Реферат: Лизингтің мәні мен маңызы
Әлемдік тәжірибеде “лизинг” термині ұзақ мерзімді пайдаланылатын заттарды жалға беру негізінде, әртүрлі мәмілелерді белгілеу үшін қолданылады.
Аренда келісім-шарты жасалу мерзіміне байланысты арендалық операциялардың үш түрі бар:
Қысқа мерзімді аренда (рентинг) – бір күннен бір жылға дейін;
Орта мерзімді аренда (хайринг) – бір жылдан үш жылға дейін;
Ұзақ мерзімді аренда (лизинг) – үш жылдан жиырма жылға дейін.
Әрбір күрделі экономикалық ұғымдар секілді лизингте де бірнеше анықтамалар бар. Ең біріншіден, лизинг — бұл ағылшын сөзі to lease – уақытша жалға беру немесе жалға алу деген мағынаны білдіреді.
Лизинг – бұл жалға берушінің уақытша бос немесе тартылған қаржы қаражаттарын инвестициялау. Бұл кезде жалға беруші белгілі бір сатушыдан өз меншігіне келісім-шартта көрсетілген мүлікті сатып алуға міндетті болады және осы мүлікті жалданушыға уақытша пайдалануға, ақылы негізде, беруге міндетті болады және оны кейін сатып алу құқығының бар болуын көрсетеді.
Лизинг дегеніміз аренда келісім-шарты. Ол жалға беруші өз иелігіндегі жабдықтарды, машиналарды, ЭЕМ, оргтехниканы, транспорттық құраларды, өндірістік, сауда және қойма мәні бар құрылғыларды жалданушыға белгілі бір мерзімге, өзіне проценттік ставканы қосатын, жалданушының ақша нарығындағы тартылған қаражаттардың құнын жабатын, банктің пайдасын есепке алатын және мүліктің амортизациясын ескеретін, анықталған арендалық төлем негізінде беруді білдіреді.
Сонымен қатар, лизингті үшінші тұлға үшін мүлікті сатып алатын және оған ұзақ мерзім периодына беретін, мамандырылған (лизингтік) компанияның делдалдық қызметі арқылы негізгі қорларға салымдарды қаржыландырудың арнайы нысаны ретінде де қарастыруға болады. Яғни, лизингтік компания нақты түрде жалданушыны несиелендіреді. Сондықтан лизингті кейде “несие — аренда” деп атайды.
Сатып алу-сату келісім-шартында тауарға иелік ету құқығы сатушыдан сатып алушыға өтеді, ал лизингте аренда келісім шартын жасасқан кезінде, мүлікке ие болу құқығы жалға берушіде қалады. Лизингтік келісім шартының мерзімі аяқтаған соң, жалданушы лизингтік жабдықты келісілген бағада сатып алу, келісім шарт мерзімін ұзарту немесе жалға берушіге жабдықты қайтару мүмкіндігі болады.
Лизингтік қаржыландырудың несиеден айырмашылығы. Қазақстан Республикасында лизингтік операцияларды реттеу 2000 жылдың шілде айында қабылданған “Қаржы заңынан” кейін ғана қолға алынған болатын. Бүгінде бұндай қаржылық қызмет көрсету түрі өзге елдердегідей қарқынды даму үстінде. Еліміз дамушы мемлекет болғандықтан, көптеген өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы техникалық жағынан жаңартуды, жаңа технологиялармен жабдықталуды қажет етеді. Алайда, барлық өндіріс көздерінің мұндай игі шараларға қорларындағы қаржылары жете бермейді және де барлығының да банктерге кепілдік қойып, несие алуға мүмкіндіктері жоқ. Осындай сәттерді ескере отырып, лизингтік компаниялар ашылып, жұмысы да сол бағыт бойынша жүргізіледі.
Қаржылық лизингте лизинг алушыдан ешқандай мүлікті кепілдікке қою талап етілмейді, тек қана алынған соманың жарты ақшасын құйса болды. Яғни, аздаған соманы кұю арқылы алушы өзінің қажеттіліктерін игере алады және лизингтік қаржы операциялары кезінде екінші рет қосымша қаржы алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, лизинг алушыларға мемлекет тарапынан да бірқатар жеңілдіктер жасалған. Мәселен, лизинг алушылар кейбір салық төлемдерінен босатылған. Лизингтік операцияларда несиеге қарағанда пайыздық көрсеткіштері жоғары. Оны лизингтік компаниялардың керекті қаржыны банктерден қарызға алатындығымен түсіндіруге болады.