Берекелі де, меркелі «Алтын күз!»
Берекелі де, мерекелі «Алтын күз!» Қуаңшылыққа қарамастан облыс шаруалары биылғы жылды табысты аяқтады Биылғы қуаңшылыққа, пандемиялық жағдайға қарамастан облыс шаруалары жылды табысты аяқтады. Мұның бәрі де бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан жақсы дәстүрлердің, тың бастамалардың нәтижесі. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған «Aлтын күз – 2021» салтанатты мерекесінде мұны облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев атап айтты.
Өңір басшысы биыл атап өтіліп жатқан Тәуелсіздіктің отыз жылында облыста атқарылған оң тірліктерге тоқталды.
– Күні кеше «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Оның біріншісі – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз және ең ұлы құндылығымыз. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отырмыз. Осы отыз жылда өңірімізде барлық көрсеткіштер еселеп өсті. Оның бірқатарына тоқталсам, «Тәуелсіздік» көпірі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралы, «Көксарай» су реттегіші елдің күрделі мәселелерін шешті. Бұрын көрші елдің шекарасынан өтуге мәжбүр болған жерлестеріміз «Тәуелсіздік» көпірі арқылы кедергісіз жол жүруге мүмкіндік алды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы жүздеген елді мекен газбен қамтылды. Импорттық газға тәуелділік азайып, өңірдің 60 пайызға жуығы газбен қамтылып отыр. Түркістан қаласы 100 пайыз газдандырылды. Елбасы Түркістанды Тәуелсіздіктің басты жеңістерінің бірі ретінде атап өтті. Шаһар 3 жылда өзгерді. Бұның бәрі – халықтың көз алдында жүзеге асқан, көзге көрінетін жобалар. Осы жетістікке Сіздер де үлес қосып жатырсыздар, – деді облыс басшысы.
Оңтүстік өңірінің климаты ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Республикадағы суармалы жерлердің үштен бірі де осы облысқа тиесілі. Ал, ет экспорты бойынша Түркістан облысы бірінші орынға шықты. Соңғы жылдары өңір шаруалары тамшылатып суару, жаңбырлатып суару сияқты тың технологияларға ден қоюда. Бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы жүзеге асуда. Осындай жаңаша әдіс-тәсілдердің арқасында бір гектардан миллиондаған теңге табыс табуға болады.
Өңір басшысы сонымен бірге Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері арасындағы келісімге сәйкес биыл «Достық» каналына мол деңгейде су келгенін, осы арқылы мақташылар жоғары түсімге қол жеткізгенін де атап өтті. Облыста каналдар жөнделіп, жаңа су қоймалары салынып жатыр.
Енді азды-көпті цифрларға тоқтала кетсек. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша биыл жауын-шашынның аз түсуі ауыл шаруашылығына қолайсыз болғанымен агроөнекәсіп кешенінің даму тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы саласында 2021 жылдың 10 ай қорытындысымен жалпы өнім көлемі 805,3 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 128,7 миллиард теңгеге артқан. Өңірде ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 47,1 млрд. теңге тартылып, тиісті кезеңнен 1,5 есе артқан. Тамақ өндірісіне 6,2 млрд. теңге инвестиция тартылып 1,6 есе артқан. Қайта өңделген өнім көлемі 73 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға артты. Өсім ет өнімдерін өңдеу көлемі 42,9 пайызға, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу 24,5 пайызға, өсімдік майын өндіру 45,1 пайызға, сүт өнімдерін өңдеу 2,1 пайызға және ұн жарма өнімдерінің өңдеу көлемі 6,7 пайызға артты.
Шара барысында еңбек озаттары, ауыл шаруалшылығы саласына еңбегі сіңген қызмектерлер, үздік нәтиже көрсеткен аудандар марапатталды. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің қолынан бірқатар азаматтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерін алды.
Енді әр салада озат атанған аудан, қалаларға тоқталсақ. Агроөнеркәсіп кешенінің даму көрсеткіштерін жоғарғы деңгейде орындаған Сайрам ауданы ең үздік деп танылды. Марапат аудан әкімі Ұласбек Сәдібековке табыс етілді. Облыс көшін бастаған аудан жалпы өнімнің 12 пайызын еншілеген. Ет өнімдерін экспорттауда аудан алдынға қатарда. Облыста өндірілетін еттің 15 пайызы, сүттің 18 пайызы Сайрамның үлесінде. Ірі қара малды тұқымдық түрлендіру жоспары 3,5 есеге артық орындалған.
Екінші орын – Мақтаарал ауданы, мұнда 10 айда 61 миллиард теңгенің өнімін өндіріліп, нақты көлем индексі 105 пайызды құрады. Марапат аудан әкімі Бақыт Асановқа табыс етілді. Мақтааралда тамақ өндірісіне 807 миллион теңге инвестиция тартылып, жоспар 1,3 есеге артық орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдары 61 мың гектарға орналастырлып, 100 пайыз игерілді. Мал мен құс басын орташа 15 пайыз көбейтуге қол жеткізілді.
Үшінші орынға жайғасқан Бәйдібек ауданында салаға 5,4 миллиард теңге жеке инвестциялар тартылған. Марапат аудан әкімі Ержігіт Шәріпбекке берілді. Бәйдібекте ірі қара мал бордақылау алаңы іске қосылды, мал басы мен өнімділік орташа есеппен 105 пайызға артқан.
Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына инвестиция тартуда үздік деп Қазығұрт ауданы танылды. Марапат аймақ әкімі Арман Абдуллаевқа табысталды. Қазығұрт тамақ өндірісіне 1,5 млрд. теңге инвестиция тартып, алдынғы орынға шықты. Ауданның облыстағы үлесі – 24 пайыз. Сәйкесінше қайта өңдеу көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға қол жеткізген және негізгі капиталға 4,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылған.
Негізгі капиталға инвестиция тартудан үздік деп Ордабасы ауданы танылды. Бағлан Батыршаев басқаратын ауданда бұл салаға 6,3 миллиард теңге жеке инвестция тартылған, өңірдегі үлесі 15 пайыз.
«Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасын іске асырудан, құс шаруашылығын дамытуда озат Сарыағаш ауданы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Марапат аудан әкімі Мұхит Отаршиевке берілді. Аймақта бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша 499 жоба іске асырылып, 46,4 мың тонна өнім өндірілді. Тиісті кезеңде құс басы 1,5 есе көбейіп, 587,2 мың басқа жетті.
Ылғал үнемдеу технологияларын және ірі қара мал басын ұлғайтуда Сауран ауданы озат деп танылды (аудан Әкім Ғани Рысбеков жетекшілік ететін ауданда биыл 200 гектарға жаңбырлатып, барабанды суғару 6 дана қондырғы орнатылды. Тиісті кезеңмен салыстырғанда ірі қара мал саны 12,3 пайызға артып, 90 мың басты құрады.
«Мақсары өндіруден озат аудан» аталымы Төлеби ауданы ауданы әкімі Төлеген Телғараевқа табыс етілді. Төлебиде 11,3 мың гектардан түсімі орташа 14,1 центнерден 15,9 мың тонна өнім алынды.
Мақта өндіруден озат Шардара ауданы әкімі Қайрат Жолдыбай, бақша өндіруде, өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттауда, ауыл шаруашылығы жобаларын несиелендіруде озат Жетісай ауданы әкімі Мұрат Қадірбек, жеміс-жидек шаруашылығын дамытуда озат Түлкібас ауданы әкімі Нұрлан Байғұт, түйе басын ұлғайтуда озат Созақ ауданы әкімі Салыхан Полатов марапатталды.
Облыстың озат шаруа қожалықтарын «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірініші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев марапаттады. Ал, ауыл шаруашылығы саласына ақпараттық қолдау көрсетіп, әріптестік танытқан бір топ БАҚ өкілдерін Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов марапаттады. Солардың қатарында «Рейтинг» газетінің журналисіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Алғыс хаты табысталды.
Асылбек ДОСАЛЫ,
"Рейтинг" газеті, қараша, 2021 ж