Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Қос сөздер екі сөздің қосарлануынан не бір сөздің қайталануынан жасалады. Қос сөздің екі түрі бар: 1) қайталама қос сөздер; 2) қосарлама қос сөздер.
Қайталама қос сөздер бір сөздің қайталануынан жасалады: жиі-жиі, әрең-әрең, ойдым-ойдым, мая-мая, көзбе-көз, үйір-үйір, т.б.
1) Қайталама қос сөздердің жасалу жолдары: қосымшасыз-қосымшалы сөздердің қайталануы: тау-тау, қатар-қатар, биік-биік; таудай-таудай, айта-айта, жүгіре-жүгіре, т.б.
2) бір сыңары қосымшалы, бір сыңары қосымшасыз түбірдің қайталануы: жан-жақтан, үй-үйді, бетпе-бет, апа-жезделі, т.б.
3) бір түбірдің әртүрлі қосымша жалғанып қайталануы: жөнді-жөнсіз, айтар-айтпасы, тұрар-тұрмастан, қолы-қолына, т.б.
4) екінші сыңары бірінші сыңарына еліктеу арқылы жасалған қос сөздер: ет-мет, ат-мат, шай-пай, түйе-мүйе, т.б.
5) екінші сыңары дыбыстық өзгеріске ұшырап жасалған қос сөздер: жарқ-жұрқ, сарт-сұрт, жалт-жұлт, т.б.
6) күшейткіш буын арқылы жасалған қос сөздер: тап-таза, мөп-мөлдір, сұп-суық, аппақ, көкпеңбек, жып-жылтыр, теп-терең, т.б.
Екі түбірдің қосарлануы арқылы жасалған қос сөздер қосарлама қос сөздер деп аталады.
Қосарлама қос сөздің екі сыңары екі түрлі сөзден болады: сый-құрмет, ата-ана, ағайын-туыс, төсек-орын, қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, т.б.
Қосарлама қос сөздің құрамы әр алуан болады:
1) Мағынасы бір-біріне жақын синонимдес қос сөздер: аяқ-табақ, жан-жануар, дос-жаран, ағайын-туыс, бақ-береке, ырыс-құт, т.б.
2) Мағынасы бір-біріне қарама-қарсы антоним қос сөздер: үлкен-кіші, кәрі-жас, алыс-жақын, ащы-тұщы, алыс-беріс, жоғары-төмен, т.б.
3) Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз қос сөздер: бала-шаға, киім-кешек, көйлек-көншек, жүн-жұрқа, қыз-қырқын, шал-шауқан, келін-кепшік, жігіт-желең, т.б.
4) Екі сыңары да мағынасыз қос сөздер: апыр-топыр, ығы-жығы, апыл-ғұпыл, оқта-текте, абыр-сабыр, әлек-шәлек, т.б.
5) Кейінгі жылдары қалыптасқан қосарланған қос сөздер: үгіт-насихат, оқу-ағарту, саяси-экономикалық, қазақша-орысша сөздік, т.б.
Қайталама қос сөздер де, қосарлама қос сөздер де әрқашан дефис арқылы жазылады. Мысалы, ар-намыс, ыза-кек, әдет-ғұрып, мая-мая, салдыр-гүлдір, тәп-тәтті, елу-алпыс, ербең-ербең, ас-мас, орын-орнына, тек күшейткіш буын арқылы жасалған аппақ және көкпеңбек қос сөздері ғана бірге жазылады.