Шежіре дегеніміз не?

Oinet.kz 06-10-2020 4391

Шежіре (арабша шаджарад бұтақ, тармақ) халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сәбит Мұқановтың анықтамасы бойынша «Шежіре» деп кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректерді айтады» (Халық мұрасы. А., 1974,9-б.).
Шежіре шын мәнінде рудың, тайпаның, халықтың тарихының құрамды бөлігі. Тарихи ата салты бар халықтар жеке отбасының, әулеттің, атақты қолбасшы, мемлекет қайраткерлерінің шежіресін жасауды салтқа айналдырған. Шығыста бұл салт Қытай елінде өте ерте дамыған. Онда сол мемлекетте, көрші елдерде күнбе-күнгі басты оқиғалар «хроника» есебінде жазылып, отырған. Осылай өз тарихының деректі негізін жасаған. Көрші Ресейде патшалардың, текті сословиелердің, жеке дворян әулеттерінің шежіресін жасау салты қалыптасқан.
Қазақ халқында ата шежіресі ерте кезден бар. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер жеті рулы елдің қамын жер, жалғыз өзін білген ұл, құлағы мен жағын жер» деген аталы сөздер соның айғағы. Ал жеті атада үлкен сыр бар. Әр ұрпақ 25 жастан десек, ол 175 жыл. Бұл болса, бір адамның жеке басының тағдыры арқылы оның құл емес екенін, ата тегін, өз ортасының белді мүшесі екенін, он алты жаста ордаға енер, жау ортасын бұзып- жарып кірер азамат екендігін байқататын фактор.
Шежіре арқылы оның тегі, ата қонысы, қауымға қосқан үлесі, отан қорғаудағы орны, меншік, адами құқы, т. б. болмысы білінетін болған. Ру, бау, сан, тайпа, тұқым, тек, арыс, жүз, жұрт, ел, отан сияқты халықтың барша тарихын көрсетер категориялар айналып келгенде, шежіренің негізгі категориялары. Бұл болса тұтас этнос, халық тарихының сырын ашуға бірден-бір қажет сюжеттер. Қазақ үш жұртынан тұрады: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Шежіре де осы үш жұрттың динамикасын көрсетіп, соның нәтижесінде барша халықтану қалыптасары даусыз.
«Монғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» атты Рахметұлы Шынайдың еңбегінде: «Туыстас немесе көршілес бірнеше отбасы бір қоныста отырса ауыл, ауылдас, көрші; іргесі алшақтау болса жерлес. Қандас жеті атадан құралғандар (бір атаның кіндігінен тараған), бір ата 13 атадан асса ру. Бірнеше ру қандастықпен, я бір мүддемен біріксе тайпа. Бірнеше тайпа қоғамдасып, жүз болып қауымдасады. Тайпадан ірілесе халық немесе ел, оның мемлекет ішінде өзге ұлт, ұлыстармен саяси теңдігі болса ұлыс, дербес шекара, саяси-экономикалық тәуелсіздікке қолы жетсе мемлекет, тілі мен дәстүрі, мәдениеті, өзіндік мекен-жері, әлеуметтік рух, жігері, этникалық ерекшелігі ортақтасып, дараланса ұлт болады» (Өлгий, 1997, З-б.) деп өте орынды көрсеткен.
Автор сонымен қатар, «жеті ата», «ата-бабалар», «немере ағайын», «жамағайын», «қалыс ағайын» деген терминдерге де анықтама берген: «Жеті ата: 1. Әке. 2. Ата. 3. Әз ата (бұл үшеуі Аталар). 4. Баба. 5. Тектін. 6. Төркін. 7. Тұқиян (бұл төртеуі Бабалар). Жоғарыдағы жетеуі бірігіп «Ата-бабалар» делінбек. Енді 3 ағайын, 15 ұрпаққа келейік:
а) Немере ағайын: 1. Бала. 2. Немере. 3. Шөбере. 4. Шөпшек. 5. Өбере.
ә) Жамағайын: 6. Туажат. 7. Жүрежат. 8. Жекжат. 9. Жүрағат. 10. Жамағат.
б) Қалыс ағайын: 11. Өркен. 12. Әулет. 13. Зәузат. 14. Жаран. 15. Қалыс.
Шежіренің қоғамдағы орны ерекше. Мүнда тарихымыздың ата тарихы екенін (патриархат дәуірінен) байқаймыз, оның үзбей даму жолында, динамикада, қозғалыстағы тоқтаусыз процесс екендігін әр буынның есіне саламыз. Шашырап жүрген ағайынға шежіре арқылы бөтенсінбей бір-бірінің танысуына болатынын, қарға тамырлы қазақтың алысы жоқ, сұрай-сұрай қарын бөле шығатынына назар аударамыз.
Шежіре ендеше ұлттың руға, тайпаға, арысқа, жүзге бөлінуі үшін емес, оның тұтастығына, туыстығына ортақ тілі, ортақ діні, ортақ ділі, ортақ Отаны, елі, жұрты бар екеніне, тірлікке, бірлікке, ұлттық сананы қалыптастыруға бағышталған.
«Қазақ, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қуғыншы халық». Ол өмір бойы өзін іздейді, ата- бабасын іздейді, кешегі күнін, болашағын іздейді. Шежіре әр адамның жоғын тауып береді, ата-бабасының өрлігін, ерлігін, тектігін, өз мүддесін ұлт мүддесіне қабыстырған жандар екенін көрсетеді. «Бөлінгенді бөрі жейді», жүз деп бөлініп жүргендердің «жүзі күйсін», «жүзі қара атансын», деген Ғабит Мүсірепов ағаның айтқаны тарих сабағы екенін білдіреді.
Ахмет Байтұрсынов ұлт намысы екі адамның, екі ауылдың, екі рудың намысы емес екендігін XX ғасыр басында айтқан-ды. Шежіре ұлттық шежіре болуы керек, ол әр адамның шығу тегі арқылы бүкіл қауымды, халықты таныстыру арқылы табыстыруы керек.
Шежірелер қазақта, мұңғылда, алты алашта хандар шежіресі болып басталады. Шығыс еліне мұсылман дінін таратушы қожалар өздерінің қожалар шежіресін жасады. Бұл туралы кезінде Сәбит Мұқановтың еңбегінде арнайы айтылған еді (Халық мұрасы, 1721-6.).
Мұны жазып отырған себебім, соңғы кезде шежірені осы қожалар шежіресіне апарып тірегісі келетіндер көбейіп жүр… Маған Қызылордадан келген ұзақ хаттан осы арада үзінді келтіргім келеді. Онда былай делінген (Хат автордың тексті бойынша беріліп отыр. М. Қ.):
«Біздегі бар шежіре де адам баласының өсіп-өрбуі сонау дүние жүзін топан су басып, жер бетіндегі жан-жануар набыт болар алдында Алладан Нүһ пайғамбарға аян келіп, топан су тасқыны болатыны хабарланған еді.
Одан аман қалу үшін Аллатағала Нүһ пайғамбарға үлкен кеме жасап, өз отбасымен қатар сол кездегі мұсылмандар сиятын (ол 80 адам еді) жан-жануарлардан бір еркек, бір ұрғашысын салуды әмір етеді. Қазір дүние жүзіндегі барлық халық аман қалған сол Нүһ пайғамбардың үш баласы Қам, Сам, Яфшиден тарағандар деген, сол кездегі патшалықтың 2526 жерден мөр басылғаны шежіреде көрсетілген.
Кеңес өкіметі тұсында тарих зерттеушілеріміз ақиқатты жаза алмай, тоталитарлық жүйенің ыңғайына барып, қазақтың шыққан тегі бірде Монғол, Жоңғар, бірде арғы түбі ғұн деп Қытайға апарылуы ешқандай шындыққа жуымайды.
Қазақ аталуы Қайсақ, Кассах сөз түбірінен шыққан десе, кейінгі зерттеушілеріміз Шәкерім Құдайбердіұлының, 1991 жылы «Санат» баспасында жарық көрген «Түрік, Қырғыз- Қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында, сол 1991 жылы Мұхаметжан Тынышбайұлының «Қаламгер» баспасында басылған «Қазақ руларының шежіресінде», 1994 жылы жарық көрген Жарылқап Бейсенбайұлының «Атамұра-Қазақстан» баспасынан шыққан «Қазақ шежіресі» еңбектерінде және басқа да газеттерге жарияланған хабарларда, ауыз әдебиеттерінде Қазақтың шығу тегін көшпенділерге апарып, қаз-қатар болып ұшқан қазға, ең соңында жерге қаққан қазық баламасына теңей «қаз, қазық» түбіріне келе-келе «ақ, -ық» жұрнағы қосылып, Қазақ атауы шыққан дейді. Парсы шежіресіне жүгінсек, Нүһтың екінші баласы Самнан: Ағам, одан Ғазар, одан Шалық, одан Арпақшат, одан Орғам, одан Аштақ, одан Тарах, одан Хазар, одан Ибраһим пайғамбар (бұған дейін Адам атаға 45005000 жыл өткен).
Халықтың ұлыс пен ру тайпаларына бөлінуі Ибраһим падғамбардың екі баласы Исмаил (Исмағүл) мен Ысқақтан басталған. Смағүлдан (анамыз Бибіажар) бүкіл Араб елін мекендеген Хайдар Түрік, Массагет, Кассах таралса, Сқақтап (анамыз Сарадан) Әннас Саһаба үрпақтары Әнсарлар, пайғамбардың ісін жақтаушылар: Алашқа кіретін Ноғай, Қырғыз, Қазақ, Өзбек, Қарақалпақтар бастау алған. Барлығы құдайға құл, Мұхаммедтің үмбеті екенін мойындағандар. Бұрын құдай дегенді білмей, әлемдегі барлық халық отқа, жан- жануарларға, көпшілігі пұтқа табынған екен. Аллатағала рахым қылып сүйген құлы Мұхаммедті дүниеге келтірді.
Оны 40 жасында пайғамбарлық дәрежеге жеткізді. Мұхаммедке Аллатағала 23 жыл қатарынан Жабраил періштесі арқылы пара-пара етіп құран кәрімді араб тілінде жіберіп отырды. Оны сол кездегі сауаты бар кісілерге оқытып, құйма құлақтығынан пайғамбарымыз алланың айтқандарын жатқа алып отырды. Құранның әрбір аятынан адам қоғамына пайдалы әдістерді тәркілеп, қалың бұқараға жария етіп, хабардар етті. Әр елге, жерлерге, өзінің сенімді жақтаушыларын жіберіп, дүние жүзінің жаралуы бір қүдайдың кереметімен болғанын, құдайдың құлы Мұхаммед оның жердегі сенімді өкілі, сондықтан Мұхаммед пайғамбарға барлық құдайға құлшылық етушілер оған үмбет екенін мойындауларын міндет етті.
Әрине, мұсылмандықты мойындау бірден оп-оңай болған жоқ, көп уағыздаудың арқасында, көпшілігінде Әзіретәлінің қылышының күшімен қан төгіскенде келгенін айту керек.
Кезекті діназарлармен жаугершілікке шығарда қолбасылар сарбаздарын жинап алып, Алланың бір, Мұхаммедтің ақтығын айта келіп, құдай жолында ұрыста қаза болғандарың шейіт боласыңдар, Аллатағала ол жалғандарыңды атап өтеді. ¥рыста өлемін деп қорықпаңдар, жауларыңды жеңуге барлық күш-әрекеттеріңді жұмсаңдар. «Қаза-ақ!» Атаңнан бір туу, ақырында бір өлу ақиқат деген ұран тастап шығады екен.
Сонда пайғамбарымыздың әскерлері «Қаза-ақ, қаза-ақ, қаза-ақ!» деп күңіреніп жауға қарсы ұмтылса, жаулары бет-бетімен қаша жөнеледі екен. Ұрыста өне бойы жеңіп қайтады екен.
Осындай ұранмен пайғамбарымыздың 32 мың Сахабасымен Табье, Табьемин және Бабтарын, оның ішінде біздің Орта Азия, Қазақстан, сонау Дағыстан, Азербайжан, Чешенстан, Абхаз, Кавказ халықтарымен, шығысында Қытайға дейін Абдрахман баб, оның інісі Әбдрейім баб, екі ұлы Абжалел баб, Ысқаң бабтарды әскери қолбасшысы етіп (бұлар Әзіретәлінің 67-ші ұрпақтары) 4050 мың қолмен, сонау 89 ғасырларда жер-жерлерге Ислам дінін уағыздауға, көнбегендерін күшпен мойындатып қайтуға қайта-қайта жіберіп отырған.
Олардың жау жүрек ерліктерінің арқасында Орта Азия мен Қазақстан жерінде бірыңғай Ислам діні орнағаны парсыша шежіреде жыр етіледі. Ал қазақ атауының шығуында пайғамбарымыздың жауынгерлерін қуаттандыратын «қаза-ақ» деген ұраннан келе-келе қазақ аталып кетуі толық сиысады. Демек, қазақ атауы пайғамбарымыздың «қаза-ақ» деген ұранынан туындаса керек…»
…«Байқасам бақа екен» дегендей, жоғарыда айтылған хат сарынында И. Байғожин ақсақал шежірені дін тарату мақсатына пайдаланғысы келеді. Жұртты жаңсақтыққа ұрындыратын осы сарынды қолжазбалар бұл күні баспа беттерінен жарық көріп жүргенін де жасыруға болмайды.
Тағы бір мәселеге көңіл аударғым келеді. Жүз тарихи-әлеуметтік категория. Ол байтақ қазақ сахарасында ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі шаруашылықтың жер ыңғайына қарай орналасуына байланысты экономикалық мұқтаждықтан туған. Әрбір тайпалық одақ қыс қонысын, жаз жайлауын көшпелі тіршіліктің өзіндік ерекшелігіне орай құрған. Екінші фактор, ел қорғау, отан қорғау, жер қорғау мүддесінен туындаған. Үшіншіден, жеті атаға дейін қан араластырмай, тұқым тазалығын сақ-тау арқылы этностың генетикалық қорын аман алып қалуга бағытталған. Бұл болса белгілі бір географиялық шеңберде, белгілі бір ортада ортақ бүкіл халықтық бақылауға алынған. Үш жүз бола отырып, қазақ елінің тәуел
сіздігін, қазақ жерінің тұтастығын қорғаған. Ортақ тіл, діл, атамекен халықтық бірлікке, мүдде бірлігіне қызмет еткен.
«Жүз» туралы сөз болғанда тағы бір еске алар жай ол мемлекеттік функцияны да орындаған. Жүз ішінде дау-дамай, көші-қон маршруты, рулар арасындағы қарым-қатынас регионалдық дәрежеде шешілген. Жүзаралық проблемалар жер, қоныс, ел қорғау, қазақ жерінің тұтастығы, әскери жасақ, ортақ қолбасшы, хандар сайлауы т. б. ел, халық дәрежесіндегі проблемалар келісіліп отырған. Сонымен бірге үш жүз көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты бірігіп, ұлттық биіктіктен барлай шешкен.
Сондықтан қазақ халқындағы жүз мәселесі әлдебір дүмбілез атқамінерлер айтып жүргендей «жүзшілдік», «жүзшіл» деген ұғымнан ада жай. Жалпы, қазақ этносы біртұтас этнос. Қазақ атаулы елін руын сұрағаны болмаса, ешқашан жүзге бөліп көрмеген, бір-біріне атам қазақтың, бір қазақтың баласы деп қараған.
Жүз қашан пайда болды? Бұл өз алдына мәселе, В. В. Вельяминов-Зернов, А. К. Красовский, С. А. Аманжолов, X. М. Әділгереев, Н. Г, Апполова, Е. Бекмаханов, С. Толыбеков сияқты ғалымдар жүргізген талас әлі толастаған емес… Кеңес заманында шежіре ескінің қалдығы есебінде танылды, оның дамуына тосқауыл қойылды. Алайда, ғасырлар бойы қалыптасып келген шежірелік дәстүр бір сәт толастағанмен, халық шежіреге деген ықыласын тоқтатқан емес. Қазақ шежіресін жасауға Шоқан, Абай, Шәкерім, М. Сералин, М. Тынышбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Н. Наушабаев, С. Толыбеков, С. Мұқанов т. б. қазақтың ірілері мен пірлері ат салысқаны осы пікірдің дәлелі. Сонымен бірге А. И. Левшин, В. В. Радлов, В. И. Даль, Н. Я. Бичурин, П. И. Рычков т. б. шығыстанушылардың еңбегінің орны да ерекше.
Қазақ шежірелерінің тағы бір қайнары шығыс деректері мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиі», Әбілғазы Баһадүр хан шежіресі. Қорытып айтсақ, қазақ халқының шежірелік салты ғасырлар қойнауына кетеді. Тәуелсіздік тууына орай шежіре жазам деушілер қаптады да кетті. Алайда, осы науқаншылдық кезінде сыр берген жайлар баршылық.
Ең алдымен регионалдық, тайпалық, жүздік көзқарас алдыңғы позицияға шығып, жеке рудың, тайпаның, жүздің мүддесіне ыңғайлап шежіре жазу ұлт шежіресінің тәртібі мен әдістемесіне нұқсан келтіргені мәлім. Екіншіден, шындық өрескел бұрмаланады. Шыққан шежірелерде методологиялық бірізділік жоқ. Үшіншіден, жеке адамның, әрине қалталының тапсырысымен шыққан шежірелерде тарихи принцип аяққа басылуда. Төртіншіден, онан-мұнан құрастырылған шежірелерге «толықтыру» енгізіліп, «жер астынан» табылған жалған киіз-кітап шежірелер пайда болды.
Бұл күнде олардың көбінің өтірігі шығып жатыр. Тіпті, ұлы Бұқар жыраудың шығармалары «қолды» болып, өз аталарын енгізген өлең жолдары пайда болуда. Қолдан жасалған, түзетулер енгізілген жасанды шежірелер жыл сайын көбейіп барады, Мұндай шежірелер ғылыми экс-пертизадан өткізілген емес. Сондықтан мұндай шежіре- сымақтардың ғылыми құнсыздығы былай тұрсын тарихқа қиянат, халқымыз алдында ұят жай.
Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының (бұл күні марқұм болып кеткен) көрнекті этнографтары X. Арғынбаев пен М. Мұқановтың «Қазақ шежіресі хақында» атты монографиясы ғылыми методология негізінде жазылып, баспаға ұсынылып отыр. Мұндағы шежірелер толық әрі ақиқат деуден аулақпыз. Тіпті, кейбірінде қожалар шежіресінің ықпалы да баршылық. Алайда, әңгіме принципте. Шежіре жасаудың ғылыми жолында үш жүздің шежірелері бір деңгейде жасалынды деу де қиын. Қазіргі кезде Кіші жүздің шежіресі туралы арнайы зерттеу жұмысы жүріп жатыр. Болашақта ол еңбек өз алдына жарық көретін болады.
Сондықтан бұл кітапқа Кіші жүздің шежіресін қолдарынан келгенше бірігіп зерттеген Вениамин Востров пен Марат Мұқановтың еңбегін үшінші бөлім етіп қостық.
Еңбектің негізгі мақсаты шежіре жазудың ғылыми әдістемесімен, деректер көзімен таныстыру, шежірені қарабайырлыққа салуға жол бермеу, оны елді бөлушілікке емес, қазақ халқының ұлттық санасын қалыптастыруға бағыттау. Бұл өте қиын міндет. Бір еңбекпен бұл миссияны орындау мүмкін емес. Айналып келгенде, бұл бүкіл көзі ашық зиялы қауымның ісі.
Сөз соңында айтарым: бұл еңбек ұзақ жылдары институт ұжымының, оның этнографиялық бөлімінің еңбегінің нәтижесі. Жол ұзақ та ауыр, өмір қысқа, алайда әр ұрпақ халық алдында өз борышын өтеуге парызды. Бұл дүниеден өтіп кеткен авторларға өзіміздің ризашылығымызды білдіріп, келесі буынға шежіренің авторлар шешіп үлгірмеген проблемаларын аманат етеміз.
Өкініші көп өмір ғой. Отан сөғысының ардагері, көрнекті ғалым, жайсаң азамат Халел Арғынбаев ағамыз, қазақ этнография ғылымына еңбегі сіңген, ғылымның сол саласының қара нары, замандасымыз Марат Сәбитұлы Мұқанов бұл еңбегін баспаға даярлағаида, өз еңбектерінің жемісін көрмеймін деп ойламаған-ды. Амал нешік, мезгілсіз сұм ажал өларды алып кетті. Бұл еңбек олардың рухани құлпытасы болғандай…
Ғалымдардың ішінде де ғалымдар бар. Бұл халықтану саласындағы екі әріптесіміз көш басындағы азаматтар еді, жарты ғасыр үзбей қалам тартып жүрген еді. Орындары ойсырап қалды. Назым Хикмет айтқандай:
Егерде сен жанбасаң, жанартаудай атылып,
Егерде ол жанбаса, аруақты шақырып,
Егерде біз жанбасақ, замананы сапырып,
Басар ма еді бұл әлемді түнек пенен қапырық,
О, дүние, жатар ма едің топырақ бон шашылып,
(аударма автордікі) енді Халелдей, Мараттай жанартаулар қазақ этнографтары арасынан шығуға жазсын!
Манаш Қозыбаев, ҚР ҮҒА-ның академигі, тарих ғылымының докторы, профессор.
Бұл кітапты этнография ғылымының көшбастаушы ғалымдары, осы еңбектің авторларының аруағына бағыштаймыз.


Қазақ жүздері
Ұлы жүздің шежіресі. Шанышқылы руы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу