Ерлікті жастар жасайды. «Парасат» пікірталас клубының жұмысы Мемлекет басшысына баяндалды
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті қабылдады. Қабылдау барысында Шөкеев Президентке 2021 жылы өңірде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Облыс әкімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Сайрам ауданында жүзеге асырылған «Парасат» дискуссиялық клубы пилоттық жобасы туралы баяндады. Аталған жобаның облыс, аудан, аймақтағы күштік құрылым басшыларының тұрғындармен кездесулерін, ашық әңгімелесулерін қамтамасыз ететіні айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға бере отырып, қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеуді күшейтуді тапсырды.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауды мақсат тұтқан «Парасат» пікірталас клубынының VI кезекті отырысы өткен аптада Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында өтіп, ол жастар тәрбиесі тақырыбына арналды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, жастар және облыстағы барлық аудан, қала әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Жастар – қоғамдағы негізгі қозғаушы күш. Олар жас шыбық секілді. Қалай қарай исе солай қарай бейімделіп өседі. Сондықтан да оларға әрқашан дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отыру қажет. Қатесі болса түзеп, тура жолдан адастырмаған абзал. Жастар барлығын сынап көргісі келеді. Әрқашан ілгері қарай ұмтылады. Сонда олар көптеген кедергілерге тап болып, күрмеуі қиын секілденген мәселелермен бетпе-бет кездесіп, оны шеше алмай таулары шағылады. Сол себепті де оларға қиын кезде қолдау һәм демеу көрсеткен жөн.
Пікірталас клубында ортаға жастар шығып өз ойларымен бөлісті. Олар жұмыссыздық мәселесін қозғады. Жұмыссыздықтың бүгінде үлкен әлеуметтік проблема екендігі рас. Себебі көптеген мәселелер, қылмыстар жұмыссыздықтан туындайды. Жұмыссыз адам депрессияға тез ұшырап, қылмыс жасауға бейім болады. Жұмыссыз адам ашушаң келеді. Ашушаң адам түрлі жағымсыз іс-әрекеттерге бой алдыратыны белгілі. Сондықтан да өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, онда жастарды тарту аса маңызды. Жұмыс істеген адам отбасының асыраушысы, қоғамның өзінің бойындағы жағымсыз қасиеттерді жойып, қоғамға орасан зор пайдасын тигізеді. Пікірталаста сөз алған жастар билік өкілдеріне осы бұйымтайын жеткізді. Билік өкілдері ұсыныс назарға алынғанын айтып, осы мәселе бойынша көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Пікірталас клубқа өндіріс орындарының басшылары да қатысқан болатын. Олар жұмыс орындарына білікті, білімді мамандарды қуана-қуана қабылдайтынын хабарлап, жастардан өз ісіне деген сүйіспеншілікті, ізденісті талап ететінін хабарлады. Сондықтан да жастар әрқашан оқу оқып, білім қуып, ғылыми-кәсіби ізденісте жүргендерін қалайтынын жеткізді.
Жиын барысында аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков жастарды дені сау, бойы таза, рухы мықты, отаншыл етіп тәрбиелеуге әрбір азамат жауапты екенін айтты. Көшбасшы болуға ұмтылған жас тек өзін емес, өзгені де ойлап, зор жауапкершілікті сезінеді. Олар терең ойланып, болашаққа биіктен көз жібереді. «Қырық күндігін ойламаған ерден без» демекші, болашағы туралы ойламай тек бүгінгі күнмен өмір сүретін жастан алпауыт азамат шықпасы белгілі.
«Парасат» пікірталас клубына жиналғандар жастарды нақты қандай мәселелер мазалайтынын сараптап, ой елегінен өткізді. Қазіргі таңда жастар арасында суицидтің жиілеп тұрғаны жасырын емес. Өмір қиындығына төтеп бере алмай морт сынғандар өзіне қол жұмсауға тырысады. Мәселеден осылай құтылғысы келеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.
– Суицид – жұқпалы ауру секілді. Суицидті көп айта берсе ол тарай береді екен. Мысалы «Түркістан облысында суицид көп», «Суицидті былай жасапты», «мынандай тәсілдері бар» деп қайта-қайта жарнамалай берсе дәл солай болады. Бұл әлемдік психологияда бар нәрсе. Сондықтан да суицид туралы ашық айтпау керек. Өкінішке қарай, кей журналистер суицид туралы ақпаратты фотосымен айқайлатып беріп жатады. Бұл суицид жасаған жанның отбасына үлкен соққы. Осы себепті де ақпарат берерде абай болып, салдары не болатынын ойлау керек, - деді ол. Сәкен Аманкелдіұлының айтуынша, бүгінде облыста тиісті орындар осы мәселемен жүйелі түрде айналысып жатыр. Нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсау деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай пайызға төмендеген. Айтуға оңай болғанымен, әрбір пайыздың артыңда қаншама адамның тағдыры жатыр.
Айта кету керек, «Парасат» пікірталас клубының тарихы тым тереңде жатыр. Тіпті сонау Кеңес Одағы кезіне барып тіреледі. Оның құрылуына Ұласбек Сәдібеков сеп болған еді. Бұл туралы жазушы Мархабат Байғұт «Ұнасымды Ұласбек» мақаласында былай дейді:
«Ұласбек 1987 жылы Целиноградқа ширығып оралды. Қоғамдық жұмыстарға ширақ та шапшаң араласты. Бұл енді бұрынғы, бұйығылау Ұласбек емес-ті. Басқашалау болып қайтқан. Мәскеудің маңайынан. Келе сала студенттердің көшбасшылығына көтерілген. Жазушы Алдан Смайыловтай ағаларымен ақылдасып, «Парасат» мәдени-ағарту бірлестігі мен «Шаттық» өнер орталығын құрған. Студент жастарға жетекшілік жасап, «Ұлттық рухты біз көтермесек, кім көтереді?! Жастарды ұлттық салт-дәстүрге, тарих пен мәдени құндылықтарға тәрбиелейік!» деп бастама көтерген. Енді бірде екі мыңнан аса адам қатысқан жиын ұйымдастырып, тоталитаризм тітіретіп тұрған кездің өзінде Желтоқсан көтерілісін Целиноградта алғаш рет атап өтуге атсалысқан. Мінберге көтеріліп: «Біз бүгін Желтоқсан оқиғасы кезінде жазықсыз жапа шегіп, құрбан болған өрімдей жастарымызды алғаш рет еске алып отырмыз. Бұл жиынның өткізілуіне жергілікті өкімет рұқсат бермей, қанша созса да, мақсатқа жеттік!» деп жалынды сөз сөйлеп тұрды. Көп ұзамай-ақ қазақ тілінде мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарында қатты қиналатын студенттерге қамқорлық жасау жөнінде мәселе көтерді. Сәдібековтің бастамасымен Целиноградта шетқақпайланып, жолатылмай жүрген «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Көктем мерекесі», «Саяси сайыс» сияқты жарыстар мен байқаулар өтіп, Ұласбегіңіз бүкіл Қазақстанға мәшһүрленді».
Сол Сәдібековыңыз бүгінде әкім ретінде Сайрам ауданындағы жастар мәселесін шешу үшін нақты жобалар ұсынды.
- Жастарды ынталандыру мақсатында бірқатар жобаларды қолға алу керек. Аудан орталығы Ақсукентте жастар орталығын ашу. Себебі біздің еріктілеріміздің отыратын жайы жоқ. Осыған орай аудан орталығынан екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастыру қажет. Қазір біз бұл жұмыстың жобасын жасап жатырмыз. Ол жерде арнайы коворкинг орталығы, баспасөз мәслихаты, дөңгелек үстелге арналған мәжілім бөлмесі және жастар ресурстық орталығы қызметкерлеріне арнайы жұмыс бөлмесін ашу жоспарлануда.
Екінші, жастармен еркін форматтағы кездесулер ұйымдастыру, еріктілердің жұмысын жандандыру. Бізде жастармен жүргізілетін жұмысқа жыл сайын 5 млн теңге қаржы қарастырылады екен. Енді бұл қаржы көлемін 31 млн теңгеге дейін ұлғайтамыз.
Үшінші, қоғамда жастардың рөлін арттыру мақсатында түрлі бағыттағы жиындарға, кездесулерге белсенді жастар өкілдерін қарастырып, спикерлерді дайындап көшбасшыларды анықтау. "Парасат" пікірталас клубының құрамына аудандағы алты арнаулы оқу орнында және салаларда еңбек ететін белсенді жастарды қосу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенділігі жоғары жастармен тиімді жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Төртінші, отбасылық және қоғамдық тәрбие беру барысында әкелер және ағалар мектептерінің жұмыстарын жетілдіру және қоғаммен байланыстыру. Бізде осы жұмыстар бар, "әкелер мектебі" дегендер бар. Бірақ, шыны керек бұл жұмыстар формалды тұрғыда ғана. Енді біз осы жұмыстарды дұрыстап жолға қоюымыз керек. 11 ауылдық округте "әкелер мектебі" жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жұмыс атқару керек. Аудандық денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары, имамдар тарапынан бақылауға алынатын нәрселерді назарда ұстау керек. Жастар арасындағы құқықбұзушылық, ерте жүктілік секілді мәселелерді қатаң бақылауға алу қажет. Имамдар мен теологтардың жастардың діни көзқарасын назарда ұстап, теріс діни ағымдарға түсіп кетуіне жол бермеу.
Бесінші, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында білім және спорт нысандарына серпілту уақыты үйірмелерін енгізіп, ауылдарға интернет желісін қамти отырып онлайн оқытуды ұйымдастыру. Студент жастарды жазғы демалыс орындарында жұмыспен қамтып, әлеуметтік бағдарламаға сәйкес кәсіптік оқыту, - деді Ұласбек Сәдібеков. Әкімнің бұл ұсынысы клуб мүшелері тарапынан кең қолдау тапты.
"Рейтинг" газеті