Баяндама. Невада-Семей

Oinet.kz 23-09-2020 660

«Невада — Семей» қозғалысы туралы көп айтылды — мақалалар, сұхбаттар, түсініктемелер жарияланды, деректі фильмдер түсірілді, олардың ішінде шетелдік авторлар да бар. Сондықтан «Невада — Семей» туралы көлемді әңгімеге бармай-ақ, қазіргі заманның осы қозғалысына үстірттеу ғана сипаттама бере кеткім келеді. Бұған мені итермелеген осы қозғалысқа, оның жетекшілеріне деген құрмет қана емес, тікетірес және шиеленіс кезеңінде полигон төңірегінде болған оқиғалардың бәріне де әділ баға берудің өте қажеттігі міндеттеп отыр.

Бұл айтулы оқиға 1989 жылдың 28 ақпанында, менің 20 ақпанда полигон жабылсын деген Орталыққа жіберген хатымның талабымен Семейге В. Букатов бастаған үкімет комиссиясы келген күні болған еді. Сол күні ақын әрі жалынды шешен Олжас Сүлейменов Қазақ теледидары арқылы мәлімдеме жасады. О. Сүлейменовтың сол жалынды сөзінен кейін Семей полигонындағы ядролық сынақтарға қарсы бағытталған ашу-ыза өрті қаулап кетті деуге болады.

Дәл сол күні Алматыдағы көп адам жиналған митингте О. Сүлейменов еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, советтік бейбітшілік қорғау Комитетіне, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына, «Адамзатты аман алып қалу» халықаралық қорының Комитетіне, Невада штатында (АҚШ) сынақтарға тиым салу қозғалысын жақтаушыларға Үндеуін оқып, Қазақстанда ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті.

Үндеу адамдардың, әсіресе ядролық жарылыстардың ауыр жүгін қырық жыл бойы көтеріп келгендердің жүректеріне бірден ұялап, көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты.
Тек наурыз айыңда ғана Үндеуге қозғалысты қолдаған миллионнан астам қол қойылды, ал қозғалыс қорына көптеген қайрымдылық қаржысы келіп түсті. Ал 11 наурызда қозғалыстың құрылғандығы туралы шетел ақпарат агенттіктері хабар берді — планетамыздың бейбітшілік сүйгіш халықтары өздерінің ынтымақтастықтарын білдіре отырып, қозғалыстың мақсаты мен міндетін мақұлдады. Қозғалыс халықаралық мойындауға ие болды.
Елімізді және бүкіл әлемді дүр сілкіндірген қазіргі саяси белдесуде «Невада — Семей» қозғалысы өзінің асқан гумандығымен және адам сүйгіштігімен ерекше көзге түседі және осы үшін ғана құрметтеуге әрі қолдауға лайық.
Қозғалыс, бейнелеп айтқанда, жұртты ұйқысынан оятты. Мен ядролық жарылыстарға қарсы қозралыстың аяғына еріп, күреске қосылған ондаған адамдардың атын атай аламын. Жазушылар, көсемсөзшілер, тарихшылар әлі өз сөздерін айтады, осы қозғалысқа арналған ядролық сынақтарға қарсы тарихтың тың беттерін толтырады.
Қозғалыс қатарына қосыла отырып және оның тіршілік болмысын қолдай отырып, көптеген семейлік белсенділер, еңбек коллективтерінде және тұрғын үйлерінде айтарлықтай еңбек етті және жаңа қолдаушылар қатарын көбейтіп отырды.
Семей цемент заводының бригадирі В. С. Белоусовты алайық. Жаны жарқын, турасын айтатын, өз қағидасына берік адам, ол полигон жөнінде ойланбастан берік байлам ұстады. СОКП Орталық Комитетінің мүшесі бола жүріп, үкіметтің және ВПК-ның мәртебелі әрі беделді адамдарына жалтақтамастан, СОКП Орталық Комитетінің Пленумдары мен үлкен кеңестерде айбынды ведомствоны қатты сынға алды. Ядролық сынақтарға қарсы делегацияның құрамында Москваға барды, әртүрлі кездесулерде зардап шеккен аймақтың мүддесін қорғап сөз сөйледі.
СОКП XXVIII съезінде Валентин Сергеевич сөз алуға тырысып бақты. Ол Горбачевқа және съезде төрағалық етушінің алдына бірнеше рет барды, біраң оған қасақана сөз бермей қойды,
Әңгіме жоғары басшылықта белгілі бір пікірдің қалыптасып қалғандығында болып отыр: егер Семей облысының өкілдері сөз сұраса, полигон туралы айтады деп қорқады. Халық депутаттарының съездерінде де, одақтың деңгейдегі басқа жиындарда да біздің мінбеге көтерілуімізге жол берілмеді. Бұл жолы Белоусов өз бетінеп қайтпастан сөз алды. Оның жалынды сөзін делегаттар зейін қоя тыңдады және ізсіз қалған жоқ қой деп ойлаймын.
Курчатов қалалық атқару комитетінің төрағасы Е. Чайковский ядролық жарылыстарға қарсы белсенді күрес жүргізді, ол Курчатов қаласының азаматтық тұрғындарын ядролық жарылыстар жалғасқан жағдайда әскерлерге бағынбауға шақырды. Ол әртүрлі жиындарда, соның ішінде халықаралық форумдарда да сеніммен, жасқанбай сөйлеп, ядролық жарылыстарды тоқтатуды талап етті.
Қозғалыс қаузауымен өткізілген көптеген қарсылық митингтері, баспасөз конференциялары, халықаралық жиындар, Семей полигонындағы және бүкіл дүние жүзіндегі ядролық сынақтарға қарсы күресте топтастырғыш күшке айналды.
Полигонға қарсы күрес жүргізілген осы жылдардың бәрінде де біз ортақ бір ғана мақсатты — сынақтарды тоқтатып, полигонды жабуды көздеген «Невада — Семей» қозғалысымен бір қатарда, бір сапта болдық.
Өкінішке қарай, полигонды жабу туралы мәселе іс жүзінде айқындалған шешуші кезеңде: бұған кімнің еңбегі сіңді?— деген сұрақ төңірегінде кикілжің басталды. Баспасөз беттерінде біржақты баға берілген жарияланымдар қаптап кетті. Олар: тек қана «Невада — Семей» қозғалысының арқасында деп жауап берді.
Бұл қозғалыстың әрбір әрекеті дәл осындай пікір туғызатын рухта жарияланып отырды. Қозғалыс өзін-өзі жарнамалау жағына бірден ауа бастады. Оның көптеген белсенділері, олардың ішінде кездейсоқ адамдар да бар, өз міндеттерін, реті келсе де, келмесе де, тек митингтерге шақыру деп білді және кей кездерде жалған сыбыс таратуға да барды. Ал алшақ кеткен митингтік толқын қажеті жоқ айғайшуға, кейде тіпті тәртіпсіздікке, шынайы өмірден қол үзуге әкеп соқтырды. Солай болды да. Облыс басшылырының еншісіне қара жұмыс тиген еді, оны болашақ ғимараттың ірге тасын дайындау үшін жер қазатын адамның еңбегімен ғана салыстыруға болады. Біз өз жұмысымызды жарнамалаудан аулақ болдық. Керісінше, менменсіген өкіметтің бұлтақтары мен бұрылыстарын жақсы біле отырып, өзіміздің қиын жұмысымызды дабырасыз-ұрансыз тындыруға тырыстық. Шын мәнінде, жұрт біздің қандай шытырман жолдардан, биік-биік бөгеттерден өткенімізді білген жоқ.
Тікетірес жылдарында полигон төңірегіндегі оқиғалардың ортасында болған адам ретінде, мен Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі тарихи жеңіске, ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа қатысушылардың барлығының Қазақстан Президентінің, республика Жоғарғы Советінің және барша халықтың бірлесе отырып күш жұмсауының арқасында жеттік дегенді атап айтқым келеді.
Біз «Невада — Семей» тәрізді қозғалысты қолдаймыз, оның бұқаралығы мен адамгершілік мақсаты қоғамға қажет-ақ. Біз бәріміз де өз халқымызға қызмет етеміз, біздің мақсатымыз ортақ болуға тиіс және оған біз бір-бірімізге сенімді тірек бола отырып, қол ұстасып баруымыз керек. Бұған қарсы әрекеттердің бәрі де орынсыз.

Баяндама. Қаржы жүйесі
Реферат. Невада-Семей полигонының инфрақұрылымы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу