Оразкүл Бүкірова: «Мені Маргарет Тэтчерге ұқсатып жататындар да бар»
Қарап отырсақ, әкімдік саласында, оның ішінде әкімдік креслосында отырған әйел азаматшалардың қатары көп емес екен. Ер азаматтарша ел басқару нәзік жандылар үшін оңай шаруа болмаса керек-ті. Елдің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Оразкүл Бүкіровамен арадағы сыр-сұхбат балалық шағынан бастау алды.
«Фамилиям Бүкірова емес, Әбубәкірова болуы тиіс еді»
- Біздің ата-бабаларымыз батыр болған. Қорлыбай деген бабамызды 86 жасында «Сіз ел білесіз, жер білесіз, маған кеңесші болыңыз» деп, Кенесары хан төрт батыр ұлдарымен бірге Қырғызстанға алып кеткен екен. Содан кейін ұрпақтары да қудалауға түседі. Бабамыздың Дара, Қангелді деген екі ұлы болған. Біз Қангелдіден тараймыз. Әкем Сағынтай Жамбыл облысының Сарысу ауданы, Байқадам селосында дүниеге келген. Созақ көтерілісі кезінде бабаларымыз бір түнде Тәжікстанға көшіп кетіпті. Ол кезде 13 жаста болған әкемді қауіптен сақтау үшін қоржынға салып, жасырып алып жүріпті. Кейін Тәжікстаннан Өзбекстанға өтіп, мен Ташкент облысы Бөке ауданы, Мүкей совхозында дүниеге келгенмін. Сегіз ағайындының үлкенімін. Ірі саналатын бұл совхозда 14 ұлттың өкілдері тұрғанымен, негізгі бөлігін қазақтар құрайтын. Сол кезде біз тұрған совхоздың өзінде жеті бірдей қазақ мектебі бар еді.
Негізі біздің фамилиямыз Әбубәкіров болуы керек еді. Әкемнің әкесі Әбубәкір кішкене еңкіштеніп жүрсе керек. Оны жеңгелері «бүкір бала» атап, ел аузындағы аты Бүкір болып кеткен. Әкемнің құжаты жасалғанда да Бүкіров болып жазылып кетіпті.
- Бала күнгі арманыңыз қандай еді?
- Бала күннен дәрігер болуды армандадым. Бірақ, тағдыр өз дегенімен жүргізеді екен. Мектеп бітірген жылы анам сырқаттанып, екі көзі бірдей көрмей қалды. Әкем ол кезде мақта бригадасында бригадир болатын. Ол кісінің тапқан 60 сом айлық анаммен қосқанда тоғызымыздың қай жыртығымызға жамау болады? Үйдің үлкені ретінде жаупкершіліктің бір ұшы маған артылып, әкеме қолқабыс жасау үшін еңбекке ерте араласып кеттім. Әйтпесе, мектепті үздік бітіріп, бірнеше олимпиадалардан жүлде еншілегенмін. Төменгі сыныпта «класком», 9-сыныпта бүкіл мектеп бойынша «комсорг» болдым. Спортпен де шұғылданып, белсенді болдым.
Жалпы мені өсірген, ерте есейткен қара жұмыс деп айтсам, өтірік бола қоймас. Үшінші сыныптан бастап анамызға еріп, мақталықтың басында жүрдік. Бүкіл жазғы демалысымыз мақта алқаптарында өтетін. Мектеп бітіргеннен бір жылдан кейін механизаторлар курсы ашылып, бүкіл республика бойынша 122 қыз 6 айлық курсты оқыдық. Екі рет Социалистік Еңбек Ері, механизатор Тұрсынай Ахулованың тәжірибесінен өтіп, «Тұрсынайшылар» курсын тәмамдадық. Қайта совхозға келіп, механизатор ретінде жұмысқа кірісіп, сегіз жыл трактор рулінде отырдым. Оның алғашқы екі жылынан кейін «звеновод» болдым. Жыл сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрдім. 1984 жылы жеке бригаданың жетекшілігін қолға алдым.
«Өмір бойы армандап өтетін атақ-абыройға 31 жасымда-ақ жеттім»
- Ер адамның өзіне жеңіл соқпайтын жұмысты ұзақ жылдар атқару қиынға соқпады ма?
- Жұмысты оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ, Алла тағала маған ерекше күш берген деп ойлаймын. Шаршау дегенді білмедім. Тәулігіне бір-ақ сағат көз шырымын алған кездер болды. Жоспарды орындау үшін түн қараңғылығында жалғыз өзім жұмыс істеген сәттер де аз емес. Тіпті, ер азаматтың өздері де ілесе алмай қалатын. Осындай қажырлы еңбектің арқасында 21 жасымда Құрмет белгісі, 26 жасымда Еңбек Қызыл ту орденін иелендім. 20 жасымнан бастап түрлі сайланбалы органдарға аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі делегаты болып қатысып жүрдім. Жоғарғы Кеңестің депутаты да болдым. Партия създеріне де белсенді араластым. Мәскеуде М.Горбачевпен өткен Еңбек үздіктерімен кездесуінде Өзбекстанна барған 14 делегаттың бел ортасында жүрдім. Олардың арасында облыс басшылары, одан да жоғары дәрежелі лауазым иелері де бар еді. 24 жасымда аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 26 жасымда үш жыл қатарынан совхоз директоры қызметіне, аудандық партия комитеті хатшысының идеология бойынша хатшылығына қызметке шақырды. Олардың барлығынан бас тарттым. Өйткені, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізіп, Социалистік Еңбек Ері атағына қол жеткізгім келді. 1990 жылдың қорытындысы бойынша жұмысым жақсы қорытындыланып, Еңбек Ері атағына ұсынылған едім. Алайда, Кеңес Одағы тарап, бұл атақ бұйырмады. Бір сөзбен айтқанда, бір адамның өмір бақи армандап жете алмайтын атақтарды мен 31 жасыма дейін иеленіп үлгердім. Облыстың, тіпті республиканың да басшылары құрметтейтін дәрежеге жеттім.
- Қолдап, көмек қолын созатын біреу бар ма еді?
- Шынымды айтайын, менің ешқандай да танысым, көке-жәкем болған жоқ. Қара жұмыстың арқасында өзімді мойындатып, көрсете білдім. Рас, Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы болған Шараф Рашидовтың шарапатын көп көрдім. Ол іскер жастарға деген көмегін аямайтын. «Тұрсынайшылар» мектебін бітірген жылы ауылшаруашылық құрылтайына қатыстық. Сол құрылтайда мен жас механизатор қыздардың атынан сөз сөйлеген едім. Жалынды сөздерім Шараф Рашидовқа ерекше әсер еткен болса керек, назарына іліктім. Көзқарасы өзгерді. Біздің ауданға келген сайын жылы пікір білдіріп кететін.
«Елге оралғасын барлығын да «нөлден» бастадым»
- Қазақстанға қай жылы оралдыңыз?
- Елге 1993 жылы табан тіредім.
- Елге келуіңізге не себеп болды? Өзбекстандағы атақ-абыройыңыз дүркіреп, жағдайыңыз жаман болмағанға ұқсайды. Өзіңіз солай шештіңіз бе, әлде ол жақтағы жағдай қиындай түсті ме?
- Жағдай өзгеріп, қиындап кетті деп айта алмаймын. Баяғы атағыма дақ түспеген кез. Аудан, облыс басшыларына дейін сөзімді өткізе алатын дәрежем бар. Бірақ, әр мемлекет өз алдына дербес мемлекет болып жатқанда жат елде қалғымыз келмеді. Ата-анамыз да елге қосылайық дегенді жиі айта бастады. Бүгінімізді емес, ұрпағымыздың келешегі үшін осындай ортақ шешімге келдік. Еңбегімізді елге сіңіргіміз келді. Сөйтіп, 1994 жылы Сайрам ауданындағы Тассай ауылына бір ауыл болып көшіп келдік.
- Елге келгеннен кейінгі жағдайларыңыз қалай болды?
- Шынымды айтсам, мен барлығын да «нөлден» бастадым. Қай жерге барсам да мәселені шешіп жүрген мен үшін бұл алғашында көп қиындық туғызды. Өзбекстандағы атағымды айтып, ешкімге салмақ салғым келмеді. Басшылардың алдына да көмек сұрап бармадым. Елге келе салып өзіміз үйренген ауылшаруашылық саласында еңбек еттім. А.Яссауи шаруа қожалығына 8 жыл жетекшілік еттім. Сосын ойлана келе мемлекеттік қызметке араласуға бел буып, осы кезге дейін жинақтаған тәжірибемді ел мүддесіне жұмсауды жөн көрдім. Ол кезде аудан басшысы Қуаныш Айтаханов болатын. Әкімнің қабылдауында болдым. Ол кісі жылы қабылдады. Қалекеңнің қолдауымен аудандық жер инспекциясының бастығы қызметіне кірісіп, бір жарым жыл жұмыс істедім. Кейін Өмірзақ Әметұлы әкім болып келді. Менің өмірбаяныммен танысқаннан кейін Болат Жылқышиевпен келісе отырып, Сайрам ауылының әкімі қызметіне тағайындады. Ол жерде жарты жыл жұмыс істегеннен кейін іскерлік қабілетіме сенген Өмекең өзіне идеология жөніндегі орынбасар лауазымына отырғызды. Екі жылдан кейін Ақбұлақ ауылының әкімі, 2010 жылдан бері 35 мың халқы бар Ақсукент ауылының әкімі қызметін атқарып келемін. Мұнда жүріп те бірнеше марапаттарға ұсынылып, үш медаль алдым. Солтүстік облыстарда 19 мың халқы бар аудандар бар. Онда 150 адам қызмет жасайды. Ал бізде әкіммен қоса есептегенде 11-ақ адамбыз. Жұмыс ауыр, кейде үлгере алмай да жатамыз.
«Тұрмысқа шыққан емеспін»
- Енді жұмыстан отбасылық жағдайға ойысайықшы...
- Мен әзірге тұрмысқа шыққан жоқпын. Өмірімде тек ата-анаммен, бауырларыммен бірге тұрдым. Қазір де інімнің бір ұлы мен бір қызы қолымда.
- Тұрмыс құрмауыңыздың себебі неде? Жұмысбасты болып кеттіңіз бе?
- Менің мінезім тік. Кейбіреулер Маргарет Тэтчерге теңеп сөйлейді. Өзімнің ойымша жігіттердің көпшілігі осы бетке айтатын, тік мінезімнен тайсақтаған сыңайлы. Бәлкім мендегі секілді ер мінезді қабылдамаған да болар.
- Жігіттер тарапынан тұрмысқа шығуға деген ұсыныстар болды ма?
- Жасырмаймын, ондай жағдай көп болды. Бірақ, ешқайсысы да жүрегімді жаулай алмады.
- Ер азаматтардың қандай қасиеттерін бағалайсыз және қабыл алмайсыз?
- Ер азаматтардың ең бірінші әділ болғанын қалаймын. Адамгершілігі жоғары, өсек-аяңнан аулақ жүретін, екі сөйлемейтін қасиетін құптаймын. Мен өз әкеммен мақтана аламын. Әкем жас кезінен өмірдің барлық тауқыметін көріп өсті. Сексен жасқа келгенше, яғни дүниеден өткенше ат үстінен түспей, көкпар шапты. Өнерге жақындығы өз алдына бір әңгіме. Домбырада, гармонда жақсы ойнады. Сұлу да сымбатты кісі еді, сол қалпында кетті.
- Дін – апиын деген заманда туып-өстіңіздер ғой, қазір дінге деген көзқарасыңыз қандай?
- Өзбекстанда жүрген кезде жаназаға тұрғызбау, мешіттерде айт намазын оқытпау деген секілді тыйымдар болды. Біз ол кезде нағыз коммунистпіз. Айт намазы кезінде әрқайсымызды әр мешітке жазып қояды. Тапсырма - ішке ешкімді кіргізбеуіміз керек. Біз оған бармадық. Соншама адамды қалай кіргізбейміз? Ауылда мешіт болмайтын. Бір күні әкем «балам, соншама ел тұрып, ауылда бір мешіт жоқ, сен көмектессейші, қолыңнан келеді ғой» деді. «Ой, не деп тұрсыз, құрып кетеміз ғой» деп шошып кеттім. «Көрсетпей, білдірмей істеуге де болады ғой» деп ақылын айтты. Содан кейін не істеу керектігін ойладым. Қол астымда құрылысқа бейімді 10-12 жігіт бар еді, соларға мешіттің іргетасын қалаттым. Қабырғасын тұрғызып, шатырын жаптырттым. Ғимарат бітті. Бір күні «балам, енді мешітке не қосамыз, үйде мал басы бар, зекет деген болады» деді. Сөйтіп, қорадағы өгіздің біреуін, кейін төсеніш бердік. Құдайға шүкір әкемнің осы ақылы абыройымды тағы да арттыра түсті. Кейінгі жылдарға дейін намазға барғандар менің осы жақсылығымды айтып жүреді екен.
«Артық дүние жинаған емеспін»
- Тұрмыстық жағдайыңыз қалай?
- 5-6 жылдан бері үш бөлмелі қызметтік пәтерде тұрамын. Дүниенің соңына түсіп, баюды көздеген емеспін. Әйтеуір, бір басыма жетерлік жағдайым бар. Артық-ауыс дүнием жоқ.
- Қандай арманыңыз бар?
- Болашағымызға жақсы тәрбие берсек деп ойлаймын. Оларға қалай дүние табуды емес, елін, бауырларын сүюді үйретіп, үлкенді құрмет тұтып, кішіге үлгі бола алатын ұрпақ тәрбиелесек екен деймін. Өмір алда ғой, кім біледі, жүрегімді жаулайтын біреу табылып жатса ол да бір арманның орындалғаны болар еді.
- Ашылып әңгімелескеніңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Шадияр Молдабек, Жандар Наурызбайұлы.
"Рейтинг" газеті №10, 8 наурыз 2012 жыл