Филология. Реферат. Қазақ ертегілерінің психолингвистикалық сипаты

Oinet.kz 09-09-2020 1001

Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды лингвистикалық тұрғыда зерттеу өзекті мәселеге айналды. Өйткені, қазақ этносының тарихы мен салты, тыныс­тіршілігі тілдік деректерінде сақталған. Қазақ әде­ биетіндегі ауызша әдеби жанрлардың бірі – қазақ ертегілері. Қазақ ертегілері – қазақ фольклорының аса бай жанры ретінде бүгінгі ұр­ паққа жетіп, жас ұрпақ психологиясының дамып­жетілуіне, ой­өрі­ сінің қалыптасуына зор әсер еткен. Ертегінің сандық жағынан ғана молдығы емес мазмұндық құрылымының да бай болуы түрлі оқиға­ лар кеңістігіне жетелейді. Сол арқылы кейіпкерлерінің көптігіне кез келген ертегі тыңдаушы қанық бола алады. Аталған мақалада ертегі­ лер психолингвистикалық сипатта қарастырылған. Ертегілердің тың­ даушының ой­қиялын кеңейтуге, өз пікірін ұтымды жеткізе білуге, тілдік бірліктер арқылы түрлі адамдық мінез­құлықтарды ажырата білуге маңызды әсер ететіндігі мысалдар арқылы талданады. Жасөс­ пірімнің ертегі тыңдау қажет екендігін, сол арқылы бүгінгі бала – ер­ теңгі тұлғаның дамуына этностық, психологиялық, суггестиялық ық­ палдарының зор болатындығы туралы ой қозғалады.


Қазақ ертегілері – қазақ фольклорының аса бай жанрларының бірі. Ертегінің сандық жағынан ғана молдығы емес мазмұндық құрылымы да түрлі оқиғалар кеңістігіне жетелейтіндігі, кейіпкерлерінің көптігіне кез келген ертегі оқушы мен тыңдаушы қанық бола алады. Ертегі ауызша шығарылып, ауызша жеткізілгендіктен әсері жағынан да қай кезде болмасын тыңдаушыны бей-жай қалдыра алмайды. Осындай рекшеліктерге ие ертегі жанры қазақ әдебиеті зерттеушілерінің назарынан тыс қалмай, хатқа түсіп, ертегі жинақтары болып құрастырылды. Жанрлық түрлері сұрыпталып, әдеби тұрғыдағы көркемдік бейнесі идеясы мен мақсат міндеттері ғалымдар еңбектерінде талдауға ие болды. Мысалы, Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы қазақ ертегілерін хатқа түсіріп, арнайы жариялап отыр отырды. Зерттеуші Ш.Уәлиханов алғашт ертегі туралы зерттеу жазса, оны жалғастырған Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ә. Бөкейханов сияқты қазақ тұлғалары біршама жалғастырды. Бірақ ертегілерді ғылыми әрі ағартушылық мақсатта жинап, жария ету, зерттеу жұмысы XX ғасырда кең жолға қойылды. 40-50-жылдарына дейін ертегілер, көбінесе оқу-ағарту мәселесі тұрғысынан жарияланып, оқулықтарда, жекелеген мақала мен кітаптарда арнайы қарастырылды. Осы кездерде А.Байтұрсыновтың, Х. Досмұхамедовтің, М.О. Әуезовтің, С. Сейфуллиннің оқулық кітаптары жарыққа шығып, онда ертегілерге арнайы орын берілді. Сонымен қатар М.Әуезовтің, В.Сидельниковтың, М. Ғабдуллиннің, С. Мұқановтың, Б. Кенжебаевтың, Е.С. Ысмайыловтардың ертегі жанрына байланысты арнайы мақлалары жарияланды. Сөйтіп қазақ ертегілері қазақ фольклорының маңызды саласына айналды.


Ертегі тыңдап өскен баланың ойлау әлемі кең болады. Белгілі оқиғаны суреттеуде, баяндауда ойын анық жеткізе алады. Болып өткен қайғылы жағдайға қайғырып, қуанышты жағдайға қуана алады. Қазіргі цифрлы электронды кеңістіктің, интернеттің дамыған кезеңінде бұл аса маңызды жағдайға айналып отыр. Өйткені, ақпараттық жағы басым интернет қуану, біреудің қайғысына ортақтасу, мейірім сияқты қасиеттерді жою устінде. Жеке даралану, «өзімен-өзі болу» жағдайларына тап болған индивид бірте-бірте «сезіну» ұғымынан айрылады. Ертегілерде ең алдымен оқиға бар. Әрі ол оқиға әсерлі тілмен, сезіммен, ымишарамен (қорқу, қуану, ренжу, мәз болу, дауыс ырғағы, екпін, интонация, тіпті шынайы айтылған ертегілерде автор бейнесі мен даусының түрлі өзгерістерге ұшырауы т.б.) жеткізіледі [1, 47]. Ертегі тыңдау барысында тыңдаушыға ертегі мазмұны өздігінен жалғасып, өрбіп отырған секілді қабылданады. Алғаш ертегі айтыла бастағанда-ақ тыңдаушы мен автор арасында имагинативті (бейнелік) медитация басталады. Мысалы, «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде...» немесе «баяғыда бір бай бопты, төрт түлігі сай бопты, байдың жалғыз ұлы бопты» деп дыбыстардың ырғағымен басталған ертегі «ары қарай» деген сұранысқа ие болады. Дәл осы тұстан ертегі айту үзілсе, тыңдаушы да психологиялық қиындық туады. Ертегі балаға түрлі психологиялық терең сезімдерді түсінуге көмектеседі. Мысалы ренжу, қуану, қорқу.


Ертегі мазмұны екі әлемнен тұрады. Біріншісі, барлық адамдар өмір сүретін шынайы өмір. Екіншісі, ертегідегі қиял әлем – сиқырлар әлемі. Саналы өмір мен санадан тыс бейсана құпия әлеме ертегі ішінде қатар жүріп, байланысқа түседі. Бұл қазақ ертегілерінде құстар, аңдар, жан-жануарлардың өзара тіл қатысып, түрлі оқиғаларды өрбітетіндігімен үндеседі. Сол арқылы адамның шынайы өміріндегі құбылыстарды сипаттап берсе, ертегіге кейіпкер ретінде қатыса отырып, өздерінің түрлі мінез-құлық иесі екендігін көрсетеді.


Ертегі арқылы жеке адамның ой-қиялының дамуына ерік беріледі. Ертегідегі оқиғалар арқылы ерікті қабылдану процесі жүреді. Қазақ ертегілерінің қай-қайсысы болмасын болмасын белгілі бір мінез-құлық пен өмірлік оқиғаның жасырын түрін «суреттейді». Мысалы, «Жамандық неден болады» деген халық ертегісіне талдау жасап көрейік. Ертеде орман арасында бір жалғыз кісі тұрыпты, бұл кісіден аң-құстар қорықпай, адамша сөйлесіп жүреді екен», – деп басталатын ертегіде жамандық неден болатындығына қарға, көгершін, жылан, бұғы өз ойларымен жауап беріп, соңында тыңдаған кісі «аштық, сүйіспеншілік, ызақорлық, қорқақтық бәрі жанымызбен тіршілік ету үшін керек»,деп өз бағасын береді. Ертегі мазмұны қарапайым, қысқа оқиғаға құрылған. Бірақ әр аң-құстың ойы арқылы күрделі философиялық түсінікті көрсетеді. Қарға, жылан, бұғы арқылы жамандық жолдарын санамалап, адам басындағы болатын теріс қылықтардың мағынасын ашады. Ертегі қабылдауға жеңіл, бірақ кез келген тыңдаушы санасына бірден қабылданатындай прагматикалық әсері күшті [2, 78]. Аштық, тыныштық, сүйіспеншілік, ызақорлық, аяу, қорқақтық сөздері ертегі құрымының өзегіне айналған. Күрделі сөздер, жеке стильдік мағынадағы тіркестер, ертегі сөйлемдерінде кездеспейді. Жиі қолданыстағы «сұрау, өлу, ойлау, болу, ұшу, айту, тілеу» сияқты жиіліктегі етістіктер бар. Сонымен қатар «бұтағы сыбдырлау», «жапырағы суылдау», «есі кету», «ит-құсқа жем болу» сияқты бояуы қалың, стильдік реңктегі сөз тіркестегі бірен-саран кездесіді.


Жалпы қазақ ертегілері хайуанаттар туралы, тұрмыс-салт, күлдіргі т.б. түрлерге бөлінсе хайуанттар мен жан-жануарлар ертегілерінен қазақ этносының тілдік таңбасын, психологиялық көзқарасын байқасақ, ертегілер тілінен ұлттың кодын анықтауға болады. Мысалы, «Маша и медведь» атты орыс ертегісі аю мен қыздың достығы арқылы, орыс ұлтының тілдік ментальдылығы көрсетсе, қазақ ертегісіндегі аю бірбеткейліктің, аңқаулықтың бейнесін береді. сол сияқты қой-жуас, жылқы-тарпаңдық пен жүйріктік, торғай-әлсіздік, қарға-жауыздық, ешкі-жеңілтектік, арыстан-күштілік, түлкі-қулық, ақ тиін-ақкөңілділік, жылан-зұлымдық, қарға-жауыздық сияқты белгілер мен қасиеттерге ие. Мысалы, «Ақ тиін мен қасқыр» ертегісінің мазмұны келесідей:


«Ақ тиын бұтақтан-бұтаққа қарғып жүріп, ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды. Қасқыр қарғып тұрып, оны жегісі келеді.


Ақ тиын жалынып:


– Мені жеме, жібер? – дейді.


Жарайды жіберейін, бірақ сен маған айт: неліктен сендер әр уақытта шат болы жүресіңдер?

Сонда ақ тиын:


Мені жіберіңіз, сонан соң айтайын, әйтпесе жүрегім дірілдеп сөйлей алатын емеспін, – дейді. Қасқыр ақ тиынды босатады. Ақ тиын ағаш басына шығып алып:

Сен қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады, сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық істемейміз, сол үшін де әр уақытта шат болып жүреміз, – депті ».

Мұндағы ақ тиын мен қасқыр кейіпкерлер қызметін атқарғанмен де негізгі персонаж – адам. Диалог арқылы өрбіген ертегіде «жүрегі дірілдеу, шата болу», «залым» сөздері денотативті мағынаға ие болып, ақ тиын мен қасқырдың жағымды, жағымсыз психологиясын сипаттайды. Бірақ ертегі психологиясы адамдар арасындағы қарым-қатынасты, шынайы өмірдің ағы мен қарасын өзге кейіпкерлер арқылы бейнелейтіндігін ескерсек, өзгеге жамандық жасамайтын, тек өз ісін білетін адамның жүрегі тыныш, өмір сүруі жеңіл, ойы таза болса, жүрген ортасында өзгенің аяғын шалып, тұсау салатын, үнемі қауіп-қатер ойлап таба білетін адамның психологиялық ахуалы нашар, жағымсыз эмоциясы мол болатындығы айқын. Қасқырдың үнемі қапалы жүру себебінің де салдары осы екені анық. Тіпті, сендер неліктен әруақытта шат болып жүресіңдер, деп өзгенің өмірін де көре алмайды. Адамдар арасындағы іс-әрекетті қасқыр тектес адамдар бейнесімен аталған ертегі арқылы айқындалады. Ертегінің тағы бір тамыры – алғашқы рулық қауым адамдарының аңшылық әңгімелері мен хикаяларын сипаттайды. Алғашында шын болған оқиғалар негізінде айтылған әңгімелер бірте-бірте ел арасына тараған сайын қоспалармен толықтырылып, хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен. Осындай аңшы мергендер жайындағы әңгімелер қазақ ертегілерінің құрамында аз емес. Әрине, олар біздің ертегіде сол ежелгі замандағы күйінде емес, көркем фольклорға айналған формада көрінеді. Алғашқы қауымдағы мифтік ұғымдар туғызған небір ғаламат мақұлықтар бұрынғы аңшылар әңгімесіне кірігіп, хикая туғызады. Осыған байланысты жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, албасты, жалмауыз кемпір т.б. кейіпкерлер түрлі мінез-құлықпен танылады. Хикая жанры мифтің өзімен бірге ертегіге де айналады. Оның ертегі құрамында жүретіні де сондықтан. Бірақ мифтің ертегіге айналу жолында хикая мен ертегі қатар өмір сүреді, сол себепті миф, әсіресе, хикая өзінше жеке айтылып, елге жайылады.


Роман, повесть сияқты жеке шығармаларда адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас, астарлы ой көрсетілсе, ертегі кейіпкелері түрлі аңдар, жан-жануарлар, мифтік тұлғалар сияқты түсінуге, көзге елестете алатын, қабылдауға жеңіл кейіпкерлер саналады [3, 36]. Мысалы, дию, пері романтикалық кейіпкерлер болғанымен, олардың әрекеттері арқылы астарлы ой емес, шынайы, нақты іс-әрекеттер беріледі. Сол сияқты ертегі мазмұнын кез келген адам құрастырып айта алады. Ертегі оқиғалары, сюжеттері қайталанады. Образды тіркестер, астарлы сөйлемдер, жалпы халықтық үлгідегі құрылымдармен көрініс табады.


Ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайыптың көркем бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады. Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классик. Ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар идеол. та қызмет атқарған. Ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ.


Қазақ ертегілерінің мазмұнынан прецендентті атауларды жиі кездестіруге болады. Бұл – өз кезінде әлеуметтік маңыз иеленген лингвомәдени таңбалар. Қазақ ертегілерінде тұтастай прецендентті мәтінге ие болған атаулар бар. Олар аксиологиялық (бағалауыштық) мәнде беріліп, кейіпкердің адами, сапалық белгілерін айқындауға фондық негіз болады. Ертегілердің прецеденттік мәнге ие болу, кейіпкер атауының берілуінен-ақ прагматикалық күшке ие болады. Бұлар магиялық қасиетке ие болып, ақылдылық, қайырымдылық, жомарттық сияқты алуан түрлі адамдық қасиеттерді паш етеді. Мысалы, Күн астындағы Күнікей қыз, Қаңбақ шал, Алдар көсе, Қожанасыр бейнелері. Ертегілердің преценденттік атаулармен әсер ету бағыты ертегі мазмұнындағы кейіпкерлердің қимылдарын, ғажайып әрекеттерін әсерлендіре түседі. Ерте гі мәтіндерінде аруақтың, пайғамбарлар (діни ертегілер болса), мифтік тұлғалардың, батырлар мен ойдан шығарылған жеке тұлғалар мен аң-құс, жан-жануарлардың аттары енгізіледі. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін қимылы, іс әрекеті ел арасында мысал етіп айтылатын ертегі кейіпкерлері де бар. Мысалы, Қожанасыр, Алдар көсе, Қаңбақ шал бейнесін алайық. Оның прагматикалық мәні тарихи-әлеуметтік жағдайдан пайда болған. Мұндағы адресат адресантқа мынадай прагматикалық мақсаттың нәтижесін бере алады: Қожанасыр – аңқау, іс-қимылы аңғалдықтың бейнесін береді, Алдар көсе – өтіріктің белгісі, бірақ ел арасындағы теңсіздікпен күресуші, әлеуметтік тапты қорғаушы, ал Қаңбақ шал – белгілі тұрағы жоқ, әр істің басын бір шалып жүретін қимыл иесі ретінде көрініс табады. Сол сияқты жан-жануарлар мен құстар адам бойындағы түрлі қасиеттерді жіктеп бейнелеуші ретінде сипатталады. Балаларға арналған ертегілер мазмұнының аң-құс, жан-жануарлар бейнесімен келуі түсінуге жеңіл, қабылдауға ыңғайлы, танымына сай болып келуінен байқалады. Сол арқылы адам бойыындағы түрлі мінез-құлықты сипаттап береді.


Жас балаларға ертегі айту мазмұнына қарай таңдап алады. Оның жоғарыда көрсетілгендей себептерімен қатар ертегінің ойын баласы үшін шаршатып, жалықтырмайтындай болу да бала писхикасының әлсіздігімен ерекшеленеді. Ертегі айтушының ертегіні жеткізудегі прагматикалық көзқарасы да оның танымдық әлеміне, тәжірибесіне, сөйлеу ниетінің айқындылығына негізделіп отырады. Психолингвистиканың басты ұғымдарының бірі саналатын прагматикалық ықпал ету әлеуметтік ортаға, қоғамдық санаға қарым-қатынас аясын көрсетеді. Бұл ертегі айтуда айқын байқалады. Өйткені бата оқиғалары, тіпті кейіпкерлерінің атаулары қабылдаушының әсерге бөленуін, жан дүниесімен қабылдауын қамтамасыз етеді. Мысалы, орыс ертегілерінде «Маша» мен «Медведь» ұлттық ертегі үлгісін көрсетсе, қазақ ұлт өкілі болмаса дәл Қожанасыр, Алдар көсе, Қаңбақ шалдыың кім екенін білмегендіктен немесе өмірлік дүниетанымы қазақ ұғымына сай келмегендіктен прагматикалық әсері күшті болмайды, психикалық ықпал етуге ұшырамайды.


Қорыта келе, қазақ ертегілерінің болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі психолингвистикалық қуаты өте күшті. Ертегінің тілі арқылы сөйлеу машығын қалыптастырса, ертегі оқиғасымен ойқиялын дамытады. Ал жалпы ертегі мазмұны жаһандану дәуірінде ұлтты сақтап қалудың рухани, тілдік құралының басты болып табылады. Тек ертегіні айта білу қажет, және тыңдармандарды жасы мен танымына сай сраптай алу қажет дегіміз келеді.


Әдебиеттер


Залевская А.А. Введение в психолингвистику. – М., 2000. – 382 с.

О психолингвистическом подходе к изучению текста. – Л., 2005. – 267 с.

ниятова Ш.С. Сөз мағынасы мен білім түрлері арақатынасының психолингвокогнитивтік аспектіде қарастырылуы жайында // ҚР ҰҒА Хабаршысы, филология сериясы. – № 6. – 2006. – Б. 35-38.

Қазақ ертегілері. – Алматы: Жазушы, 2008. – 210 б.


Филология. Реферат. Гендрлік лингвистиканың әлеуметтік, психологиялық сипаты
Филология. Реферат. Қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу