Филология. Реферат. Қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдері

Oinet.kz 09-09-2020 1061

Терминдердің қалыптасу үдерісіндегі ерекшеліктерге әр кезең тұр­ ғысынан баға берілді. Қоғам өмірінде болған саяси­мәдени өзгерістер жаңа атаулардың, терминдердің пайда болуына, жасалып, қалыптасу­ ына әсер ететіні белгілі. Термин қалыптастырудың алғашқы кезеңінде терминдерді аударудың алғашқы қадамы енді ғана жасала бастағаны, осы себепті де бұл кезеңде ұлт тілінде жасалған терминдердің басым көпшілігі сәтті жасалмай, қолданыстан шығып қалып отырғаны жөнін­ де сөз болады. Екінші кезеңде орыс тілі не орыс тілі арқылы енген шет тілі терминдерінің барлығы дерлік қазақ тіліне аударылып, ал ауда­ рылмағандары дыбыстық ерекшеліктерімізге сай икемделіп алынғаны нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетілді. Қазақ терминологиясы қа­ лыптасуының үшінші кезеңінде сол кезеңдегі тіл саясатына орай орыс тілі мен совет халықтары тілі арқылы еніп жатқан халықаралық тер­ миндердің негізінен аударылмай берілгені айтылды. Ал соңғы төртінші кезеңінде терминология мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша қарау талап етілді, соның негізінде терминдердің көпшілігі ұлт тілінде жасалып, қалыптасып жүргендігі жан­жақты қарастырылды.

Қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдері төрт кезеңге, яғни, бірінші, ХІХ ғ екінші жартысынан 1910 жылға дейінгі кезең; екінші, 1910-1930 жылдар аралығын қамтитын кезең; үшінші, 1930 жылдан 1990 жылдарға дейінгі кезең және төртінші, 1990 жылдардан бергі кезең деп бөлініп, олардың бірбірінен өзіндік ерекшеліктері көрсетіліп жүргені мәлім және бұлайша бөліп қарастыру қоғам өмірінде болған өзгерістерге байланысты екендігі түсінікті жайт.

Расында да қоғамда орын алған ірі-ірі өзгерістер өз кезегінде тілімізге де әсер етпей қоймайтындығы, яғни жаңа сөздердің, жаңа терминдердің пайда болуына алып келетіндігі белгілі жайт. Мәселен, ХІХ ғ. екінші жартысындағы саяси-экономикалық, мәдени өзгерістер, атап айтқанда Қазақстанның Ресей мемлекетіне толықтай қосылуы, соның негізінде қазақ халқының көшпе лі тұрмыстан арылып, отырықшы елге айнала бастауы, кейбір өнеркәсіп орындарының ашылуы, қазақ жерінде аз да болса білім көздерінің пайда болуы, қазақ тіліндегі тұңғыш газеттердің жарық көруі, сондай-ақ Абай, Ыбырай, Шоқан сияқты ұлы тұлғалардың өмір сүруі және тағы басқа да жаңалықтар қазақ терминологиясы қалыптасуының алғашқы кезеңіндегі терминдердің пайда болуына, жасалып, қалыптасуына әсер еткен болса, 1910 жылдан басталған екінші кезеңде қоғам өміріндегі жағдай басқаша болды, мәселен, 1917 жылға Қазан төңкерісі қазақ жеріне жаңа қоғамдық өзгерістер әкелді, бұл жылдары қазақ халқының ғылымға, мәдениетке қолы жетті, баспа жұмысы дами түсті, түрлі өндіріс орындары, мекемелер ашылды, әсіресе бұл жылдары елді жаппай сауаттандыру ісі қолға алынып, соның негізінде көптеген оқу орындарының ашылуына мүмкіндік туды. Қоғам өмірінде болып отырған бұл сияқты жаңалықтар өзімен бірге көптеген жаңа атауларды, терминдерді ала келді. Дей тұрғанмен бұл кезеңде термин жасаудың белгілі бір қалыптасқан принципі бола қоймаған еді. Әркім орыс тілі не болмаса орыс тілі арқылы енген шет тілі сөздерін мағынасы сай келсін, келмесін өз бетінше аударумен айналысып бақты. Осыдан келіп термин жасау мәселесінде кемшіліктер орын алып отырды. Мәселен, бір ұғымды білдіру үшін бірнеше сөздің жарыса қолданылуы байқалады: председатель – бастық –төраға; жоба –жол –проект; балалар үйі – балалар бағым үйі – жетімхана т.б.

Термин саласында осындай жарыспалықтың болуы тіліміздің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіретіні сөзсіз. Бірақ уақыт өте келе тіліміз жарыспа сөздерден арыла бастады, яғни көптеген сөздер мен сөз тіркестері қолданыстан шығып қалып отырды. Дегенмен сол кездері жасалып, кейіннен қолданыстан шығып қалған кейбір терминдердің қазіргі кезде мағынасы қайта жаңғырып отырғаны байқалады. Мәселен, қазіргі қолданыстағы жарғы, жарлық, кеңес, кеден, төраға т.б. атаулар 1910-1930 жылдар жемісі.

Бұл кездері жарыспа сөздердің орын алуының өзіндік себептері болған еді. Тасқындап еніп жатқан жаңа атаулар қай тілде болсын бірден қалыптасып, сіңісіп кете бермейтіні мәлім. Бұған қоса бұл кезеңде жасалған терминдерді белгілі бір жүйеге түсіріп, біріздендіріп отыратын арнаулы терминологиялық комиссияның да болмағаны, сонымен қатар ғылым мен техниканың әрбір саласынан білгір мамандардың аз болғандығы белгілі.

Ал 1910-1930 жылдары тіл мәселесінде пуристік әрекет болды ма, жоқ па дегенге келер болсақ, бұл жөнінде Ш.Сарыбаев «Бұл дәуірде қазақ тілінде пуризм зор әрекет, үлкен бір ағым дәрежесінде болды деп айта алмаймыз» – дейді [1, 16]. Біз де осы пікірді қолдаймыз, себебі бұл жылдары белгілі бір саясат ретінде жүргізілген пуристік ағым болған емес. Мұндағы әрекет тек орыс тілі не орыс тілі арқылы енген шет тілі сөздерін барынша қазақшаға аударып беру деп білеміз.

Бұл кезеңде ерекше айта кететін жайт А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының қазақ терминологиясына қосқан үлестері болып табылады. Олар ғылымның түрлі салаларына қатысты оқулықтар мен оқу құралдарын жаза отырып, осы тұрғыда бірнеше ғылым салаларының терминдерін жасап берді. Мәселен, А.Байтұрсынұлының бір өзі тіл білімі, әдебиеттану, әдістеме және т.б. ғылым салаларының терминдерін жасаған. Оның ішінде қазіргі қазақ тілінде қазіргі күнге дейін қолданылып жүрген дыбыс, дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, сөз, түбір сөз, туынды сөз, буын, жұрнақ, жалғау, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, шылау, одағай, сөйлем, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, жалаң сөйлем, жайылма сөйлем, құрмалас сөйлем т.б. толып жатқан тіл білімі саласына қатысты терминдерді жасауы терминология ғылымына қосқан үлкен үлесі болып табылады. Ал ол жасаған осындай терминдердің күні бүгінге дейін тұрақты түрде қолданылып келуінің, сәтті жасалуының басты себебі-жасалған терминдердің терминологияға қойылатын талаптарға толық жауап беретіндігінде болса керек.

1930 жылдан 1990 жылдарға дейінгі кезеңге, онда қалыптасқан терминдерге келер болсақ, аталмыш жылдар аралығында қоғам өмірінде бірнеше өзгерістердің болғаны аян. Ең алдымен 1935 жылы болған Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің Құрылтайын айту қажет. Құрылтайда профессор Қ.Жұбановтың он бір принциптен тұратын жобасы ұсынылып, негізінен қабылданды. Әрине ол принциптердің кейбірі қазақ терминологиясының қазіргі даму тұрғысынан алып қарағанда сын көтере қоймағанымен терминжасам үдерісінде сол кез үшін жаңа бағыт болған еді.

Қ.Жұбанов жасаған принциптердің негізгі идеясы екі бағытқа негізделіп жасалды. Оның біріхалықаралық терминдерді аудармай, сол қалпында беру болса, екіншісіқазақ тілінің өз ішкі мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану болып табылады және термин жасау үдерісінде осы екі принциптің қатаң сақталуы талап етілді.

Термин жасау мен қалыптастыру ісі біз сөз етіп отырған жылдар аралығында орын алған Ұлы Отан соғысы кезінде де тоқтап қалған жоқ. Отан қорғау мақсатында соғысқа аттанған қазақ ұлтының өкілдері миллиондарды құрағаны белгілі. Олар әскери лексиканы, әскери терминдерді өздерінің меңгергенінше туған жерге ала келді және де майдан мен тыл аралығында тығыз байланыс орын алғандығы мәлім. Міне осындай екі жақты себептердің арқасында тілдік қорымыздың жаңа терминдермен толығуына жол ашылды. Ондай терминдер тобына жертөле, барлаушы т.б. атауларды жатқызуға болады. Бұл жөнінде 1942 жылы Алматы қаласында басылып шыққан, редакциясын С.Аманжолов басқарған «Орысша-қазақша әскери сөздік» мол мағлұмат бере алады.

Сөз болып отырған уақыт аралығында ірі-ірі құрылыс, өнеркәсіп орындары салынып, ғылым мен техника жан-жақты дамыды, оқу ағарту жұмыстары күшейді, адамзат ғарышқа сапар шеге бастады және басқа да өзгерістер орын алды. Ұлт тілінде жасалған тың игеруші, ғарышкер, аялдама, саяжай, бәсеке, құрылғы, шығарма, хабарлама сияқты толып жатқан терминдер осы кезеңге тән атаулар болып табылады.

Бұл сияқты жаңа атаулар 1959-63 жылдар аралығында мемлекеттік терминология комиссиясының бекітуімен басылып шыққан он екі томдық орысша-қазақша терминологиялық сөздікте түгелдей берілген. Әйтсе де бұл кезеңде термин жасаудың негізігі қағидаттары айқындалып, бұл істе жүйелілік тұрақтана бастағанымен терминдерді ұлт тілінде қалыптастырудан гөрі, орыс тілі не орыс тілі арқылы келген шет тілі терминдерін сол қалпында қолдануға басымдық берілген еді.

Ал енді 1990 жылдардан бері қарайғы уақытта қалыптасқан терминдерді бір кезең ретінде бөліп қарастырудың өзіндік себептері бар десе де болғандай. Өйткені, 1990 жылдардан басталған қоғамдағы саяси-әлеуметтік, мәдени өзерістер терминология мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша қарауды талап етті.

Мәселен, 1989 жылы 21қыркүйектк қазақстан Респубиксы «Тіл туралы Заң» қабылдап, онда қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді.

1991 жылы желтоқсанның 16 күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.

1992 жылы 30 қыркүйек күні Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Соның негізінде шет елдерде тұратын көптеген қазақтар өз атамекеніне орала бастады және осының негізінде «репатриант» деген терминнің орнына «оралман» атауы қолданылатын болды.

1993 жылдың 15 қарашасында елімізге ұлттық валюта–теңге енгізілді.

1995 жылы бүкілхалықтық референдум бойынша жаңа Ата Заң қабылданды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы № 4106 жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы жарияланғаны мәлім.

Бұл жылдары қазақ тілінде оқытатын мектептер, лицейлер мен гимназиялар, арнаулы және жоғары оқу орындары да көптеп ашылып, қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың санының, сонымен бірге сапасының да артуына жағдай туды.

Бұрынғы баспасөз орысшыл, ұраншыл бағытта жарық көріп келген болса, соңғы жылдары шыға бастаған газет журналдар жаңа заман лебімен келген жаңалықтармен жаңаша түрлене, жаңаша сөйлей бастады. Газеттердің аты да жаңарды. Мысалы, Социалистік Қазақстан – Егемен Қазақстан, Лениншіл Жас – Жас Алаш болып өзгерді. Міне осы сияқты және басқа да өзгерістер терминдердің ұлт тілінде қалыптасуына әсер етті.

Тағы бір атап айтарлық жайт елімізге нарықтық жүйе енді. Сырттан инвесторлар тарту мәселесі де күннен-күнге қарқын алып отыр.

Осындай жағдайда, яғни шет мемлекеттермен түрлі бағыттағы байланыс артып отырған уақытта сырттан келіп, тілдік қорымызға қосылып жататын терминдер санының күрт көбеюі заңды нәрсе.

Бұл кезеңнің талабына сай негізделген тың принциптер ұсынылды. Оны ұсынған акаде мик Әбдуәли Қайдар болатын. Ә.Қайдар қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас қажеттігін айта келе, оны ілгері дамытудың он бір түрлі принципін, атап айтқанда, терминология мәселесін мемлекеттің өз қамқорлығына алу керектігі, термин жасауда қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану, термин шығармашылығында туысқан түркі тілдерінің озық тәжірибелерін пайдалану, халықаралық терминдерді мүмкін болғанынша қазақша аударып беруге болатындығы, ал аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фонетикалық және морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау, терминдерді жаңадан жасауда дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау, ұлттық және халықаралық терминдердің сандық және сапалық арасалмағын табиғи қалыпта сақтау, терминдерді қысқартып қолдануды заңдастыру сияқты принциптерді ұсынады.

Бұл сияқты принциптерді басшылыққа алу негізінде ұлт тілінде көптеген терминдер жасалып, қалыптасты. Мәселен, тілімізде бұрын қолданылып, кейіннен «көнерген», «ескірген» деп танылған көптеген сөздер соңғы жылдары сол бұрынғы мағынасын қайта жаңғыртып, термин ретінде қолданылып отыр. Мұндай сөздер қатарына кеңес, жарғы, жарлық т.б. терминдерді жатқызуға болады. Сол сияқты терминжасам тәсілдері, атап айтқанда семантикалық тәсіл арқылы (жоба, нарық, кеден, әкім т.б.); синтетикалық тәсіл негізінде (бапкер, заңгер, демеуші, тіркеуші, айтылым, келісім, оралман, көрермен, жазылу, жекешелендіру, нұсқау, тіркеу, демікпе, бөртпе, ерігіш, реттегіш т.б.); синтаксистік тәсіл арқылы да (әнұран, елтаңба, тікұшақ, мейірбике, басқосу, шағынаудан, пірсайыс, пікірталас, ізбасар, ізашар, шағын кәсіпорын, ортақ валюта, қаржы бөлу, іс жүргізу, ішкі шағылысу, ортақ қаржыландыру, кеңшар, ұжымшар т.б.) ұлт тілінде көптеген терминдер жасалды.

Жинақтай келе қоғамдағы өзгерістерге байланысты жаңа атауларды, жаңа терминдерді жасау, өзге тілдерден қабылдау, оларды аудару, қалыптастыру барысында әр кезеңнің өзіндік ұстанымдары, өзіндік ерекшеліктері болғандығын айта аламыз.


Әдебиеттер

  1. 1 Сарыбаев Ш. 1920-30 жылдардағы әдеби тілдің тарихына қатысты кейбір мәселелер // Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясының мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1963. – 281 б.

Филология. Реферат. Қазақ ертегілерінің психолингвистикалық сипаты
Филология. Реферат. Қазақ ауыз әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу