Наурыз отқа табынушылардан қалған мереке ме?

Oinet.kz 20-03-2014 1092

Наурыз - табиғаттың оянып, айналаның түрлі түске боянған кезі, жаңарғандықтың, жасанғандықтың белгісі, береке-бірліктің бастауы. 2009 жылдан бастап Наурыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Наурызды Кеңес Одағы елдерінің ішінде араға жетпіс жыл салып барып, қайта жаңғыртқан Қазақ елі еді. Қазір әлемде бұл мерекені мемлекеттік деңгейде үш күн қатарынан атап өтетін жалғыз ел де Қазақстан. Бірақ...Біз осы Наурыз туралы көпшіліктің пікірінің бірдей еместігін біле бермейді екенбіз.  

Screenshot_9.jpg

Ағайын-туыстың жиынында болған мына оқиға мені еріксіз ойландырып тастады. Бір азаматтың «Наурыз мұсылманша жаңа жылымыз» деген сөзіне қаба сақалды жігіт кәдімгідей ренжіп, шарт ете қалды.

- Қайдағы мұсылманша. Оны кім айтты саған? Бұл ешқандай да мұсылманша жаңа жыл емес, Наурыз сияқты пұтқа табынушылардың мейрамының исламға ешқандай қатысы жоқ,-- деп, әңгімесінің соңында «астағфираллах» деді ме, әйтеуір арабшалап бірдеңені күбірлеп кетті.

- Наурыздың мұсылман дініне ешқандай қатысы жоқ екені рас. Пайғамбарымыздың хадистеріне қараңыз. Ол мұсылманда Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мерекені тойлау дұрыс еместігін айтқан. Сондықтан да бұл мерекені араб әлемі тойламайды. Сирия сияқты елдерде бұған заңмен тыйым салынған. Наурызды парсыша жыл басы деп атау керек. Өйткені бұл мерекенің түп-төркіні Ираннан, зороастр дінінің өкілдерінен шыққан,--деді қаба сақалдының жанында жүрген жігіттердің бірі.

- Бірақ бабаларымыз, барлық түркі халықтары бұл мерекені ежелден тойлаған ғой,--деп, әңгімеге енді араласа берген Серік ағамызға әлгі қаба сақал жасы үлкендеу деген жоқ, дүрсе қоя берді.

- Жалпы қандай мәселеде болсын, алдымен дәлелге жүгіну қажет. Қане, қазақтар, ата-бабаларымыз осы мерекені тойлапты дегенді қайдан оқыдыңыз. Қандай дәлел келтіре аласыз? Наурыз парсылардан қалған мереке. Ол осы парсы мәдениетінің ықпалы тараған елдерде атап өтіледі. Арабтарда, басқа да мұсылман елдерінде оны тойламайды. Наурыз күні Қыдыр ата үй-үйді аралайды дегенді де қою керек. Бұл кісінің күлкісін келтіретін нәрсе, естіген адамнан ұят,  —деп қойып қалды.

Мына сөзден кейін бәріміз тосылғандай болдық. Аздан кейін арамыздағы бізге қарағанда көптеу оқитын, діннен хабары бар Көшкінбай ағамыз сөзге араласты:  

- Мұнда тұрған ешнәрсе жоқ. Жалпы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Наурызды тойлаудың исламға қайша еместігі жөнінде пікір білдірген. Оны діни ғалымдарымыз да мқұлдаған. Жалпы біздің мәзхабымызда Наурызды тойлауға рұқсат етілген. Қайта ол жақсы дәстүр саналады, - деді.

- Той тойлау әркімнің өз еркінде. Бірақ Наурыз аспан денелеріне табынушы зороастр дінінің сарқыншағы екені рас. Бұл мерекенің ең басты белгілерінің бірі—от. Адамдар Наурызда отқа табынған, жанып тұрған оттың үстінен секірген. Жалпы, ислам басқа діндегілердің діни мерекелеріне қатыспауға, ортақтаспауға шақырады.  Бүгінгі адамдар, дінбасылар: «Біз оттың үстінен секірмейміз, отқа табынбаймыз» – дейтін шығар. Бірақ ардақты пайғамбарымыз «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі» деген,--деді қаба сақалды жігіт енді сабасына түсіп. Оның айтуынша, пайғамбарымыздың хадистері, құран аяттары Құрбан айт пен Ораза айттан басқа мереке жоқ дегенге үндейді екен. Иман келтірген адам осыған тоқтайды екен. Тоқтамасаң имансыз екенсің.

Кейіннен ғаламторды ақтарып отырып мынандай бір мәлімет таптым. Осыдан екі жыл бұрын Қырғызстанның Мұсылмандар діни басқармасы «Наурыз исламдық емес мереке. Мұсылман баласы мұндай мейрамды тойламайды. Исламда тек екі  мереке бар. Олар Құрбан айт пен Ораза айт. Бірақ біз Наурыз мұсылман дінінің мерекесі дегендерді айыптамаймыз. Бұл білімсіздік. Бұл ұзақ уақыт Кеңес Одағы кезінде үстемдік құрған атеистік қоғамнан қалған түсінік» деген ақпарат таратыпты. Елдегі ресми діни басқарманың сөзі осы болған соң қарапайым халықтың пікірі қандай?

Көптеген елдердің президенттері (Иран, Армения, Әзірбайжан, Түркіменстан)  Наурыз мерекесін бір дастарханның басында отырып тойлауды кейінгі кездері дәстүрге айналдырып келеді. Бұл дегеніңіз Наурыз ел мен елдің арасындағы бауырластықты, достықты арттыруға ықпал етіп отыр деген сөз. Жалпы көктем кез-келген тіршілік иесі  үшін қуаныш емес пе? Өкінішке қарай, үйде ит ұстауды да дұрыс емес деп есептейтін кейбір әсіредіншіл бауырларымыздың бізбен бірге қуана алмайтыны, бір-біріне деген бауырластығын арттыра алмайтыны өкінішті-ақ.     

Сіз бұған не дейсіз? Ғалымдарымыз не дейді? Біз осы жөнінде біраз азаматтардан пікір сұрап көрген едік.

Мекемтас Мырзахметов, ғалым, филиология ғылымдарының докторы, профессор:

«Наурыз діни мереке емес»

- Наурыз біздің жыл санауымыздан бұрынғы 7 ғасырдағы Тұранның қағаны Алып Ертоңғадан бұрын тойлана бастаған. Кейбір зерттеушілер бұл мерекенің 30 мың жылдық тарихы бар дегенді айтады. Наурыз түркі мен иранға ортақ. Бірақ екі халық екі түрлі тойлайды. Біз оны өзіміздің табиғатымызға бейімдегенбіз.  

Наурызға екі рет тыйым салынған. Біріншісі, арабтар жаулап алғаннан кейін болды. Арабтар кеткен соң қайта тірілтіп алдық. Екіншісі, 1926 жылы Голощенкиннің ұсынысымен Наурызға діни астар беріліп, атап өтуге тыйым салынды. Соған қарамастан ауылдарда ол тойлана берді.

Наурыз діни мейрам емес. Ол табиғатпен терең үндескен мереке.  Түркі, иран халықтары оны адамзат әлі мейрам дегеннің не екенін білмейтін кезде-ақ анықтап қойған. Қазір Наурызды дүниежүзі мойындап жатыр. Наурыз жалпыадамзаттық мерекеге айналды. Тағы бір айта кетері, осыдан  30 мың жыл бұрын жер шарындағы халықтар көпқұдайға табынып жатқан кезде, алғаш болып бабаларымыз жалғызқұдайлық монотеистік—көктәңірі дінін ұстанды.  Наурыз да осы ұстанымға сәйкес қабылданған. Сондықтан Наурызды тойлаған дұрыс емес деп, жұртты адастырмау керек. 

Бейбіт Сапаралы, жазушы, дінтанушы:

«Бұл мазхабы басқалардың айтып жүргені»

- Жалпы, бұл сұрақ жиі қойылып жүр. Менің айтарым, пайғамбарымыз тіршілігінде халықтардың, ұлттардың салт-дәстүрін қадірлеген. Үйленіп жатқанда, басқа да қуаныштарда орындалған салт-дәстүрлерді қоштап отырған. Бұл негізгі қағидаларына қайшы келмесе, исламның салт-дәстүрді қолдайтынын көрсетеді. Қазақстанның көптеген жерлерінде Наурыздың қалай тойланатынын білеміз. Мен бұдан исламға қайша келетін ешқандай амалды көргенім жоқ.

Наурыз Маңғыстау жерінен 14-іне «көрісу» деген амалмен бастау алды.Маңғыстауда бертінде Наурыз мерекесі басталар кезде Отпен деген тауға барып, от жағып, іс-шара өткізу үрдісі қалыптасыпты. Мұны да теріс дей алмайсың. Өйткені «От ана бізге бере гөр» деп жалынып немесе отқа табынып, Аллаға серік қосып жатқан ешкім жоқ. Бұл жерде от тек символикалық мәнге ие дүние.

Наурыз тойының арқасында салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып жатырмыз. Тойда қариялар төрде отырып, Алладан тыныштық тілейді, бата береді. Жақсы ниет, тілекті ешкім де жаман дей алмайды ғой? «Наурызды тойламау керек» деген мазхабы басқалардың айтып жүрген әңгімесі деп ойлаймын.

Бәйдібекте мектеп құрылысы басталмай жатып дау шықты
Қырымның қарымтасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу