғыз ұлымен сапарға шығады, Жолда бұларға перінің қызы Бекторы кездеседі, ол Төстікті көріп ғашық болады. Төстікті Кенжекейден айырып алу ниетіне кіріседі. 

Ерназар тоғыз ұлымен Кенжекейдің ауылына барып, көп уақыт жатады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын істетіп, келіндерін алып, еліне қайтпақшы болады. 

Кенжекейдің әкесі қыздарына түгел енші беріп, көп жасаумен ұзатады. Сонда Кенжекей әкесінің берген еншісіне — мінгізген ат, арттырған түйе, тарттырған жасауына разы болмайды. «Әкем маған жылқыдан Шалқұйрық атты берсін, жасаудан Ақсырмалды сауытты берсін, түйеден Құба інгенді берсін»,—дейді. 

Кенжекейдің әкесі қызына ашуланып, кісісін қайта жібереді: 

— Қызыма айта бар, Ерназардың байлығы оған жетеді. Шалқұйрық атты сұрағаны несі? Шалқұйрық жылқымның құты, құтқа қыз ие болған жер бар ма екен? Құба інген түйемнің басы, түйемнің басын сұрағаны несі, қызда ондай түйе артар бар ма екен? Ақсырмалды сауыт атадан ұлға қалатын мұра, мені қызым қу бас дегені ме? Қызым өйтіп жаулығын білдірмесін,— дейді. 

Кенжекей әкесіне қайта кісі салыпты; «Шалқұйрыкты сұрағаным, ерге лайық ат еді, ер мінсін деп едім; Құба інгенді сұрағаным, ер қосын артсын деп едім; Ақсырмалды сауытты сұрағаным, Ер Төстік ер еді, сол ер кисін деп едім»,— депті. 

Әкесі Кенжекейдің сөзінен жеңіліп, сұрағандарын беріпті. «Қызыма сәлем айт, Сорқұдықтың басына көшін қондырмасын, қондырса кесір болады»,— депті. 

Сонымен Ерназар келіндерін алып қайта береді. Бір күні көші жар басында тігулі тұрған жарты лашыққа кездеседі. Бұл перінің қызы Бекторының лашығы екен. Көш тұсынан өтіп бара жатқан кезде лашығынан шығып, шайқақтап, перінің қызы Бекторы мынаны сөйлейді: 

Сүйген жарың Ер Төстік, 

Құтты болсын, Кенжекей! 

Мінген де атың Шалқұйрық, 

Құтты болсын, Кенжекей! 

Артқан да түйең Құба інген, 

Құтты болсын, Кенжекей! 

Киген де сауытың Ақсырмал, 

Құтты болсын, Кенжекей! 

Жар басында демесең, 

Жарты лашық демесең, 

Біздің үйге түсе кет, 

Көбікті саумал іше кет,—дейді. 

Перінің, қызы Бекторының тиісе сөйлегенін жақтырмай Кенжекей мынадай жауап береді: 

Перінің кызы Бекторы, 

Шайпау сөзің қой, Торы. 

Сүйген де жарым Ер Төстік, 

Өз жарымды сүйемін, 

Мінген де атым Шалқұйрық, 

Өз атымды мінемін. 

Артқан да түйем Құба інген, 

Өз түйеме артамын. 

Киген де сауытым Ақсырмал, 

Өз сауытым киемін, 

Жар басында демейін, 

Жарты лашық демеймін, 

Қайтсең де үйіңе түспеймін, 

Бал берсең де ішеймін. 

Перінің қызы Бекторы, 

Шайпау сөзің қой, Торы! 

Осылай деп Бекторының бетін қайтарып тастайды. «Қап, бәлем, Кенжекей саған қылармын» - деп Бекторы тісін қайрап қала берді. 

Көш бетімен тарта берді. Бір күні Сорқұдықтың басына келіп жетеді. Кенжекей атасына кісі жіберіп «Атам бұл құдыққа қонбасын ырымы жаман жер»,— деп айтқызады «Келінім келмей жатып, менің қонысымды билейін деген екен»,— деп Ерназар болмастан әлгі жерге қонады. 

Көш қонысымен, Кенжекей басқа келіндерінен үйді бұрын тігіп жібереді де, атасын қонақ қылады. Кенжекейдің аяулы екенін Ерназар сол арада біледі «Келінім ақылды екен, тілін бекер алмаған екем»,—деп өкінеді. 

Сол күні тұман болады Кенжекей өз әкесінің айтқаны ойына түсіп, кірпігін ілмей жатады. Ерте тұрып қараса, Құба інген жоқ. «Құба інген жоқ»— деп атасына хабар береді. 

Ерназар ат ерттеп мініп, Құба інгенді айнала қарап жүрсе анадай жерде тұрган Құба інген көрінеді. Қасына келсе, бұйдасы бір көкпекке оралып қалған екен. Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде бір жарбиған жаман кемпір отыр. 

—Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші,—дейді Ерназар. 

Кемпір сонда: 

—Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын, шырағым. Әперуге әлім жоқ нашар адаммын,—деп мүләйімсиді. 

Кемпірдің сөзіне нанып, бұйданы іліп алайын деп еңкейе бергенде, Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді. Ерназарда тапжылуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып байқап еді болатын көрінбейді, кемпір қысып әкетіп барады. Ерназардың мойны үзіліп буынып барады, шыбын жаны шығып барады. 

Ерназардың «қоя бер» дегеніне кемпір қоя беруші болмады. Өлетін болған соң Ерназар жалына бастады: 

—Ағарған сақал ІІІашым бар! Қартайып келген жасым бар! 

Тоғыз келінімді жаңа ғана түсіріп, жаңа ғана қызығын көрейін деп отырмын. Қоя бер мені шешежан,— дейді. 

—Жоқ,-деп кемпір қысып қояды, Ерназардың, жаны шығып барады. 

Тоғыз келін түсіріп, 

Елдей көшіп келемін. 

Толып жатқан жасаудан. 

Тойғаныңша беремін. 

Босат мені шешетай!— дейді. 

—Жоқ,-деп кемпір қысып қояды, Ерназардың, жаны шығып барады. 

Оған разы болмасаң 

Тоғай толған қойым бар, 

Қанша алатын ойың бар? 

Босат мені шешетай!— дейді. 

—Жоқ,-деп кемпір одан сайын қысып қояды, Ерназардың, жаны шығып барады. 

Оған разы болмасаң 

Сауысқандай сақтығы, 

Жұмыртқадай ақтығы, 

Желбіреген желегі 

Жаңа түсіп келеді 

Сегізінен бір дана, 

Ақылы асқан ол дана 

Кіші келінім Кенжекей, 

О да болсын сенікі, 

Бір әділ жан менікі, 

Жіберші мені шешеке!— дейді 

—Жоқ,-деп кемпір одан сайын қысып қояды, Ерназардың, жаны шығып барады. 

Оған разы болмасаң 

Сойылдай сегіз ұлым бар, 

Менде қандай құның бар, 

О да болсын сенікі, 

Бір әділ жан менікі 

Жібере көр шешеке!—дейді 

—Жоқ,-деп кемпір қысыңқырап жібергенде, Ерназардың жаны мұрнының ұшына келеді, өлуге аз-ақ қалады. 

Оған разы болмасаң, 

Атамасым атайын, 

Сегізінен бір бөлек 

Жалғызымда қуат боп, 

Жаяуымда қанат боп, 

Пана болған бір кезде 

Ер Төстігім — ең кенжем, 

О да болсын сенікі, 

Бір әділ жан менікі, 

Жіберші мені, шешеке!— дегенде, кемпірдің қолы босанып сала береді. 

— Төстікті маған қалай бересің?—деп сұрайды кемпір. Оған Ерназар айтады: 

— Менің қалтамда Төстіктің садағының ұшын шығаратын егеуі бар. Төстік онсыз жүре алмайды. Мен соны осы араға тастап кетейін. Төстік іздеп келеді, сонда өзің ұстап ал,—дейді. 

Кенжекей мұның бәрін көріп тұрады. Ерназар Құба інгенді алып қайтып келеді, көш жөнеледі, бірнеше күн көшеді. Төстік түнде отауына кірейін десе, отауы ылғи берік болады. Бір күні Төстік жеңгелерін алып, отауына кіреді. Төсегіне жатып еді, Кенжекей болат кездіктің сабын Төстіктің жүрегіне тіреп, ұш жағын өз жүрегіне қояды: 

— Қозғалмай жат, қозғалсаң екеуміз де жарыламыз,— дейді. Төстік мұның себебін сұрайды. Кенжекей: 

—Әкең сені Бекторының жалмауызына беріп кеткен, сен менікі емессің, жалмауыздан біржола құтылып кел,—дейді. 

— Әкем мені жалмауызға неге береді?—дейді ол. Кенжекей: 

— Нанбасаң, әкеңнен егеуінді сұрап көрші,— дейді. Ертеңіне ертемен тұрып Төстік: 

—Егеуімді берші, әке! Мына жақта киік жүр екен, садағымның ұшын шығарайын деп едім,— дейді. 

Ерназар сасыңқырап қалып, қорбаңдап кісесін қараған болады да: 

— Қап, әттеген-ай, қалып қойған екен. Түнеукүні Сорқұдықтың басьгнда, Құба інгенді іздеп барғанда, бір талдың түбіне түсіп, ат шалдырып едім, егеуің сонда түсіп калған екен ғой,— дейді. Сонымен Төстік егеуін іздемек болады, егеуінің 

қалған жері — неше күндік алыс жол. Ерназардың айтуымен Төстік егеуін іздеуге алты аяқты ала атты, жеті аяқты жирен атты мінбек болады. 

Төстік жылқыдан алты аяқты ала атты мініп, жеті аяқты жирен атты жетегіне алып келе жатқанда, алдынан Кенжекей шығып мынаны айтады: 

Сорқұдықтың басына 

Сорға бола қонды атам. 

Жалмауызға жалғызын 

Жанынан қорқып берді атам, 

Жүретұғын жолыңда 

Құлан өтпес шөлі бар, 

Оны да басып өтесің, 

Қыран өтпес қия бар, 

Оны да басып өтесің. 

Алты аяқты ала атың 

Қулык бие құлыны, 

Табанына тас батса, 

Маңдайынан күн өтсе, 

Алты күнге жарамас. 

Жеті аяқты жиренің 

Табанына тас батса, 

Маңдайынан күн өтсе, 

Жеті күнге жарамас. 

Сан жорғаны алмадым, 

Ер аты деп таңдадым. 

Айыл-тұрман әбзелін 

Ертеден бастап сайладым. 

Төстік, саған арнадым, 

Жабы емес қазанат, 

Ер серігі қолғанат 

Шалқұйрықты мін, Төстік! 

Сан жасауын алмадым, 

Саған бола таңдадым, 

Ақсырмалдай сауытты 

Осы жолға ки, Төстік!—деп зарлайды. 

Төстік Кенжекейдің тілін алып, Шалқұйрық атты мінетін болады. Жылқыдан Шалқұйрықты ұстап әкелуге кісі жіберсс, барған кісігс Шалқұйрық ат ұстатпайды, Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, маңайына жан жуытпайды. 

Шалқұйрықты ұстауға Төстіктің өзі келеді. Шалқұйрық Төстікке өзі келеді. Шалқұйрық Төстіктен қашпайды. Қолын созса, тырп етпей тұрып, жүгенге басын өзі ұсынады. 

Төстік жүрерде Кенжекей Құба інгенді бураға шөгереді. «Не Төстік өлді деген күні ботала, не Төстік келді деген күні ботала» деп, серт қылады. Өзі белін он екі құлаш торғын орамалмен тартады. «Не Төстік өлді деген күні, не Төстік келді деген күні шешіл» деп, серт қылады. 

Төстік жолға шығады. Төстік аулынан ұзап шыққан соң, Шалқұйрық атқа тіл бітеді. 

—Төстік батыр, енді екеуміздің жанымыз бір, қандай пәле болса да бірдей көреміз. Менің мына айтқан сөздерім есіңде болсын. Егеуіңнің қасында жалмауыз кемпір сені күтіп отыр, сен егеуіңді ала бергенде ұстап алмақ. Егеуге жақындаған кезде кемпірді алдайтын бір ақыл тауып ал. Кемпір алдана бергенде, 

мен бетегеден биік, жусаннан аласа бола берейін, сол кезде сен егеуді іліп ал да жөнел, артыңа қараушы болма,—дейді. 

Көп уакыт жол жүргеннен кейін, Төстік егеу жатқан жерге келеді. Келсе, егеудің қасында кемпір отыр. Ер Төстік жақындай түсіп: «Шеше, шеше, артыңдағы қыздардың бәрі өзіңдікі ме?»—дейді. Сонда кемпір артына жалт қарайды, Сол мезгілде Шалқұйрық бетегеден биік, жусаннан аласа бола береді. Төстік егеуді іліп алып жөнеледі. 

Сонда кемпір: «Сен бе едің, Төстік, алдаған? Сені ме, Төстік, қап, бәлем!»— деп тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, шашы жалпылдап, көзі жарқылдап, тістері сартылдап, қатты сасып, егегін басып Төстікті қуа жөнеледі. 

Төстік қашып келеді. Кемпір қуып келеді. Бір мезгілде тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақтай жауады. Шалқұйрықтың құйрығына қазандай қара тас орала кетеді. Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай, қара жер қақ айрылады. Шалқұйрық пен Ер Төстік жер астына түсіп кетеді. 

Сол кезде Шалқұйрыққа тіл бітеді: 

—Біз енді жер астына түстік, бізге бұдан былай жер астының елі жолығады. Біраз жүрген соң, жылан Бапы ханның ордасна келеміз. Жылан Бапыханның ордасына келгенімізде, мені алысқа қойып, өзің ордаға кіресің. Ордаға кіргеніңде есіңде болсын, үйге кіргеніңде екі босағадан екі қара шұбар жылан ысылдап тұра келеді, олардан сескенуші болма, жылан Бапы ханның есігін күзеткен құралдары. Төр алдына бара бергеніңде, екі сұр жылан ысылдап келеді де, екеуі де екі жеңіңнен кіреді, қойныңнан шығады, қойныңа кіреді, қонышыңнан шығады. Бұлар жылан Бапы ханның ұлы мен қызы болады. Төрге отыра бергенінде, дәу екі сары жылан ысылдап тұра келеді, одан да сескенбе. Бұлар — жылан Бапы ханның өзі мен әйелі. Егерде бұлардан сескенсең, сені Ер Төстік демейді, жер асты еліне қадіріміз болмайды, жер үстіне жол тауып шыға алмай қаламыз,—дейді. 

Біраз жер жүрген соң, Шалқұйрық айтқандай, жылан Бапы ханның ордасы көрінеді. Төстік Шалқұйрықты анадай жерге қойып, сәлем беріп, үйге кіреді. Екі босағадағы екі қара шұбар жылан ысылдап тұра келеді. Төстік одан сескенбейді. Төр алдына бара бергенде екі сұр жылан ысылдап келіп, Төстіктің жеңінен кіріп, қойнынан шығады, қойнынан кіріп, қонышынан шығады. Төстік олардан да сескенбейді. Төрге барып отыра бергенде, төсектен екі дәу жылан ысылдап көтеріледі. Төстік олардан да сескенбейді, төрге шығып отыра береді. 

Бір мезгілде төсектегі екі сары жыланның бірі үлкен кісі болады да, бірі соның бәйбішесі болады. 

—Жақсы келдің, Ер Төстік! Жер астындағы ел де сені ренжітпейді,—дейді. 

Екі сұр жыланның бірі әдемі жігіт, бірі әдемі кыз болып кетеді. Одар да: 

—Жер үстінің Ер Төстігі, жер астына жақсы келдіңіз. Жер астының алыптары, өнерпаздары сенің шылауыңда болады,— дейді. 

Босағадағы екі қара жылан екі қара құл болып кетеді. Төстіктің алдына келіп, қол қусырып тұрады. 

Төстік жылан Бапы ханның елінде ұзақ уақыт тұрады. Жылан Бапы ханның Темір хан деген араз ханы бар екен. Темір ханның қызын жылан Бапы хан сұрап, неше рет жіберсе де, Темір хан қызын бермей қойған екен. Жылан Бапы хан Төстікті соған жұмсайды. Темір ханның қызын әкеп берсе, Төстікке өз қызын беретін болып уәде қылады. 

Төстік жылан Бапы ханға Темір ханның қызын әкеп бермек болып, жолға шығады. Темір ханның елі жеті айлық жол екен. Төстік елсізбен келе жатса, алдында бір адам көрінеді. «Бұл не қылған адам»,— деп абайласа, әлгі адам ағаштың басында отырған екі сауысқаннын құйрығын білдірмей жұлып алады да білдірмеген бойымен бірінің құйрығын біріне қондыра қояды. Сауысқандар мұны түк сезер емес. 

«О, неғып жүргсн жансың?»— деп Төстік қасына жетіп келеді. 

«Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түсті дегенге, соған жолдас болайын деп жолын тосып жүрген адам едім»,— дейді әлгі кісі. 

«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?»— дейді Төстік. 

«Алғанды адамға сездірмейтін асқан епті едім. Жан-жануардың сағы сауысқан болса, құйрықтарын ұрлап алып, бірінің құйрығын біріне кигізгенімді жаңағыдай сезбей қалады»,— дейді кісі. 

«Жарайды. Ендеше сол іздеген Төстігің мен боламын»,— дейді Төстік. 

Екеуі жүріп келеді. Тағы елсізбен келе жатса, жолдарында бір адам көрінеді. «Неғып жүрген адам?»— деп байқаса, киіктерді матап жүрген адам екен. Екі аяғына байлап алған қазандай екі қаратасы бар. «Сол тастарыммен жүріп, қашқан киіктерден ағып өтіп кетпей, дәл жетіп ұстаймын. Желаяқ деген жүйрікпін»,—дейді кісі: «Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түсті дегенге, соған жолдас болайын деп жолын тосып жүрген адам едім». 

«Жарайды, ендеше осы іздеген Төстігің мен боламын»,— дейді Төстік. 

Сөйтіп, үшеу болып жүріп кетеді. Бұлар келе жатса, бірталай күннен кейін елсізде тағы бір адам көрінеді. «Не қылған адам екен?»— деп байқаса, әлгі кісі жерге біресе оң құлағын төсейді, біресе сол құлағын төсейді, жер астынан бір нәрсе тыңдаған сияқты болады. 

«О, неғып жүрген адамсың?»— деп үшеуі қасына жетіп келеді. 

«Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соның жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын»,— дейді кісі. 

«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?»— дейді Төстік. 

«Жер астының атақты тыңшысымын, қандай жасырын әңгіме болса да тыңдап біліп аламын, менен жасырын сыр болмайды. Алыстағыны, жақындағыны түгел есітетін Саққұлақ деген ер мен боламын»,—дейді. 

«Жарайды, ендеше, іздеген Төстігің мен боламын»,— дейді Ер Төстік. 

Сөйтіп, төртеу болып жүріп кетеді. Бұлар елсіз түзде келе жатса, алыста бір тау көрінеді, ол таудың үстіне тағы бір тау шыққандай болады. Жақындап келіп қараса, бір адам тауды олай да көтеріп қояды, бұлай да көтеріп қояды. Бір тауды көтеріп бір таудың үстіне кояды. 

«О, неғып жүрген адамсың?»— деп, Төстік қасына жетіп келеді. 

«Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соның жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын»,— дейді кісі. 

«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?»— дейді Төстік. 

«Жұрттан асқан алыппын, жердің үстінде де, астында да маған шақ келетін адам жоқ, қайратым ішіме сыймаған соң, тауларды көтеріп ермек қыламын, Таусоғар деген ермін»,— дейді кісі. 

«Жарайды. Іздеген Төстігің мен боламын»,—дейді Төстік. 

Бесеу болып жүріп келеді. Бұлар жапан далада жүріп келе жатса, бір үлкен көл көрінеді. Көлдің суы айтқанша суалып, жоқ болып кетеді де, айтқанша шарасынан асып, ернеуі толып кетеді. Ер Төстік жолдастарымен мұның мәнісіне түсіне алмайды. «Бұл су қайдан келіп, қайда кетіп жатыр»,— деп айнала іздейді. Сөйтсе, қамыстың арасында біреу отыр, көлдің суын ұрттап қалса жоқ болады, аузынан төгіп жіберсе, шарасынан асып су қайта толып кетеді. 

«О, неғып отырған адамсың?»— деп, Төстік жанына жетіп келеді. 

«Жердің үстіндегі Төстік жер астына түсті деген соң, жолдас болып ерейін деп, жолын тосып жүрген адаммын»,— дейді әлгі кісі. 

«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар?»—дейді Ер Төстік. 

«Жер-жаһанда бар нәрсенің мешкейімін. Маған бұл жалғанда тойым жоқ. Бір көлдің суы қарныма түк болмайды, қанша үлкен дария болса да, бір-ақ ұрттаймын. Көлтауысар деген ер боламын»,— дейді кісі. 

«Жарайды. Ендеше, сол іздеген Төстігің мен боламын»,— дейді Төстік. 

Алтау болып жүріп кетеді. Көп уақыт жол жүргеннен кейін бұларға бір оба көрінеді. Жақындаса, обаның басында жалпиған бір адам отыр. 

«О, неғып жүрген адамсың?»— дейді оған Төстік. 

— Жердін үстіндегі Төстік жердің астына түскенін, жылан Бапы ханға келіп, оның қорқытқанынан қорықпастан төріне шыққанын, одан Темір ханның елін іздеп шыққанын, жолында жер астының өнерпаздарын жинап келе жатқанын көрген соң, соған жолдас болайын деп, жолын тосып отырмын,—дейді. 

«Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді?»— дейді Төстік. 

«Жер астының қырағысымын. Төстік, сенің не күйге ұшырағаныңның бәрін көріп отырмын. Бар өнерім қырағылық, жердің асты-үстінде менің көзіме қағыс жер жоқ, қандай нәрсе болса да, анықтап қарасам, бәрін де көремін»,—дейді кісі. 

«Жарайды, ендеше менің жолдасым бол»,—дейді Төстік. 

Жетеу болып жүріп кетеді, бұлар жеті ай жол жүріп, Темір Хан елінің отырған жеріне келсе, Темір хан елінің жұрты жатыр. Төстіктің келе жатқанын естіп, көшіп кетіп қалған екен. Саққұлак тыңдап көрсе, адам баспас деген жерге қонып жатқан хабары естіледі. Қырағы көз жіберіп еді, алты таудың ар жағында, жеті көлдің желкесіндегі жалпақ жартастың астына барып тығылған екен. 

Таусоғар жолдағы тауларды орнынан алып, көшіріп қоя салады. Көлжұтқыш көлдерді ұрттап суалта салады. Ер Төстік жолдастарымен көзді ашып-жұмғанша Темір ханның аулына жетіп келеді. 

Бұлар келсе, Темір ханның қызын Кеще хан алмақ болып жатыр екен. Ер Төстік келген сон, Темір хан екі жағына да кісі салып: «Қызымды, қайсысының өнері асса, соған беремін»,—деп айтқызады. Той қылып, ел жинайды, екі жақтың өнерін көруге жер астының қарайған халқының бәрі жиналады. Кеще ханның қалың малға әкелген қора-қора қойының, қатарлы түйесінің, үйір-үйір жылқысының бәрі де тойға сойылады. Ер Төстік жолдастарымен бір үйде отырады. Бұларды тойғызамын деп, қанша ет әкелсе де жетпейді. Тойға арналған тамақтың бәрін де Көлтауысар жеп қояды. Тіпті тойғыза алмайтын болған соң, Темір хан мен Кеще хан бірігіп, бір амал табады. Төстіктердің тамағына у салып бермек болады. Саққұлақ мұны естіп отырады да, Төстікке айтады Төстік ұрысып, тамақты қайтарып жібереді. Төстіктердің табағына салынған уды білдірместен Кеще ханнын нөкерлерінің табағына салып жібереді. Кеще ханның нөкерлері қырылып қалады Бұдан жеңілген соң Темір хан ат шабысына түседі. Өзінің бар жүйрігін бәйгеге қосады. Ер Төстік Шалқұйрықты даярлайды. 

Қарақшының түбіне келген соң, Шалқұйрыққа тіл бітеді 

«Егер атты өте алысқа айдаса, менің шабысым да өте жылдам болады. Үш күн шапсам бүйірім қызып, өзімді тоқтатуға шамам келмей, кетіп қалуым мүмкін. Мен келе жатқан алдымнан арқан керіп қой. Арқан үш қабат болсын, бір қабаты кендірден болсын. Үш қабат арқанның үшеуі де үзілсе, мен саған жоқпын, ағынымды тоқтата алмай кеткенім, үшеуі де үзілмесе, мен жығылып өлемін, ондада саған жоқпын. Егер арқан жартылай үзілсе, мен тоқтаймын, жығылып қалсам да жаным қайтадан кіреді, күдер үзбе»,—дейді 

«Ер Төстіктің жалғыз шолағы бір жерде зорығып қалсыншы»— деп Темір хан атты бір жұмалық жерге айдатады. 

Балуан күресі басталады. Таусоғарға балуан шақ келмейді. Жер астының алыптарының бәрі жығылып бітеді. Күресуге кісі шықпаған соң Таусоғар бір тауды көтеріп алып жұртқа күшін көрсетеді. Темір хан мен Кеще хан қатты сасып: 

«Тауды біз жаққа қоя көрмесін»—деп Төстікке жалынады. 

Төстік тауды орнына қойғызады. Бір жеті өткен соң, бәйге аттары қайтып оралады. Жұрт қарақшының түбінен аттарын күтеді. Бір мезгілде алыстан бір шаң көрінеді, шаңның ішінен жақындай келе, бір қара көрінеді, Шалқұйрық екенін танып, Ер Төстік үш қабат арқан кереді. Шалқұйрық құйынша заулаған бетімен арқанға келіп жоқ болады. Қараса, Шалқұйрық жығылған екен, арқанның екі қабаты үзіліп, бір қабаты қалған екен, Шалқұйрық талып түседі Сонда Төстік: 

Сорқұдықтың басына 

Сорға бола қонды әкем 

Жанынан қорқып кемпірге, 

Егеуімді берді әкем 

Жүретұғын жолымда 

Құлан өтпес жол болды 

Асқар-асқар тауменен 

Шексіз дария көл болды 

Қулық бие құлыны — 

Алты аяқты аланы 

«Жарамайды, жабы» деп, 

Міндірмеген Кенжекей 

Кәрі бие құлыны — 

Жеті аяқты жиренді, 

«Жарамайтын жабы» деп, 

Міндірмеген Кенжекей 

Сан жорғаны алмаған, 

Ер аты деп тандаған, 

Айыл-тұрман әбзелін 

Ертеден қамдап сайлаған, 

Кенжекей сынды арудың 

Қалмасын деп көңілі, 

Міндім сені, Шалқұйрық 

Жалғыз өзім қос артып, 

Жапан түзге жол артып, 

Жалмауызға шыққанда, 

Тіл бітті саған, Шалқұйрық! 

Жалмауызға келгенде, 

Егеуді ала бергенде, 

Бетегеден биіктеп, 

Аласарып жусаннан, 

Ептейлендің, Шалқұйрық! 

Егеуді ала қашқанда, 

Жалмауыздан сасқанда, 

Таулар ұшып қаңбақтай, 

Тасы борап бұршақтай, 

Қазандай дәу қара тас, 

Құйрығыңа оралып, 

Жерге де кірдің, Шалқұйрық! 

Жылан Бапы жеріне, 

Жер астының еліне 

Шыға келген мезгілде 

Тіл бітті саған, Шалқұйрық! 

Жөн білдірдің еріңе 

Жаяуымда қанат болған Шалқұйрық! 

Жалғызымда жолдас болған Шалқұйрық! 

Сасқанымда ақылым болған Шалқұйрық! 

Үш жаның бар еді, екеуі шықса да бірі қалған шығар, тұр Шалқұйрық. Тіріл, Шалқұйрық!»—депті. 

Сол уақытта Шалқұйрыққа жан бітіп, оқыранып түрегеледі. Басқа аттар бірнеше күннен кейін келеді. 

Темір хан мен Кеще хан балуан және ат бәйгесінен жеңіліп, не қыларын білмей сасады. «Енді жаяу жарысқа салып көрейік»,— дейді. 

Жаяу жарысты бір күндік жерден жібермек болады. Ер Төстік Желаяқты қосады. Жүйріктер бір күн жүріп барып, барған жеріне қонып, ертеңіне ертемен жарысып қайтпақ болады. Темір хан жүгіргіштердің ішіне бір мыстан кемпірді қоса жіберген екен. Барып қонған жерінде сол мыстан Желаяққа: 

«Шырағым, шаршадың ғой. Басыңның битін қарап берейін, деміңді алып ұйықта, жарысарда өзім оятамын»,— деп оны алдап ұйықтатып тастайды. 

Желаяқ мыстан кемпірдің сөзіне нанып қаннен-қаперсіз ұйықтап жата береді. 

Бір мезгілде оянса, шекесінен күн өтіп барады. Түс болып қалған екен, жүгіргіштер әлдеқашан кетіп қалыпты. Кемпірдің алдағанын біліп, Желаяқ санын бір-ақ соғып, тұра жөнеледі. Жерден бір уыс топырақты ала жөнеледі. Құстай ұшып, құйындай ұйытқып келе жатса, жаяулар да қазықшыға жақындап қалған екен, ең алдында мыстан кемпір бара жатыр екен. Желаяқ өте беріп уысындагы топырақты кемпірдің көзіне шашып кетеді. «Алда ғана көк шешек-ай, мықтадың-ау!»— деп, кемпір көзін уқалап қала береді. Сүйтіп, жаяу бәйгесінде де Ер Төстік жеңеді. 

Темір хан енді қайтадан той жасап, қызын Жылан Бапы ханға ұзатпақ болады, Темір ханның ернеуі қырық құлаш үлкен қазаны терең көлге түсіп кеткен екен. «Нағыз ер болса, соны алып берсін»,— деп, ол Ер Төстікке кісі салады. 

«Көлдің суын құрт!» - деп, Төстік Көлтауысарлы жұмсап еді, қанша ұрттаса да, көлдің суы Көлтауысардың ұртына сыймайды. Судың үштен бірі қалғанда Көлтауысардың ұрты суға толып бітеді. 

Сонда Шалқұйрыққа тіл бітіп: «Казанды мен сүңгіп алып шығамын»,—деп рұқсат сұрайды. Ер Төстік рұқсат етеді. Шалқұйрық: 

«Мен суға суңгігенде, ақ көбік шықса жақсы болғаны, қуана бер, аман-есен қазанды алып шыққаным. Қызыл көбік көрінсе жаман болғаны, алып шыға алмай, су астында қалып қойғаным»,—дейді 

Шалқұйрық суға сүңгіп кетеді. Көпке дейін еш нәрсе білінбейді. Бір мезгілде ақ көбік көрінеді. Ер Төстік қуанады. Оның артынан ұзамай, қызыл көбік көрінеді. Ер Төстік шошыып, зарлана бастайды: 

Сорқұдықтың басына 

Сорға бола қонды әкем 

Жанынан қорқып кемпірге, 

Егеуімді берді әкем 

Жүретұғын жолымда 

Құлан өтпес жол болды 

Асқар-асқар тауменен 

Шексіз дария көл болды 

Қулық бие құлыны — 

Алты аяқты аланы 

«Жарамайды, жабы» деп, 

Міндірмеген Кенжекей 

Кәрі бие құлыны — 

Жеті аяқты жиренді, 

«Жарамайтын жабы» деп, 

Міндірмеген Кенжекей 

Сан жорғаны алмаған, 

Ер аты деп тандаған, 

Айыл-тұрман әбзелін 

Ертеден қамдап сайлаған, 

Кенжекей сынды арудың 

Қалмасын деп көңілі, 

Міндім сені, Шалқұйрық 

Жалғыз өзім қос артып, 

Жапан түзге жол артып, 

Жалмауызға шыққанда, 

Тіл бітті саған, Шалқұйрық! 

Жалмауызға келгенде, 

Егеуді ала бергенде, 

Бетегеден биіктеп, 

Аласарып жусаннан, 

Ептейлендің, Шалқұйрық! 

Егеуді ала қашқанда, 

Жалмауыздан сасқанда, 

Таулар ұшып қаңбақтай, 

Тасы борап бұршақтай, 

Қазандай дәу қара тас, 

Құйрығыңа оралып, 

Жерге де кірдің, Шалқұйрық! 

Жылан Бапы жеріне, 

Жер астының еліне 

Шыға келген мезгілде 

Тіл бітті саған, Шалқұйрық! 

Жөн білдірдің еріңе 

Жаяуымда қанат болған Шалқұйрық! 

Жалғызымда жолдас болған Шалқұйрық! 

Сасқанымда ақылым болған Шалқұйрық! 

Үш жаның бар еді, екеуі шықса да бірі қалған шығар, тұр Шалқұйрық. Су астынан шық Шалқұйрық! - дейді. 

Ер Төстік зарланып тұрғанда, Шалқұйрық дәу қара қазанды құйрығына байлап, су үстіне шыға келеді. Шалқұйрыққа тіл бітіп сөйлейді: 

—Су өте терең екен, түбіне зорға жеттім, қазанды зорға таптым. Сонда ақ көбік шықты. Қазанды көтеріп шығу қиын болды, тістеп едім, шығара алмадым. Сонда қызыл көбік шықты. Құйрығымды ұзартып, қазанды байлап алып, зорға шықтым,— 

дейді. 

Шалқұйрықтың аман-есен шыққанына Темір хан елі қатты күйіністі. Темір хан Ер Төстіктерге арнап үлкен сарай салдырып, құдаларды сонда кіргізді. Құдалардың кіруі-ақ мұң екен, есік сарт етіп жабылып қалды. Сарай тұтас темірден салынған екен. Аузын мықтап құлыптап тастап, сыртынан тау-тау қылып, отын үйеді де, от жағып өртей бастайды. Сарай қызуға айналды. Сарай ішіндегі Төстік жолдастарымен күйетін болды. Таусоғар орнынан тұрады да, сарайдың есігін теуіп жібереді. Есік шалқасынан түседі. Көлтауысардың бір ұртында бір көлдің суы бар екен, бүркіп жібергенде, айналасындағы өрттің бәрін сөндіріп тастайды. 

Темір хан мен Кеще ханның айласы әбден құриды. Ер Төстікке қызын қосып беріп, жылан Бапы ханның еліне қарай шығарып салады. Сөйтіп, Ер Төстік жылан Бапы ханға қайтады. Қайтып келе жатқанда, жолдан ерген алты жолдастарынын бәрі де өздерінің жерлерінен әрі жүрмейді. «Бұдан әрі баруға біздерге жол жоқ»,—деп, олар Ер Төстікпен қоштасып қала береді. 

Ұзақ жүріп, Ер Төстік жылан Бапы ханның еліне келеді. Айтқанын істеп келген соң, ол Ер Төстікке өте риза болады, өзінің қызын береді, және: «Не қалайсың?»—деп, Төстіктен сұрайды. Төстік: 

—Жер үстіне шығамын, еліме қайтқым келеді,— дейді. Жылан Бапы хан Төстіктің тілегін орындап, қызын беріп және жанына қаншама жолдас қосып беріп, жер үстіне шығатын есікке қарай шығарып салып, қош айтысып кала береді. 

Жер үстіне шығатын есікке дейін алты айлық жол екен. Жолдың ауырлығына шыдамай, жылан Бапы ханның қызы және жолдастарының бәрі қырылып қалады. Күңке деген бір күңі мен Шалқұйрық, Ер Төстік үшеуі аман қалады. 

Үшеуі шаршап бір бұлақтың басына келіп жатады. Бүлақтың басында бір үлкен бәйтерек тұрады. Бір мезгілде сол бәйтеректің басынан шуылдаған ащы дауыс естіледі. Қараса, шуылдаған балапандар екен, бұларды жеуге бір айдаһар жоғары өрмелеп бара жатыр екен. 

Ер Төстік садағын алады да, өрмелеп бара жатқан айдаһардың екі көзінің арасынан дәлдеп тартып қалады, айдаһар жерге сылқ ете түседі. Айдаһардың жерге құлап қалғанын көрген соң, балапандар шуылын тоқтатады. Ер Төстік жайланып ұйқыға кіріседі. 

Ер Төстік бір дауыстан шошып оянса, қатты дауыл тұрған екен, дауылдың артынан бұршақ аралас жаңбыр жауады, жаңбырмен қабат суылдаған дауыс естіледі, соның артынан ұзамай-ақ бір дәу қара құс көрінеді, Дәу қара құс суылдаған бетімен бәйтерекке келіп қонғанда, бәйтерек майысып, сынып қала жаздайды. 

Бұл дәу қара құс — самұрық екен. Самұрықтың үлкендігі сондай, жайып жібергенде бір қанатының өзі бір айлық жерді алып кетеді екен. 

Қонысымен самұрық бәйтеректің түбіндегі Ер Төстікті бүругс тап береді, бірақ балапандары шыр-шыр еткен соң тоқтайды. 

Самұрықтың екі басы бар екен: бір басы адамдікіндей, бір басы құстыкіндей екен. Самұрықтың адам басы Төстікке тіл қатады. 

—Ей, адам, бұл жерге не жұмыспен келдің? Менің балапандарымды аулай келдің бе? Бұл жерді адам басқан емес, бұл менің мекенім,— дейді. 

Оған Ер Төстік: 

—Мен жер үстінің Ер Төстігі едім, сенің мекеніңе адасып келдім, балапандарыңа қастық ойлаған жоқпын, ана жатқан айдаһардан айырып алдым. Нанбасаң, өздерінен сұра,— дейді. 

Балапандар Ер Төстіктің көрсеткен жақсылығын жасырмай айтып береді. Сол арада алып қарақұс ЕрТөстіктің аяғына жығылып, онымен айрылмас дос болады. 

Алып қара кұс жылына бір-ақ балапандайды екен. Содан кейін балапандарына жем іздеп алысқа кетіп, бір айда бір-ақ қайтуға мұршасы келіп жүреді екен. Алып қара құстың сол кеткеннін аңдып жүріп, сол маңдағы бір айдаһар жыл сайын балапандарын жеп кетеді екен. Алып қара құс содан запы болып, қайтқанда осылай жылап қайтады екен. 

Бағанагы дауыл — асығып ұшқанда алып құстың қанатынан тұрған жел екен, жаңбыр — соның жылаған көзінін, жасы екен. Өзі жем іздеген сапарынан қайтқанда балапандарын аман көргені осы жолы-ақ екен. 

Алып қара құс Ер Төстікпен дос болған сон: «Не қалайсың?»—деп сұрайды. 

Ер Төстік басынан кешкен әңгімесінің бәрін айта келіп, адасып жүргенін, енді жер үстіне шыққысы келетінін айтады. 

Алып қара құс Ер Төстікті қанатына мінгізіп, ұшып тар тесіктен өткізіп, жер үстіне шығарады. Қоштасарында Төстікке бір тал қауырсынын үзіп береді: «Денемдегі ерекше қасиеті бар жалғыз тал қауырсыным осы еді. Қысылған жеріңде, осы қауырсынды тұтатсаң даяр боламын, қандай қысымшылықта болсаң да құтқарып аламын. Егерде оны жоғалтып алсаң, менен жәрдем күтпе»,— дейді. 

Жер үстіне шыққан соң, Ер Төстік күннің қызуына балқып, ауыр ұйқыға кетеді, еш нәрседен кауіпсіз жата береді. 

Ер Төстікті жалмауыз кемпір ұстай алмай қалған соң, перінің қызы Бекторы ашуланып, кемпірді буындырып өлтірген екен. Кемпірден Шойынқұлақ деген бала калған екен. Бекторы оған Ер Төстіктің шығар жерін күзеттіріп қояды. 

«Ер Төстік жер астында қалмайды, жердің бетіне қашан да болса, әйтеуір, бір шығады, сол шыққанын аңдып отырып, ұстап ал. Егер ұстай алмай қалсаң, менен жақсылық күтпейсің»,— дейді. 

Шойынқұлақ содан бері Ер Төстікті күзетумен болған екен. Жер үстіне шығып, ұйықтап жатқан Төстікті ұстап, қол-аяғын байлап алып, Бекторыға әкеліп береді. Ер Төстікті терең зынданға салып тастайды да, Күңкені Шойынқұлаққа қосады. Шалқұйрықты бекітіп ұстайды. 

Сонымен Ер Төстік ұзақ уақыт зынданда қалып қояды, Шойынқұлақтан жүкті болып, Күңке бір бала тауып алады. Шойынқұлақ Шалқұйрықты мініп аң аулайды. 

Шалқұйрықты бекітуге тұсау шақ келмейді. 

Бір күні Шойынқұлақ аңнан қайтып, Шалқұйрыққа тұсау таба алмаған соң, оны өзінің қырық құлаш қайыс белбеуімен тұсайды. Қайыс белбеудің бір жағы шешіліп кетеді. Аяғы босаған соң, Шалқұйрық шауып отырып, Төстік жаткан құдықтың басына келіп, тұяғымен жер тарпып тұрады. Сөйткенде, белбеу Ер Төстіктің жатқан құдығына түсіп кетеді. 

Белбеуінде Шойынқұлақтың шақпағы бар екен. Төстік сол шақпақпен алып қара құс берген қауырсынды тұтатады. Қауырсын тұтасымен-ақ алып қара құс жетіп келеді, қанатына мінгізіп құдықтан шығарады, қол-аяғын шешіп береді. 

«Қолымнан келген жақсылығым осы, досым, Шойынқұлаққа әлім келмейді. Себебі, оның жаны өзінде болмайды, жанын ол ешкімге білдірмей, өзінен бөлек бір жерде сақтайды. Қайтсең де соның жанын тауып ал, жанын таппасаң құтыла алмайсың»,— дейді де, қоштасып кетіп қалады. 

Төстік Шалқұйрыққа мініп, Шойынқұлақтың үйіне келеді. Келсе, Шойынқұлақ Шалқұйрықты іздеп кеткен екен. Күңке Төстіккс жылап көріседі, көрген қорлықтарының бәрін шағып: «Шойынқұлақтан құтқар»,—деп жалынады. 

Ер Төстік Күңкеден Шойынқұлақтың сырын түгел сұрап біледі. Шойынқұлақ баласын өте жақсы көреді екен, баласынан аяйтыны болмайды екен. Соны білгеннен кейін Төстік Күңкеге мынаны айтады: 

—Кешке Шойынқұлақ келеді, келгеннен кейін тамақка әбден тойғызып жатқыз, көзі ұйқыға бара берген кезде, баланы қайта-қайта шымшып жылата бер. Шойынқұлақ: «Бала неге жылайды»,— десе, балаң: «Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің нағыз әкем болатын болса, жанымды жанына қосқызып қояр еді, жанының қайда екенін маған әлі күнге дейін айтпай, жасырып жүр. Ер Төстік болса, әлдеқашан жанының қайда екенін айтып берер еді»,—деп жатыр де. Жылата бер, жылаған сайын: «Неге жылайды?»—деп сұраса, осы сөзді айта бер, басқа еш нәрсе айтпа»,-дейді. 

Сөйтеді де, Ер Төстік баланың бесігінің астын қазып алып, жасырынып жатады. Кешке Шойынқұлақ келеді. Ер Төстік айтқандай, Күңке оны тамаққа тойғызып жатқызады. Жатқан соң баланы жылата бастайды. Баланы әлдилеп уатқан болып отырьш, шымшып жылата береді: 

Шойынқұлақ: 

«Күңке, баланы уат!»— дсп ақырады. 

Күнке уатқан болып баланы онан жаман жылатады. 

Бала жылай берген сон, Шойынқұлақ: 

«Балам неге жылайды, сұрашы»,—дейді. 

Күңке баланың жылағанын сұраған больш, Шойынқұлаққа жауап қайырады: 

—Балаң: «Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің әкем болса, жанымды өз жанына қосқызып қояр еді. Қосу былай тұрсын, жанының қайда екенін де маған әлі күнге дейін айтпай жүр. Ер 

Төстік болса, жанының қайда екенін әлдеқашан айтып берер еді, соған жылаймын»,— дейді деп, Шойынқұлақты нандырады. 

«Балам былшылдамасын, оның әкесі Төстік емес, мен, оған менің жаным керек болса, оңаша жерде айтьш беремін»,— дейді Шойынқұлақ. 

Сөйтеді де, Күңкені үйден шығарып жібереді, Шойынқұлақ баласының бесігіне келіп, құлағына сыбырлап, жанының қайда екенін айтады: «Жаным алыста, оны өзіммен бірге сақтамаймын. Борықты бұлақтың басында қырық елік жүреді, соның ішінде қайқы қаракер елік бар, қайқы қаракер еліктің ішінде тоғыз қара сандық бар, сол сандықтың ең кішісінің ішінде тоғыз балапан бар, сол тоғыз-менің жаным болады. Осыны біліп қой. Жаның кеудеңе сыймай бара жатса, соған апарып қоса сал, бірақ өзіңнен басқа жан сезуші болмасын, егер сезуші болса, сен де, мен де тірі болмаймыз»,—дейді. Содан кейін ол орнына барып жатып қалады. 

Шойынқұлақтың жанының қайда екенін біліп алғаннан кейін Төстік салып отырып Борықты бұлақтың басына келеді. Еліктердің су ішетін суатын аңдып, жасырынып жатады. Күн шаңқай түс болған мезгілде, қырық елік Борықты бұлақ қайдасың деп салып келе жатқанда, суатқа жақындаған кезде, осқырынып тұра қалып қайта жөнеледі. Күн ысыған сайын еліктер суға беттеп келеді де, жақындаған мезгілде осқырып, тұра қалып, жалт беріп, қайта жөнеледі. Ұзап кетеді де, шөлге шыдамай суға қайта ойысады, бірақ суатқа жақындамайды, үркіп осқырынып тұра қалады. 

Әлден уақытта еліктер бір-бірімен сөйлесе бастайды. 

Біреуі: «Су басында бөтен бір иіс бар»,— дейді. 

Енді біреуі: «Адам иісі секілді»,— дейді. 

«Шойынқұлаққа қастық ойлаған біреу шығар?»— дейді. 

Әсіресе, қайқы қаракер елік өзгесінен оқшау артында жүреді. Еліктер әлгідей сөзге келгенде, ол қаша жөнеледі. 

Сонда Ер Төстік үн беріп, мынаны айтады: 

Жан серігім қырық елік, 

Жаным сенде, қырық елік, 

Жан сақтаған қайқы қара, 

Шошытқан сені кім келіп? 

Суың тұнық былғанбаған, 

Қашасыңдар неден жеріп? 

Төстік ерді олжаладым, 

Қатынын құшып, атын мініп. 

Шошытып алдым сендерді, 

Адам иісі содан сіңді. 

Қайтуға көріп жанымды. 

Жаңа келдім қолым тиіп. 

Жалғыз ұлым жаны да, 

Кеудесіне тұрмай сыйып. 

Қосқыза соны жіберді. 

Жан сақтаған қайқы елік, 

Жасымнан болдың жан серік. 

Судын ішіп тұнығын, 

Шөптен таңдап соны же, 


Адам иісі шығады деп, 

Менен үркіп жеріме. 

Өзім аман тұрғанда, 

Кім келмекші жеріме. – дейді. Еліктер сонда да сенбей, осқырып, одырайып тұрысады. Сонда Төстік: 

Осы айтқаныма сенбестен, 

Қашасындар бермей жанымды, 

Айыра алмай дауысты, 

Сындырасыңдар сағымды, 

Жолдас болған сендермен, 

Шойын атым құрысын, 

Қара ала тұйғын келген соң, 

Жырттырмасам таныңды, 

Судай шашып қаныңды!— дейді. 

Сонда еліктер қашпай, суды жағалай бастайды. Шойынқұлақтың бойын көрмеген соң, бұрынғыларындай етене болып, жақындамайды. Төстік те оларға бойын көрсете алмайды. Еліктер сенерін де білмей, сенбесін де білмей, байқай-байқай келіп, суаттан жапырласып су ішуге бас қояды. 

Арт жағынан қайқы қара елік те суға бас қояды. Еліктер өте шөлдеп қалған екен, суға тойып, қарындарын қампитып, қайқайып шыға береді. Әсіресе, қайқы қараның қарны жер сызып, суаттан бұрыла берген кезде, Төстік қарнынан дәл көздеп садақты тартып қалады, қарны ақтарылып, тоғыз қара сандық жерге сау ете түседі. Ең кішісін ұстап алып, Тестік ашып жіберсе, іші толған балапан, шүпір-шүпір етеді. Санап жіберсе, тоғыз балапан екен. Сегізінің мойнын жұлып алып: «Шойынқұлақты шалажансарында бір көрейін»,—деп соның үйіне тартады. 

Шойынқұлактың үйіне жақындағанда Күңке алдынан шығады. 

«Шойынқұлақ қалай?»—деп сұрайды Ер Төстік. 

«Шойынқұлақ әлсіреп жатыр»,— дейді Күнке. 

Келсе, Шойынқұлақтың кірпігі зорға қимылдайды, болар-болмас қана демін алып жатыр екен. «Е, батыр, қалайсың?»— деп, Ер Төстік мазақтап жақындай бергенде, Шойынқұлақтың қолы Ер Төстіктің жағасына сап ете қалады. Екеуі алыса кетеді. Төстік: «Оп-оңай-ақ жерге жаншып тастаймын ғой»,—деп ойлап еді, Шойынқұлақ әл бермейді. Енді біраз алысқан соң Шойынқұлақтың күшейіп бара жатқандығы байқалады. Төстік буынып қара терге түсіп әлі кетіп бара жатады. Төбесінен тау басқандай, денесін темір тор шырмағандай больш көрінеді. Сол мезгілде Төстік Күңкеге жалынады: 

Жылан Бапы жерінен, 

Жер астының елінен. 

Жалғыз-ақ ерген, жолдасым Күңке! 

Төстігіңнен айрылып, 

Шойынқұлақ қолында, 

Тұтқын болған Күңке! 

Киюге киім, жеуге тамақ таппай, 

Өмірін қорлықпен өткізген Күңке! 

Төстігің жаман қысылып, 

Жан шығуға ұсынды. 

Жетсеңші, жылдам, жетсеңші! 

Қорқақтап қашьш кетпеші, 

Қойныма қолың салсаңшы 

Сандық бар, жылдам алсаңшы! 

Балапан басын жұлсаңшы, 

Сөйтіп бір ерлік қылсаңшы! - деп зарланады. 

Күңке жүгіріп келіп Төстіктің қойнындағы сандықты жұлып алып ашып жібереді. Қараса балапандар жыбырлап көбейіп қалған екен, мойындарын жұлып-жұлыш алғанда, Шойынқұлақ сылқ етіп құлай кетеді. 

Төстіктің сандықпен қойнына салып әкелген бір балапаны сегіз балапан болып қалған екен. Енді біреуі тірілсе, Шойынқұлақ мүлдем әл бермей кетпек екен. Балапандардың мойыны түгел жұлынған соң Шойынқұлақ та өліп қалған екен. 

Шойынқұлақты өлтіріп, демін алып отырса, Шойынқұлақтың баласы, бесігін шықыр-шықыр еткізіп, бірдеме сөйлеп жатады. 

Төстік құлақ салып тыңдаса. 

«Қап, бәлем, Төстік, саған қылмасам, әкем Шойынқұлақтың құнын алмасам!»-деп, шіреніп-шіреніп қояды. 

Сол арада Төстік оның қол-аяғын байлап бесік-месігімен суға тастап жібереді. Сөйтіп Бекторының жалмауызынан әбден құтылып алады да Ер Төстік елін іздейді. 

Ер Төстік жер астына кіргеніне, түскеніне көп жыл болады. Ер Төстік жалмауыздың қолында қалды деп елі мүлде күдер үзіп қояды. Жалғыз ғана Кенжекей «ЕрТөстік бір келер» - деп дәмелі болып жүреді. «Құба інген қашан боталар екен? Ер Төстіктің не өлген хабары, не келген хабары қашан білінер екен?»-деп соны күтумен болады. 

Бір күні Кенжекей ертемен тұрса, Құба інген жоқ «Бошалап кетсе игі еді!»- деп, Кенжекейдің жүрегі су ете қалады. Жан-жақтан жүгіріп Құба інгенді іздейді. Іздеп жүріп: 

Желі толған түйеден, 

Артайын деп ер қосын, 

Таңдап та алған Құба інген, 

Арнап та алған, Құба інген. 

Алыс жолға Ер Төстік 

Шыққан күні, Құба інген 

Не келгенде, не өлгенде, 

Боталауға серт қылып! 

Сөз байлап ең менімен 

Ерте тұрып желіден 

Жүріп те кеттің, Құба інген, 

Әлде бір хабар Төстіктен 

Білш кеттің, Құба інген! 

Төстік ердің өлгенін, 

Өлмесе қайтып келгенін, 

Білдірші енді Құба інген! 

Дамыл көрмей қаншадан, 

Қайғы басып шаршаған, 

Қам көңілді тындыршы, 

Енді міне Құба інген! - деп зарлайды 

Сол мезгілде беліндегі орамалы шешіліп, аяғына оралып әуре қылады. 

Сертпен тартып ораған, 

Торғын, белден босайсың, 

Аяқты орап шаршаған 

Жүрпзбейсің тұсайсың 

Әлде бір хабар Төстіктен 

Білгенге бүгін ұқсайсың - деп зарлап жүреді. 

Құба інген бір сайда боталайын деп жатыр екен. Ар жағынан ақсақ боз атқа мінген бір ақсақалды шал көрінеді. Құба інген боталап жатқанда, Кенжекейдің беліндегі торғын орамалы да шыр айнала тарқатылып жазыла береді. 

Кенжекей «Енді Ер Төстік өлген екен. Тірі болса әлдеқашан бір хабар болар еді»,—деп ойлап, зарлана бастайды 

Ақшелек келгір, Құба інген, 

Серттескен едің менімен 

Төстік ер қайтып келген күн, 

Немесе Төстік өлген күн, 

Белгі беріп бірінен, 

Боталармын дегенсің... 

Қаншама жыл өтседе, 

Өмірім өтіп кетсе де, 

Үміт үзбей Төстіктен, 

Бір келер деп жүр едім. 

Төрт аяқты көсіліп, 

Тұла бойың есіліп, 

Боталапсың, Құба інген, 

Нені біліп есіріп. 

Келуінен хабар жоқ, 

Шамасы Төстік өлгені. 

Серттескен, торғын орамал, 

Орай будым белімді, 

Келмесе Төстік кешігіп, 

Шешілмеске бердің сертіңді. 

Төстіктен әлі хабар жоқ, 

Сусисың белден шешіліп, 

Туралғандай бырт-бырт кесіліп, 

Шамасы, Төстік өлгені!-деп, жылап отырады. 

Ақсақал шалдың астындағы ақсақ боз ат кісінеп қоя береді. Кенжекей аттың кісінеген даусынан оның Шалқұйрық екенін таниды. Кенжекей мен Құба інген екеуін Ер Төстік таниды. Сол арада амандасып, мәз болып қалысады. Бәрі де баяғы айрылған күндегі қалыптарына келіп, қайтадан жасарады. Ер Төстік жас жігіт, Кенжекей жаңа түскен келіншек, Шалқұйрық бесті ат қалпына келеді. Одан кейін ұзақ жылдар өмір жасап, мақсаттарына жетеді.

Оқи алмайтын танымал тұлғаларды білесіз бе?
Керқұла атты Кендебай (ертегі)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу