Бәйдібекте мектеп құрылысы басталмай жатып дау шықты
Биыл Бәйдібек ауданы Сарыбұлақ елді мекенінде 200 орындық, екі қабатты мектептің құрылысы басталмақ. Ауылдағы шәкірттердің жөні түзу білім ғимаратына жарымай келе жатқаны қашан. Іргесі осыдан алпыс жыл бұрын қаланған ескі мектеп тозған. Оқушылар осында тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, қалған білімін көрші Амансай ауылында жалғастырып келеді. Сәтін салса, сарыбұлақтық оқушылардың бұл қиындықтан құтылатын күні таяу. Алайда құрылыс жұмыстары басталмай жатып, одан дау шықты.
«Рейтинг» газетінің редакциясына ауыл тұрғындары Гүлбакира Үсіпбекова мен Ғани Жақыпбеков келіп, осы даудың мән-жайымен таныстырды.
--Мамандар жаңа мектепті ауылдың шетінен салуды жоспарлапты. Бұл ауыл тұрғындарына ыңғайлы емес. Біріншіден, мектепке баратын жолда канал бар. Оған көпір салынуы тиіс. Жолға тас төселуі керек. Мектеп орны қазір бір азаматтың иелігінде. Естуімізше, оны мемлекет сатып алатын көрінеді. Мұның бәрі де қосымша шығындарды қажет етеді. Екіншіден, жаңа мектеп ауылдың бергі басында орналасқан үйлерден қатынайтын оқушыларға алыс. Арақашықтық шамамен 2 шақырымдай. Көктем мен күздің жауын-шашынында, қыстың қарлы боранында балаларымыз қиналып қалады. Бұдан бөлек, жаңа мектеп салынатын орынға жақын жерде мазарат бар.
Біз мектепті ескі білім ұясының қасынан немесе ауылдың кіре берісінен салуды ұсынып отырмыз. Осы жөнінде аудандық әкімдікке хат жазып, қанағаттанарлық жауап алғанымыз жоқ. Содан талап-тілегімізді тиісті орындарға сүйікті газетіміз «Рейтинг» арқылы жеткізгенді жөн санадық,--дейді Гүлбакира апай.
Арызданушылар бізге осы жөнінде Бәйдібек ауданы әкімінің және облыс әкімінің атына алпысқа жуық ауыл тұрғыны қол қойған хатпен де таныстырды. Бірақ бұл ұсынысқа сарыбұлақтықтар түгел қосылып отырған жоқ. Ауылдағы біраз тұрғындар мектепті мамандар белгілеген жерден салынуын жақтаған. Жасыратыны жоқ, арызданушылардың айтуынша, осыған байланысты ауыл халқы жоғары жақ, төмен жақ болып, өзара пікір таластырып жүрген көрінеді.
Біз мынау дұрыс, мынау бұрыс деуден аулақпыз. Сондықтан арызданушылардың жазған хаттарына келген жауаптармен де таныстық. Жауап хат 7 ақпанда аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ж.Сұлтанбековтен келген екен. Оның жазуынша, арызданушылардың ескі мектептің жанынан ұсынған бірінші жердің көлемі 1,1 гектарды құрайды. Ал жаңа мектеп салу үшін 2 гектар жер керек. Ауылдың кіре берісінен ұсынылған екінші жер 10-15 метр биіктікте. Бұл жерге ауыз суды алып бару қиындау.
Әрине, биыл басталатын мектептің жобасы әлдеқашан жасалып, сараптамадан өткізіліп қойылған. Оны енді қайта өзгертудің қосымша уақыт пен шығынды қажет етеніні белгілі. Ауданның сәулетшілер мен құрылыс саласына жауапты мамандары неге о баста ауыл тұрғындарының пікірімен санаспаған?
Қалай болғанда да жаңа мектеп құрылысының дау-дамаймен басталғаны өкінішті-ақ. Тиісті орындар бұған не дер екен?
"Рейтинг" газеті №10, 8 наурыз 2012 жыл