Филология. Реферат. Қазақ ауыз әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту

Oinet.kz 09-09-2020 1135

Мақалада антикалық әдебиет пен қазақтың көне сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ дәуіріндегі әдеби мұралары етене жақын және байланысы тереңге кеткен рухани туындылар екеніне тоқтала келіп, жоғары оқу орындарының филология, журналистика, өнер және мәдениет мамандықтарына әлем әдебиетінің мұраларын оқытудың мақсаты айтылады. Қазақ ауыз әдебиеті мен антика әдебиеті мұраларын салыстыра оқыту әдістемесінің әр қырынан зерттелуі мен зерделенуін қолға ала отырып, жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқытудың жастарды рухани-сауаттылыққа, адамгершілікке баулуға, ұлттық әдеби мұраны құрметтеп, әдебиет пен өнер тарихынан нәр алып қалыптасуына негіз болатыны айтылады. Қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, оның даму ерекшелігі, сипаты, рухани мұрасы, тарихы көп ретте басқа әдебиеттерден еш кемі жоқ болғандықтан, оны басқа елдердің әдебиеттерімен салыстыру аса қажет фактор екендігі сөз болады. Салыстырма әдебиет, яғни компаративизм әдісі бойынша ой айтудың маңыздылығы түсіндіріліп, жасалған эксперимент жұмыстарының барысы баяндалады.

Кіріспе

Көне европалық әдебиет пен қазақтың көне сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ дәуіріндегі әдеби мұралары етене жақын және байланысы тереңге кеткен рухани туындылар. Қазақ халқының арғы аталары сақ-скиф руларының шығу тегі мен олардың әдеби мифтегі орнын айқындап, сол кезеңдегі шығармашылық қабілеті бар елдің туындыларын жинақтап, оны әлем жұртшылығына таратқан Геродот, Полишен, Страбон, Плутарх, Эфор, Гомер, Гесиод, Эзоп, Федр, Апулей, Л.Н. Гумилев, М. Аджи, А. Гаркавец, Н. Келімбетов, А. Қыраубаева, М. Жолдасбеков және т.б. тарихшы, әдебиетшілердің жазбалары арқылы біздің көне кезеңдегі әдебиетіміздің «ақтаңдақ беттерін» ашудың маңызы зор.

Әдебиеттану ғылымының әр саласының әдістемесі бойынша осы проблеманы айқындау Европада ХVІ ғасырда қолға алынса, оның ең алғашқы баспалдақтары Ресейде ХVІІІ ғасырда пайда болып, қазіргі күнде белгілі мектеп ретінде іргеленді. Ал қазақ әдебиетінде антика мен көне әдеби мұралардың зерттелуі мен оқыту әдістемесі тәуелсіздік алған тұстан қолға алынды.

Осы әдістеме бойынша жоғары оқу орындарының филология, журналистика, өнер және мәдениет мамандықтарына әлем әдебиеті нің мұраларын қазақ тілінде оқыту мақсаты көзделінген.

Бүгінгі таңда, қазақ ауыз әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту барысында студенттердің пәнге деген қызығушылықтары артып, түрлі дерек көздерін қарастыру арқылы мол рухани азық алатыны сөзсіз.

Антика әдебиеті мен қазақ ауыз әдебиеті мұраларын салыстыра оқыту әдістемесінің әр қырынан зерттелуі мен зерделенуін қолға ала отырып, Жоғары оқу орындарында антикатану тарихын көне қазақ әдебиетімен байланыстыра

оқытуды бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі деп тануымыз керек.

ҚР Білім туралы Заңында: «Білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс» (The Law of the Republic of Kazakhstan «On Education», 2007 №319 III) – екендігі атап көрсетілген.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы ЖООнда оқу үдерісі кредиттік оқыту технологиясы бойынша ұйымдастырылған.

Оқу мерзімі мен алған біліміне қарай бакалавр – магистратура – докторантура болып жалғасатын бүгінгі білім жүйесінде кредиттік оқыту технологиясы бойынша білім алған маман өзі игерген мамандығының кәсіби шебері болуы тиіс.

Аталған академиялық дәрежелерді меңгеруді ұйымдастырудың оқу үдерісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде (ары қарай ҚР МЖМБС) жүзеге асатынын білеміз.

Жоғары білім – бакалавриат – 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті», сондай-ақ, жоғары білім – бакалавриат – 5В020500 – «Филология», 5В012100 – «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтарына арналған ҚР МЖМБС–ында аталған мамандықтар бойынша білім берудің мазмұны мен бакалаврларды дайындау деңгейінің талаптары анықталған (State educational standards of the Republic of Kazakhstan, 2010).

Осының ішінде, 5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бакалаврларын дайындау барысында білім алушы тұлғаларға жалпы білім алу барысында:

  1. Адамзаттың іс-әрекетінің алуан түрлілігі туралы, рухани құндылықтар мен олардың маңызы жайлы, дүниеге деген ғылыми, философиялық және теологиялық көзқарасы бойынша түсінігі болуы;

  2. Қоғам дамуы жайлы: мәдениет пен өркениеттің алуан түрлілігі, әлеуметтік тәжірибе түрлері, дүниежүзілік тарихи және мәдени кеңістіктегі Қазақстанның орны туралы білімді игеруі;

  3. Еңбекті ұйымдастырудың ғылыми негіздерін, ақпараттарды жинау және өңдеу; педагогикалық, психологиялық және әдістемелік нормалар мен оқыту және тәрбие берудің тәсілдерін, жоғары және орта мектеп бағдарламаларының барлық мәселелері бойынша қазіргі ғылыми және оқу материалдарын білуі;

  4. Әлемдік қауымдастықты тұтастай алғандағы және Қазақстан Республикасына қатысты негізгі экономикалық үрдістер мен бағдарламаларды талдай білуі;

  5. Мәдениеттің мәнін, оның адамзат ісәрекетіндегі маңызын білуі, адамзаттың мәдени мұрасы мен мәдени құндылықтар туралы түсінігі болуы;

  6. Өз еңбегін ғылыми негізде ұйымдастыра білу, кәсіптік қызмет саласында қажет ақпаратты жинау, сақтау мен сұрыптаудың компьютерлік әдістерін меңгеру; өзінің кәсіптік қызметінің түрі мен сипатының өзгеруіне, пән аралық жобалармен жұмыс істеуге әдістік және психологиялық жағынан дайын болуы;

  7. Педагогикалық тәжірибесінде жүйелі түрдегі ақпараттарды қолдануды, болып жатқан әлеуметтік-тарихи оқиғаларды талдау және қорытындылауды; өзінің өзгерістерінде, оған жылдам көндігу және бейімделуді;

  8. Қазіргі ақпараттық және білімдік технологияларды қолданып өз бетінше жаңа білім қорларын алу; кәсіби іс-әрекетінің сипаты мен әлеуметтік-экономикалық жағдайлар пәнге деген қызығушылығын тудыру және білімді меңгерудің жоғары деңгейін қалыптастыру арқылы тілдік құбылыстар мен заңдылықтарды жазбаша және ауызша түрде сауатты, әрі дұрыс мағынада жеткізуді;

  9. Білімдік үрдісте пәнаралық байланыстар жүйесін қолдануды білуі тиіс сынды талаптарды меңгеру міндетті саналады.

5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті бакалаврлары үшін берілген талаптарға қол жеткізу үшін 6.08.073-2010-ҚР МЖБС-нда 128 кредит бөлінген. Жалпы білім беру пәндерінің (ЖБП) базалық пәндері (БП), кәсіптендіру пәндері (КП) үшін берілген кредит сандарымен бірге, таңдау компонентіне (ТК) – ТК 2.2 – 20 кредит, ТК-3.2 – 14 кредит бөлінген. Таңдау компоненті ретінде арнайы кредит бөліну аталған мамандық аясында арнайы, тереңдетілген білім жинауға мүмкіндік береді.

ҚР МЖМБС-на сай әзірленіп, ЖОО-нда білім үдерісінде пайдаланылып келе жатқан оқу-жұмыс жоспарларында ТК үшін аймақтық ерекшелігі, профессорлық-оқытушылар құрамының мамандануына орай әр кезеңдегі әдебиет өкілдері шығармашылығын және аймақтық әдеби өлкетануды қамтитын оқу пәндері қарастырылған.

Осындай таңдау компонентіне кіретін қазақ әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту пәнінің маңыздылығы: жастарды руханисауаттылыққа, адамгершілікке баулуға, ұлттық әдеби мұраны құрметтеп, әдебиет пен өнер тарихынан нәр алып қалыптасуына негіз болады.

Осы орайда, жастар – елдің ертеңін қалыптастыратын буын екенін естен шығармауымыз керек.

Ерте заманнан бастау алып, дамып, қанат жайып келе жатқан рухани мұрамыз – әдебиетіміздің қанып ішетін айдыны антика және халық ауыз әдебиетінің туындыларын ЖОО оқытудың маңызы зор. Сол туындылардың ішінен алуан түрлі өмірлік қағидалар мен адами қасиеттерді тәлімгерлердің бойына сіңіретін шығармашылық әлем – бұл қазақ әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту болмақ.

Осы жайтты біріншіден, тарихи мәселемен жалғастыру қажет. Антика латынның antiguus – ежелгi, көне деген сөзiнен шыққан болса, қайта өрлеу, яғни ренессанс кезеңiндегi италиялық гуманистер өздерiне белгiлi ежелгi мәдениет ретiнде грек-рим мәдениетiн солай деп атап кеткен. Сол кезден берi одан да көне мәдениеттер ашылса да, осы мәдениет жөнiнде сол атау әлi күнге дейiн сақталып келедi. Антика әдебиеті тарихының көне қазақ әдебиетінің әр кезеңіндегі әдеби мұралармен ұқсастығын, өзінің ерекшеліктерімен, адамды сүйсінтер әшекейлерімен, аса баға жетпес құндылықтарын салыстырма, яғни компаративизм тәсілі бойынша сипатталады. Өйткені, шығыс әдебиетінен кеш туса да, оның жарқын беттері бүкіл әлемдегі мәдениетте өзіндік орны, ізі бар екендігін дәлелдеп келеді.

Айталық, антика бастауындағы гректің әдебиеті, философиясы, өнері мен мәдениеті, саясат пен ғылымда, құқық пен заңтануда, кескіндемеде, сәулет пен мүсін өнерінде және тағы басқа да салаларда көрініс табады. Сол мәдениет салалардың ішінде антика әдебиеті мұраларында қазақ халқының арғы ата-

бабаларының жасап кеткен әдебиетімен ортақ ұқсастықтары, үндестіктері өте мол. Бұл көбіне типологиялық, сюжеттік, идеялық-мазмұндық, форма, стиль, композиция, поэтика және басқа да көркемдік ерекшеліктері арқылы көрінеді.

Қазақ әдебиеті сынын зерттеген көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Ғылымда соңғы сөз айтылып, нүкте қойылмайды» – дейді.

«Қазіргі тәуелсіздік заманда бұрын құлашымыз жететінді ғана қармасақ, енді ой жетер жерге баруымыз керек. Оның алғашқы қадамы жасалды да. Ә. Хасеновтің «Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны», Кляшторный мен Сұлтановтың «Қазақ халқының үш мыңжылдық тарихы»,

«Қазақ энциклопедиясы» шығарған «Қазақ поэзиясының екі мыңжылдық» антологиясы жарияланып, оқырман қолына тиіп, ғалымдарды ойландырып жатқан кезде қазақ әдебиеті тарихының сақ, ғұн дәуірлері естен шықпауы тиіс. Біздің заманымызға дейінгі кезеңнен бастау алатын рухани дүние бүгінгі біздерге түсінікті тілде болмауы мүмкін, тіпті басқа тілде жазылуы да ғажап емес. Бірақ оған қарап ол мәдени мұрадан бұрынғыдай қашуға болмайды. Біз бүгінгі қазақ жерінде жасалған мәденирухани байлыққа ортақ екенімізді еш уақытта ұмытпауымыз керек. Парсылардың тіліне аударылып, дініне айналып кеткен атақты «Авеста» Әмударья мен Сырдарьяның арасындағы алқапта туса, қалайша безінбекпіз?!

Бүгінде жеке халық атына ие болғандардың арғы бабасы болғандығы, қазіргі қазақ жерінде жасап, шаттанғанда, қайғы-қасірет шеккенде өзінің ой-пікірін, жан сырын көркем сөзге орап жеткізгенін әрқашан есте ұстап, өз әдебиетіміздің бастауы ретінде тануымыз қажет. Олай болса көне заманның көрікті ойларын бүгінгі ұрпақтың асыл мұрасына айналдыруға тиіспіз» (Kakishev, 2004: 507).

Заратуштра дінінің пайда болуы мен «Авеста» жайлы ой білдірген шығыстану ғалымдары бұл шығарма Орта Азияда немесе Мидияда туған, яғни азербайжан мұрасы деген тұжырым жасады. Қысқасы, «Авеста», ең беріден есептегенде, Орта Азияны ежелден мекендеген көне түркілер мен Мидия мемлекеті дәуірлеп тұрғанда – біздің заманымыздан бұрынғы VІІVІ ғасырлар аралығында жасалған, сол тұстағы және сол кезеңнен көп кейін байырғы қазақ елінің арғы ата-бабалары сақ-скиф елімен тығыз мәдени-әдеби, материалдық-экономикалық байланыс орнатқан, антика мәдениетінің отаны саналатын көне элладалықтар және олардың бір-біріне әсері, рухани пәрменін айтудың және оны оқытудың әдістемесін жасаудың мезгілі әлдеқашан пісіп-жетілді.

Осы тұстағы атап өтетін факт – қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, оның даму ерекшелігі, сипаты, рухани мұрасы, тарихы көп ретте басқа әдебиеттерден еш кемі жоқ, тамыры тереңге кеткен, тіні мықты бәйтерек секілді болса, оны басқа елдердің әдебиеттерімен салыстыру аса қажет фактор екені ақиқат. Салыстырма әдебиет, яғни компаративизм әдісі бойынша ой айту Еуропада ХVІІІ ғасырда қолға алынса, оның ең алғашқы баспалдақтары Ресейде ХІХ ғасырда пайда болып, қазіргі күнде белгілі, мектеп ретінде іргеленді.

Ендігі мақсат – ертедегі классикалық антика әдебиетінің Еуропа мен Азия елдеріне кеңінен тарағанын оның бай әдеби туындыларынан іздеу керек. Антика мәдениетінің өмір сүрген уақыты шамамен 1200 жыл болса, сол уақыт ішінде оның түрлі жанрдағы әдеби туындылары әлем жұртшылығына кеңінен тарап, соның ішінде ертедегі қазақ әдебиетіне де өз әсерін тигізгені туралы ой-пікірлер бүгін ғана айтылып, жазылмаған. Оның алғашқы белгілері мен ұшқынын сонау әл-Фарабиден бастап, Қорқыт жырлары, «Оғызнама», Жүсіп Баласағұнның

«Құтты білік», Сайф Сарайидың «Гүлстан би-т-Турки», Насыретдин Рабғузидің «Қисса сул-әнбия», Абай мен Шәкәрімнің және тағы басқа да көне және қазіргі әдеби туындылардан аңғарылады. Өз жолы мен еш әдебиеттің әсерінсіз де пайда болған әдеби туындылар болса да, оның ішінде антика әдебиетінің элементтері мен кей детальдары кездесетінін жоққа шығаруға болмайды.

Эксперимент

Бүгінгі таңда, қазақ ауыз әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту студенттердің пәнге деген қызығушылықтарын арттырып, түрлі дерек көздерін қарастыру арқылы мол рухани азық алатыны сөзсіз.

Отандық ЖОО-нда қазақ әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту ғылыми тұрғыда әлі қарастырылмағандықтан, Геродот шығармашылығын оқытудың эксперименттік жұмыстарына қатысуға 2017-2018 оқу жылынан бастап Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ гуманитарлық факультет студенттері жұмылдырылды.

Аталған ЖОО-нда эксперимент жұмыстарының айқындаушы кезеңін жүргізу барысында оқу үрдісінде қолданылып келе жатқан оқыту әдістері (Геродот шығармалары мен оны зерттеу дереккөздері) қолданылды. Аталған эксперимент жұмыстары кезінде студенттің:

  • өзіндік көшбасшылық қасиеті артуы;

  • ізденімпаздылығының жетілуі;

  • ұйымдастырушылық қабілетінің артуы,

  • өз пікірін ашық, еркін жеткізе алуы,

  • ұлттық болмысты дәріптеуі,

  • шығармашылық болмысының дамуы жіті қадағаланды.

Осы негіздерді басшылыққа ала отырып, жүргізілген эксперименттік жұмыс нәтижелері студенттің Геродот шығармашылығы туралы өзіндік тың көзқарасын қалыптастыруға игі әсерін тигізетіндігіне көз жеткіздік.

Студенттердің Геродот хақында не білетіндері жөнінде және қазақ әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқуту барысын да не күтетіндігін білу мақсатында зерттеу жұмысының негізгі құралы ретінде сауалнама, бақылау үлгілерін таңдадық.

Сауалнама 3-4-курс студенттеріне жүргізілді, барлығы 52 студент қатысты. Студенттердің ой-пікірлерін барынша айқын анықтау көзделгендіктен ашық жауап жазу формасы қамтылды. Сауалнамаға студенттер өз ой-пікірлерін түсірді. Анықтау тәжірибелік-эксперимент жұмыстары кезінде антика мен көне қазақ әдебиеті кезеңіндегі шығармаларды салыстыра яғни компаративистикалық әдіспен оқытудың өзекті екендігіне көз жеткіздік.

Нәтиже мен талқы

Филологиялық мектептің историография, библиография, текстология үшін маңызды кейбір табыстары болған тарихи салыстыру мектебі, яки компаративизм ағымының Ресейде туын көтерген адамдар – Веселовский, Миллерлер. Мұндағы негізгі принцип – салыстыру. Дүние жүзінде капитализмнің дамуы нәтижесінде экономикалық қарым-қатынастар шеңбері ұлғайып, бір ел мен екінші ел, бір халық пен екінші халық жақындай түсті, жерге, байлыққа, қызығуымен қатар, әдебиет нұсқаларына да назар аударылды. Компаративистер әр түрлі халықтар әдебиетіндегі жанрларды салыстыра қарап, форма мәселесіне, сюжеттің шығуына байланысты көптеген пікірлер айтқан. Әдебиеттің әлеуметтік маңызына, эстетикалық сипатына бұл әдісте терең бойлай алған жоқ.

Яғни, оны шешу алдағы уақыттың еншісінде болса, тарихи салыстыру мектебі, яғни компаративизм термині, қазақ әдебиеттану ғылымында кейінгі он-он бес жылдың ішінде ғана ауызға алынғаны жасырын емес. Бұл терминнің өзі әлемнің әдебиеттану ғылымында өткен ғасырдың 50-жылдарында ғана кеңінен пайдаланыла бастады. Қазiргi ғылым мен техниканың қарыштап дамуына байланысты әдебиеттану ғылымында да түрлi терминдер мен атаулардың пайда болуы заңды да. Сондай терминнiң бiрi, әдебиет саласының бір бөлiгiне айналған, шет мемлекет пен өнерiн танудағы жоғарыдағы аталған әдеби компартивистика болмақ» (Rymgali, 2003: 328).

Компаративистика батыс Еуропаның оқу орындарында 1950 жылдары кең көлемде қолданыла бастады. 1954 жылы халықаралық әдебиет компаративистикалық ассоциация (АИЛК) құру шешiмi қабылданады. 1955 жылы Венецияда халықаралық әдебиет компаративистiк ассоциацияның бiрiншi Генералдық Ассамблеясында ұйымның жаңа статусы мен ережесi бекiтілді. Ондағы басты мақсат – әр елдің классикалық әдеби туындыларын бір-бірімен салыстыру, сол арқылы әдеби байланыс орнату. Компаративизмнің қазіргі уақытта әлемдік жаһандануға да қатысты екендігін атап өту қажет, яғни салыстырма әдебиет – жаһанданудың да бір қапталынан шығатыны рухани қағида.

Десек те, қазіргі тұстағы жаһандану мәселесі аса өзекті болып тұрғанда, өзіміздің төл рухани мұрамыздың біреудің жетегіне кету қаупі тұрғанын айта кетудің еш артықтығы жоқ.

«Жаһандану Америка мемлекеті ойлап шығарған нәрсе емес. Жаһандану – ерте замандарда басталған үрдіс. Сонау антика дәуіріндегі Греция мен Персияның, Египет пен Рим империясының уақытындағы мемлекеттер мен халықтардың кейде соғысып, кейде бейбіт өмір сүріп, бір-бірімен қарым-қатынаста болғаны, соның нәтижесінде бір-біріне әсер етіп, бірінен бірі үйренгені белгілі. Сондай-ақ христиан мен буддизмнің, исламның дүние жүзіне тарауы көп халықтардың жаһандану процесінде болғанын дәлелдейді. Демек, қай заманада да жаһандану жүріп жатқан.

Қазақ халқы да жаһандану процесіне ерте түскен. Ежелгі және орта ғасырларды айтпай-ақ, кеше ғана өткен ХХ ғасырды еске алайықшы. Қазақтар өзінің үйреншікті көшпелі өмір салтымен қоштасып, отырықшылыққа үйренді, өндірістік технологияны меңгерді. Тіпті үйтұрмысымыз да жаһандануға түсті: киіз үйді тастап, ағаш үйге, кірпіш тамға қоныстандық, киіміміз еуропалық үлгіге ауысты, тамағымызға да басқа дәмдер араласты. Сол сияқты рухани салада да өзгерістер болды: театр, опера, балет,

симфония, кино, теледидар, радио – осының бәрі – жаһанданудың нағыз өзі. Демек, жаһанданудан қашып құтылу мүмкін емес» (Kaskabasov, 2003: 2). Қазіргі біртұтас ақпараттық әлем кеңістігінде бұл – өте қиын іс, жаһанданудың қай кезде болмасын, халықтың кез келген өміріне өзгеріс енгізетіндігі талассыз.

Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов:

«Қазақ – діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық» – дейді, жазу әдебиетіне қатысты пікірінде.

Мұны, мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша үкіметі қазақ пен ноғай арасында жік салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын боларлық саясат жүргізеді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Еуропа жұрттарының әдебиеттерімен танысады. Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін тыңдайтын сөздер шыға бастайды. Бастапқы жазба әдебиеттің бас мақсаты – дінді жаю, дінді күшейту болса, соңғы әдебиеттің бас мақсаты

  • тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту болады. Сөйтіп жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: 1. Діндар дәуір; 2. Ділмар дәуір. Діндар

  • діншіл деген мағынада, ділмар – тілшең деген мағынадағы сөздер.

Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмар дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес. Басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер. Діндар дәуір әдебиетімізге араб-парсы әдебиетінен үлгі алып, соларға еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соған еліктеуден пайда болып отыр. Мұндай бір жұрт екінші жұрттан әдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде ғана болған емес, барша жұрттың басында болған іс. Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған. Еуропадағы басқа жұрттар алған. Біздің орыс та әдебиет үлгісін Еуропадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз» (Baitursynov, 2003: 205), – дейді.

Қорытынды

Ертезаманнанбастауалып, дамып, қанатжайып келе жатқан рухани мұрамыз – әдебиетіміздің қанып ішетін айдыны антика және халық ауыз әдебиетінің туындыларын жоғары оқу орындарында салыстыра оқытудың маңызы зор. Сол туындылардың ішінен алуан түрлі өмірлік қағидалар мен адами қасиеттерді тәлімгерлердің бойына сіңіретін шығармашылық әлем – бұл қазақ әдебиеті мен антика әдебиетін салыстыра оқыту болмақ.

 

Әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Астана: Ақорда, 2007, шілде – 27. – №319-III ҚРЗ.

  2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары. ҚР Білім және ғылым министрінің №454 бұйрығы. (Жоғары білім – бакалавриат – 5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті). – Астана, 2010, тамыз. – 18.

  3. Кәкішев Т. Толғам. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 507 б.

  4. Рымғали Н. Әдебиет теориясы: Нұсқалық. – Астана: Фолиант, 2003. – 328 б.

  5. Қасқабасов С. «Мәдени мұра – рухани жаңғырудың негізі» мақаласы // Егемен Қазақстан. – 2.ХІІ.2003. – 2 б. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер. – Алматы: Атамұра. 2003. – 205 б.

Филология. Реферат. Қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңдері
Филология. Реферат. Құйрық-бауыр асату өлеңдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу