Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Әлемдік қауымдастықтағы өткеніне, бүгіні мен ертеңіне үңілген кез келген халықтың ұлттық болмысы пен ұлттық құндылықтарының өзіндік бағасын беру, сақтау, ұрпаққа жеткізу жолында өзі өмір сүріп отырған қоғамның өзекті мәселелерін әдебиет арқылы қозғауы – жалғасын тауып келе жатқан құбылыс. Ұлт тілінде жазылған әдеби шығарма – сол ұлттың, ол өмір сүріп отырған бүкіл қоғамның шынайы болмысын көрсете алатын көркем құрал. Соның ішінде М. Әуезовтың сөзімен айтқанда «қиын жанр, ең жауапты жанр және сәті келген шағында ең бір көптік жанр — драма жанры» [1]. Осы тұрғыдан драматургиялық туындылардың көркем шындықты поэтика заңдылықтарының шеңберінде жеткізудегі рөлі ерекше.
Әдебиеттегі драмалық шығармалардың өзге жанрдағы туындылардан ерекшелігі, біріншіден, оның адамзаттың рухани болмысындағы шынайы сезiм мен құштарлықты психологиялық жағынан оқырман мен көрерменнің жан күйзелiсiмен ұштастырып, заманның келелі мәселелерін барынша шынайы суреттеуiнде болса, екінші жағынан, драмалық шығармалар көркем туынды (мәтін) түрінде оқырманына әрі сахналық қойылым түрінде көрерменіне жетеді. Әрине бұларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Себебі, драма жанры сахна, театр үшін де, көркем туынды үшін де қажет. Сахна өнерінің қашанда қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия.
ХХ ғасырдан бастау алған қазақ драматургиясындағы туындылар классикалық әдебиет үлгілері болып саналатын құнды шығармалар. Атап айтсақ, «қазақ топырағында драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин пьесала ры ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырды және т.б. кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасты» [2].Ал тәуелсіздік жылдарынан басталатын қазіргі қазақ әдебиетіндегі драмалық шығармалар дәстүр мен жаңашылдықты қатар алып, өзіндік поэтикасымен, терең мазмұнымен ерекшеленіп отыр.
Белгілі ғалым Р. Нұрғалиевтің: «қазақ драматургиясының бүгінгі жаңалықтарын, даму тенденциясын бағдарлағанда мазмұн мен форма арасындағы диалектикалық байланыс күрделілігін ерекше еске тұта отырып, бірнеше салаға жеке-жеке назар аударып, түйінді мәселелерді арнайы бажайлау шарт. Көркемдік құралдар, әдеби дәстүрлер оп-оңай, тез өзгере салуға ырық бермейді, алайда, суреткердің дүние танымы, тақырыпқа келуі, бейне жасауы бұл орайдағы құбылыстар, түптеп келгенде, болмыстың, өмірдің ағымынан жырылып, томаға тұйық қала алмайды» [3,272] деген көзқарасын назарға алсақ, дәстүр мен жаңашылдық қатар көрініс тапқан қазіргі қазақ драматургиясының даму қарқынындағы көркемдік әлем өзіндік сипатқа ие.
Қазіргі заманда драматургия мен театр күрделі уақытта өмір сүрген қазақ елінің өмірінен ерекше орын алатын көркемдік игілік, эстетикалық байлықтардың бірі [3, 384]. Бұл күнде драматургия саласында Д. Исабе ков, Қ. Ысқақов, Ә. Тарази, Т. Нұрмағанбетов, С. Балғабаев, И. Оразбаев, И. Сапарбаев өнімді еңбек етуде. Ал аға буынның ізін жағастырып жүрген қазіргі қазақ драматургиясының өкілдері С. Асылбеков, Е. Аманшаев, Р. Мұқанова, Р. Отарбаев, Е. Жуасбек, Т. Жандәулет және т.б. Дәуірдің көркемдік санасы оның өзіндік поэтикасынан көрініс табатыны белгілі. Қазіргі әлемдік әдебиеттану ғылымында поэтика мәселесі айтарлықтай қарқынды зерттелгенімен, әлі күнге дейін бұл ұғымның нақты анықтамасы жоқ. Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінде поэтикаға «поэтикалық қызметті, оның көрінісін, формасы мен түрлерін зерттейтін ғылым» [4] ретінде анықтама береді. Ал «Қысқаша әдебиеттану энциклопедиясында» поэтика – «әдебиеттің құрылымын, жанрлар мен түрлерді, ағымдар мен бағыттарды, стиль мен әдістерді, көркемдік тұтастықтың түрлі дәрежедегі қатынастары мен ішкі байланысының заңдарын зерттейді» делінген [5]. Орыс әдебиеттанушысы М. Поляков «шығарманың көркемдік мәнін құрайтын заңдылықтар, ережелер мен нормалар поэтиканың негізі» [6] десе, Я. Мукаржовский поэтика «тек шығарманың поэтикалық техникасы туралы нормативтік ғылым ғана емес, сондайақ поэтика – поэтикалық өнердің эстетикасы мен теориясы» [7] деген пікір айтады. Сонымен қатар әдебиеттанушы ғалымдар поэтика деген мәселені қозғағанда жекелеген шығармалардың, автордың, көркемдік жүйенің, жанрдың, сюжеттің, стильдің және т.б. поэтикасы туралы айтады. Бұған дәлел ретінде О. Фрейденбергтің «Поэтика сюжета и жанра», Я. Пропптың «Морфология сказки», М. Бахтиннің «Проблемы поэтики Достоевского», Н. Рымарьдің «Поэтика романа» сияқты еңбектерін атауға болады.
Қазақ әдебиетінде көркем туындылардың поэтикасына, соның ішінде драма жанрын жанжақты әрі терең зерттеу жүргізген З. Ахметов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Р. Нұрғалиев, Б. Майтанов, Т. Есенбековтың, Т. Тебегенов, А. Зекенова, Р. Сұлтанғалиевалар – ұлтты қәдебиеттануда көркем шығарманы поэтикалық тұрғыдан зерттеудің әдіснамалық үлгісін ұсынған ғалымдар.
Жалпы поэтиканың негізгі категориясы – жанр, себебі кез келген туынды белгілі бір жанр формасында ғана көрінеді. Қазіргі таңда әлемдік әдебиетте, соның ішінде қазақ әдебиетінде драматургия жанрларының поэтикасына қатысты зерттеулердің өзектілігі байқалады. Драматургиялық жанрларға қатысты мәселелердің шешімін табуда ең алдымен Аристотельдің «Поэтикасы» өз үлесін қоса отырып, драма теориясын, оның әрбір элементінің функционалдық сипатын тұжырымдады. Бұл тұрғыда Аристотель поэтиканы поэзия туралы ғылым деп санай келе, көркем туынды «тұтас», «әсер қалдыратын», «пропорцияға» және
«үндестікке ие» болуы керек деді. Аристотельден кейін жанрлық поэтика туралы пікірлер С. Д. Балухатомға тиесілі. Ол поэтиканы «жанр техникасы», яғни мінездердің, композицияның құрылымы, диалог жүргізудің ұстанымдары дей келе, осы аталған ерекшеліктердің барлығы жанрға байланысты түрленіп, жаңарып отырады дейді [8].
Әдеби туындының ішкі әлемі, оның құрамы мен құрылымы өте күрделі. Автордың көркемдік әлемі мен әдеби кеңістікті тұтастықта зерде леу – оның поэтикасын талдау. Демек, поэти ка – осыған дейін әдебиет теориясы ұғымымен бара-бар деп түсінілсе, қазіргі таңда әдебиет теориясының бір бөлімі, әдеби шығарманың теориясы, әдеби туындының көркемдік құралдары, тілдік, композициялық, типтік құрылымы, түрі, жанры туралы ғылым деген анықтама беріліп отыр.
Қазіргі қазақ драматургиясының шеңберіне тәуелсіздіктің тұсынан бүгінгі күнге дейінгі жазылған туындыларды қарастырамыз. Ал дәл осы кезең – ғасырлардың тоғысына сәйкес келетін, дәстүрдің жаңашылдықпен үндескен кезеңі. Кейіпкер болмысын танытудағы психологизмнің қызметі, көркем шығармадағы баяндаудың жолдары, суреттеудің жүйесі, көркем мәтіннің семантикалық, стилистикалық құрылымы жайындағы ізденістер – қазіргі қазақ драматургиясының жанрлық сипатын айқындайтын параметрлер.
Қазіргі қазақ драматургиясы – қазақтың XX ғасырдағы классикалық әдебиеті дамуының заңды жалғасы. Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді [2]. Осы тұрғыдан драмалық шығармалардың заманауи-гаманитарлық ойлаудың бір тармағы ретінде қоғамдық пікірге белсенді қозғау салуда рөлі ерекше.
Қазіргі қазақ драматургиясының поэтикасын талдағанда ең алдымен жанр мәселесіне тоқталу керек. Заманауи драматургияның жанрлық сипаты өзіндік ерекшеліктерге ие. Онда абсурдттық драмадан трагедияға дейінгі аралықтағы түрлі жанрлар қамтылғанын байқаймыз. Комедиялық, трагокомедиялық, мелодрамалық жанрдағы туындалар артып келеді.
Қазіргі драмалық шығармалардың жанрлық ерекшелігі, біріншіден, көркем шындық пен бейнелерді жинақтап сыйғызатын пьесалардың ықшам көлем-мөлшері, екіншіден, пьесалардың әдеби-поэтикалық болмысын танытатын кейіпкерлердің диалогтары мен монологтарының өрнектері, үшіншіден, кейіпкерлердің қимыл-әрекеттерінің – тартыс-қақтығыстарының шынайылығы. Осымен байланысты қазіргі драмалық шығармалар реалистік идеяға негізделген деуге болады.
Драма жанрында баяндалатын оқиға, яғни тартыс желісі кейіпкер сөзі арқылы өрбиді. Қаламгер шығарма кейіпкерлерінің ісәрекеттерін білдіретін түсініктемелерді жақша ішінде береді. Мұндай белгілерді авторлық ремарка деп атап жүр. Оқиға желісінің негізгі даму барысы болып саналатын шығарма кейіпкерлерінің сөзі, яғни репликалар, негізінен диалог, кейде монолог түрінде беріледі. Кейіпкер сөздері жинақы болып келеді де, онда сөйлеушінің мүддесі мен сезімі, терең сезім әлемі көрермендерді еліктіретіндей деңгейде құрылады. Кейіпкерлер сөзі өлең формасын да да, қара сөз формасында да алына береді. Қазіргі драмалық шығармалардың құрылымы ондағы оқиға желісі мен тaртыстардың даму қарқынына және ауқымына байланысты көріністерге, актілерге, бөлімдерге бөлінеді. Ал композициялық тұрғыдан драмалық шығармадағы оқиғаның желісінің басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімін табуы болады. Қазіргі драматургияға тән ерекшелік – кейбір шығармалар мұндай классикалық үлгіден өзгеше, яғни бірден тартыстың шиеленіскен тұсынан басталуы мүмкін.
Қазіргі қазақ әдебиетіндегі драма жанрында жазылған туындалырдың басты ерекшелігі күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстaры жaн-жaқты бейнеленеді. Сaн aлуaн тaртыстaр дрaмaлық aуыр шaйқaстaрғa сaлып, оның рухaни aдaмгершілік қуaтын сынaп көреді; aлғa қойғaн мaқсaт, белгілі нысaнa үшін күресу үстінде aдaмдaр мінезінің неше түрлі қырлaры aшылaды. Уaқыт, зaмaн тaлaптaры, әлеуметтік шaрттaр қaлыптaстырғaн нормaлaрды бұзу, шеңберден шығып, шекaрaдaн өту секілді қaһaрмaндaр әрекеті тaртысты, психологиялық ситуaциялaр тудырaды.
Сондай-ақ қазақ драматургиясының бүгінгі даму үрдісіндегі ерекшеліктердің бірі – адам психологиясын, ішкі жан сарайын ашуға, түсіндіруге деген ұмтылыс. Осындай бағыттағы әдеби туындылардың бірі – ЖолтайӘлмашұлының «Жапон аруының арманы» атты екі актілі новеллалық пьесасы. Шығармада баяндалатын оқиға Астана қаласында және қала сыртындағы кішкене бұлақ басында өтеді. Туынды авторы шығарманың сахналық нұсқасы үшін режиссерге құлаққағыс ретінде берген алғысөзінде шығармадағы негізгі идеяны айқын көрсетеді, яғни «халықтар мен ұлттар достығын әуелете ұрандату емес, осы күнгі қазақ елінің әлемдік өркениетке қол созғанын, кез келген дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, пікір таластыра алатынын баян ету» және «ХХІ ғасыр індеті – экологиялық апатты, оның не себепті және қалай өріс алып келе жатқанын дәлелді себептермен ашу» [9, 74] – әдеби туындыны жазудағы негізгі мүдде.
Оқиға желісі прологпен – Астана қаласындағы ғылыми зертханадағы қызметкерлердің өзара қызу талқысынан басталады. Мұсаханның әңгімесіне құлақ қойған жас ғалымдар Қазанаттың өміріне аяныш білдіріп, оның жаңа ортаға – үйірге келіп қосылғандағы жай-күйіне алаңдаушылық білдіреді. Бірақ Мұсахан әңгімесінің соңы аяқталмай, барлығы жиналысқа асығып шығып кетеді де, шығарманың «идеялық» кейіпкері Тәукенің сөзімен аяқталады.
Шығарманың сюжеттік-композициялық желісі бойынша бірінші актінің бірінші көрінісі қаладағы мейрамханаға жиналған жастардың отырысы арқылы басталады. Кейіпкерлер диалогынан бұл отырыстың себебі айқындалып, Нұрмұхан мен Меңжан махаббаты Қозы мен Баянның махаббатына теңеліп, оқиға өрби түседі.
Оқиға одан әрі отырыстан кейінгі жастардың жапон әртістерінің қойылымын тамашалау үшін театрға баруымен жалғасады. Осы тұста тағы бір кейіпкер – жапон әртіс қызы Алеко театр сахнасында оқыған монологымен танылады. Алекоға Меңжанның сүйіктісі Нұрмұханның ғашық болып қалуы оқиға желісін шиеленістіре түседі. Тартыстың әрі қарай театрдан шыққан жастардың отырысындағы оқиғалармен жалғасады. Нұрмұханның Меңжанға деген сезімінің аз уақыттың ішінде Алекоға ауып кеткендігін кейіпкерлердің барлығы байқайды. Алеко үшін де Нұрмұхан жақсы жағынан көрініп, ол оны жақын тануға ұмытылады. Театрға дейінгі Меңжанның туылған күніне арналған отырыста барлығы, соның ішінде Меңжан Нұрмұханнан ән орындауын сұрағанда, ол көптің тілегін қабыл алмай, тек Абайдың қара сөзінен үзінді оқып береді. Тіпті отырыстан кейін театрға бару ұсынысы тасталғанда, ертеңгі жұмысын сылтау етіп барғысы келмеген Нұрмұханның театрдан кейін тағы бір жерге отырыс ұйысдастыруға қарсы еместігі, екінші отырыстағы Нұрмұханның Алекоға деген көзқарасы – оның ыстық сезімі мен құштарлығын көрсетеді. Алдыңғы оқиғалардан Нұрмұханның Меңжанмен қарым қатынасында бір мәжбүрліктің барлығы байқалады. Кейін бұл ертеңіндегі оқиғамен дәлелдене түседі. Шығарма желісінде Нұрмұхан, Жомартбек, Ясу микробиолог ғалым ретінде үлкен жаңалық ашуды көздеп, Семей полигонының орнына қияр мен поми дор егіп, тәжірибе жасап жүреді. Суреттелетін оқиғаның ертеңіне олар сол аймаққа жолға шығып, тәжірибелік қияр мен помидорды жинап алуы керек болады. Бірақ оқиғаның шиеленісуі олардың осы мақсаттарының орындалмауына алып келеді. Алеко мен Нұрмұханның бірге кетуі, оларды іздеп келген Жомартбектің Нұрмұханға айтқан сөздері шығарма желісінің негізгі идеясын, проблемалық тұстарын айқындай түседі. Алекоға көңілі ауған Нұрмұхан енді Меңжанды қайтпек? Олардың үлкен зерттеу жобасына бірден-бір ықпал етіп отырған адам – Меңжанның академик атасы. Бір жағынан Жомартбек Нұрмұханға егер Меңжанмен аралары үзілсе, бүкіл жобамыз, мақсатымыз, еңбегіміз зая кетеді деп түсіндіріп әлек. Екінші жағынан Нұрмұхан досының Алекоға деген сезімінің бір сәттік, алдамшы екендігін ұғындыра алмай әлек. Бірақ сезімді мақсаттан биік қойған Нұрмұхан Жомартбектің сөзіне тоқтай қоймайды. Осылайша Жомартбек бүкіл мақсаттарының күл талқаны шыққанына, ертеңіне алаңдаушылық танытады. Бұл ретте осы шиелініскен тұста екі жақты мәселе көтеріледі. Біріншіден, бүгінгі махаббаттың есепке құрылатынын меңзесе, екінші жағынан Жомартбектің «Осы біз, қазақтар, неге бір істі бастап алып, аяғына дейін жете алмаймыз... Сөйтсем бәрі де мінезде жатыр екен, Былқылдақтық...», «Біз әуел баста мақсатты дұрыс қоя білмейтін халықпыз. Бәрі де жол жөнекей шешіледі. Жол-жөнекей айқындалады» деген сөздері арқылы осы заманғы қазақ арасында кең жайылған келелі мәселені көтеріп тұр.
Әрі мақсатына жетуді көздеп, әрі досының жағдайын ойлаған Жомартбек қулыққа көшіп, Алеко мен Нұрмұханның қайта кездесуіне кедергі болады. Бірақ тартыс шешімі кейіпкерлердің барлығының кездесіп, ой бөлісуі арқылы табылады. Осы тұста ұлттық сезім, ұлтаралық неке, махаббат сезімі, жеке мақсат, мүдде, экологиялық зардап пен жан дүниенің тоқырап, бүлінуі сияқты мәселелердің түйіні кейіпкерлер диалогы арқылы көрініс береді.
Қазаққа келін бола алмайтынын түсінген, ұлттық сезімді махаббат сезімінен биік қойған жапон қызы Алеконың арманы – адамдардыңішкі жан тазалығы, жанның тазалығы экология салдарынан зардап шеккен тән саулығынан да маңызды екендігін ұғыну, соған жету.
Драматург шығарма прологында баяндайтын Қазанатпен байланысты оқиғаның басын бастап, соңын эпилогта аяқтауының өзінде үлкен астар бар. Қазанат образын деталь ретінде ала отырып, автор әр ұлттың өкілі өз атамекенінде, өз ортасында өмір сүру керектігін, олай етпеген күнде «үйіріне үйрене алмай жан тәсілім етеді» дегенді жеткізеді.
Шығармадағы кейіпкер Тәуке – сырт келбеті құбыжық тәрізді болғанмен, ақыл-есі түзу адам. Автор Тәуке образын әр көріністің аяғында сахнаға алып шығып отырады да, негізгі түйінді кейіпкердің сөзімен бірде ашық, бірде астарлы түрде жеткізеді.Тәуке негізгі кеңістік ретінде алынған зертханасындағы зерттеу нысаны ретінде жүреді. Оның тәніндегі бұзылыстарды зерттеп жатқан Нұрмұхан мен Жомартбек сияқты жас ғалымдарға Тәукенің реніші бар. Тәуке болып жатқан оқиғаларды сырттай бақылай отырып, адам терісінің тыртығын зерттеген ше, ең алдымен адамның ішкі жан дүниесіндегі бұзылыстарды зерттеп, солардың емін табуға неге ұмтылмайды деген сауал тастайды.
Шығармадағы оқиға барысы кейіпкерлері Нұрмұхан мен Жомартбек, Нұрмұхан мен Меңжан, Нұрмұхан мен Алеко және Мұсахан, Ясу, Гүлжан, Тәуке арасындағы диалогтар арқылы өрбиді.
«Кез келген көркем шығармада автор өз ойын кейіпкердің пікірі, көзқарасы, сөз саптауы арқылы береді. Ал бұл жайт драмалық шығармаларда кейіпкерлердің диалогы арқылы іске асады. Сондықтан да драматургиялық шығармалардағы жауап алмасу мақсатындағы диалогтар қысқа да нұсқа, ұтқыр ойға құрылатындықтан, нағыз шеберлікті талап етеді. Драматургия жанрының қиындығы да осында [10, 246]. Ғалым А. Тымболованың осы пікіріне сүйенсек, көркемдік әлем тұтастай кейіпкерлердің тілі арқылы жасалады. Автор шығарма идеясын негізінен Нұрмұхан, Алеко және Жомартбек арқылы жеткізеді. Шығармада бүгінгі күннің шынайы көріністері айқын байқалады, оның барлығы кейіпкерлер сөзінен көрініс табады.
Тәукенің мына сөздері шығарманың басты идеяларын айқындайды:
«Осылар... осылар үнемі асығады да жүреді. Не бітіріп жатыр екен сонда? Қоғам мынау... Адам мынау... Бүлінбеген не қалды бұл тірлікте... Бүлінбеген не зат бар!...»
«Өмір спектакль дедің бе? Ол не? Махаббат хикаясы ма? Оны кім жазбады?! Кім сахнада ойнамады. Ал мықты екенсіңдер, сырты құбыжық, іші мұнтаздай тап-таза адамды ойнаңдаршы. Ойнай аласыңдар ма?».
«Мәселе терідегі тыртықта ма? Жоқ, жан дүниедегі тыртықты неге көрмейді бұлар! Неге соны білгісі келмейді...».
Жазушының бұл шығармасыпсихологиялықлирикалық тұтастықтағы драмалық сипаты мен ерекшеленеді. Қаламгердің драмалық пьесаларының сюжеттік-композициялық желілерін тұтастырып, әуелі оқырмандарын одан кейінгі көрермендерін баурап отыратын поэтикалық және лирикалық-психологиялық сарынды, романтикалық-реалистік әуенді тұтастық. Драма кейіпкерлерінің әрқайсысының әрекеті, рөлі өзіндік бір реалистік мақсатқа негізделген. Заманның ең бір осал тұсына айналған полигон зардаптарының көрінісі ретіндегі адам тәніндегі өзгерістер оның жанындағы тоқыраумен салғастырыла беріледі. Бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған сәтінде экологиялық апаттың салдарын жоюға ұмтылу өзекті екендігін баяндау, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы қайшылықтар, «Қозы мен Баян» махаббатының бүгінгі көрінісі, ұлттық сезімнің махаббат сезімінен биіктігін жеткізу – шығармада көтерілетін басты мәселе. Сондайақ автор қазақ жастарының шетелдерден білім алуы, көптілділігі, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қырық нұсқасы барлығын кейіпкерлер сөзі арқылы баяндайды.
«Жапон аруының арманы» шығармасында автор түрлі көріктеуіш құралдар арқылы өзіндік идеясын ашық түрде де, астарлы түрде жеткізе білген.
Алеко: Қазақтың қызы қазаққа ғана ибалы келін бола алады.
Нұрмұхан: Ал өркениет, Жаһандану?
Алеко: Оның бәрі де ұлттық сезімді өшіре алмайды.
Гүлжан: Өмір деген – ақ пен қара тартысы. Алеко: Зұлымдық – ауқымы кең өрт.
Дәл осы диалогтардан жапон қызының арманын айқын көруге болады.
Шығармадағы аса байқала қоймайтын, тіпті кейіпкерлердің өздері де сөздеріне мән бермейтін кейіпкер – Мұсахан. Оқиғаның шешімін табар тұстағы Мұсаханның «Махаббат та, сүйіспеншілік те – бәрі жан тазалығына келіп тіреледі.Алдамшы сезім – ол шынайы махаббатқа бастаған емес. Адам жанының тазалығы – асыл қазына» деген сөздері тартыстың шешіміне апарады. Түптеп келгенде, Жолтай Әлмашұлының «Жапон аруының арманы» пьесасы көркем шындық поэтикасы өрнектерімен оқырмандар мен көрермендердің қабылдау ықыласына кенелген көрнекті туынды.
Тәуелсіздік тұсынан бүгінгі күнге дейінгі қазақ әдебиетіндегі қай драматургті алсақ та, пьесалардыңкез-келгеніналсақта, заманғалайық кейіпкерлердің шынайы бет бейнесін көреміз. Өйткені қазіргі драмалық пьесалардыңбәрі сахнағалайықталыпжазылады. Тәуелсіздікалғаннан кейінгі бүгінгі қоғамда жазылған пьесалардан әрдайым заманның бейнесі сезіліп тұрады. Қазіргі драматургиядағы көркемдік әлемнің өзіндік ерекшелігі деп те осы қырын айтуға болады. Еліміз егемендік алған жылдан бері театр репертуарындағы тарихи қойылымдар, драма, трагедия, комедия жанры ерекше дамып келеді. Сол жеткен жетістіктердің арасында жоғарыда талданған Жолтай Әлмашұлының да алар орны зор. Қорыта келгенде, қазақ сөз өнеріндегі дәстүрлі негізі әдебиет шығармалары мен фольклор мұраларында (би-шешендер сайыстары, ақындар айтыстары, жар-жар, беташар, алтыбақан, т.б.) негізі қаланған ұлттық сөз өнерінің драматургия саласы қазақтың рухани мәдениетінің әлем өркениетіндегі көрнекті орнын да танытты. Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді.
Әдебиеттер
Әуезов М. Реалистік драма жолында. http://el.kz/m/articles/view/content-5331
ТебегеновТ.Қазіргі қазақ әдебиетіндегі драматургия. «Ақиқат» журналы, 13.10.2011 – http://akikatkaz.kz/?p=110
НұрғалиевР. Драма өнері. – Алматы: Санат, 2001. –480б.
Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона. – Спб, 1886. – Т.24. – С.837.
Виноградов В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. – М.,1963. – С.184.
Поляков М. Вопросы поэтики и художественной семантики. – М., 1986. – С. 8.
Мукаржовский Я. Структуральная поэтика. – М.,1996. – С.31.
Балухатый С.Д. Вопросы поэтики. – Л., 1990. – С.11.
Өрілген өмір өрнегі. Жүлде алған пьесалар. – Астана: Нұра-Астана, 2012. – 568 б.
ТымболоваА. Драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы. – Алматы: Елтаным баспасы, 2013. – 328 б.