Филология. Реферат. Ақын-жыраулар поэзиясындағы дін негіздері
Он сегіз мың ғаламның жаратылуы туралы пайымдаулар ақын-жыраулардың Құран аяттарына терең түсініп тәпсірлегенін көрсетеді. Діни тақырыптағы өлең-толғауларында олар өз тыңдаушысын алдымен «бізді кім жаратты?», «не үшін жаратты?», «жаратылысымыздың мақсаты неде?» деген сауалдарға жауап іздеуге шақырады.
Алла Тағала алдымен барлық дүниенің бастауы болған тіршілік нұрын жаратып, «Нұр» сүресін де түсірген. Нұр шапағаты ақын-жыраулардың терме-толғауларында жүйелі түрде баяндалған. Мысалы, ислам дінінің тарихы туралы тереңнен толғап, оралымды ой айтқан азулы ақынның бірі Орынбай Бертағыұлы «Адамның жаратылуы туралы» атты толғауында жаратылыс құдіретінің бастауына баланған нұр сипатын жыр жолдарымен былайша кестелейді:
Әуел бастан жаралмақ нұрдан керек Нұр болып дүние жүзі тұрған екен. Неден сені жаратайын дегенінде,
Нұр ықтияр топырақты қылған екен [1, 288-289].
Нұр-шапағат – адамзаттың асыл тәжі болған Алланың соңғы елшісі Мұхаммедке (ғ.с.) нығмет етілген. Барша бастауға негіз болған нұрдың Мұхаммедед (ғ.с.) пайғамбарға ғана тиесілі ұлы нығмет етілген баянын Мәшһүр Жүсіп өлеңмен төмендегіше таратады:
Кім білер әуел ахыр хақтың сырын, Нәрсе жоқ бір өзінен басқа бұрын. Ғаламға өзін заһар қылмақ үшін,
Жаратты Мұхаммедтің әуел нұрын [2, 119].
Шерлі жылдардың шежіресін тарқатқан Шернияз ақын да «Сөйлейін сөзді термелеп» деп аталатын шығармасында тыңдарманын дүниенің ғажап сырларынан ғибрат алуға шақырған болатын. Ақын:
Ай, жігіттер, жігіттер, Жердің жүзін қарасаң, Мұнша неге кең болған?
Жеті мүше денеміз. Бір-біріне тең болған. Төрт аяқты айуандар
Неге адамнан кем болған? Жарық үшін күн болған, Тыным үшін түн болған. Тамашалап қарасаң,
Ай мен жұлдыз, күндіз, түн, Орман, тоғай, от пен су,
Таң-тамаша кім қылған? Құрт-құмырсқа, ұшқан құс
Бұ да басқа түр болған [3, 195] –
деп жер басқан жұмыр басты пенде әрқашан қаперінде ұстап, ойлануы тиіс тұжырым жасайды. Жыр шумақтарының соңына сауал сала отырып, ғажап жаратылыстың барлығы бір Алла құдіретімен болғанын танытуды мақсат еткен Шернияз шайырдың да қасиетті Кітаптың Қасас сүресінің 71-73 аяттарында баяндалған:
«Мұхаммед (ғ.с.) оларға: «Көрдіңдер ме, егер Алла (Т.) сендерге қиямет күніне дейін ұдайы қараңғы қылса, Алладан басқа сендерге жарық келтіретін тәңір кім? Естімейсіңдер ме?», – де.
«Көрдіңдер ме, егер Алла (Т.) сендерге қиямет күніне дейін ұдайы күндіз қылса, Алладан басқа сендерге тынығатын түн келтіретін тәңір кім, көз салмайсыңдар ма?», – де. Алла, сендерге өз мархаметінен түнді тынығу, күндізді кеңшілігін (ризық) іздеулерің үшін жаратты. Әрине, шүкірлік етерсіңдер» деген жолдарды тәпсірлегені анық. Ақын тіршіліктегі тыныс алар әр сәттің салауатын Аллаға ғана бағыштай отырып, нығыметтеріне шүкіршілік жасауға шақырады.
Алладан түскен сүрелердің сырын Сыр сүлейлері жыр сүйер жамағатқа жүректі тебірентер әуезді мақамдарымен жеткізіп отырды. Жыр дариясында діни-философиялық тұжырымдарымен дараланған Нұртуған Кенжеғұлұлының кесек ойларына да қасиетті Құран Кәрімнің жаратылыс туралы аятта ры арқау болғанын аңғарамыз. Раббымыздың құдіретімен болған жаратылыс сырын шайыр:
Аспан, жер, адам, айуан, түрлі шөбің Көк, теңіз, таудан бұлақ, дария аққан. Бітіріп алты күнде құдіретімен, Қалдырмай тамамдаған бір сағаттан. Аспан, жер – жаралғанның есебі жоқ,
Бейөлшеу арғы жағы Әлімсақтан [4, 16], – деп өрнектей отырып, ғалам жаратылысының алты күнде тәмам болғанын баяндаған. Бұл туралы Құран сүрелерінде: «Расында көктер мен жерді және екі арасындағы нәрселерді алты
күнде жараттық, шаршамадық. (Қаф сүресі, 38 аят); «Күдіксіз Раббыларың сондай Алла, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ғаршыны меңгерген. Бірін-бірі қуалап, күндізді бүркеген түнді және күн мен айды, жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату мен бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Алла, бүкіл әлемнің Раббы. (Ағраф сүресі, 54 аят) деп баяндалған нақтылы аяттар бар.
Ғаламның тұңғиық сырын өз шығармаларында терең түсіндіріп, Жаратушы Иеміздің дүниені мінсіз өрнектегенін Мәшһүр Жүсіп қаламынан туған жырларда да терең баяндалады.
Құдіретпен он сегіз мың ғалам болды, Бәрі – қабық, маңызы адам болды.
Құдайдың құдайлықпен қылған ісі,
Жаралып алты күнде тәмәм болды [2, 34-35] –
деп өз оқырманын дін исламның тарихымен сусындатқан әулие ақын Мәшһүр Жүсіп Алла Тағаланың жұмадан басқа әр күнгі ғибратына мән берген.
Ақын-жыраулар жаратылыстың сырын жамағатқа жалаң баяндап қана қоймай, одан үлгі алуға, ой түюге үндейді. Себебі, Алланың әр күні, әр сәті, әр сағаты ғибратқа толы. Алла – сүйген құлының жүрегінде. Оқырманын тіршіліктің тылсым сырынан ғибрат алуға шақырған ақынның бірі – Шаһкәрім қажы ғалам мен адамды тұтастықта қарастырып, адам ақиқатты іздеу арқылы ғана өзінің бастапқы болмысын сақтай алады деген тұжырым жасайды. Ақын:
Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық, Сегіз минут, шерікте жерге барып. Әншейін құр жарқырап тұрып алмай, Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып. Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса, Әлемнен кім жүре алар пайдаланып? Дүние атаулы теп-тегіс мөлдір болса, Көлеңке орнығады қайда барып?
Барша әлем тапжылмай тұрып қалса, Бола ма уақыт деген өлшеу салып? Мақсат, тәртіп керексіз тозаңы жоқ,
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып? [5, 274], – деп өз оқырманын жаратылған жанды – жансыз заттың әрқайсысынан тәлім алуға шақырады.
Адам тәнінің негізі – топырақ. Дүниедегі бар нәрсенің межелі мерзімі жеткенде аяқталуы – тіршіліктің айнымас заңы. Олай болса, топырақтан жаралған адамның тәні дүниеден озғаннан кейін құтты мекені – топыраққа қайтуы да ұлы заңдылық. «Адамның рухани кемелденуі «топырақ» халінен басталып, Тәңірге қарай жол тартады. Ясауидің хикметтерінде «топырақ бол» деп адамға жиі ескертілуінің сыры осында болса керек» [6,41].
Қасиетті Кітапта күллі ғалам адам баласының жаратылысымен тұтастықта қарастырылады. Сәжде сүресінің аяттарында: «Ол сондай Алла, әр нәрсенің жаратылысын көркемдестіреді. Адам баласын жаратуды балшықтан бастай ды» (7); «Сосын оның нәсілін бір жайсыз судың негізінен жаратты» (8); «Сосын оны бейне леп, ішіне өз рухын үрледі. Сондай-ақ сендерге есту, көру және түсіну қабілетін берді. Аз шүкір етесіңдер» (9) делінген. Алладан келген осы аяттарды алқалаған әлеуметтің алдында тарқатқан даңқты шайырлардың бірі Омар Шораяқұлы:
Болғасын әмір парман Жаппар һақтан, Адамды жаратыпты топырақтан.
Тибеттің Мекке менен арасында
Үстіне жауып жаңбыр қырық жыл жатқан [7, 53], –
деп жыр жодрарымен кестелейді. Адамның топырақтан жаралу оқиғасы көптеген сөз зергерлерінің шығармаларына арқау болғанымен, Омар ақын секілді сол оқиғаның Құран аяттары мен «Қисса суләнбияда» баяндалғанындай нақты қай жерде, қалай болғандығын ашып көрсету жағы сирек кездеседі. Ақын бұл жолдарда Адам сұлбасының жаңбыр жауып кепкеннен кейінгі саз балшықтан жасалғанына ерекше мән береді. Яғни, шайырдың Хыжыр сүресіндегі
«Расында адамды бейнеленген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық» (26) деген аятты тәпсірлегені анық.
Дін тарихына терең үңіліп, адам баласының ізгі амалдарын исламнан іздеген Сыр шайырларының бірі Қарасақал Ерімбеттің болмыстың ғажап құпиясын түсіндірген «Халық болды барша адам осы төрттен» атты толғауындағы жыр жолдары да жоғарыдағы аяттардың тәпсірі болары анық:
«Адамның негізі төртеу: – деп сөйлейді, Жел, топырақ және, – дейді, – от пен судан». Халық болды барша адам осы төрттен, Бөлінді төрт есімімен мақұлық аттан.
Жаралды Кеп пен Нұннан мұнша ғалам, Байлаусыз, я тіреусіз Жер мен Аспан.
Бұл дүния алты күнде болды тәмам [8, 65-66]...
Алланың әміріне, оның Адамзат баласын жаратуына Ібіліс қана қарсылық танытты. Өзі де көп жаратылыстың бірі екенін ұмытып менменсіген ібіліс адамзат нәсілінің жаратылысына қарсылық танытқан болатын. Ол сол
үшін де адам баласын қиямет күніне дейін тура жолдан адастыруды мақсат етті. Ібілістің Алла әміріне тәкәппарлықпен мойынсұнбауын Қарасақал Ерімбет шайыр:
Әзәзіл ол уақытта ғалым еді, Суретін от пен судан салып еді. Сафиді топырақтан жаратқанда
«Адамнан абзал мен деп!» – деп шанып еді. Дәріс айтқан «Жер мен Көкке ұстазбын!» деп Сөзіне періштелер нанып еді.
«Адамнан артықпын!» деп сәжде қылмай, Пәлеге өз қимылынан қалып еді [8, 63-64], –деп баян етеді.
Раббымыз адамзат баласын жаратпақ болғанда періштелердің алаңдаушылық білдіргені Құран аяттарында баяндалған. Күнәдан пәк жаратылыс иелерінің жаңа жаратылысқа қарсылық танытуы әлбетте тәкаппарлықтан туған талас емес еді. Олар Адам жаратылы сын өздеріне берілген шектеулі таныммен ғана таразылаған болатын. Ғалам Иесінің алдында райларынан қайтып, Оның құдіретіне бас иген періштелер қауымы туралы Бақара сүресінде: «(Мұхаммед ғ.с.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!» – деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктаудамыз» деді. Алла: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін!» – деді. (Алла Адамды топырақтан жаратып, оған жан салды). (30 аят); «Алла Адам(ғ.с.)ға біртұтас атауларды үйретті де сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер»деді. (31 аят); «Періштелер: «Сен пәксің! Біздің, Сенің үйреткеніңнен басқа білеріміз жоқ. Әрине, Сен толық білуші, өте данасың» деді.(32аят)» делінген. Жаратылыс заңының тылсым құдіретін толғаған Базар жырау да періштелер қауымының Алла әміріне мойынсұнып, Адам Атаға сәжде қылғанын:
Атамыз Адам пайғамбар Он сегіз мың әлемнің – Абзалы болып жаралған. Ұлықтығы мұншама – Құдайым әмір еткен соң,
Періште күллі қамалған [9, 200], – деп жырға қосқан болатын. Адам осылайша Алла Тағаланың қалауымен басқа жаратылыстардың ешқайсысына бұйырмаған ұлы нығметке ие болды.
Алла Тағаланың шексіз құдіретіне махаббатын өзінің жыр-толғаулары арқылы жеткізген Кердері Әбубәкір де жоқтан бар жасаушы Иесіне деген өз іңкәрлігін төмендегіше төгілтеді:
Әуелі, Алла, жараттың Топырақтан халық етіп. Шығардың бізді жарыққа Қараңғыдан жарық етіп, Жеті мүше жан беріп Оны бізге көрік етіп.
Біреу – жігіт, біреу – жас, Біреуді қойдың қарт етіп. Біреу – ауру, біреу – сау, Біреу – жарлы, біреу – бай, Біреуді қойдың жаһанда
Мал-дәулетке қарық етіп [3, 373].
Кердері Әбубәкір түйген ой Алла Тағаланың адамзат баласын түрлі жағдайда сынауымен байланысты өрілген. Ақын пайымдауында әр адам өзіне жазылған тағдырға тәубе етуі тиіс. Себебі, тәубе мен қанағат – пенденің ең ізгі ниеттерінен туады.
Ақын-жыраулар поэзиясында адам баласының жаратылу оқиғасы баяндалғанмен, оған рухтың берілу оқиғасын жырға қосқан ақындар сирек. Бұл ғибрат Орынбай Бертағыұлының өлеңдерінде көркем оймен, терең таныммен кестеленген. Ол өз өлеңдерінде көп шайырлар мән бере бермеген Ұлы Нығметті терең зерделей отырып, топырақтан жаралған Адам сұлбасына үрленген рухты ойлы сөзбен өрнектей түседі:
Көзіне жан кірген соң өзін көрді, Топырақтан жаралған жүзін көрді.
Не нәрседен жаралған асылын танысын деп, Бір құдай сол жерде адамға ақыл берді.
Көзден соң мұрынға жан кіріпті, Жыбырлап сонда мұрын түшкіріпті. Тіліне жан кіргенде хамит айтып,
«Әлхамдылеллай» деп тіріліпті [1, 31].
Адамның Аллаға деген кіршіксіз махаббаты ғана жаратылысты жандандырады. Себебі, Адам
– Алланың ұлы махаббатпен жаратқан туындысы. Адамның адамды Алла үшін сүюінің өзі – хикмет. Ол бұл ретте «құмарлықтан» көтеріліп, жан сарайын Жаратқанның пендесіне сыйлаған сезіммен нұрландырады. Ал, құмарлық адамнан басқа барлық тіршілік иелеріне тән. Олардың тіршіліктегі миссиясы – көбею, ұрпақ жалғастыру, тамағын табу ғана. Бұл ретте хакім Абайдың «ғашықтық, құмарлықпен ол екі жол» деп айқындап берген қағидасы еске түседі. Ғұлама Ұлы Иеміздің жаратылысының қайтарымы тек Оған деген шексіз махаббатпен ғана өлшенетінін алға тартқан. Дана Абайдың:
Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті [10, 112], –
деген тұңғиық сыры да осында жатыр.
Сөз түйіні дүние жаратылысының Ұлы Мақсатын ақын-жыраулар ислам дінінің тұ нық қайнарымен сусындатты деген тұжырым жасатады. Олар бұл ретте нақты Құран аяттарына, Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистеріне және ислам ғұламаларының еңбектеріне сүйенді.
Әдебиеттер
Ахатұлы Н. Орынбай ақынның әдеби мұрасы. – Алматы: Білім академиясының баспа кабинеті, 2001. – 299 б.
Көпейұлы М. Шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Алаш, 2003. – 504 б.
Жеті ғасыр жырлайды. – Т. 1. – Алматы: Жазушы, 2004. – 400 б.
Нұртуған. Кәнеки, тілім, сөйлеші. – Алматы: Ғылым, 1992. – 223 б.
Шаһкәрім. Жол табалық ақылмен. – Алматы: Халықаралық «Абай» клубы, 2006. – 704 б.
Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Т. 4. – Аударма, 2005. – 504 б.
Шораяқов О. Сөйле, тілім, жошылып. – Алматы: Рауан, 1995. – 301 б.
Қарасақал Е. Ұлағат сөзім ұрпаққа. – Астана: Фолиант, 2009. – 408 б.
Базар жырау. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1986. – 200 б.
Абай. Қалың елім, қазағым... – Алматы: Атамұра, 2002. – 212 б.