Филология. Реферат. Гендрлік лингвистиканың әлеуметтік, психологиялық сипаты

Oinet.kz 09-09-2020 1000

Бұл мақалада тіл біліміндегі психологизм бағыты мен социолинг­ вистика негізіндегі ерлер мен әйелдер тіліндегі сөз қолданыстарын зерттейтін гендерлік лингвистиканың тілдік ерекшеліктері қарасты­ рылады.

Тіл болмысын қоғамдық, әлеуметтік, саяси, мәдени, аймақтық, ареальдық мәселелермен қатар әлеуметтік топтар тұрғысынан отба­ сы тілі, жастар тілі, жұмысшылар тілі, қала тілі, лидерлер мен элита тілі, қылмыскерлер мен ұрылар тілі сияқты таптастырулар әлеуметтік лингвистика мен гендерлік лингвистика негізінде сабақтастықта қа­ ралады.

Мақалада ұлт пен этнос мәдениетіндегі ерлер мен әйелдер тілін­ дегі ерекшеліктердің мәнін, түрлі құрылымдық типтегі мәтіндерде сақталған ерлер мен әйелдер тіліне тән ұлттық және мәдени құнды­ лықтарды, гендерлік этикет нормаларын, ерлер мен әйелдер тілінде­ гі сөз қолданыстарының стильдік ерекшеліктерін, тілді меңгерудегі гендерлік ерекшеліктердің ықпалын және әлемнің тілдік бейнесін жасаудағы гендерлік оппозиция мәселелерін қалай шешу керектігі қарастырылады. Гендерлік ерекшеліктерді зерттеу және талдау ісі антропоцентристік парадигма шеңберіндегісоциолингвистикамен, лингвомәдениеттанумен, психолингвистикамен тығыз байланысты түсіндіріледі.

Адамзат баласы өз тарихын, шығу тегін, биологиялық табиғатын, тілдері мен әдет-ғұрыптарын таниды және осы танымда психология ерекше орын алады.

Психологияның мақсаты – адамдардың психикалық әрекеттерінің обьективтік заңдарын, ой-санасын, психикалық қасиеттерінің қалыптасып, даму жолдарын айқындау. Ал психикалық әрекеттерге сезіну, қабылдау, түсіну, ойлау, байымдау, қиялдау сияқты әрекеттер жатады. Бұлардың барлығы да сана жемісі, әрі сөйлеу әрекетімен тығыз байланысты. Сондықтан ойлау мен сөйлеудің арақатынасы жөніндегі мәселе психологиялық зерттеулерде маңызды орын алады.

Тіл біліміндегі психологизм бағыты ХІХ ғасырдың орта кездерінен бастау алады. Психологизм бағытының негізін қалаушылар қатарына неміс ғалымдары Г. Штейнталь, В. Вундт, Г. Пауль мен орыс ғалымы А.А. Потебняны жатқызуға болады. Г.Штейнтальдың тіл мәселелерін психологияның заң ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары «Грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым– қатынастары» (1855), «Психология мен тіл біліміне кіріспе» (1881), «Тілдің шығуы» (1851) сияқты еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Аталмыш зерттеу еңбектерінде Г. Штейнталь тілдің өзіндік табиғатын жеке адамның психикалық күйі, сөйлеу әрекетін зерттеу арқылы ашпақ болып, «барлығының негізі – адам психикасы» деген соны тұжырым жасады.

Психологиялық бағытты ұстанушылар арасында жеке мәселелерге байланысты көптеген қайшы пікірлер де болды. Олардың бір тобы индивидуалистік психологизмді басшылыққа алса, екінші бір тобы әлеуметтік психологизмді басшылыққа алды.

Индивидуалистік психологизм бағытын ұстаушылардың көзқарасы бойынша, әрбір индивидуумның өзіндік тілі, ол тілдердің әрқайсысының өзіндік тарихы бар дейтін қағиданы алға тартса, әлеуметтік психологизм өкілдері тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолданушы да жалпы халық, қоғам, белгілі бір әлеуметтік топ дегенді алға тартты.

Жалпы психолингвистика терминін тілдік айналымға (1946 жылы) енгізген американ психологі Н. Пронко болатын. Жеке зерттеу нысаны бар ғылыми пән ретінде 1953 жылы Блумингтон қаласында өткен университетаралық семинар нәтижесінде қалыптасты.

Америка психолингвистерінің ғылыми тұжырымдамаларының негізгі межесі бойынша, тіл білімінің негізгі міндеті – тілдік сигналдарды кодқа түсіру, сөйлеу, сөйлесу процестерінің қалай жүзеге асатындығын, сөйлеу, сөйлесу әрекеттерінің сөйлеушілер психикасымен қатынасы, қабылдау, түсіну процестерін зерттеумен шұғылданатындығын алға тартады.

Осылайша, психолингвистика – адамның сөйлеу әрекетін, сөйлеу коммуникациясы мен индивидуалды сөйлеу, сөйлесу, ойлау әрекеттерін психологиялық және лингвистикалық аспект тұрғысынан зерттейтін ғылым саласы ретінде өткен ғасырдың 50-жылдары екі ғылыми ілімнің, лингвистика мен психология ғылымдарының тоғысуы нәтижесінде пайда болған.

ХХ ғасырдағы әлеуметтану ғылымында түрлі топтар мен жас, жыныс, нәсіл, этнос сияқты әлеуметтік факторлардың саралануы нәтижесінде бұл пәнмен сабақтас жаңа пәндер қалыптаса бастады. Осындай тіл мен қоғам арақатынасындағы сан алуан мәселелерді зерделейтін әлеуметтік лингвистика пайда болды.

Тіл мен қоғамның тығыз байланысы туралы Б. Қалиұлы: «Тіл мен қоғамның арасындағы байланыс екі жақты болды. Біріншісі: тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл жоқ жерде адамдардың қоғамда бірлесіп еңбек етуі мүмкін емес. Өйткені тіл – қоғамның өмір сүруінің басты шарты. Екіншісі: тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғамнан тыс тіл жоқ», – деп тұжрымдайды [1, 27].

Жалпы тіл болмысын қоғамдық, әлеуметтік, саяси, мәдени, аймақтық, ареальдық мәселелермен қатар әлеуметтік топтар тұрғысынан отбасы тілі, жастар тілі, жұмысшылар тілі, қала тілі, лидерлер мен элита тілі, қылмыскерлер мен ұрылар тілі сияқты таптастырулар негізінде зерттеулер жүргізу XX ғасырдың басында Франция, Швейцария, Ресей, Чехословакия елдерінде кеңінен етек алды.

Бүгінгі әлеуметтік лингвистиканың теориялық методологиялық іргетасы мен базалық ұғымдар жүйесі XX ғасырдың алғашқы жартысында француз-швейцар ғалымдары Фердинад де Сосюр, Ф. Брюно, А. Мейе, М. Коэн, П. Лафраг, Ш. Балли, А. Сеше, чехословак ғалымдары Ж. Вандриес, Б.Гавранек, А.Матезиус, ресей ғалымдары И.А. Бодуэн де Куртенэ, Е.Д. Поливанов, Л.П. Якубинский, Б.А. Ларин, В.М. Жирмунский, А.М. Селищев, В.В. Виноградов, Г.О. Винокур есімдерімен тығыз байланысты.

Тіл білімінің бүгінгі ғылыми парадигмасында психолингвистика мен социолингвистика бағыттарынан тікелей туындаған жаңа сала гендерлік лингвистика екені белгілі.

Гендерлік лингвистика – биоәлеуметтік субьект ретінде танылатын ер кісілер мен әйел затының тіліндегі ерекшеліктерді зерттейтін тіл ғылымының бір саласы. Ол ұлт пен этнос мәдениетіндегі ерлер мен әйелдер тіліндегі тілдік ерекшеліктердің мәнін, түрлі құрылымдық типтегі мәтіндерде сақталған ерлер мен әйелдер тіліне тән ұлттық және мәдени құндылықтарды, гендерлік этикет нормаларын, ерлер мен әйелдер тіліндегі сөз қолданыстарының стильдік ерекшеліктерін, тілді меңгерудегі гендерлік ерекшеліктердің ықпалын және әлемнің тілдік бейнесін жасаудағы гендерлік оппозиция мәселелерін шешуді қарастырады.

Гендер (gender) ағылшын тілінің термині, ол тіл білімінде грамматикадағы тек категориясына сәйкес жұмсалады. Дж. Скотт бұл категорияны «жынысаралық ерекшеліктерге негізделген мәдени-әлеуметтік қатынастардың құрамдас бөлігі», – деп таниды [2, 49].

Гендрология ғылымында «гендер» мен «жыныс» ұғымдарының ара жігі сараланып көрсетілмей келеді. «Жыныс» термині (ағылшын тілінде sexus) еркек пен әйел арасындағы табиғи, биологиялық ерекшеліктерді білдірсе, гендер биологиялық тұрғыдан емес әлеуметтік және мәдени тұрғыдан анықталады, оның мәні, түсіндірілуі мен көрінуі іштей де, мәдени аралық та өзгерістерге ұшырап, тарихи алмасулар нысанына айналып отырады.

Бұл ұғымдардың өзара сабақтас және әр тектес ұғымдар екенін: «Адамның генетикалық берілген анатомиялық-физиологиялық белгілері жиынтығын қамтитын биологиялық жыныстан (ағылшынша sех) гендердің айырмашылығы, ол белгілі бір тарихи кезеңдегі нақты әлеуметтікмәдени контексте қалыптасады, соған орай уақыт пен кеңістікте ажыратылады. Гендер – әлеуметтану өнімі, ал жыныс – эволюция нәтижесі», деген пікірлер дәйектейді [3, 150].

Гендерлік ерекшеліктерді зерттеу және талдау ісі антропоцентристік парадигма шеңберінде қарастырылатын социолингвистикамен (адамның мамандығына, жас ерекшелігіне, жынысына, қоғамдық еңбек бөлінісіне және қоғамдық ортасына, отбасында атқаратын рөліне, қалалық немесе ауылдық өмір салтын ұстануы жөнінде ақпарат беруші тіл ғылымының саласы), лингвомәдениеттанумен (этностың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, рухани және заттық мәдени құндылықтарынан ақпар беретін, гендерлік мәдени ерекшеліктерді зерттейтін тіл ғылымының саласы), психолингвистикамен (балалар тілін, ерлер мен әйелдер тіліне тән спецификалық ерекшеліктерді, адамның тілдік қабілеті дамуының гендерлік ерекшеліктерін зерттейтін ғылым саласы) тығыз байланысты.

Қоғам қарым-қатынасындағы жеке тұлғаның гендерлік рөлі оның психологиясына, мәдениетіне, әлеуметтік жағдайына белгілі дәрежеде әсер етеді. Соған орай оның сөйлеу мәдениеті де қалыптасады. Осыдан келіп тілдегі сөздер мен сөздік қолданыстар гендерлік дифференциациялануға ұшырайды, еркектер мен әйелдердің сөйлеу әрекеттерінде түрлі тілдік, әлеуметтік, психологиялық және мәдени ерекшеліктер пайда болады. Гендерлік дифференциацияның мазмұнын оның тілдік құрылымына талдау жасау арқылы ашуға болады. Жеке тұлғаның жынысына байланысты гендерлік ерекшеліктерін айқындау үшін лингвистикалық зерттеулер жүргізу қажет.

Мәселен, Е.Д. Назарова тілдегі гендерлік маркерлердің көрінісін былайша түсіндіреді: «фонетикалық гендерлік маркерлер – дауыс ырғағының төмен не жоғары болуы, екпіннің бәсең не жылдам болуы, сөйлеу кезіндегі кідірістерінің айырмашылықтары, дауыс қарқынының жоғары немесе әлсіз болуы, логикалық айқындау деңгейіндегі ерекшеліктері болып танылса, морфологиялық гендерлік маркерлер – еркектердің жалғауды көп қолданбайтыны, әйелдердің изафеттік құрылымдарды жиі қолданатыны, қыстырма, шылауларды жиі қолданатыны, т.б ерекшеліктер жатады, ал лексикалық гендерлік маркерлер – әйелдер көп қолданатын лексикондар мен еркектер көп қолданатын лексикондарды салыстыру нәтижесіндегі ерекшеліктер саналады, экспрессивті-стилистикалық гендерлік маркерлер – әйелдердің қыстырма, одағай сөздерді, экспрессивті мәнді сөздерді көп қолданатыны, еркектердің дөрекі, анайы сөздерді көп қолданатыны сияқты ерекшеліктер», – деп топтастырып көрсетеді [4, 175].

Жалпы гендерлік лингвистикадағы көркем проза тілі мен сөйлеу тіліндегі сөз таптарының жиілігін салыстыратын болсақ әйелдер тілінде сын есімдер, есімдіктер, шылау түрлері жиі қолданылады екен. Сонымен қатар әйелдер лексиконы стереотип, ассоциацияны тез сезетін, сол арқылы ойын эмоционалдық, иррационалды, бейнелі жеткізуге бейім болатынын да өзіндік ерекшелік ретінде тануға болады. Мәселен, күлім көз, құралай көз, қалам қас, қолаң шаш, бұраң бел, қиғаш қас, сырғалы, кербез және т,б.

Керісінше еркектердің сөйлеу тілінде зат есімдер мен етістіктер, одағайлар, қаратпа сөздер, бұйрық рай мен дөрекі мәнді сөздер кең қолданыс тауып, ақиқат дүниені шынайы қабылдап, ойын рационалды, тура мағынада жеткізуге бейім болады екен. Мәселен, Көңіл-күй одағайлары: Бәрекелді!, Ой жарайсың!, Жігітсің!, Азамат! Қаратпалар: Бауырым, дос, інішек, қарындас, бәйбіше, кемпір, басеке, бәке, сәке және т.б. Жігіттердің қасиеттерін сипаттайтын сөздер мен тіркестер:жігіттің сырттаны,күйеу жолдас, қылшылдаған жігіт, сүр бойдақ, сомадай жігіт, от жігіт, омыртқасы түзу жігіт,қу мұрт, қияқ мұрт, дудар шаш, шолақ белсенді, қылаң сақал, ақ сұңқар, есіл сабаз, арыстан жүректі, мар қасқа,, атқа мінер, сегіз қырлы бір сырлы, сылқым сері.\

Қазақ тілінің байырғы лексикалық қорында әйел мен ер жынысын бейнелейтін гендерлік сипатағы тілдік бірліктер мен тұрақты тіркестер мол сақталған. Мәселен тіліміздегі тұрақты сөз тіркестерінің басым көпшілігі қыздың сұлулығын, жан-дүние, сезім-күй, мінез-құлық әдептілігін сипаттайды: ауызға үріп салғандай, жамалына көз алмасты, атқан таңдай, хор қызындай, айдай сұлу, айдай таза, күндей нұрлы, кірпік астынан көз тастады, көзін сүзді, қызда қырық есекке жүк болатын айла бар, қызға қырық үйден тыю, салиқалы қыз, он екіде бір гүлі ашылмаған және т.б.

Гендерлік фразеологизмдердің бір тобы әйелдің ана болу, дүниеге сәби әкелу қызметімен де байланыстырылған. Мәселен, аман-есен қолаяғыңды бауырыңа алдың ба? Ақ сүт берді, айыкүні жақындады, аяғы ауыр, бір кіндіктен, бала тапты, бедеу болды, жылы құшақ, (ана құшағы), құрсақ шашу, құрсақ көтерді, құрсақ той, қалжа жеді, толғағы жетті, шілдехана күзетті, және т.б.

Сонымен қатар әйелдің кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, мінез ерекшелігін (жағымды-жағымсыз) сипаттайтын гендерлектілерді де ажыратуға болады: ару шешей, алтын басты әйел, мініскер әйел; ер жанды, майлы қолтық, салпы етек, сарыкідір әйел, көкайыл, ошақтың үш бұтынан шықпады, т.б.

Ерлерге е қатысты гендерлік тілдік бірліктер: Ер адамның, жігіттің гендерлік тұлғасы батылдылық қасиет пен ерлік қимыләрекетпен сипаталады. Мысалы, арқадан соққан борандай, алатаудай айбат, мұздай болып қату, екпіні қатты дауылдай, асқар белдей ерлер, болаттай берік, өткір кедіктей, қорғасын құйғандай зілзәрлі, семсердей өткір, атан өгіздей, ерттеулі аттай, таң асырған тұлпардай, соқтауылдай, соқтандай, арыстай, алпамсадай, еңгезердей.

Қорыта айтқанда, қазақ тілінің гендерлік сөз қолданысы ерлер мен әйелдер тіліне тән ұлттық және этномәдени құндылықтарды, гендерлік этикет нормаларын, ерлер мен әйелдер тіліндегі сөйлеу нормалары мен өзіндік стильдік ерекшеліктерді дәйектейді.

Әдебиеттер

  1. Қалиұлы Б. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы, 2009. – 114 б.

  2. Сабитова З.К. Гендерная оппозиция в языке : диохранический аспект: Учебное пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 157 б.

  3. Введение в теорию гендера: Учебное пособие. – Алматы, 1999. – 158 б.

  4. Назарова Е.Д. Гендер адресата как прагматический фактор коммуникации: Автореферат. – М., 2009. – 169 б.

Филология. Реферат. Подкаст – тілді меңгертудегі заманауи технология
Филология. Реферат. Қазақ ертегілерінің психолингвистикалық сипаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу