Ақсу – Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы

Oinet.kz 23-09-2020 901

Тянь-Шань – Орта және Орталық Азиядағы орасан зор тау жүйесі. Ол 2,5 км шақырымға созылып, бір қатар тұтастай тау жоталарынан құралған. Ақсу-Жабағылы қорығы Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан.

Ақсу – Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – Қазақстан АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен  1926 жылы шілденің 14-іне құрылды. Қаулыда қорық «Табиғат ескерткіші ретінде Ақсу мен Жабағылы өзендерін,олардың барлық ағаш және тал-шілік егістерін, шөп жамылғылары мен осы қорықты мекендейтін жан-жануарлар әлемін қол тимеген табиғи қалпында сақтап қалу мақсатында» құрылғаны атап көрсетілген.Қорықтың көлемі жылдан – жылға өзгеріп, бүгінде оның алып жатқан аумағы – 131 934,3 га.

Ақсу – Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы екі мемлекетпен – Қырғызстан және Өзбекстанмен шектеседі, қорықтың жері Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарын және Жамбыл облысының Жуалы ауданын  қамтиды.

Қорықта ең биік тау – Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4238 м. Қазақ халқы бұл тауды «Ақтүйе өлген» деп атаған, өйткені таудың көрінісі жансыз жатқан түйеге ұқсайды.

Қорықтың орталығында биік, мұзды Бұғылытөр шыңы ерекшеленеді. Бұғылы деп аталуы, бұл тауда бұғылар мекендеген.

Қорықтың ең негізгі өзендері – Ақсу және Жабағылы. Ақсу – ең ұзын өзен, 120 км-ге созылып жатыр. Мамыр айында Ақсу көгілдір түсті болса, ал жаз айында, өзен тасыған кезде, оның түсі сүтке ұқсас болады. Бұл өзеннің аты да соған байланысты қойылған. Кіші Ақсу мен Үлкен Ақсу өзендері қосылған жерде тамаша айбынды терең тік аңғарлар – Ақсу құз-шатқалы құралған.

Жабағылы өзені Ақсудан екі есе қысқа, тар, саз қоспаларының әсерінен өзеннің суы сары, кейбір кезде қызыл болады. Өзендер басын таудағы жылжымалы қалың мұз бен қардан алады. Қорықта 114 мұздықтар бар.

Қорықтың аумағындағы көлдің саны   –  27, олардың бәрі өте биікте қар ерімейтін жерде орналасқан.

  Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға  бай қазына. Соңғы деректерге қарағанда қорық аумағында құстың 267, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қос мекенділердің 3 түрі мекендейді. Шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның 2124 түрлері бар.

Ақсу-Жабағлы мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктер дүниесіне бай. Оның аумағында мүктің 63, қынаның  63 -ден астам, балдырдың -64,  саңырауқұлақтың 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі, соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 17  түрі кездеседі. Бұл бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі.

Баяндама. Қазақстан Республикасының қорықтары
Ашық сабақ: Жай бөлшекті натурал санға көбейту
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу