Философия. Реферат. Шəкəрім Құдайбердіұлының дін жайындағы ой-толғамдары

Oinet.kz 12-09-2020 1195

Шəкəрім дүниетанымында «дін» жəне «діншілер» деген қос ұғым қатар қолданылады. Дін мен діншілерді бір деп қарау Шəкəрім дүниетанымын түсінбестік болар еді. Діншілер — бұл, Шəкəрім дүниетанымында, шығармашылығында ерекше сынға ұшырайтын ұғымдардың бірі. Ал дінді ойшылдың «діншіл» ұғымынан бөлек түсінгені аңғарылады. Шəкəрім «діншіл» ұғымымен қатар өз өлеңдерінде «пəншіл» ұғымын да қатар қолданып, бұларға сыни көзқараста болған. Мақаламыздың басты мақсаты Шəкəрімнің осы дін жəне діншілер жайындағы көзқарастарын талдау болып саналады. Шəкəрімнің пəншілдер туралы айтқан өлеңдерінің бəрінде діншілдер туралы дəл сол пəншілдерді сынағандай сыни көзқараста болғандығын аңғарамыз. Ол үшін Шəкəрім өлеңдеріндегі мына сөз тіркестеріне назар аударсақ жеткілікті: «Молдалардан дін сұрасаң, сандырақтар, сандалар», «Адасып діншіл азғанын, сынауға бұрдым бас», «Пəнші нанды бес сезімге, дінші адасты жолынан», «Пəн жамылған əлімдер, дін жамылған зəлімдер» т.б. Бірақ Шəкəрім қолданған осы бірнеше сөз тіркестеріне қарап ол дінге қарсы болған немесе дінді қабыл алмаған деген пікірге баруға болмайды. Шəкəрімнің дінді өте терең мағынасында түсінген ойшылдардың бірі екендігіне дау жоқ. Шəкəрім тек бұрыс кеткен діншілдер мен діндерді ғана сынға алады. Олар, ойшылдың ойынша, өз жолдарынан адасқан болып саналады. «Дінші адасты жолынан», — деп тұр емес пе. Яғни, бар айтпақ ойы — діннің өз жолы бар, бірақ діншілер сол жолдан адасқан. Соны сынауға бұрдым бас дейді. Міне, Шəкəрімнің дін жайындағы көзқарастары туралы сөз қозғағанда осы мəселелер төңірегінен алшақ кетпеген жөн. Сонымен қатар Шəкəрім айтып отырған «дін жамылған зəлімдер» кімдер, оған да назар аударған жөн. «Бұл кездегі діндердің бəрі нашар», — дейді Шəкəрім. Бұған қарап Шəкəрім жалпы дінді терістеп отыр деп ойламау керек. Ол белгілі бір кезеңдегі тарап отырған діннің нашар екендігін ғана айтып отыр. Яғни бұдан сол діндерге қарап Шəкəрімнің оларға айтар өз ойының бар екендігін ұғынуға болады.

Бұл кездегі діндердің бəрі — нашар,

Ешбірі түзу емес, көңіл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,

Тексерсең ойың түгіл жаның сасар.

Əлемдегі діндердің түп мақсұты

Үш нəрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай — бар, ұждан — дұрыс, қиямет — шын,

Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар [1].

Шəкəрім кез келген діннің негізгі іргетасын құраушы, діңгегі осы үш нəрсе, бұдан асып кетер діннің мақсұты жоқ дейді. Əрі барлық діндердің мақсұты осы үш негізгі түсінікте бірігеді. Олай болса, Шəкəрімнің ойынша, дін жаратушының бар екенін мойындап, істеген ісіне қарай не бір сауап немесе жазаның болатынын қаперде ұстап, ұжданға сай өмір сүру дейді. Бұдан асып кететін ешбір дін жоқ. Шəкəрімнің ойынша, осы үш діңгекті негіз етуі тиіс дін атаулы адамдарды адамшылыққа жеткізудің орнына бір-бірімен дау сабасып, тартысқа түсіп, қоғамда адамдарды қиянатқа баруға итермелеп отыр.

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

Інжіл, құран — бəрі айтып тұрса дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін үйтіп дұспан бол демейді,

Қанекей бұл сөзіме кім таласар [1; 70].

Шəкəрімнің дін жайында айтар ойы айқын. Ол ешбір дін қиянат жаса, дұшпан бол демейді деп отыр. Ендеше, кінə дінде емес, сол дінді ұстанушылардың оның түп мағынасын түсінбей, дінді қолшоқпарға айналдыруында. Сөйтіп есіл дін бұзылады дейді. Яғни кемшілік дінде  емес, діншілдерде болып отыр. «Құран сырын түсінбей бұрса дағы, жасырылмай жарқырап тұр керемет. Жаман тəпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат», — дейді Шəкəрім. Білімділердің, есті азаматтардың діннен тұра қашуының негізгі себебі жаман тəпсірде деп отыр. Дін мен діншілер туралы Шəкəрімнің пікірі осындай.

Дінің тəуиліне жетуге ең керегі Шəкəрім үшін ол — таза ақыл. Таза ақыл — бұл адамның жанының қасиеті. Ол жан жаратылғанда оған қасиет ретінде берілгенін қайтадан еске саламыз. Таза ақылды жан тəн үшін жұмсап жібермей, ол одан азат болса, өзгермелі дүниенің сырын танып, оның мəңгіліктің алдындағы өлшемін жасайды. Сөйтіп таза ақыл түп иесіне өзі əкеледі. Шəкəрімнің ойы осы астарлас екені аңғарылады. Таза ақыл жанның қасиеті ретінде берілген дедік. Бұл турасында Шəкəрім «Жер жаралмай тұрғанында, менде Асықтың нұры бар! Жан денеме кіргенінде, бірге кірген осы дерт», —дейді [1; 244]. Жанның қасиеті таза ақыл былғанбаса, сол түпкі иесін табуда дамылдамайды. Бұл таза ақылдың қасиеті жанмен бірге кірген деп тұр Шəкəрім. Бірақ таза ақылды адамдар əдетіне, дініне байлап беріп, қор қылып, жауды жар деп адасады.

Таза ақылмен таппаған дін,

Шын дін емес — жындылық.

Қармалаған бір соқырсың,

Өлген ой мен көз, құлақ [1; 269].

Таза ақылдың таппасы жоқ деп байлам жасаған ойшылдың бұл жайындағы ойы өте терең. Ол əлі де болса зерттеуді талап етеді.

Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ [1; 274].

«Діннің тазасын діннен ізде, ақылды қаттырақ айда» дегенде тағы да таза ақылға мойынұсын деп отыр. Сонымен, Шəкəрім сынға алған діншілерге жетпей жататыны да ноқтасыз сау ақыл, таза ақыл екен. Енді жоғарыдағы барлық діндерге негіз болған, олардың барлығы тоқайласатын үш діңгекке қайтып оралсақ.

Ол үш діңгек, Шəкəрім айтып өткендей, құдай — бар, ұждан — дұрыс, қиямет — шын деуде. Осы құдай бар деп оған мойынұсынуды Алла тағалаға иман келтіру дейді. Енді осы иман турасындағы  Шəкəрімнің  ой-толғамдарына  назар  аударсақ,  иманның  мағынасы  туралы  ол  өзінің

«Мұсылмандық шарты» деп аталатын еңбегінде: «Иман деген Алла тағаланың барлығына, бірлігіне, басқа Алла жоқтығына, Құран сөзінің бəрі шындығына анық ақылмен нанбақ», — дейді [2]. Иман турасында Шəкəрім өте көп ой-толғамдар қалдырған. Иманның адамдағы шынайы көрінісін Шəкəрім қиянатсыздық арқылы өлшейді. Оның ойынша, қиянатты болу имансыздықты білдіреді.    «Қиянатың бар болса, иманың жоқ. Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат», — дейді. Немесе тағы бір өлеңінде:

«Тəңір жолы — ақ жүрек, Сайтан деген — қиянат», — деп қиянат жасауды сайтанмен теңейді. Шəкəрім осы «қиянат» ұғымы арқылы сайтанды ұғындырып отыр. Сайтанды бір көріністерден іздемей-ақ осы қиянатшыл адамдардан-ақ көруге болады. «Ешкімге зиян тигізбей, сайтанға беттен сүйгізбей, ғаріптің көңілін күйгізбей, жүрегіңді нұрмен жу», — дегенде де ойшыл адамға зиян келтіруді сайтанға беттен сүйгізумен теңеп отыр емес пе. Сондықтан Шəкəрім осы сайтанға айналмау үшін адамға қиянатсыздық — иман керек деп отыр. Имансыз адам — қиянатшыл сайтан. Діннің де негізгі мақсаты — осы қиянатсыз болуға шақыру. Бұл қандай дін болмасын негізгі шарт болып саналмақ.

... Мейлі, кімге шоқынсын,

Шын іздесе тəңірісін.

Қиянатты жау деп білсін,

Онан тиып нəпсісін», —

дейді дін туралы өлеңінде [3].

Сонымен, қиянатты жау деп білу шынайы имандылықтың белгісі болып саналмақ. Қиянатсыздық Шəкəрім үшін — адамшылықты құрайтын адамның ең басты қасиеті.    Қиянатсыздық — адамшылық өлшемі. Адамға білімнен де қажет нəрсе — осы қиянатсыздық.

Адамның ең асылы —

Қиянатсыз ақ бейіл.

Ең зиянкес жасығы —

Тайғақ мінез екі тіл.

Сөз, мінезі құбылса,

Ар, иманы жоқ деп біл.

Аулақта жемтік сыпырса,

Оны ойыңмен айуан қыл [1; 93].

Екі жүзді болу, екі түрлі сөйлеу, пара алу — бұның барлығы имансыздықтың кесірі, қиянатты болудың көрінісі деп отыр. Ең асыл адам қиянатсыз деп Шəкəрім тағы да ой түйіп өтеді. Осыдан келіп Шəкəрімнің діні тілдегі дін емес, таза харекеттегі дін екенін аңғарамыз. Имандылыққа тек тілмен ғана жету емес, дұрыс амалмен, харекетпен жету. Қиянатқа бастаған діншілдерді Шəкəрім зұлымдықтың бастаушысы деп таныған.

Шəкəрімнің дүниетанымындағы иман турасындағы ой-толғамдарды зерделей отырып, біз оның иманға байланысты «шатақ иман» жəне «шын иман» ұғымдарын қолданғанын аңғардық. Жоғарыда иман дегеннің мағынасы жаратушының бар екеніне, бір екеніне мойынұсынуда екенін айтып өттік. Ендеше, сол иман қалай шатақ жəне шын деп бөлінеді? Бұл жерде Шəкəрім аталмыш ұғымдарды шартты түрде қолданғанын түсіну қажет. Олай болмаса иман ол əрқашанда мағынасы біреу-ақ. Шəкəрім осы Аллаға иман келтіргендердің оны түсінуіне қарай иманды «шатақ иман»,»шын иман» деп шартты түрде қараған. Шын иман дегеннің не екеніне келсек, Шəкəрім шын иманға  Алла тағалаға таза жүрекпен иман келтіруді айтқан. Бұнда сөзден гөрі, ішкі жан дүниеңмен сезіну басым. Сырт тазалығынан гөрі, іш тазалығына аса зейін қою. «Құран ұстап тұзақ құрма, Інжіл ұстап қақпан қылма, адам аулама», — дейді. Кез келген діншіл қиянатты болса, «жүрегі болса тайғақ саз, сопысы- нып қылма наз», — деп алдымен жүрек тазалығын қылу керек дейді Шəкəрім. Ішкі тазалық, жан дүниеңмен сезіну, шынайы қиянатсыз болу бұл шын иманға тəн. Ал шатақ иман ол сыртқы шарттар- ды орындап, оның ішке енбей қалуы. Бір қағидаға қатып қалу, ауызбен мұсылман болу, сыртын түзеп аласұру. Мұсылмандық жолдағы көптеген молдаларды сынға алғанда олардың иманын шатақ иман деп, Шəкəрім осы тұрғыдан сынға алған.

Жүрегі қатып мұз болған,

Майда тілі біз болған.

Қызтеке еді қыз болған

Бейне алдамшы сопылар.

Бар ма маған бір сын деп,

Ұстағаным не дін деп,

Ойламайды кіммін деп,

Жүрегінде тоты бар.

Қанша жарық нұр құйсам,

Хақиқаттан сыр құйсам,

Нəпсі деген оты бар [3; 145].

Шатақ имандылар туралы Шəкəрімнің ойы осындай. Иманның шын мəнін түсінбей, құр иман келтірдік деп сыртқы шарттарды орындап, бірақ ішкі тазалыққа жете алмаған, жүрек тотынан тазара алмаған, жүрегін дерттен сауықтыра алмаған діншілдердікі, Шəкəрімнің ойынша, шатақ иман болып саналады. Оның «молдеке» деп кекесін танытып үнемі айтып отыратын молдекесі, Шəкəрімнің пайымдауынша, осы шатақ иманның иесі. Шын иманның мəнісі жүректі дерттен емдеу, дінді мақтан үшін немесе жақсы көріну үшін емес, адамшылық үшін тұтқан адамдардікі шын иман болып санала- ды. Осы екі ұғымды айра білген адам Шəкəрімнің дін жəне діншілдер турасындағы көзқарастарына жан-жақты, терең көз жеткізе алады. Мұны білген дұрыс.

Тəңірін іздеп бір мұңғыл

Тас суретке шоқынса,

Өлсе де, болып соған құл,

Иманын бұзбай отырса.

Атақ, пайда іздемей,

Ойында мақтан жоқ бол

са, Қиянатты көздемей,

Қанағатқа тоқ болса.

Молдеке, оған таңданба,

Сол кіреді бейіске,

Екі жүзді сандалма

Сен қаласың кейісте, 

дейді Шəкəрім [1; 263].

Оның ойынша, əлгі мұңғылдікі шын иман. Мəселе оның қайда шоқынғанында емес, яғни сыртқы əрекетінде емес, ішкі жан дүниесіндегі тазалықта деп отыр. Бейіске сол кіредінің мəні осында жатса керек. «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», — деген халықтық түсінікті еске түсірсек, молдалардың дін жамылып пайда тауып жүргендігі өмір шындығынан алынған ақиқаттың бір көрінісі емес пе. Дін жамылған зəлімдер деп Шəкəрім осы шатақ иманды тұтып, дінді пайдалану- шыларды атаса керек. Оларды ойшыл зəлімдер деп атаған.

Құдайың мен дүниеге

Кезекпе-кезек шоқынсаң,

Инедей пайда ти ме

Мешітте мың жыл отырсаң?

Кімде болса шын мінез,

Болмас онда екі сөз,

Өлтірсе де көзбе-көз,

Иманын сатып, алмас бөз.

Иман да сол, дін де сол —

Адаспайтын айқын жол,

Күнде, мейлің ыза бол,

Бейіске анық кіреді ол.

Мысал емес ындыным,

Əлгі мұңғыл  — əулие,

Иманын сатқан жындының Іздегені – дүние [1; 263, 264].

Адам неге иманын тез дүниеге айырбастай салады? Себебі иман оның ішіне енбеген, сыртында жүрген, ауызында ғана жүрген. Ал иман ішіне енсе, адам ол иманын өлтірсе де сатпайды. Өйткені ол сол ішкі жан дүниесіндегі байлығын, қасиетін бəрінен де жоғары санап, оны арзан іс-əрекеттерге оңай айырбастай салмаса керек. Шəкəрімнің түсінігі осындай.

Иман ең алдымен адамды қиянатсыздыққа əкеледі. Имансыз берілген білімнің өзі адамға жау болып шығуы мүмкін. Абай атамыздың балаға алдымен мұсылманша хат танырлықтай ғана білім бе- ру керек дегенінің астарында баланы алдымен мұсылман қыл, содан кейін білім үйрет деген ой жатса керек. Əл-Фарабидей ғұламаның философияны үйренбестен бұрын имандылыққа, адамшылыққа үйрену керек деген қағидасының да астарында осыған үндес ой жатқан жоқ емес пе. Тəрбиесіз берілген білім адамға жау дегенде əл-Фараби бабамыз адамшылық ғылымы туралы айтып отыр емес пе. Имансыз адам қиянатшыл, оны Шəкəрім зəлім деп атаған дедік. Шəкəрім имансыз берілген білімнің қауіпті екенін де айтып өтеді.

Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ қылар.

Қаруым дер, кісі атып жер,

Ол ғылымды айла етер.

Қарғысына сен қаларсың,

Елді алдап ол алар.

Ақылы жоқ, малы көптің

Бірталайын еңіретер, 

деген Шəкəрім бабамыз қоғамдағы білімді залымдардың қайдан шығатынын осылай мегзейді [3; 115]. Біліммен ғана адам тазара алмайтынын осылай ұқтырады. Шын иманның адамға не үшін керектігінің астарында ол Алла тағала үшін емес, ең алдымен адам үшін қажет екендігі жатса керек.   Шəкəрімнің «адам өзін таныса құдайын танымақ» дегенінің мəні осында болса керек.

Шəкəрімнің иманға байланысты ой-толғамдарын оқи отырып, онда «жаңа иман», «ескі иман» деген ұғымдардың да кездесетіндігін айта кету керек. Шəкəрім: «Ескі иманымды отқа өртедім», — дейді.

Сопыларға біздің Жар бір қараса,

Жарық нұрмен жүрегін араласа,

Жанын жан, ескі иманын иман демей,

Байқұстар қалар еді-ау таң-тамаша [1; 26].

Осындағы ескі иманын иман демей дегенді қалай түсінеміз? Оның себебі адам баласы жаратушыны бір күнде тани алмайды, ол сол жолда ғұмыр бойы болып, көріп-білгендігін, тазаруына байланысты оның жаратушының құдіретін аңғару деңгейі өзгере түспек. Сол кезде адам бұрынғы деңгейінде қалып қоймай, ол тереңдей түседі. Оның енді бұрынғы иманынан өзгерек, басқаша сезіну деңгейіндегі иманы қалыптасады. Алдыңғы сол адам тастап отырған деңгейін Шəкəрім ескі иман деп отыр. Ал жаңару, жаңаша байыптай түскенін жаңа деп отыр. Бұл адам кемелдігінің өзгеру сатысын аңғартса керек. Əлгі ескі иман арттағылар үшін жаңа иман болып қала беруі əбден мүмкін ғой. Алдыңғы адам тазару мен кемелдікте алға жылжып иманын толықтырса керек. Шəкəрімнің бұны ескі жəне жаңа деп бөліп қарауының мəні осында болса керек.

Дін жайында жазғанда Шəкəрімнің «Пайғамбар Мұса жолықса...» деп басталатын өлеңіне назар аудармай кету мүмкін емес. Шəкəрім əлемдегі діндерден өте сауатты болған. Ол осы өлеңінде əлемдегі діндер турасындағы өз ойларын білдірген.

Пайғамбар Мұса жолықса, Сөйлесіп көңілім орнықса:

«Адасты Жебірей, — дер едім,

— Тауратты қайта толықта!»

Дəуітті көрсем, əн салып,

Қуанар едім қарсы алып:

«Ақында қалды иманың,

Тағы үйрет, — дер ем, — бір барып» [1; 233].

Шəкəрімнің дін жайында өз пікірі бар. Ол іште жүрген пікірін сол діндердің көсемдеріне жайып салғысы келеді. «Сөйлесіп көңілім орнықса», — деп ойшыл иудаизм дінінің тозығы жете бастағанын, ал Дəуіт пайғамбар өсиеті ұмытыла бастағандығын айтып өтеді.

Зардуштке айтсам кезі кеп:

«Үйреттің ақыл нұр ғой деп.

Ұға алмай отқа шоқынып,

Бұзылды елің боғын жеп», 

деп зороастризм дінін ұстанушылардың да түп негізінен адаса бастағандығын Шəкəрім жақсы түсінген [1; 233]. Ал буддизм діні туралы оның пікірі төмендегідей:

Будданың ұстап білегін,

Айырылмай бірге жүремін:

«Жəдігой, бақсы, ламаға,

Шоқынды елің, білемін», — [1; 233].

Шəкəрім «айырылмай бірге жүремін» деп Буддаға іш тартады. Оның себебі жанның ажалсыздығы туралы мəселені зерттегенде брахманизмнен бастап буддизмге дейінгі үнді діндеріндегі жанның өмірден соңғы өмірі туралы пікірлерімен жақсы таныс болғандығында жатса керек. Бұл турасында   ойшыл   «Үш   анық»   шығармасында   да   айтып   өтетіні   есімізде.   Ол   осы    жанның ажалсыздығы туралы мəселеде үндідегі рухани ілімдерден дəйек тапса керек. Бұдан Шəкəрім буддист болған деген пікір тумауы қажет. Оның тек буддизмнің қағидаларына оң көзімен қарап отырғаны аңғарылады.

Айсаны көрсем егер мен:

«Ен, — дер едім, — қайта сен.

Сені құдай деді де,

Айрылды халқың дінінен» [1; 233].

Христиандардың бар болғаны жартылай адам, жартылай құдай деп танитын пайғамбары Исаны, жаратушының сүйген құлы, жаратылған пендесі ғана саналатын пайғамбарларын құдай деп тануын, Шəкəрім оң көріп отырған жоқ. Олар діннен айырылды деп отыр. Себебі діннің өзі барлық адамзат баласының, он сегіз мың ғаламды жаратушы иеге деген құлшылық қылуы болып табылса, христиандардың бар болғаны адамға сиынуы діннен айырылу емей немене. Шəкəрім ислам жайына келгенде,

Мұхамметті көре алсам,

Сөз айтып, жауап бере алсам:

«Адасты молда, — дер едім, —

Құранды үйрет келе алсаң», 

деп, құрандағы ақиқатты дұрыс таныта алмай жүргенімізді айтып, тағы да шатақ имандағы молдалар жайын сөз қылады [1; 234]. Шəкəрім Мұхамметке ерекше құрметпен қарап, оны өте жоғары дəрежеде бағалаған. «Сөз айтып, жауап бере алсам» дегенде ойшыл Мұхамметке ерекше құрмет танытатынын аңғартады. Бұл оның исламға деген көзқарасын аңғартса керек.

Шəкəрім жоғарыдағы діндердің қазіргі замандағы жеткен жағдайын көрсету арқылы «Бұл күнде дұрыс иман жоқ» деген қорытындыға келеді. Оның бар себебі денеге жанды жеңгізіп иесін таба аламағандықтан дейді. Затшылдық көзін байлайды, жан билемей, тəн билеудің арқасында адамдар адасып, дін бұзылады дейді.

Шəкəрім діндегі ең негізгі тіректің бірі — ұждан дұрыс деп айту дедік. Ол таза болуды, арлы болуды үнемі еске салып, бұны діннің негізі деп санаған.

Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса,

Қайтемін оны ұға алмай діннен шықса.

Азды ұқсаң, бұл сөзімді анықтап ұқ,

Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса.

Тəңірің — таза, болып бақ сен де кірсіз,

Əлің келсе, менен қаш, Иең — мінсіз.

Бұл Құдайдай боламын деген емес,

Сөзімнің түбін ұқпай деме дінсіз, —

деген ойшыл, дінсіз емеспін, сөзімнің түбін ұқ деп отыр [1; 213]. Ең алдымен таза бол, қиянатсыз бол дейді. Оның бұл пікірлері пайғамбарымыздың «Адам баласына тілімен, не болмаса іс–əрекетімен зəредей зиянын тигізбеген адам, нағыз мұсылман деп айтуға лайық» деген хадисін еске түсіреді. Шəкəрімнің де айтар ойы осы нағыз мұсылмандықтың мəйегі деп айтар едік. Ол «Үш анықта» «адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылмандық жолы сияқты», — деп ойын қорытындылағанын ұмытпасақ керек [4].

Шəкəрімнің имандылық турасындағы ой-толғамдары осындай. Қазір біз өмір сүріп отырған қоғамда дін мəселесіне байланысты көптеген ушығып тұрған жағдайлар бар. Дін таратушылар жік- жікке бөлініп, дін жарыстырып, дау сабасып, іштей күрес жүргізуде. Солардың ең қауіптісі уаххабизм болып тұр. Бұл Абдулуаххаб деген адамның атымен пайда болған ислам əлеміндегі ең ықпалды көзқарас ұстанушылардың жолы. Абдулуаххаб ислам əлемінде «жаңалыққа қарысы» деген атауға ие болған. Яғни бұның мағынасы пайғамбар заманында бар нəрселерді, дəстүрлерді дұрыс деп санап, оны қай заманда да сол күйінде ұстану болып саналады. Уаххабистер — жаңалыққа қарсы жол ұстанушылар. Қазіргі қазақтың дəстүрлі мəдениетінің тамырына балта шауып, өлі риза болмай, тірі байымас деген ұлттық түсінігімізге кереғар, əруақтарды теріске шығару, қазақ қоғамындағы осы уаххабистердің негізгі миссияларының бірі болып саналады. Сөйтіп, ұлттық мəдениетті терістеп, арабтандыруды іске асыру. Шəкəрімнің «Қазақтың шыққан түбі батыр түрік, арабсың» деген сөздің түбі — шірік. Бəленше сахабаның үмбетті деп, ел бұзып жүр осында өңкей жүлік», —деп өз заманындағы уахаббистерге қаратып айтқан жүлік деген сөзі бар.

Пайғамбарымыз ешқашан өлілерді құрметтемеңдер демеген. Ол бір хадисінде: «Табыт көрсеңдер,  орындарыңнан  тұрыңдар,  бұл  сендердің  болашақтарың  туралы  ескертеді»,  —    дейді.

Əруақтарды еске алудың ешқандай дінге зияны жоқ, керісінше, адамдардың өлім туралы ойланып, тəубесіне келуіне жол ашпайды ма. Уаххабистердің пікірінше, адамдар пайғамбар заманындағы өмір салтын жоймау керек. Киім киісі, тұтынуы барлығы да сол заманға сай болуы керек.

Қазір ғылым мен техниканың дамыған заманы. Адам баласы Алла тағала берген қабілеттерінің арқасында көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізді. Соның бірі — медицина. Уахаббистерге салсақ, басың ауырса, дəрі ішудің өзі Аллаға күмəн келтіргенмен бірдей. Олар үшін жай ғана дəрі ішудің өзі теріс. Ал дəл осы жағдай турасында Шəкəрім өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде төмендегідей ой айтады. «Не болса Алланың пəрменімен болады... Бірақ оқып-білген дəрігерлерге емдетпек сауап, обал емес. Пайғамбарымыздың хадисі: «Ей, Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз, Алла тағала дауасыз ешбір науқас жаратқан жоқ. Жалғыз кəрілік, ажалдан басқа», — деген. Бірақ дəрігер де анық жазады демейсің. Алла тағаладан шипасын кез қылар ма екен деп  үміт қыласың. Пайғамбарымыз көзіне сүрме жағушы еді, көзім тозбасын деп. Аңда–саңда дəрі ішіп жүруші еді. Аңда–саңда қарттықпенен қан алдырушы еді. Ішім тоқталды деген кісіге бал ішіп, ішіңді өткіз деуші еді. Оқыған дəрігерлік жаман емес екенін осыдан біл, бірақ бұл айтқанымыз біздің бақсы құшынаш емес, сонан жақсы ұғыңыз», — дейді Шəкəрім [2; 673,674].

Міне, осылайша жаңалықты пайдалау керектігін Шəкəрім теріске шығармаған. Ал əруақтарды терістеуге келсек, пайғамбар заманында адамдардың қабіріне аса назар аударылмағаны ол заман онсызда пұтқа табынушы мысыр перғауындарының қысымынан қуғын көріп, жалғыз Аллаға ғана құлшылық етуді жаппай қолға алған кез екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан уақытша қабірге зиярат етуге тыйым салынса керек. Өйткені санадағы пұтқа табынушылықты толық шығарып тастауға бұл қажет еді. Кейін пайғамбар əркімнің ата-бабаларының басына тəуіп етіп, белгі қоюға тыйым салмағандығы туралы деректер де жеткілікті.

Сонымен дін мəселесін бірезулікке салынбай, оны дұрыс түсіну — ең басты сау ақылдың міндеті. Ең негізгісі — адамның жүрегін тазарту, жүректі дерттен емдеу, қиянатсыз  болу керектігінде. Əйтпесе Шəкəрім айтқан «шатақ иманға» түсіп кету қауіпті. Шəкəрімнің дін турасындағы ой-толғамдары бізге бұл мəселені тереңірек түсінуге көмектесіп, шынайы имандылыққа жол ашады. Оның бар құндылығы да осында.

 Əдебиеттер тізімі

  1. Шəкəрім. Иманым. — Алматы: Арыс,2000

  2. Құдайбердіұлы Ш. Мұсылмандық шарты // Жол табалық ақылмен. Халықаралық Абай клубы,2006

  3. Құдайбердиев Ш. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. — Алматы, 1988. — 264-б.

  4. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық // Əлем альманахы. — Алматы, 1991. — 44-б.


Философия. Реферат. Шəкəрім Құдайбердіұлының даналық дүниетанымы
Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Қыз Жібек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу